АМАН – қайталанбас тұлға
21.11.2024
176
0

Аман Төлеев сынды мемлекет қайраткері, біздің заманның нағыз батыры, Ресей халқының аса құрмет­ті азаматының дүниеден өтуі Ресей мен Қазақ­стан еліне ауыр қаза болды. Қазақ­станның көп жерінде халқымыз оның аруағына арнап ас беріп, Құран оқытып жатыр. Оның ерлігі жемісті өмірі мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды, жүрегімізде мәңгі сақталады.

Өз заманының батыры, есімін тарихта алтын әріппен жазып кеткен ардақты азамат Аман Төлеевтің қайтыс болғанына биылғы 20-қарашада бір жыл толады. Ресейде жүріп елге сонша сыйлы болған қазақ баласын «Халық губернаторы» деп атайды. Елге адал қызмет еткендіктен сол Кемерово өңірі 82 пайыз дауыспен қолдап, оны үш рет Ресейдің Президентігіне ұсынып еді.
Аман Төлеев Қазақ­стандағы туыстарымен табысқан соң, 90 жылдардың басынан бастап елмен тығыз байланыста болған екен. Мысалы, 1993 жылы Атыраудағы Қызылқоға ауданының орталығы Миялыда су тасқыны болып көп халық баспанасыз қалған кез­де, тез арада үй құрып, елді жайғастыру керек болады. Сол аудан халқының басына қиын кезең туғанда, аудан әкімі Есенгелді Нұршаев Аман Төлеевпен байланысқа шығыпты. Нәтижесінде, Ресейден құрастырмалы үйлерді әкеліп, тез арада баспаналар тұрғызылады. Сол апат­тан соң құрылған үйлер туралы берген сұхбатында аудан әкімі: «Бұрынғы жасалған бас жоспар бойынша Миялы селосында алдағы отыз жылда 270 үй салынады деген едік. Алайда ол үйлерді 1993 жылы алты айда салыппыз», – деп баяндапты. Одан бері 31 жыл өтіп кет­ті.
Осы жерде Аманның әкесі Молдағазы Төлеев туралы айта кетуді жөн көреміз. 2014 жылы Ақтөбенің Ойыл ауданында, яғни Молдағазының 1938 жылға де­йін қызмет істеген жерінде, Аман Төлеевтің ағайындары оның аяулы әкесінің мерейтойын ерекше атап өт­ті. Қазақ елінің Аман Төлеевке деген ықыласы мен ниетін көріп біз, шын мәнінде, таңғалдық. Халық ұйымдастырған осынау салтанат­ты шараға Аман аға келе алмады. Оның себебі ағайындар оның өз басына күзет мәселесін шеше алмайтын еді. Ал оған Ресей жерінде талай қастандық жасалғанын біз жақсы білеміз. Кіші баласы Андрей Ташкент­те қаза тапты. Өзі күзетінің мықтылығынан әлденеше рет қастандықтың құрбаны болудан аман қалды. Қазақ­стан Үкімет басшылары оның келуін құптамаған себепті әкесі Молдағазының халық дүбірлетіп өткізіп жатқан салтанат­ты мерейтойына Астанадан да, Ақтөбеден де биліктегі басшылардың ешқайсысы төбе көрсетпеді.
Молдағазы атамыз сол Ойыл ауданында 1938 жылға де­йін қызмет еткен, сол замандағы қазақ интеллигенциясының бір өкілі еді. Жалпы, Молдағазы Төлеевтің мерейтойына арналған үлкен салтанат­ты жиын оңтүстіктегі Шардара ауданында да өт­ті. Оның негізгі себебі Молдағазы атамыз сол жерде жерленген. Шардараға әкесінің жатқан жеріне Аманның өзі де талай рет келген еді. Сондықтан ол өңірде А.Төлеевке қатысты кез келген шараны өткізуге халық әбден дағдыланған болатын. Сол Шардарада жақсы атап өтілген соң Жанәділ, Бұқарбай (А.Төлеевтің жақын туыстары) ағаларымыз Молдағазы Төлеевтің туған жері, ата-бабасының ертеден қонысы және оның соңғы қызмет істеген жері Ақтөбе аймағы болғандықтан, «сол Ойылда атап өтсеңіз дұрыс болар еді» деген ұсынысынан соң Ерсайын Ұлықпанов осы мәселеге қызу кіріскен екен. Үкімет тарапынан ешқандай көмек болмаса да Ербол Әділов сияқты жігіт­тер қызу қолдапты. Енді, осы мерекені жақсылап жоғары дәрежеде өткізген азамат­тардың есімдерін атап көрсетіп, қазақ елі атынан алғысымызды айтамыз. Сәрсенбай Дүзбағанбетов барлық шаруа­­шылықты өз мойнына алып, жақсы атқарып шықты. Осынау дүбірлі мерейтой С.Бәйішев атындағы университет­тің (ректоры Бекежан Ақанов) Ойылдағы «Жас қайрат» пионер лагерінде өт­ті. Бұл жағдай өте сәт­ті болды. Себебі келген қонақтарға жататын жер мен моншалары дайын және қазан табақ демекші, асхана сияқты қызмет орындары да жақсы болды. Басқа оқу орындары хабарласпай үнсіз жатқанда, ректор Б.Ақановтың осы шараға қатысқаны, яғни жәрдем бергені үлкен азамат­тық болды. Сол аталған пионер лагерьде мерейтой өткізілетін орын жеткілікті болса да, басшылықты түгел қолға алған Сәрсенбай азамат көптеген палаткалар мен қара (киіз) үйлерді тіктіріп қойды. Жалпы, ағыл-тегіл келген халық өте көп болды. Қорыта айт­қанда, халықтың Аман Төлееевтің өзі мен әкесі Молдағазы Төлеевке ыстық ықыласы мен пейілі және шексіз құрмет­тің куәсі болдық. Ербол Әділов қаржылай көмек бергені бір бөлек, келген қонақтарға қызмет етуге қаншама жеңіл машина мен автобустарын бөліп қойды. Нақтырақ айтсақ, Ербол, Бекбол (Абдулов) деген азамат­тар бір миллион теңгеден қаржы беріпті. Жоғарыда көрсеткеніміздей, осы үлкен астың барлық шаруа­­шылығын Сәрсенбай басқарған болса, жалпы жобасын және спорт ойындарын керемет ұйымдастырған Беркінжан Жанаділов және Зинадин Баймұратовтар еді. Сол сияқты көптеген жұмыстарды атқарған қарындасымыз Мәншүк Болатқызы еді. Елдің көптеген талант­ты боздақтары ән шырқап, өнер көрсет­ті. Қылышбай Көшербаев пен Сырым Мамаев Маңғыстаудан жырау алып келіп күні-түні жырлат­ты. Молдағазы Төлеевтің 100 жылдық мерейтойын осылай өте жақсы атап өтіп, елдің алғысын алған жігіт­терге ырза болғанымыз соншалық, біздер сол кез­де де алғыс айт­қанбыз, міне, қазір баспасөз арқылы ерекше алғысымызды жариялаймыз.
Ресейдің Кемерово облысындағы қалың ел Аман Төлеевті өз қызметінде әрқашан халық мүддесін бірінші орынға қоятын нағыз халық губернаторы деп жоғары бағалады және құрмет­теді. Ол өмір бойы басшылық қызмет­те жүріп тек халықтың қамын ойлады. Ол әлденеше рет Ресей Президенті Елцинге қатесін айтып, жоғары мінбеде сөйлегенін халық көрді. Мысалы, 1999 жылы шілдеде ол Борис Ельциннің Құрмет орденін алудан бас тартып, мұны былай деп түсіндірді: «Мен, негізінен, елді кедейлікке душар еткен үкімет­тің марапат­тарын қабылдай алмаймын», – деді…
Аман ағамыз алыста жүрсе де, Қазақ елімен тығыз байланыста болды. Маңғыстау, Атырау және Алматыда болған шараларға қаржылай көмектесті. Мысалы, Маңғыстаудағы Балуанияз батырдың жерленген жеріндегі қойымшылықта реставрациямен айналысып жүрген бір өнерлі жігітке, сонау Кемеровода отырып Ескерткіштерді қорғау қоғамының құжатымен қоса көп ақша беріп жібергенінің куәсі болдық. Бұл 2010 жылдың 26 қаңтары еді. Дәл сондай құжат­ты Алматыда тұратын Шабай батырдың ұрпағы Сейсенбай Талипов ақсақалға да берген еді. Ұлы Отан соғысының ардагері Сейсенбай ақсақалға Қазақ­станда болатын барлық мейрамдарда «Мемлекеттік телегарамма» жіберіп, құт­тықтап отырды. Біз сол телеграммалардың жетеуін «Ер Шабай» ат­ты кітапқа кіргізген едік…
1996 жылдың 22 тамызында Борис Елцин Аман Төлеевті ТМД ісі бойынша Министр деген қызметке қойды. Ол осы қызмет­те отырғанда, Қазақ­станда болып жатқан жағдайларға көп көңіл бөлді. Онымен көптен бері қатынасып жүріп, адамдардың айт­қандарынан есімде қалғаны мынау: Көмекшісі Орынбордан шыққан қазақ жігіті екен. Аманға Қазақ­станның жағдайы туралы бір қағаздарды көрсеткен. Онда «Қазақ­станның шектен шыққаны соншалық барлық заводтары мен фабрикаларын сатып жатыр. Не деген масқара! Міне, мынау тізімі деп қайда, кімге сатып жатқандарын көрсетіпті. Ең жаманы, Қазақ­станның өндіріс орындарын алып жатқандар шетелдіктер мен әлдекімдер екені…»
Енді Ресейде танылған Аман Төлеевке ұқсас кейбір атақты адамдарымыздың Қазақ­станға келіп опа таппағаны туралы сөз қозғасақ, Ғалым Әбілсейітов, Нағашыбай Шайкенов, Зейнолла Алшымбаев сынды белгілі тарихи тұлғаларымыздың тағдырларын айтпай өте алмаймыз. Олар, шын мәнінде, Ресейде көзге түскен жұлдыздарымыз еді. Қазірдің өзінде және бұрынғы кез­де де әлем алдында қазақ ұлтының айбынын асырып жүрген тұлғаларымыздың басым көпшілігі сырт жерде болғаны тарихи шындық. Мысалы, Орталық Азия геологиясының патриархы, белгілі ғалым Н.Кенесарин, бейнелеу өнерінің майталмандары О.Таңсықбаев, Ә.Бұхарбаев сынды суретшілерімізді кезінде Қазақ­станға сыйғызбаған соң, Өзбекстанда тұрды. Мұндай мысалдар көп. 1984 жылы ғылым және техника саласында КСРО-ның Мемлекет­тік сыйлығының иегері, КСРО Ғылым Академиясы лазер институтының негізін қалаушы және тұңғыш директоры Ғ.Әбілсейітовтің потенциа­лын туған елі қажетсінбегені – масқара жағдайдың бірі. 1991 жылы Ғалым Әбілсейітов Қазақ­станға Назарбаевтың шақыртуымен келді. Алғашқы Үкімет құрамында Премьер-министрдің орынбасары, Ғылым және жаңа технологиялар министрі қызметін атқарды. Ғылым министрі болып тұрғанда елбасыға ғылымның керегі жоқ екенін түсінбеу мүмкін емес еді. Ол, әрине, Қазақ­стан басшысына ұнамаған себепті кетуге мәжбүр болғаны белгілі.
Зейнолла Алшынбаевты да қазақтан шыққан екінші Аман Төлеев деп айтады. Ол Мәскеудегі Орталық комитет­те қызмет еткен, жалынды қоғам қайраткері. Зейнолла Алшынбаев туралы белгілі ғалым-философ А.Айталы өз естелігінде: «…Білім – тәжрибесі мол, қайрат­ты, елжанды, халық мүддесі үшін аянбай қызмет жасайтын, бірақ Қазақ­стан басшылығы оны өз деңге­йіне сай орын ұсынып потенциалын толық пайдалана алмады…» – деп нақты айт­қаны бар.
Біздің заманның батырының бірі, аты аңызға айнала бастаған азамат – Зұлқожа Қожаев. Жалпы, халық өз батырларын әрқашан да біле бермейді. З.Қожаевты білетін адамдар, шын мәнінде, оған бас иеді. Құрмет­ті құрылысшы, кәсіпкер-меценат Зұлқожа Қожаевты Ақтөбе халқы жақсы біледі. Мен 2008 жылы біздің ағайындар Алты Қарасуда Нұрлепес атаға ас бергенде алғаш рет таныстым. Сонда Зұлқожаның анасы Айғаныш әже бір баласымен келіп, бас бәйгеге машина қойғанын халық ешқашан ұмытпайды… Сол оқиғадан бері Ақтөбе мен Маңғыстау аймағындағы балық іс-шараға Зұлқожа белсене қатысып, қаржылай көмек беріп келеді. Ақтөбеде даңқты бабаларымызға қойылған ескерткіш монумент­терге, Әбілхайыр, Тама Есет, Жалаңтөс, Бөкенбай батырларға арналған аса ірі іс-шараларға белсене қатысты. Осы айтылғандардың ішінде Зұлқожаның Әбілхайыр ханға арнап кесене тұрғызғаны тарихымыздағы ерекше жағдай екені және қай заманда да ұмытылмастай өшпес із қалдырғанын мақтанышпен айтамыз.

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,
тарихшы,
Мадрид университеті және
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір