Тарих. Тұлға. Феномен
20.06.2024
491
1

Абай өңірінде кешелі бері бір дүбірлі той басталды. Бұл дүбірдің жөні басқа. Алты Алашқа сауын айтқан ас – Құнанбай қажы Өскенбайұлының 220 жылдығына арналып отыр. 13-маусымда ашылып, үш күнге созылатын мерейтойлық іс- шаралар Ақшоқы елді мекеніндегі қажының мәңгілік қонысына тәу етіп, құрбандық шалудан басталды. Мұнан кейін Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің бас ғимаратында өткен «Тарих. Тұлға. Феномен» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Ал Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында «Қазақтың құдіретті Құнанбайы» республикалық жыр мүшәйрасының іріктеу кезеңі өтіп, этноауыл аумағында ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылды. Қажының 220 жылдығына орай Абай елінің азаматтары бас болып, палуан күресінен, ат жарысынан, асау үйретуден және қолөнер шеберлерінің сайысынан оза шапқан жүлдегерлерге «Түйе бастаған тоғыздық» сыйлықтарын тарту етті. Құнабай қажы Өскенбайұлының 220 жылдығына арналған асқа Қазақстан Жазушылар одағының атынан ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, халықаралық «Алаш»әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспендет-мүшесі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Абай ауданының Құрметті азаматы Бауыржан Жақып қатысып, жырдан шашу шашты. 

Құнанбай қажы

(Әлемге әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын қайыра оқығандағы ой)

Өр Шыңғыс жұлдызды аспан түндігіңнен,
Айналдым, аталы жұрт бірлігіңнен.
Қарадан Хан боп шыққан Құнанбайым,
Өрбіген қазақ жыры кіндігіңнен.

Ұлы Абай сенен туған жыр бастауы,
Құшағын Алла берген нұрға ашқаны.
Басталған сол бұлақтан Алты Алаштың
Төгілген миллион өлең, мың дастаны.

Тұқымың Шәкәрім де тұңғиығым,
Шығарған іште жатқан мұң күйігін.
Өзі де терең ойын жазып кетті,
Абайдың алға салған жыр биігін.

Ақылбай жас кетсе де жанып өтті,
Сөзіне бар қазақты қанық етті.
Ұрпағың ол да сенің ұлы баба,
Мойнына жырдан тұмар тағып өтті.

Тұрағұл тұра алмады, туды арманда,
Соңында шумақ-шумақ жыр қалғанда.
Кім білсін көз тиді ме, сөз тиді ме,
Қош айтып кете барды бұл жалғанға.

Абайдың сүйікті ұлы Әбіш еді,
Ол да бір құдіретті күй қағысы еді.
Орысқа барып өзін мойындатқан,
Өзі алғыр, бар қазақтың намысы еді.

Көкбай да Абай туын желбіреткен,
Жырласа,талай көзді мөлдіреткен.
Туған жер, өскен елді жырға айналып,
Көкем де сүйіп өткен кең жүрекпен.

Соңғысы дастаныңның Шәкер еді,
Қолын ап сәлем берген әкем еді.
Ішінде Тобықтының сөз қуғандар,
Көңілді Шәкер десе, көтереді.

Тағы да бір бұтағың Ахат болған,
Ауылына жырлы ауылдың тақап қонған.
Семейде сәлем берген бір сәтіміз-
Біздерге өмір-бақи атақ болған.

…Аты аңыз-Құнанбайдай аға сұлтан,
Ішінде сұлтандардың дара сұлтан.
Ұзын бой, кесек тұлға сымбатымен,
Қалдырған Қарқаралы қаласын таң.

Танылған Семейге де білігімен,
Астына мінген ала күлігімен.
Сөйлеген сөзі де ірі, өзі де ірі,
Істеген істері де ірі білем.

Шалқыған қыс-қыстауда, жаз-жайлауда,
Шерткенде домбыраны саз қайнауда.
Дау болса, үлкен, кіші ел арасы,
Құнекең келтіретін сөз байламға.

Жер дауын, жесір дауын кесіп берген,
Көрінген зор тұлғасы есік-төрден.
Басына күн туғанда, жалғыз сөзбен,
«Керей мен Найман дауын» шешіп берген.

Далаға біткен тұтас заң болмысы,
Өзгеден биік тұрған тау пормысы.
Қазақта туа салған бекзат еді ол,
Қарадан шығып, келген Хан болғысы.

Омбыға аттың басын бұра қонған,
Алдыңда орыс майор тұра қалған.
Атақты Қаз дауысты Қазыбектің
Ұрпағы Алшынбаймен құда болған.

Беделі Алшекеңнің сұмдық еді,
Бір өзі – қырық рудың түндігі еді.
Құдасын Сұлтандыққа сайлағанда,
Орнынан Құсбек төре сырғып еді.

Ат жақты, сөйлегенде төгілдірген,
Мақалдатып желдірткен сенімді үнмен.
Қарсы келген адамға жақ ашқызбай,
Қақыратып қабырғасын сөгілдірген.

Бір өзі – қырық рудың қырық тасы,
Қына басқан тастайын тұғыртпасы.
Басы бар ұзын сопақ, ал құлақтан
Жоғары жағы қаздың жұмыртқасы.

Суық түс,қара сұр жүз реңіндей,
Онсыз да ұзын,үлкен бет түр өңіндей.
Дөңгелей біткен сақал қосылғанда,
Басы мен беті оның бір өңірдей.

Жұмық көз кетіреді кетеуіңді,
Жалғыз сау көз сақшыдай өте мұңды,
Көтеріңкі жал-тұмсық сол жағына,
Шығып-ап, күзетеді осы өңірді.

Жалғыз сау көз бәрін де көре берсін,
Көрген сайын сұлу сөз өре берсін.
Қайран бабам еліне қорған болған,
Қалт етпейтін Қарауылтөбе дерсің.

Жалғыз көз шүңет емес, томпақ келген,
Дүниенің төрт бұрышын байқап көрген.
Шалқия жамылғанда бота ішігің,
Жарасар иығыңа шалқақ келген.

Керек кезде жөнге сап зеки елді,
Танып өттің өмірде хақ иеңді.
Ұлтың қалай ұмытсын ұлықтамай,
Меккеде тұңғыш салған тәкиеңді.

Шыңғыста ие болдың көп шоқыға,
Жатырсың мәңгі ұйықтап Ақшоқыда,
Ақындықтың әкесі деген бір сөз,
Келіп енді қосылды жақсы атыңа.

Бір заманда шапқан ең Құнан болып,
Ұрпағыңа дарыдың жыр-ән болып.
Жүректерге тағылдың тұмар болып,
Иман болып оралдың, Құран болып.
Қонып бүгін отырсың уақыт салып,
Хан Шыңғыстың басына қыран болып.

Құнекем, мен де өзіңді Пірім дедім,
Түсімде аян беріп, күбірледің.
Ұлы Абайдың жырының бір сәулесі-
Төгіліп түскен осы жырым менің.

Ұрпағың қырдан-ойдан жиылып кеп,
Жерінен Алты Алаштың құйылып кеп,
Торқалы той өткізіп, Ас беруде,
Ардақты аруағыңа сыйынып кеп.

Бұл заман-бабаларға арман болып,
Тоғай едік, ел болдық орман болып.
Қанатыңды қаға бер Атақыран,
Қазағыңның жеріне қорған болып.

Бауыржан Жақып

ПІКІРЛЕР1
Аноним 03.07.2024 | 00:57

оттайды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір