ӘР ҚАЗАҚТЫҢ БОРЫШЫ
Сұлтанмахмұт айтқандай, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» Алаш арыстары ықпалымен «Алашорда» үкіметінің құрылғанына биыл 100 жыл толып отыр. «Алашорданың» 100 жылдығына және азаттық жолында жанын қиған арыстарымыздың рухын ұлықтау шаралары басталып кетті. Ұйымдастырушылар – «Қамшы» ақпараттық агенттігі өкілдері. «Қамшы» ақпараттық агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныштан Алашорданың 100 жылдығына арналған шаралар жайлы айтып беруін сұраған едік.
– Алаш арыстарының рухына арнап ас бергелі жатыр екенсіздер. Мұндай игілікті іске не түрткі болды?
– Биыл Қазақстан Республикасының іргетасы – «Алашорданың» құрылғанына 100 жыл толды. Бұл тарихи датаны ойдағыдай атап өту – Алаш арыстары аңсаған азат Отанда өмір сүріп жатқан біздер үшін абыройлы міндет. «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!» деп әз жандарын пида еткен ата-бабаларымыздың аманатын насихаттау – әр қазақтың бұлтармас борышы.
Бодандық жылдар мен тәуелсіздік кезеңінде бірлі-жарым еске алулар болғаны болмаса, бүкіл Алаш арыстарына арнап ас берілгенін өз басым естімеппін. Қазақта «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Бұл, әрине, өткенің мен кеткеніңді таразылап, Хақ пен Халық алдында тарихыңды әр уақыт еске алып отыруды көздеп айтылса керек. Сол тұрғыдан «Мәңгілік Ел» боламыз деген бүгінгі Қазақ елі үшін «Алашорданың» орнын кез келген адам тым биік бағалауы тиіс. Ол біздің төл тарихымыздың абыройлы да тағдырлы шындығы. Ширек ғасырлық тәуелсіздігіміздің тағанында Алашорданың алтын ізі жатыр десек, қателеспейміз. Біздің ұстаным: бүгінгі ұрпақ жасауға тиісті жұмысты мемлекетке ғана қарап отырмай, әр қазақ қолынан келгенінше қам жасауы қажет. Сол мақсат үдесінде қал-қадерімізше «Алашорданың» 100 жылдығын жыл бойы атап өтсек деген шешім қабылдадық.
– Алаштың 100 жылдығына арналған шарада бес түрлі бағыт көрсетілген екен. Солар жайлы тоқталсаңыз?
– Жинақтай айтсақ, «Алашорданың 100 жылдығына» орай «Қамшы» ақпараттық агенттігінің биылға атқаратын іс-шаралары мынадай болмақ:
1. Алаш арыстарының рухына арналған ас. Ең алдымен, Алашшылардың рухына бағыштап мал сойып, құран оқытып, киіз үйлер тігіп, жиналған жұртқа ас беру – басты жұмысымыз болмақ. Қасиетті асты өткізетін орынға Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражайын таңдадық. Жиырма жылдан бері Байтұрсынұлы мұрасын зерттеп, мұражай тізгінін ұстап келе жатқан ұстаз, ғалым Райхан Имаханбет бұл ұсынысымызды қуана қабылдады. Алла бұйыртса, Әлихан Бөкейханов дүниеге келген күн – бесінші наурызда билік өкілдері мен қоғам қайраткерлері, өнер жұлдыздары қатысқан үлкен ас осы мұражайда өтпек. Асқа Алаш арыстарының рухына құран оқуға ҚМДБ-ның Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлына арнайы шақыру жібердік. Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев мырза бұл асқа әкім Бауыржан Байбек немесе өзі міндетті түрде қатысатынын айтты.
2. 100 ағаш отырғызу. Алматы қаласы әкімшілігінің рұқсатымен белгіленген орынға 100 ағаш отырғызылады. Бұл шараға кез келген адамның қатысуға мүмкіндігі бар.
3. 100 жетім балаға киім-кешек сыйлау. Ата-анасы жоқ, жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдерге бір жолғы қамқорлық. Бұл шараға кез келген адамның қатысуға мүмкіндігі бар.
4. 100 студентке стипендия. Жоғары оқу орындарында оқып жатқан жетім балаларға, отбасында қиыншылығы барларға, үздік оқитындарға бір жолғы стипендия беріледі. Бұл шараға қолдау көрсету үшін кез келген адамның қатысуға мүмкіндігі бар.
5. 100 ізбасар. «Қамшы.kz» оқырмандарының сараптауымен «Алашорда» мұрасын зерттеген, насихаттаған, ізін жалғаған, Қазақ еліне айрықша еңбек етіп жатқан 100 адам іріктеліп алынады. Оның ішінде 10 қайраткерге «Алашордаға – 100 жыл» мерекелік медалі табысталып, сый-құрмет көрсетіледі.
– Бұл шара қаражатқа тірелері сөзсіз. Үлкен ағаларымыз тарапынан сіздерге қолұшын береміз деп жатқан еріктілер бар ма?
– «Қамшы» ақпараттық агенттігі осыған дейін өткізген барлық қоғамдық іс-шараларға мемлекет қазынасынан бір тиын сұраған емес. Қажетті қаржыны көбіне-көп қарапайым азаматтар өз ықыластарымен беріп жатады. Әсіресе, Атажұртқа оралған алдыңғы толқын ағалардың көмегі көп екенін айта кеткен жөн. Бұл жолы да бір қазақ шаңырағын, бір қазақ уығын көтеріп, бірнеше үйді тіккелі отырмыз. Талдықорғаннан хабарласқан жігіттер асқа сойылатын жылқыны әкелеміз деп сәлем айтты. Бас-аяғы үш миллион теңгеге жуық шығын кетсе де, бұл астың миллиардтаған қаржы жұмсалған кез келген іс-шарадан салмағы мен «аруағы» басым деп ойлаймын.
– Алаш мұратын бүгінгі жастар қалай түсінеді? Олардың жүрегіндегі Алаш идеясына деген адалдықты қалай сипаттаған болар едіңіз?
– Осы асты өткізудің дайындық кезеңінде көп нәрсені аңғарғандай болдым. Шынын айтқанда, «Алаш», «Алашорда» ұғымын тек тарих пен әдебиетті жақсы білетін немесе көзіқарақты, көп оқыған, отаншыл отбасында дүниеге келген аз санды жастар ғана сезіне алады екен. Тіпті, «Алаш кім, ол не?» деп сұрағандар да кездесті. Бұл, әрине, 25 жыл тәуелсіз ел болып келе жатқан мемлекетіміз үшін, идеологиямыз үшін өте ұят жағдай. Себебі, өткенін бағалай алмаған ұрпақ бүгінгіні де жетістірмейтіні айдан анық. Ал Алашты терең ұғынған, жүрегімен сезінген жастар тәуелсіздіктің де қадірін шын түсіне алатынына күмән жоқ. Себебі, өткен ғасырдың бодан кезеңінде «Алаш арыстары осы егемендік үшін қалай күресті? Жандарын не үшін пида етті?» деген сұрақтарға жауап іздеген адам бүгінгі тәуелсіздік кезеңінде өзінің не істеп жатқанына әр сәт есеп беріп отырары сөзсіз. Міржақыптың:
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты.
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты, – деген сөзі әлі де қаз-қалпында бұрынғыдан да өзекті бола түскені ақиқат. Ендеше, қазір жататын, ұйықтайтын, мемлекетке қарап алақан жайып отыратын уақыт емес. Әр қазақ тым құрыса, ертең баласына есеп беретіндей еңбек еткені жөн. Әттең! Бүгінгі жастар «Алаш арыстарының» өздеріндей шағында қандай харекет еткеніне бір сәт назар аударса, көз ілуден қалар еді…
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Н.БАТЫР.