«ҰЛЫ ТҰЛҒА – ҰЛЫ ЭПОПЕЯ»
27.08.2022
339
0

24 тамызда «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК қарасты Алматы музейінде М.Әуезовтің 125 жылдығы мен «Абай жолы» роман-эпопеясының жарық көргеніне 80 жыл толуына орай «Ұлы тұлға – ұлы эпопея» тақырыбында дөнгелек үстел өтті.
Жазушы, драматург, аудармашы, баспагер, Қазақ­станның қоғам қайраткері, Абайтанушы Сейсенбаев Роллан Шәкенұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Бауыржан Өміржанұлы, Алматы қаласы Мемлекеттік архивінің бас қор сақтаушысы Гүлбақыт Айтақынқызы, М.Әуезов атындағы әдебиет институтының ғылыми қызметкері Бағашар Тұрсынбайұлы, Тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, ҚБТУ қауымдастырылған профессоры Арман Қабдешұлы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Шойынбет Алшынбекұлы, «Алматы қаласы музейлер бірлестігінің» директоры Ләззат Сағындықова дөңгелек үстелге қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Роллан Сейсенбаев Әуезов­тің бірқатар еңбегін айта келе, «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы кеңінен әңгімеледі. Әсіресе ұлы эпопеяны мектепте оқытуға қатысты мәселелерге тоқталды: «Мектеп оқушысы біз айтып отырған шығарманың төрт томын да оқып, түсінуі мүмкін

емес екені анық. Өйткені бала кейіпкерлердің ішкі тартысын, онда сипатталатын оқиғаларды, арпалыстарды сезінуге, қабылдауға дайын емес. Ендеше, бұған әдебиеттанушы ғалымдар күш салып, романды мектеп бағдарламасына лайықтап беруді қарастыруға тиіспіз. Бұл тәжірибе Еуропа елдерінде бұрыннан жүзеге асып келеді. Мәселен, Шекспирдің шығармаларын Анг­лия тұтастай оқытпайды, әр жасқа лайықтап береді».
Бауыржан Жақып Мұхтар Әуезовтің өмір жолынан, шығармашылық жолынан, қайраткерлік жолынан сыр шертіп, ұлы жазушының шоқтығы биік шығармасы «Абай жолы» екенін, аталған шығарма Абайды, бүкіл қазақ халқын әлемге танытты десек те артық болмайтынын айтты.
Дөңгелек үстелде роман-эпопеяның шет тілдерге аударылу мәселесі де талқыланды. Спикерлердің сөзінше, «Абай жолын» шет тілдеріне кәнігі қаламгерлер емес, ғалымдар аударады екен. «Тілдің құнарын сіңіріп, нәріне қанбаған, жазушылық қабілеті жоқ адамдардың аударуы өз кезегінде шығарманың көркемдігіне нұқсан келтіретіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұған ерекше көңіл аудару керек», – деді дөңгелек үстел қонақтары.
Бағашар Тұрсынбайұлы: «Абайдың бақуатты отбасынан шыққаны бәрімізге белгілі. Ол сонымен қатар,оқуға ынталы балаларды оқытқан, жағдайын жасаған. Қазақ арасында өзінің қызын мектепке беріп оқытқан адамдардың алғашқысы да– Абай. Абайдың өзі үлкен бір мәдениет алып келді. Демек, Әуезов бұл роман арқылы қазақ даласына келген үлкен мәдениетті көрсетті. Біз Әуезов­ке сол үшін де қарыздармыз», – деп қорытты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір