Жылдар еселеген сағыныш (Эссе)
08.03.2024
192
0

Студенттік шақтағы жан досым – Райханды сол тұста бірге жүргендердің бәрі сұ­райды. «Иә, араласам, Алматыға келіп тұрады», – деп жауап беремін қапелімде. Ал шын­дығында, хабарсыз кеткенімізге кемінде он жыл болған.
Біз айырылмастай тату едік. Жыл сайын жазғы демалыста бір-бірімізге қыдырып баруды әдетке айналдырғанбыз. Балаларымыз да алма-кезек барып, келіп, сапырылысып жататынбыз. Құрбым балаларымен Алматыға қыдырып келген сайын, ең алдымен «Медеу, қайдасың» деп мұзайдынына тартып кететінбіз. Екі отбасының ерлері жұмыстан босай бермейтін, бізбен бірі – барса, бірі – бармайды. Өзіміз жап-жаспыз, балаларымыз тіпті кішкентай. Бір автобустан бір автобусқа ауысып жүріп тауға жеткенімізде көлеңке іздемей, демалмастан баспалдақпен таудың тү-у басына бір-ақ шығатынбыз. Одан соң таудың қарағайлы орманы сыңсып тұрған жағына бара жатып, ақ қайыңдар өсетін тұсқа бұрылып кетеміз аяқ астынан. Өрмелеп шығамыз. Шаршау деген жоқ. Арқалаған бір рюкзак тамағымыз бар, үлкен термоста шай… Кезек-кезек сүйрейміз. Ал енді, жетіп алған соң рахаттанып дастарқан жаямыз. Үнсіз ғана үлбіреп тұрған қарағайдың көлеңкесінде өсетін нәзік гүлдерден сүйкімді не бар екен?! Шіркін, орманның иісі қандай, ауасы қандай! Аспанға қарасаң, аппақ бұлттар қолсозым жерде тұрғандай. Әбден құмарымыздан шығып, енді күн еңкейе бастаған кезде балаларымыз төмендегі бассейнге түседі. «Медеу» деген жазуы бар жерге арнайы барып суретке түсетін едік. Алдымызды тосып жүрген фотографтар да мәз, біз де мәзбіз. Балалардың әп-сәтте тотыққан жүзіне, шат-шадыман болған түріне қарап сүйсінетінбіз. Осындай қуаныш сыйлай алғанымыз үшін өзіміз де бір марқайып қалатынбыз.
Ұл-қыздарымыз оқу бітіріп, ержетіп, ел ісіне енді араласады деген шақта астана ауысып, абыр-сабыр болдық. Аяулы Алматы, ақындар айтпақшы, сүйгені «тастап кеткен» келіншектің кебін киді алғашқы жылдары. Абай мен Ленин, қазіргі Достық көшесінің қиылысының әр бұрышында жиналмай жатқан қоқысты көргенде жүрегіміз ауыратын. Үкімет те бір күнде көшіп, шаһар жұртта қалғандай жетімсіреп қалды.
Арада бірталай жылдар өтіп, Алматы қайта құлпыра бастады. Сарыала шапандарын киген көше тазалаушыларды әр көшенің қиылысынан көретін күнге де жеттік. Қанша дегенмен жастық шағымыздың, құрбым екеуміздің кіршіксіз көңіліміздің ізі сайрап жатыр ғой бұл қалада.
…Райхан екеуміздің достығымыз сонау абитуриент кезден басталды. Әкесі оның оқушы кезінде өмірден өткен екен. «Көзі тірісінде үлкен үй салып, біздің сол шаңыраққа кіргенімізді көріп кетті», – дейтін. Анасы марқұм он бір баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Институтқа түсерде емтихан тапсыруға барғанымызда апамыз есіктің алдында алаңкөңілмен күтіп тұратын еді. Мол пішілген көйлегі, басындағы ақ жаулығы сондай жарасымды болатын. «Емтиханнан Райхан қызым басы ауырып шығады», – деп қайнаған су мен аналгин деген дәріні міндетті түрде өзімен бірге алып келетін. Ананың мейірімі, жылы жүзі баурап алатыны сондай, оқуға түскелі жүрген бәріміз Айша апаның айналасына жиналатынбыз.
Ең алғаш рет Райханның үйіне ағасы үйленгенде бардым. Іргетасы биік қаланған еңселі үй маған керемет әсер етті. Бау-бақшасы жайнап, жайқалып, анадайдан көз тартады. Жемістің неше түрі самсап тұратын. Жүзімді құс шоқып кетпесін деп әрбір бұтағына қалта тігіп, кигізіп қойғанды сонда бірінші рет көрдім.
Той аулада өтті. Райхан екеуміз Алматыдан барған күні дайындық бітіп, далаға палатка тігу жұмыстары ғана қалыпты. Ошақтың маңында жүрген көршілер мен жеңгейлерді кешке тойға келгенде танымай қалдым. Көз тоярлықтай жасанып алған. Құрбымның әулетіндегі сол қуаныш есімде айрықша сақталды.
Тұрмысқа шыққан жылдары Райхан екеуіміз бір-бірімізден біршама уақыт қол үзіп қалдық та, балаларымыз сәл өскен соң қайта табыстық. Содан бертінге дейін жұбымыз жазылмаған еді.
Ортамызға біреу түсті. Әлде, шынымен, тіл-көз тиді ме? Алматыда курстастар болып бір жиналғанымызда Райхан маған өте салқын қарады. Тіпті көзқарасында жеккөрініш тұрғанын да сездім. Жаныма қатты батты. Елпілдеп, сағынышпен қасына барғанымда көзіне де ілмеді. Шын өкпеледім.
Бір рет қоңырау шалды, сөздеріне құлақ аса алмадым.
Бірнеше жыл бұрын «Райханның ұлы қайтыс болды» деп естігенде есеңгіреп қалдым. Өмірдің қызығына тоймай кетті қайран бала. Ата-анасын қапияда зар илетіп, жақындарын жар жағалатып кетті-ау, амал жоқ!
Ести сала телефон соқтым. Ковидтің асқынып тұрған кезі еді. Жөндеп сөйлеспеді, оған өкпе жоқ. Дауысынан салқындық сездім. «Келме, – деп қайталай берді. – Ковид, – деді… – Ешкімді көргім келмейді», – деп түйіндеді сөзін. «Сені көргім келмейді» дегендей әсер етті маған. Содан бармадым.
Арада тағы екі жыл өтті. Бармағаныма бармағымды шайнап жүріп жатырмын… Ал Алматы кербез келіншектей құлпырып келеді.

Мария АРЫНОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір