Біртума тұлға
03.03.2017
2164
0

Кей адамның өмірінің өзі шынайы шежіре, тірі тарих. Қазақ тарихында аты алтын әріптермен жазылған елеулі тұлғаның бірі – Әди Шәріпов. Отан соғысының қаһарман жауынгері, белгілі қоғам қайраткері, саналы ғұмырында сан түрлі жауапкершілігі мен ауыртпалығы мол қызметтерді абыроймен атқарған азамат. Өз замандастары секілді Ә.Шәріпов те кезең талабы мен дәуір қажеттіліктерінен туған мәселелерге атсалысып, мемлекеттің идеологиясына сай қызмет етті.

Алаш қайраткерлерінің бірқатар тұлғаларымен араласып, халық басына келген жаппай ашаршылықты өз көзімен көріп, отыз жетінің қанды қырғынына куә болып қоймай, соның азды-көпті зардабын да тартуы тұлғалық көзқарасы мен болашақ іс-қимылдарына әсер етпей қоймады. Білім жүйесі саласындағы қызметі барысында қазақ мектептеріне деген қарым-қатынасы, қазақтың алғашқы зиялыларының мұрасын қызғыштай қорып, кейіннен жарыққа шығаруына мұрындық болуы ерен еңбегінің айғағы. Жазушының өз қаламынан туындаған жау тылындағы партизан өмірінің қатал шындығын әсерлі бейнелейтін бірнеше шығармалары бүгінде тек қазақ халқына емес, әлем жұртшылығына да мәшһүр деуге болады.

Қазіргі таңда мұражайдың бір экспонатына айналған партизан отрядында жанына жылулық сыйлап, бойына күш бітірген «тонын» өз шығармасына қосып, сұрапыл соғыстың сұмдығын, партизандық өмірдің қиындығын, бейкүнә халықтың батырларға артқан үмітін бір ғана символмен айқындаған «Тон» атты әңгімесі қалың оқырманның жүрегіне жол тапқаны сөзсіз.
«Сахара қызы» мен «Дос сыры» атты романдары – жазушының прозаның үлкен жанрында көтерілген биігі.
ХХ ғасырдың 30 жылдарын қамтитын «Дос сырында» автор өз құрдастарының рухани ізденісін, білім алу, өмір тану, азамат болып қалыптасу жолындағы бастан кешкен алуан түрлі қиындық пен қызығын жаңа уақыт келбетімен астастыра суреттеп, ақкөңіл, ізгі мақсатты Ахмет сынды жастың тартымды бейнесін жасаса, «Сахара қызының» мақсаты, объектісі де мүлде басқа. Архивтен табылған нақты документ, өмірде болған оқиғалар көлемді көркем шығармаға әрі тағылымдық, әрі шежірелік сипат берген. Жер жаннаты Жетісуды жайлаған Албан, Сыбан, Дулат, Шапырашты, Жалайыр жұртшылығы 1846 жылы Лепсі өзенінің бойындағы Ойжайлауды Ресейге қосу шешімін қабылдауға басқосудан романның алғашқы беті басталып, оқырманды бірден шым-шытырық оқиға, тартыс қызығына салып жібереді. Романның басты кейіпкері – саусағы майысқан ісмер, көңілі ашық, өжет Үния. Кезекті «қалың малдың» құрбаны болған қазақ қызының бастан кешкен оқиғаларын архивтен тапқаннан кейін жазушының жүрегін тебірентіп, өзіне дейін қазақ әдебиетінде мұндай мәселені көтерген С.Көбеевтің «Қалың мал»,М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» сынды шығармаларын толықтыра түседі.
Бұдан басқа жазушының «Алыс жағалаулар», «Ормандағы от», «Партизан қызы», «Қапастағы жұлдыздар» атты көркем шығармалары жұртшылыққа аян.
Майданда қолына қару алып, бейбіт күнде қолына қалам алған Ә.Шәріпов тек көркем туындылар ғана емес, сонымен қатар, қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосып, бірнеше педагогикалық зерттеулер, ғылыми-публицистикалық мақалалар, монографиялар мен кітаптар жазған және 9-10 сыныптарға арналған қазақ әдебиеті хрестоматиясын құрастырды. «Сырбай Мәуленов творчествосы», «Қазіргі дәуір және қазақ совет әдебиетінің даму проблемалары» , «Жұмағали Саинның өмірі мен творчествосы» атты ғылыми еңбектері «Әдебиеттің сырлы әлемі» атты таңдамалы зерттеу жинағы ретінде басылып шықты.
Ә.Шәріповтің жеке мұрағатын зерттей келе жаңа бір мәліметпен таныстым. 1984 жылы 20 наурызда «Простор» журналының бас редакторы В.И.Ларинге жолдаған хатында жазушы, филология ғылымының докторы Ә.Шәріпов орыс тілінде мынадай деректемелер көрсетеді: «1984 жылдың қаңтар айында көп уақыт мемлекеттік архивтерді ақтарып, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Семей облысындағы денсаулық сақтау ісіне ерен еңбек еткен Дүйсенбі Қалматаев туралы тарихи деректерді қарастыру барысында Георгиевка, Николаевка, Мариновка ауылдарының тарихы жайлы мәліметтерді Семейдің Географиялық қоғамынан таптым. Қағаздарды қарау барысында Абай Құнанбаевтың ақ қағазға басылған портретін, келесі бетте 8 беттен тұратын Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың Қазанамасы ( мүнаһиб-некролог). А.Құнанбаевтың қазанамасы бұл күнге дейін мұндай көлемде шығарылмаған, бұл қазақ әдебиетінің классигі А.Құнанбаев туралы тың мәлімет. Сондықтан осы қазанаманы толық күйінде журналда жариялауыңызды сұраймын. Сонымен қатар, Ә.Бөкейханов бұл қазанаманың жалғыз авторы емес. Оған қазанаманың соңында: «Абайдың өлеңдері мен Пушкиннен ( Евгени Онегиннен үзінді), Лермонтов, Крыловтан аудармалары Абайдың ұлы Тұрағұлдың жинауымен және бұл қазанаманың деректерін берген Абайдың бауыры Кәкітай Ысқақұлы» деп көрсетілгені дәлел. Бұл қазанама 1907 жылы «Записки Семипалатинского подотдела Задано-Сибирского отдела И.Р.Г.О.» атты кітабында басылғаннан кейін ешқай жерде басылмады».
Бұл ретте жауынгер-жазушының қазақ әдебиетіне һәм абайтану мәселесіне қосқан үлесі деп бағалаймыз. Әдебиет зерттеушісінің тағы бір қырын айқындай түскен тәріздіміз. Дәуіріміздің үлгілі де абзал азаматы Ә.Шәріповтің өмір жолы қалтарысы көп қиындыққа толы болса да, қазақ әдебиетінің қарыштап дамуына аянбай еңбек еткені сөзсіз. Фашистер жерімізге көз алартқанда ойланбастан қару алып, соғысқа аттанған, қанды қырғынның қасіретін көріп, елге аман-есен оралғаннан қаруын қаламға айырбастап, қазақтың қамы үшін аянбай еңбек етіп, соғыс жылдарындағы әдебиет қоржынын толықтырумен қатар, құнды зерттеу-еңбектер жазған Әди Шәріповтің бұл іскерлік қыры ғана. Ал адамгершілік жағына келгенде көмек сұраған жаннан қолұшын беруден аянбайтын, ақ жүректі, даламыздай дархан пейілді азамат болғанын өз замандастарының және шәкірттерінің естеліктерінен көреміз. Бар күш-жігерін соғыста сарпыса да, туған жерге оралып қуаттанып қайраткер атанған
Ә.Шәріповті ғасырында бір туатын тұлға, қазақтың маңдайына біткен бағы деп есептеймін.

Жадыра Қалижарова.

Семей қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір