қазақтың қызы көп… қазақ қыз аз
14.02.2023
311
0

Жиеншарым Дұғашқа дұғай сәлем!
Әлқисса. Анауекең мен мынауекең бастаған әлгі реформа дегеннің «демеуімен» қаңырап қалған іргелес үш ауылдағы шашты, мұртты, сақалды аңдып отыратын, шектен шығып бара жатқанын бассалатын, сөйтіп мал табатын мамандығы бар жиеншарым Дұғаштан тағы да бір хат келді. «Әй, бұл «ел болмас» тағы да нені шұбыртты екен?» деп селқостау ашып оқысам, ол: «Ассалаумағалейкүм, нағашы! Мен ғой. Алматыда сізден басқа ақылдасарым жоқ. Яғни, сізге айтарым мынау: жасым болса отыздан асып кетті. Үй болуым керек пе? Керек!.. Бұл жақта қыз жоқ, сол жақтан қарастырып, қалайда тауып беріңіз. Тауып, шақырған күніңізде барып, алып қайтамын», – депті. Өй, бар болғыр… біздің Көкбазарға келіп қайтатындай.
«Алматыда сізден басқа ақылдасарым жоқ». Мүмкін. Ал менде ақыл нөпір және сәпсем тегін. Тәуелсіздік бұйырғаннан бергі 32 жыл бойы бізге не керектің бәрі үстеп-үстеп қымбаттағанын көріп, көзіміз үнемі бақырайып, «қымбаттады» деген сөзді естіп, құлағымыз үнемі шыңылдап жүрсек те, «ақылдың бағасы тағы да артты» дегенді естіген пенде жоқ екеніне бірайлық зейнетақымды атап, бәс тігемін!
Сонымен, меншігімде бар мұртымды ширатып, жоқ сақалымды сипап, баптанып отырдым да, Дұғашқа мына хатты жаздым:
«Дұғаш-жан, хатың қысқа да нұсқа екен, бәрекелді!.. Иә, жасың отыздан асып кеткелі төрт жыл. Қыз атаулының не екенінен әлләуәкпәрсің. Олай болса, саған сақтаған ақылымды арыда-а-ан бастайын. Сонау жылдары, әлгі тарихи реформалар басталғанда қазақтың қыздары да соған ілікті. Дара бұрым, қосбұрым қара шашын тарқатып, жартысын арқасына лақтырып тастап, жартысын алдына жайып жіберіп, жағасы жоқ және кіндігін жаппайтын көкшіл түсті қысқажең, жарғақ кеудеше, қуықбалақ… Ол да көкшіл, шалбар киіп, сымпиып шыға келді. Сонсоң, өмірімізде өркеш-өркеш өзгерістер пойыздың вагондарынша тіркеліп өтіп жатты, күндіз-түні өте берді.. Қазақтың қыздары да, әрине, жұртта қалған жоқ: шашы аппақ болып, жеңсіз кеудешесінің омырау тұсы ашылып, шалбарының балағы дізесі­нен аспай құнтиды. Сонсоң, реформаның бір кезеңінде, әлгі ақ шашын иегінен аспайтын етіп қырқып, бір жеңі жоқ, жартыетек жұқа көйлек киіп көлбеңдеді. Көріп отырамын. Пәтерімнің үшінші қабатта болғанын айтсайшы, шәй-пәйімді ішіп аламын да, балконыма шығып, жақтауына сүйеніп, көшеге қарап тұрамын, ал көше… Сен өзіміздің Көбіккөлді білесің ғой, біздің көше соған ұқсайды: ары жылжып кетіп жатқан, бері жылжып келе жатқан ақ көбіктер!.. Солармен бірге ары-бері «аяңдап» екі жыл өтті.
Е, Дұғаш, ой-хой заман-ай десеңші!.. «Бұл жақта қыз жоқ» депсің. Көп ұзамай кемпір де жоқ болады… Ал біздің жақтағы қазақ қыздарының қазірде қандай екендерін телевизорыңнан көріп жүрген шығарсың, телевизорың бар ма? Оны сұрап отырған себебім, мүмкін өзің де білетін шығарсың, «ел құлағы елу» емес пе, реформалардың өршелене жүргізіліп жатқанына қарамай, оның әлі неше жылға созыларын кім білсін, қылаяғы ауызсуға жарымай отырған ауыл-аймақ аз емес екен!.. Өй, қайда бұрылып кеттім? Бойдақ Дұғашымызды босқа тостырмай, біздің жақтағы қазақ қыздарын сипаттап берейін. Ал, Дұғаш, асықпай оқы. Біздің жақтағы қазақ қыздары тағы да өзгеріп, ақ шаштары мүлдем сарғайды, кәдімгі сабан сияқты. Адамның шашы кәрілік қармай бастағанда, немесе жүйкесін жұлқылаған ауыр жағдайға душар болғанда ағаратын, ал біздегі қазақ қыздарының шашы ол «екі шартсыз-ақ» ағарғанынан асып, енді, міне, тіпті сарғайды да. Бастарына сары аттың жалын жауып алған секілді, немесе құйрығын бастырып қойған дерсің. Ауыл баласысың, жал мен құйрықты көріп өстің ғой… Сөйтіп, көшеміз де, телеэкранымыз да, сахнамыз да сарғайды. Қыз-келіншектер жеңі де, омырау тұсы да жоқ, етегі еден сыпырған түрлі-түсті көйлек киіп жүр. Әрине, сыртта емес. Сыртта жеңі бар кеудеше, ұзынбалақ шалбар киеді.
Ары қарай кеттік: құдай берген қастары жұлып тасталып, орындарын қара бояу қарындашпен бір рет қана сызып қойғандай; жалғамалы екендері беп-белгілі қарабояу кірпіктерінің ұшы қайқиып тұр, көз кеңірек ашылса, қабағына қадалатын шығар; жиектері қара боямен «көркемделген» көздерінің құйрықтары да қара бояумен ұзартылған, кейбіреуінікі тіпті құлағына тақау; көздің асты-үстері не жасылтым, не көкшіл бояумен «өңделген», жып-жылтыр. Беттерінің ұштары қызыл сиялы мөр басылғандай.
Әзірше аман-сау мұрыннан ерінге сырғып түссек, ауыздың үлкен-кішісін, еріннің қалың-жұқасын көріп жүрсің. Шағын ауыз шапшаң сөйлей жөнелгенде, қып-қызыл бояу еріндер апыл-ғұпыл араласып кетеді. Ал кергіп сөйлейтіндері мен езуі жиылмай күлетіндерінің шиқандай еріндері сопақ шеңбер сияқтанып, шықшыттарына жетеді. Ай, Дұғаш-жан, осымен тоқтайыншы! Короче говоря, шынымды айтайын: саған көмектесе алмаймын. Алматыда қазақтың мынау айтқанымдай сан сортты қыздары көп, ал құдай берген басы-көзін, бет-ауызын «тың және тыңайған жерді игергендей» етпеген, бір ақынның өлеңіндегі «аспаннан қара жібек шашылғандай» қара шашты, суреттей сұлу бұрымды қазақ қыз аз. Сен, Дұғаш, кел де көр, таңда да таныс. «Тауып, шақырған күніңізде барып, алып қайтамын» деп пышырама. Қазақ қызы сен сияқтылар келіп, ала салатын бәтіңке-етік емес, ұқтың ба? Ұқсаң да, ұқпасаң да – осы! Ауылда қалған кемпір-шалдарға сәлем айт, аман-есен болсын! Сен де аман бол! Мен ғой, нағашың».
Сүрбойдақ жиеншарым ұғатындай етіп жаздым-ау деймін, ә?

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір