ПОЭЗИЯҒА САҒЫНЫШ
12.11.2024
310
0

Газетіміздің 18 қазандағы санында, арқалы ақын Сайлау Байбосынның «Өмірге деген өкпемді, өлеңге барып айтамын» деген тақырыппен өлеңдер топтамасы жарияланып еді. «Халі жұрт­тан аспаса да, жаны жасымай, даналарша ой толғап, балаларша күй кешетін» ақындар өлкесінің ерен бір өкілінің қаламынан туған ойыңды осып, жан дүниеңді қопарарлық қуат­ты жырлары санасы сергек, жаны ояу оқырманды бей-жай қалдырмаса керек-ті. Ақын жырына бірден үн қосқан академик, жазушы Ғарифолла Есімнің ой-толғанысын бүгін оқырман назарына ұсынып отырмыз. Алдағы уақыт­та да оқырмандарымыз тарапынан осындай талқылауларға қатысып, ой-пікір бөлісуін қалар едік. 

Бір өлеңі жоқ ақын көп, тіптен олар – марапат алғыштар. Кеуделерінде ордендер самсап тұр. Не үшін алғандарын жұрт біле бермейді, себебі өлеңдері жат­талған жоқ, гимндерге айналған жоқ, бірақ том-том болып жариялануда. Бұл – поэзияның құнсыздануы.
Осындай көңілмен «Қазақ әдебие­ті» газетінің 18 қазандағы санында Сайлау Байбосынның «Өмірге деген өкпемді, өлеңге барып айтамын» деген топтамасын оқып, қазақ поэзиясы, нағыз ақын барына көзім жетіп, бір сергіп қалдым. Ол «Ақындар» деген өлеңінде:
Жапырақты жырға қосып күзге ерген,
Адамдаймыз жұмағыңды жүз көрген.
Өмір өтіп бара жатыр, қайтейін,
Танымайтын біреулерге ғашық боп,
Табылмайтын бірдеңені іздеумен!
Иә, ақындық толассыз ізденіс, қиналыс, «ақындардың бастарында мұң егіз».
Үш топтама. Сюжетке құрылған өлеңдер. Біріншісі – «Дарвиннің ілімі немесе тек туралы өлең»
Түзелер, қазақ, тұрмысың әлі,
Бәрі де, тіпті әдемі.
Бірақ та бүгін сынға ұшырады,
Дарвин шалдың дәлелі.
Апыр-ау, қандай себебі дедім,
Сеніп келдік пе теп-текке?
«Бабамыз – маймыл» дегенін оның,
Оқытқан бізге мектепте!
Сайлау мырза, әлі де мектепте осылай оқытады. Өзгеріс жоқ, тегіміз сол  – маймыл. Өлеңнің кейіпкері Дарвинге қарсы, ол тегіміз бөрі, яғни қанымыз қасқырдыкі дейді, бірақ оның дүниетанымы бір сәт­те өзгеріп шыға келгені ақынды таңдандырған:
Босағадан бастығы көріп еді,
Жоғалып әлгі көңілдегі елес,
Жампаңдап ағам, жанықты.
Байқасам, тіпті бөріден емес,
Маймылдан аумай қалыпты.
Адам бір сәт­те құйрықсыз маймылға айналып шыға келді. Сонда адамның тегі туралы шындық қайда?! Ойланған жөн. Ақын бәрімізді ойға салған. Әй, адам, сен кімсің, тегің кім деп жар салып, оны өлеңге айналдырған. Бұл – ақындық
Өлең ойға өз салмағын түсірмесе, несі өлең, әншейін құрама!
Адам әлсіз, оны мықты ететін адамшылығы.
Адамшылық үш бірліктің тұтастығынан тұрады, ол – ыстық қайрат, нұрлы ақыл және жылы жүрек. Мұндай жандарды қазақтың алтын тұлғалары дейміз. Ақын тұлғаны аңсап өлең жазған. Мақсат – айқын, ой – биік.
*  *  *
Екінші өлең – «Кутузов көшесіндегі
М.Жүсіп мешітінің алдында жазылған өлең».
Күн сайын өсіп, гүлдейді қалам,
Көркіне мынау мән дарып.
«Кутузов деген кім?» – дейді балам,
Сұраулы жүзбен таңғалып.
Кеңестік идеология өз дегенін жасады. Қаланың төріне қазаққа еш қатысы жоқ Кутузовтың есімін берді, коммунистер анайылылық деп қабылдамаған, керісінше, қазақтың қаласын барынша орыстандыру.
Керемет ұлы бір кісі көріп,
(Сәбиде жоқ қой түк кінә).
Сұрайды тағы білгісі келіп:
«Бөгенбайдан да мықты ма?!»
Бала сауалына жауап бере алмайтын халде болғанымыз өкінішті. Бала сауалы шындық, оған ақын ұсынған дәлелсымақтар көмескі әрі түсініксіз.
Түсініксіз кедей қоғамдағы рухани мән-жайымыздың күйкі көрінісі ақынның өткір сынына іліккен. Бәріміз көріп, біліп жүрген шындық ақынның пайымдауында әбден жалаңашталған.
Шындық үнемі жалаңаш, оны өтірікпен киіндіріп қою – идеологиялық тәсіл. Ақын осы тәсілдің бет-пердесін ашқан.
*  *  *
Топтамаға енген үшінші өлең – «Астанаға ода» деп аталады. Астана туралы өлең-жыр көл-көсір. Ақынмын дегеннің Астана туралы қалам сілтемегені жоқ. Бұл түсінікті жағдай. Астана деген – бас қала
Басында Сайлау ақын да Астананы мадақтау дәстүріне түсе ме деген күдікте болдым. «Ода» деген жанрдың, негізінен, мадаққа қызмет ететіні ертеден белгілі.
Беу, Астана, шаһарым!
Аштархандай бүгін сенің атағың, 
– дей келіп:
Бірақ енді…
артық айт­ты деме сен,
Тілің сәл-сәл орысшалау демесең,
Туысқанға өріс тар-ау демесең
Пара алғыштар 
жақсы орында демесең,
Байлығымыз жат қолында демесең,
Тірлік құрғыр мардымсыздау демесең,
Аярлықтан ар құнсыздау демесең,
Сені, тіпті жаман қала демес ем!  Астанаға тұп-тура әділ сын. Ақын:
Түзелер, қазақ, тұрмысың әлі,
Бәрі де, тіпті әдемі – деп айта келе, әр өлең жолын «демесең» дегенмен аяқтай отырып, кәдімгі жыраулық дәстүрге салған. Жыраулар осылай өндірте айтып, қоғамға, билік тізгінін ұстаған қауымға сындарлы сын айта білген. Сайлаудың өлең жолдары жасық емес, екпіндеп келіп, елдік санаға ұласқан. Ел болам десең – кемшілігіңді көре біл, айта біл, дөп басып жырлай біл. Осы істі ақын Сайлау Байбосын әрлі де, мәнді өлең етіп өрген.
Кемшілікті көре білген, сөйтіп, келешек туралы тереңнен сөз қозғаған ақынның «демесең» деп аяқталатын әрбір жолын тарқатып, талдап айтса, жүгі ауыр. Әр қазақтың түйсігі, сана-сезіміне сәуле болып, құйылып жатқан өлең-жырдың мақсаты – өзіңді-өзің қамшылау, кері емес, ілгері ат­тау, алға басу. Шындық әділет­тілікке бастайды десек, әділет­тілік – мемлекет­тің діні деген ертеден келе жатқан қағида-сөз бар.
Хакім Абай «Әділет­тілік – хақ жолы» деп ой түйіндеген.
Әділет­тілікті ақын осы «Астанаға ода» деген өлеңіне арқау еткен:
Даңғазадан кенде емессің, дегенмен,
Мен өзіңді мақтар болсам өлеңмен,
Ренжи ме, тастай салып арбасын,
Базардағы арба итерген қандасым.
Қарындасым еден жуған кеңседе,
Келіспейді меніменен өлсе де…
Жалақысы жамбаспұлдан қалмаған,
Жерлестерім 
«жетім бұрыш» жалдаған…
Жайлап жатқан кілең сабаз, серімен,
Десем сені – төре шығар төрім ең.
Жаныңдағы жыртық шекпен ауылдар,
Дауласа ма менімен?!.
Иә, сенімен, ақын, дауласатындар көп. Бай мен кедейлер арасы күннен- күнге алыстап барады. Бұл – қауіпті. Мықты мемлекет міндеті – бай мен кедей арасын жақындату. Бұл – елдің стратегиялық міндеті. Кедейлер көбейсе, революциялық жағдай туындайтыны тарихтан белгілі айғақ.
Қазіргі жағдайда кедейлерді байлар басқара алмайды, ол мемлекет­тің құзырындағы іс, оны байлар да зерделеуі қажет. Кәсіп, байлық ел-жұрт тыныш болғанда ғана болмақ. Ел тыныштығы кәсіпкерге ең алдымен қажет, бірақ соны түсініп жатқан қазақтың аса ауқат­ты, азулы кәсіпкерлері жоқ. Бұл – қауіпті жағдай. «Жыртық шекпен ауылдарға» уақыт создырмай жағдай жасалуы қажет, уақыт­ты өткізіп алып, опық жеген елдер болған тарихта…
*  *  *
Әлде, сөзім болсыншы деп өтімді,
Ақордаға бұрып алып бетімді.
Ағытам ба айхай, мақтау не түрлі,
Атаққұмар ақын ағам секілді!
Сайлау мырза, атаққұмар ақын ағаң жалғыз емес, дөп санын айта алмаймын, жеткілікті. Бұл дәстүр жақсылық емес, болмашыны боямалап, зорайту, болмайтынды бос ұранмен болғызу – асылы, бұл жұрт­ты алдау, ол кімге керек?!
*  *  *
Ей, Астана, ел сенер!
Сені салған бір сәулетші – ең шебер.
Сол арада біз білмейтін мықтылар,
Сол арада біз кірмейтін кеңселер!
Дәрежесі долларменен өлшенер,
Сол жерде жүр талай-талай еңселі ер!
«Ақша-қала» деп атар ем өзіңді,
Маған билік берсе егер!
Мына өлең жолдары арқылы алған билік маңызды. Ол нық. Биліктің желмен келіп, желмен кететін табиғаты бар.
Сайлау ақын Астананы әбден «аймалаған», оның бұл қалаға айтары таусылар емес, солай болуы табиғи жағдай, себебі ол – тәуелсіз елдің астанасы. Тәуелсіздік тек ұран болмай, әрбір азамат тәуелсіз болса, қандай ғанибет! Сондықтан да ақын:
Беу, Астана!
Қазағымның мұраты!
Жарқыраған өндірлі елдің шырағы,
Сарқыраған «тендерлердің» бұлағы.
Жақсылар мен жайсаңдардың тұрағы!
Тұрмағасын босағаңда ілініп,
«Аяз бидің тымағы»,
Елдің саған тарқамай жүр күмәні!
Иә, делік. Аяз би туралы тәмсіл құны – жақсы мен жаманның бағалануы еді.
Қазіргі күнде не жақсы, не жаман, кім аражігін айыра алмақ. Айыруға болар еді, сан өрнекті өтірікті қайда қоямыз. Міне, осы тұста Дулат ақыннан бастау алған өлең-жыр алға шықпақ. Поэзия – дерт  емі екені әу бастан белгілі, ақиқат.
Сайлау ақын, алған бетіңнен қайт­па, сен, заманымыздың дерт­ті болған кезінде, ел үшін туған азаматсың, ұзақ жаса! 
Ғарифолла ЕСІМ,
академик
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір