ДАРАБОЗ ТҰЛҒА
18.09.2022
372
0

Министр Жексембек пен орынбасар Әшірбекті Қазыбаевтың қабылдауы

Тумысынан текті жаралып, адал жүріп, адал тұрған тұлғалардың да кісілік келбетін біреу танып, біреу тани бермейтіні белгілі. Әсіресе, билік тізгінін ұстағандардың біреуге ұнап, біреуге ұнамайтыны, біреуге әділетті ісі үшін жақсы атанса, біреуге қабақ шытқаны үшін «жаманат» жамылатыны адамдар ортасында қалыпты ахуал ма дейсің. Өз басым осы тақылеттес шалай-балайға куә боп, көріп-білген жайлар аз емес.
Совет өкіметінің тұсында газет-журнал басшыларын қоятын да, алатын да партияның Орталық Комитеті, оның идеология жөніндегі хатшысы еді. Әңгімемізге арқау еткелі отырғанымыз – сол жылдардағы Орталық Комитет хатшысы, білім-тәжірибе, қабілет-қарым, кісілігі бір басына жететін Кәкімжан Қазыбаев. Өз міндетін шама-шарқынша мінсіз атқаруға бар күш-жігерін жұмсаған бас идеолог-шенеунік. Егер біреулерді атқа мінгізіп, біреулерді орнынан алып, басқа да шаруалар атқарған болса, ол міндеті, әрі, оның сенімін ақтағандар да, ақтамағандар да болатын. Бұған да бірер мысал келтіре кету артық болмас дейміз. Басшылары түрліше себеппен орындарынан алынатын «Білім және еңбек» журналына ғаламат эрудит деп (жария етіп) қойған басшы сұғанақтығы үшін қызметтен қуылды. «Қазақстанның ауыл шаруашылығы» журналында да сондай ахуал қайталанды. Біз өзіміз жақсы білетін сала – редакцияларды айтып отырмыз. Күллі республикадағы идеология майданын елестетіңізші. Ендеше, қадірменді Кәкең, Кәкімжан ағаның журналистік, қоғамдық қызметіне келер болсақ, ол жөніндегі өзімізге аян жай-жапсарларды субъективті тұрғыдан баян етпекпіз. Иә, субъевтикті тұрғыдан. Өйткені Кәкеңмен ертеректен таныс-біліс, сыйлас әріптес едік. Мен оны алғаш көргенде: сұңғақ бойлы, денелі, сабырлы, салиқалы, қою қара шашты, қарапайым, «қазақ кім десе, мынау дейтін» жігіт ағасы еді. Қызметі – «Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы. Бас редактор – Абай Бейсенбаев, орынбасар – Сапар Байжанов. Бұл 1958 жыл. Менің аптасына алты рет шығатын газеттің үш нөміріне бірінен соң бірі үш фельетоным жарияланып, қызметке тұрған шағым – шілде айының бас кезі.
Сол жылы әлгі үш басшы да басқа редакцияларға ауысып, біртіндеп бәрі белгілі тұлғаға айналды. Сапар Байжанов пен Кәкімжан Қазыбаев 1965-66 жылдары Орталық Комитетте нұсқаушы, кейін Сапар аға «С.Қ.»-ға бас редактор, Кәкімжан аға Баспасөз жөніндегі комитет председателінің орынбасары, ҚазТАГ-та директор, ОК-де хатшы-секретарь болды.
Кәкімжан аға ОК-де нұсқаушы кезінде мені республикадағы аудандық газеттердің жұмысын тексеруге (жеке өзімді) іс-сапарларға жіберіп тұрды. Өзімсінетіні сонша, бірде «сенің үйіңдегі келін көз дәрігері ғой, Ақсуда тұратын жалғыз ағам бар еді, сол келіпті, көзі ауырады екен, келінге көрсетіп берші» деген соң, өтініші сол замат орындалды. Алайда, Кәкең қандай қызметке жоғарыласа да, бірде-бір өтініш білдірмегенімді де айта кетейін. Жолымыз кейін түйісті…
Ол ОК-де хатшы боп тұрғанда. Онда да күлше емес, әділет сұрап. Бәрекелді, түсінді, ұқты. Бұған төменде кеңірек тоқталамыз. Әуелі жоғарыда…
Қазақ ССР-нің Мәдениет министрлігі ОК-нің идеология саласына қараушы еді дедік қой. Министр – оған дейін ОК-де сектор меңгерушісі, Опера театрында директор, Мәдениет министрлігінде Басқарма бастығы, орынбасар болған мәдениет патриархы Жексембек Еркінбеков. Орынбасар – ол да жауапты сатылардан өткен, ОК-де төрт жыл Сат­тар Имашевтан тәлім алған Әшірбек Сығай.
Мен консерватория бітірген кезінен білетін Әшірбек өздерін тікелей басқаратын Кәкімжан Қазыбаевқа қатысты бір әңгіме айтқаны бар еді, соған келейік.
– Зеке, адамды адам түсінуден қиын ештеңе жоғын білесіз ғой, – деп сөз бастады Әшірбек бірде. – Сіз білесіз бе, білмейсіз бе, білмейсіз, әрине, бір кездер болды, мына жаман ініңіз министрдің орынбасары қызметінен кетуге бел буып, бірақ бір жолға іркілгенім бар. Әлі де ойым сол, қазір-ақ кетуге дайынмын. Тек Жекеңді (министр Жексембек Еркінбековті айтады. – З.А.) қимаймын. Әйтпесе, консерваторияда сабақ беріп, еркін жүрген рахат емес пе?
– Ол не, түсіндіріп айтсайшы?!
– Өзім де соған келе жатқан жоқпын ба? Ойпыр-мо…ой, шыдамсызсыз-ау, жүдә! Бірде Ленин сарайында Роза Рымбаеваның концерті болды. Оған Қазыбаев келеді деген соң, Жекең екеуміз күнілгері барып, күтіп тұрдық. Жекең министр болғанмен, театр, кино, концерт жағы менің құзырымда. Онсыз да екі күннің бірінде жұмыстан кейін кезек-кезек соларға барып, үйге түнгі сағат он екі, не бірде келемін. Не ұйқы, не демалыс жоқ. Хатшы келеді деген соң, не тұрыс. Бардық. Кәкеңнің қасында жеңгей бар екен. Жекең екеуміз асты-үстілеріне түсіп, бәйек болдық. Роза деген Роза емес пе? Концерт керемет өтті. Кәкеңді шығарып сап, үйге қайттық та, таңертең сегіз жарымда кабинетте боламыз ғой, баяғы. Кенет Жекең шақырды. Барсам қабағы салбырап, ұнжырғасы түсіп отыр. Қатты қобалжулы. Әрең сөйлейді.
– Екеумізді Қазыбаев шақырып жатыр, – дегенді зорға айтты.
– Қазір ме?
– Қазір.
– Не боп қапты?
– Қайдам! Барған соң білеміз. Кеттік.
Сол бойда ОК-ге тарттық. Әшейінде азын-аулақ кідіруші едік, бұл жолы бірден қабылдады. Кәкең бізбен салқындау амандасты да:
– Сендер не қарап жүрсіңдер? Розаның кешегісі не? Сырттан ешкім жоқ, егер бірлі-жарым шетелдіктер келгенде, нағыз масқара сонда болар еді! – деп төпеп жатыр.
Мен аң-таңмын. «Түсіндіріп айтыңызшы, не жағдай?» деуге тиіс Жекең үндемейді. Министр болған соң, сол кісі айтуы керек қой. Менің пәлен деуім ыңғайсыз. Кәкең тоқтайтын емес. Жасырары жоқ, жыным қоза бастады. Өңім өзгеріп, түсім бұзылып кетті ме екен, қайдам, Кәкең маған қарап:
– Мұның бәрі сенің жұмысың, Әшірбек! Қылшылдаған жассың, айтпайсың ба Розаға! – десін қалжыңдаған сыңаймен.
– Не айтуым керек, түсінбей отырмын, – дедім қитыққанымды бүркеуге әлім жетпей.
– Ә, түсінбедің бе? – деді Кәкімжан аға. – Айтып отырғаным Розаның көйлегі. Тізеден жоғары тылтиған бірдеңе. Екінші киіп шыққан көйлегі де келіссіз. Жерді сыпырып далиғанмен, белін қысып тастаған. Жағасы тар. Екі иығындағы жапсырма қоянның құлағындай селтең-селтең етеді. Енді түсіндің бе? Бұлай болмайды ғой, қарау керек. Сол үшін жүрген жоқсыңдар ма?
Маған да керегі осы еді. Қайдан шықса, одан шықсын деп, ал кеп ақтарылайын. Айттым ғой, үй бетін сирек көретін жұмыстан мезі боп біттім деп. Сондықтан тайсалған жоқпын, турасына көшіп:
– Кәке, қателесесіз, – дедім.
Сол-ақ екен, құты қашып қоя берген Жекең: «Әшірбек, Әшірбек, қой, қойшы, қарағым, сабыр етші», – деп елпең қақты. Жарты жолда тоқтап нем бар, әрі қарай жөңкілдім. «Біріншіден, Кәке, Роза сияқты әншілер киім мәселесін біз түгіл, сізден де сұрамайды. Сахнаға шыққанда қандай киім киюді костюмершалары бар, солар шешеді. Так что, бұл біздің міндетімізге жатпайды. Меніңше, сіз біреудің сөзін айтып отырсыз», – дей бергенімде, орнынан екі бүктеле көтерілген Жекең: «Әшірбек, Әшірбек, қойшы, шырағым, үлкен кісі ғой», – деп одан сайын жалынғандай боп жатыр. Абырой болғанда, дәл сол мезетте Кәкімжан аға:
– Дұрыс, – деді бірден өзге адам кейпіне түсіп. – Кешіріңдер, менен білместік кетіпті. Осылай біріміздің білмегенімізді біріміз түзеткеннің айыбы жоқ. Боссыңдар, бара беріңдер, – деді жөнге келген сыңаймен.
Сәл абдырағандай болған Жекең екеуміз бір-бірімізге қарадық. Не күлерімізді, не жыларымызды білместен хатшының кабинетінен шығуға бет алдық.
– Жақсы, Кәке, – деді иі жұмсақ Жексембек ағам Қазыбаевқа күлімсірей қарап. – Басшысыз ғой, сіздікі дұрыс. Әшірбекті де түсінгеніңіз жақсы болды. Жас қой, кейде осындай қызбалығы бар.
– Әй, Әшірбек! – деді Кәкең жайраңдай күліп. – Сенен әлі үлкен қайраткер шығады. Біліп қой. Алдың ашық болсын!
Солайша, министр Жексембек пен орынбасар Әшірбек ОК хатшысының алдына бүкірейіп барып, тікірейіп шығыпты. Сол жолы Әшірбекке не айтсам да, бірдеңе айтсам керек. Сіз ше, оқырман?! Әшірбек қалай айтса (аруағы шат болсын), солай қағазға түскен Кәкімжан ағаның райынан күрт қайтқаны мәрттік пе, жоқ па?

Текті тұлғаның әділдігі туралы тағы бір әңгіме

Қазақтың арда азаматы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың жоғарыда баяндалғандай, өз басым бұрын білмеген бір қыры хақында сыншы-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, марқұм Әшірбек Сығайдан естігендіктен қылын қисайтпай, мұртын бұзбай, қалай айтса, солай баяндауды парыз санадық, ағайын. Әдетте, естіген-білгеннің бәріне құлай бермейтін мен пақыр қай-қай нәрсеге де әскеттікпен қарауды парыз санайтынымды айта отырып, қайран Кәкімжан Қазыбаевтың өз басым куә болған екінші қыры жөнінде білгенімді ортаға салуға тәуекел еткен жай боп тұр. Бұл да қызмет бабындағы қиыр-шиырдан бастау алатын, қапияда шиыршық атқан шиеленіс шеңберінен тазарып шығып, бір сәт қатаң қабақ танытқанын өзі де аңғармаған текті тұлғаның әділдігі туралы әңгіме. Сонымен Кәкімжан Қазыбаевтың екінші қырына келсек…
1964-1973 жылдар аралығы… «Мәдениет және тұрмыс» журналы. Әне, сол жылдарда бізде де айналадағы редакцияларда жиі орын алғандай төтенше жағдайлар болмаса да, жұмыс қаншалық мінсіз атқарылғанмен, сол кезеңнің әуенімен айтқанда, майда-шүйде текетірес, жел сөз, өсек-аяң, өзге де ойламаған жерден туындап жататын кикілжіңдер болмай тұрмайтын. Осы күнде бәрі заңды секілді көрінеді. Және сол шақта қатар қызмет еткен әріптестер де, сөз жоқ, риясыз құрмет, сағынышпен ойға оралады. Бұл да жөн бе дейсің, өйткені өмірдің аты – өмір. Мұны өз басым жазған-сызғандарымда айтып жүремін. Ара-тұра кездескенде қазір көзі тірі әріптестер де жылы шырай аңғартып, білгендік көрсетуге құмбыл. Ал жұмыс көрігі қыз-қыз қайнаған аласапыран жылдарда…
Қай ұжымда да болмай тұрмайтын (түсіне тұрып) түсінбеушілік, ғайбат-жала, арыз-шағым «Мәдениет және тұрмыс» журналында да шаң беретін. Кикілжіңнің ұштығы бас редактор мен орынбасарға тіреледі. Ұжым үлкен. Екі бастық пен 5-6 техникалық қызметкерден бөлек тоғыз шығармашыл жампоз бар. Көріп отырсыз, тиражы жарты миллионнан асатын басылымда еңбек ететіндер едәуір. Солардың есебінен партия, кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Жалақы, қаламақы, тоқсандық, жеке қызметкерлерге берілетін сыйақыда кідіріс болмайды. Сонда да, «әйтеуір бір жерден кінә табатындар» ештеңені калт жібермейді, түймені түйедей етеді. Жоғарыда айтылғандай, олардың бірінші кезекте қарауылға алатыны – бас редактор және мен. Әсіресе тіс қайрау маған басым. Тіпті, жасырын атпен мақала жазып, мол қаламақы алды деп жазылған домалақ арыз дәлелденбей, беттері күйсе де, қайтпайды (айта кетейік, жоспарланған мақала уақытында тапсырылмағандықтан, осы жолдар авторының екі санға мақаланы амалсыздан өзі жазып, лақап атпен жариялағаны, бірақ қаламақы алмағаны рас-тын. Солай екенін аупарткомнан келген тексеруші ұжымға хабарлаған да болатын).
Маған көз тіккендер журналдың әр санында өрескел қате жіберетін көркемдеуші редактор, ұлты басқа кексе әйелді ебін тауып Кәкімжан Қазыбаевқа кіргізіп жіберіпті. Ол жоқ-барды көсіле сілтеп, әлгінің кей сөздеріне Кәкең сеніп те қалса керек. Бұл жөнінде сонда жұмыстанатын баспасөз бойынша сектор меңгерушісі А.Ахметәлімов, нұсқаушы Р.Әдуов қолма-қол хабарлады. Кәкімжан Қазыбаев баспасөз жөніндегі секторға мені босатып, орныма «Жұлдыз» журналында істейтін біреуді қоюға, оның орнына мені жіберуге нұсқау беріпті. Сол замат гу-гу қаулап берсін. Маған өйт, бүйт деушілер көбейді. Ал барынша шаршап, онсыз да кетуді ойлап, баратын жермен («Жалын» баспасы) күнілгері келісіп жүрген мен түк те сасқан жоқпын. Бірақ ғайбаттаушылардың дегені болғанын қаламайтын принциптен айнымауды да ескердім. Телефон-автоматтан хабарласқан баспасөз секторының меңгерушісі Амангелді Ахметәлімов тез Қазыбаевқа телеграмма жіберіңіз деп, не жазу, қалай жазу керегін айтты. Қолына тие ме дегеніме, Главпочтадан «лично» деп жолдасаңыз тиеді деді. Ал жаз дегені былай: «ЦК Казыбаеву у нас все нормально могу доказать документально прошу аудиенцию», – деп, аты-жөнімді көрсеттім. Ертеңіне таңертең телефон шалған Ризабек Әдуов: «Қазыбаев сізді қозғамаңдар, үндемей істей берсін деп нұсқау берді», – деді.
Мені «Жұлдызға» ауысады деп дәметкендер апта күтті, ай күтті, жыл күтті, айтқандары болмаған соң, оңашада жылайды-мыс деп естідім. Базбір мысықтілеулер іштен тынса керек. Ал мен Кәкімжан Қазыбаевтың өсекке сенгеніне ренжігенім рас еді. Реті келгенде я айтармын, я айтпаспын дейтінмін.
Арадан жыл жарымдай өткенде Қазыбаев орнынан босады. Содан шамалы бұрын біреулер Қазыбаевқа мен жөнінде тағы да өсек жеткізіпті деп естігенмін. Кәкең тыңдапты да қойыпты. Екі-үш аптадан соң Кәкімжан Қазыбаев біз орналасқан ғимараттың сегізінші қабатындағы «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналына бас редактор боп келді. Енді оған барып сәлем беру міндет. Бірер аптадан соң барсам, кабинетте бір өзі отыр екен. Кіріп амандастым. Көкейдегі азын-аулақ өкпе-назды айтпастан, кетуге ұмтылып, орнымнан тұра бергенімде Кәкең қоламтаны өзі қозғап: «Телеграммаңды алғанмын, журналдарың жақсы, істей бер», – десін. Онан соң сәл бөгеліп: «Онда құлдан да бір сөз. Өзіңіз бастадыңыз. Сол жолы мені қабылдауыңызға шақырып, «сені білуші едім ғой, қалайша ит боп кеткенсің» деп бір фактіні көлденең тартар деп едім, өйтпедіңіз», – дедім де, шығып жүре бердім.
Мұным дұрыс па, бұрыс па, айта алмаймын. Әйтеуір, көңіл кірін шайғаным рас. Ал бірақ Кәкеңнің мені жығып бермегеніне ризалығым шексіз. Бұл Кәкімжан ағаның екінші қыры еді. Кейін осы жөнінде Әшірбекке айтқанымда ол: «Менің кебімді киген екенсіз. Кәкеңнің маған да, сізге де басын қатты бастап, аяғын жұмсақ бітіргені – адамгершілік. Оның орнында басқа бір соқыр-мылқау отырса, кім біледі қалай боларын», – деп жадырай күлді.
Әшірбек көзі тірісінде журнал ашып, атын «Дарабоз» қойған-ды. Екі жыл бас редактор болды. Жаңылмас жақ жоқ, қателессе табиғи қателесіп, онысын мойындаудан қорықпайтын, әрі «пәленше қызметім үшін жақындап жүр», «түгенше ішіп кеткен», «еңбегім бір дорба» деп күпінетін, адалдықтан ада, табаны бүрсіз, парақор, есекке мінгеніне есіретін екіжүзді шікәмәктарға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Кәкімжан Қазыбаев та дарабоз еді. Дарабоз тұлға!
Бұл баяндаулар сол үшін де хатқа түсті. Шындықтан артық ештеңе жоқ!
Рухың шат болсын, Кәкімжан аға!

Зәкір АСАБАЕВ,
Төлеген Айбергенов медалінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір