Сәт. Сағыныш
08.04.2024
347
0

Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты И.А.Крылов атындағы балалар кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Ерлан Жүніспен әдеби кездесу өтті.
Кітапхана жетекшісі, ақын Бақыт Беделхан жиынды ашып, ағалық ықыласын білдірді. Жиынға жиналған жастар мен көрермен қауым ақынмен сырлы сұхбат құрып, келелі кеңестер тыңдады. Жанға нәр, рухқа азық болар өлеңдер оқылды. Ерлан Жүніс жалындаған жастардың жырларына құлақ түріп, турашыл һәм жаңашыл поэзияға көңілі толатынын да жасырмады. Десек те тегеурінді толқындағы жас ақындарға жаттандылыққа жармасып, еліктеуге ұрынып, майы тамып тұрған мөлдір тілдің тұнығын лайламай, жазу керегін ескертті. Кездесу барысында ақынның шығармашылығы жайында да келелі әңгіме өрбіді. Кештің арнайы қонағы – сатирик- жазушы Қанағат Әбілқайыр жас буынға ақжарма тілек білдіріп, шығармашылыққа қатысты ойларымен бөлісті.
Кездесу әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің студенттерінің ән шашуымен жалғасты.
Шығармашыл қауым үшін ұрпақтар сабақтастығы маңызды екенін ескерсек, аталмыш шара аға буын мен жас буынның ой алмасқанымен де өз мәнін арттырды. Ақылға қонымды сұрақ пен көңілге қонымды жауап айтылған ойталқы сәті көптің көңілінен шыға тарасты.

Арайлым ЗЕБЕРХАН,
кітапхана қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір