МӘҢГІЛІК САҒЫНЫШ
03.03.2017
1069
0

Арғы бетте – Өр Алтайдағы Көктоғайда  тұратын кезіміз, шамасы, 1982 жылдың күзі. Бір күні Әкем Қалибек Манапұлы жуан-жуан екі томның тысын сары қағазбен қаптап, сыртына «Маузыдұң шығармаларынан таңдамалылар» деп арапша харіппен жазып, қалтарысқа қойып жатқанын көріп қалдым.


 

«Ұлтшыл», «Шетелдегі туыстарымен байланысы бар» деген жаламен жаза лагерінде он жыл бойы ауыр еңбек астында жүріп, енді ақталып шыққан уақыты, аудандық мәдениет үйін басқаратын. Заманның да беті енді ғана оңалған мезет. Жастықтың әсері болу керек, әлгі кітаптарды бір көруге аңсарым ауды да тұрды. Ақыры көрдім: Қазақстанның күллі ақындарының өлеңдерін топтастырған екі томдық антология екен! Мынадай байлықты көргенде аузым аңқиып, төбемнен біреу қарап тұрғандай шошып кеттім… Сол күннен бастап әкейдің жұмысқа кеткенін аңдып жүріп «Мао шығармаларына» бас қоятын болдым. Ұрлап оқып жүргенімді әкем де сезіпті, ұрысқан жоқ, «ешкімге көрсетпе, ешкімге айтпа» деп рұқсатын берді.
Ұлы Абайды түсіне қоятындай жаста емеспін, Қасымның «Дариға-ай, сол қыз», Сырбайдың «Соғыстан қайтқан солдаттар», Қадырдың «Қазақ осы» деген өлеңдері миымда жатталып қалды. Неге екенін білмеймін, басқаның әруағы кешірсін, Төлеген Айбергенов деген ақынның өлеңдері көзіме жылы ұшырап, миымнан асып жүрегіме жетті. Ол кезде отызға ілінбей кеткен ақиық ақынның тағдырына онша мән бермесем де, өлеңіне таңданбай тұра алмайтын едім.
«Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын…
…біздің үйді сол күні бетке ал, қауым,
Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.
Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,
Қазанымда бір асым ет қалмауын…».
Ауылда өскен соң ба осы сөздер біздің құлаққа өте жылы тиетін.
Ес жиып, етек жапқанда ауылдағы тойларда өлең оқып жүрдік, онда да Төлегеннің осы өлеңін оқитынмын. Бақсам, қазақ бар жерде, той бар жерде бұл өлең оқылмай қоймайды екен, қаншама ғашықтардың хатына арқау, талай асабаның сөзінің тұздығы, беташар сөзіне айналған екен жарықтықтың жыры… Ғұмыры келте болғанымен Төлегеннің сағынышы, жалыны, шұрайлы тілі ұзақ жасап келеді.
«Сағынышта» мынадай ғажап жолдар бар:
…Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,
Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап…
…Сағыныш деген – молшылық қазына, бола да берер артық-кем,
Ал нағыз асқақ сағыныштарда араның балы бар тіптен…
…Қараңғы түнде қамығып жүрсең, қанатына алып қаусырар,
Бұл өзі, жаным, әйбат-ақ дүние, күні жоқ тіпті таусылар…
Ғайбат айтты демессіздер, Төлегеннің «Сағынышындай» өлеңді әлі бір ақын жаза алған жоқ! Жаза алмайды да…
Сәл шегініс жасасам. Бірде Мәукен Дулатұлы деген ақын ағаға Төлегеннің өлеңін сыдыртып жатқа оқып бердім. «Ей, сен мұны қайдан білесің?!» деді көзі шарасынан шыға. Ләм демедім. «Әкеңнен үйренген шығарсың» дей салды. Білмей айтып тұрғаны жоқ марқұмның, әкеймен дос болатын, ендеше, «Маоның шығармаларын» ол да оқыған. Ол кезде «Сәбет» дейтінбіз, Қазақстанның ақын-жазушыларының өле жат­қанының кітабы қолға түсті бітті, осылай жасырылып оқы­латын. Тіпті біраз жыл бұрын ауылда жүргенде Тургеневтің «Аңшының әңгімелері» деген қазақша кітабын Баяхмет деген жиен ағамыздың үйінен көріп, кенеше жабысып сұрап оқы­ғаным бар. Ол кезде де ағамыз: «Ешкімге көрсетпе де, айтпа» деген-ді. Емге дәру қанша кітапты осылай «ешкімге айтпай-ақ» оқығанбыз.
Айбергенов Қытайдағы бір жарым миллион қазаққа кең танылды. «Шыңжаң халық баспасынан» Төлегеннің ақын Мұрат Шаймаранұлының құрастыруымен «Мен саған ғашық едім» деген кітабы жарық көрді. Өлеңдері белгілі дикторлардың оқуымен дискі болып таралды. Артында Салтанаттай жоқтаушы қызы болғандықтан арғы бетте ақын – Әкені таныту мақсатында көптеген игі істер атқарылды.
Ақынның жинағын қолыма жиі аламын.Төлеген таусылмайтын ақын, қамшының сабындай қысқа, жасындай жарқ еткен аз ғұмырында жазарын жазып, берерін берін, сәулесін сеуіп, нөсерін төгіп, өртеніп өткен ақын. Төлегеннің «Са­ғы­нышы» мәңгілік болса, менің де ақиық ақынға деген сағыны­шым мәңгілік!
Ғалым Қалибекұлы,
ақын.


Сен менің өзімді көрсең…


Қазақ поэзиясына сондай бір ақын келу керек еді, ол келді де, әттең… ұзақ тұрмады. Бізге мәлім бір-ақ Төлеген ғой бұл. Шын мәнінде, Алтай мен Атырау арасында қаншама Төлегендер болды. Олар әлі де бар. Айбергеновтің өмірі де, өлеңі де жаңа өспірім жас таланттарға қамқорлықпен, сеніммен қарау керек деген ақиқатты одан сайын ұқтыра түседі.

Қадыр МЫРЗА-ӘЛІ.

ПІКІР ҚОСУ