ҚАЗАҚТЫҢ СОҢҒЫ БИІ – ШОЙЫНБЕТ
19.12.2022
490
0

Жақында абайтанушы-ғалым Жабал Шойынбеттің «Түркістан-Кентау белестері. Қазақтың соңғы биі – Шойынбет» атты кітабы шықты. Кітаптың жарық көруіне демеушілік жасаған – ұлт руханиятының жанашыры, дәрігер-ғалым, белгілі меценат Ғани Смаханұлы. Кітаптың бірінші бөлімінде қазақ халқы мен түркі дүниесі арасындағы рухани байланыстар сөз етілген, сондай-ақ автордың Түркістан өлкесінен шыққан ғалымдар мен өнер, спорт тарландары туралы мақалалары топтастырылған. Екінші бөлімде Шойынбет бидің өмірі мен шешендік сөздері қамтылған. Біз осы кітапқа енген қазақ ғылымының ақсақалы М.Мырзахметұлының мақаласын ұсынып отырмыз.

Қазақ сахарасындағы ел билеу жүйесінің айтулы буыны – қазақ билерінің қызметі саяси-әлеумет­тік ортада аса жоғары бағаланып, олардың шешімі халық арасынан қапысыз қолдау тауып отырған. Ұланғайыр кең далада не тұрақты әскері жоқ, не қамшы үйіріп ысқырып тұрған полицейі жоқ, ең болмаса үркітіп ұстар абақтысы болмаған қазақтардың дау-дамайын шешудің жолы билердің әділет­ті билігінде жат­ты.
Қазақта биді сайламайды, Би болған адам шешендігімен қатар «Жеті жарғыдан» бермен қарай келе жатқан ата-заңның жілігін шағып, майын ішкен, иманды, ел таныған қайраткер болмағы шарт. Би неғұрлым әділет­ті жол ұстанса, атағы алты Алашқа жетіп, абыройы асып отырған. Ал әділет­тен қылдай тайса, ол биді қазақ мансұқтап, билік айт­тыруға алдына бармай, назардан тыс қалдырып отырған. Осы себепті әрбір қазақ биі өзінің арын сақтап, абыройын ұстап тұру үшін әділет­тің ақ жолынан таймайтын дәстүр қалыптасқан еді. Осы себепті би болу екінің бірінің қолынан келетін іс емес, ол мыңнан бірдің маңдайына біткен өнер ретінде бағаланды. Биліктің бұл түрінің саяси-әлеумет­тік мәні Ресей отаршылдары келген соң өзгерді, қазақ заңын білмесе де сайлауға түсетін, пара бермесе дау­ды шешпейтін сатымсақ билердің жаңа типін билікке әкелді. Бұл билердің өмір болмысы Абайдың сатиралық өлеңдері мен М.Әуе­зовтің «Абай жолы» эпопеясында шыншылдықпен сурет­телгені жұртқа мәлім.
Біз сөз еткелі отырған Шойын­бет би – қазақ билерінің соңғы тұяғы. Өйткені Шойынбет бидің өмірі Ресей империясы мен Қоқан хандығының оңтүстік қазақтарының жері үшін тайталасып жатқан тұста, Қоқан хандығы құлап, Ресей отаршылдарының үстемдігі орнаған қысылтаяң тарихи кезеңде өт­ті. Яғни Ресей патшалығы өз үстемдігін қазақ арасында орнықтырып алғанша қазақ билерінің қызметін уақытша керегіне жаратуға мәжбүр болған қилы заманда Шойынбет би тарих сахнасына шықты. Шойынбет би қазақ арасында қалыптасқан биліктің атадан балаға ауысып отырған династиялық түрін сақтаған әулет, бірақ орта шаруа қалпын ұстаған отбасынан шыққан. Өз әкесі, атасы би болғаны архивтік дерек көздерінде бар, ал сонымен қатар ағасы Қошан да би әрі болыс болғаны әрі Ресей патшасының «Кафтан» наградасын алғаны туралы да нақты дерек бар. Атақты ақын Майлықожаның өлеңінде де Шойынбет­тің ағасы Бошанның аты аталады:
– Болыпты Маңғытайдан
Бошан болыс,
Әр түрлі күйге салды мынау орыс.
Жүз алуан, жүз кісіге
жауап айтып,
Қоқаннан алып еді қара қоныс.
Бұл әулет­тің зиялылары өмірінде дүние жинап, байлыққа табынбай, иманын таза ұстап, шынайы қарапайымдықты, адалдықты ұстанғаны байқалады. Қоңырат тайпасы өз арасында туындаған күрделі дау-дамайды «ұлы жүзден бата алған» әділет­ті би деп үнемі Шойынбет биге жүгінетін дәстүр қалыптасқан. Шойынбет бидің әділет­ті билігі алты Алашқа мәлім болғандықтан, Әулиетада өткен ушығып тұрған дау-дамайды шешуге қатысқан билер тобы өз арасынан Шойынбет­ті бірауыздан төбе би етіп сайлауы оның билік айтудағы беделіне байланысты болатын-ды.
1902 жылы алты Алаштың ел таныған айтулы азамат­тары Түркістан қаласында бас қосып, көрер көзге тойға жиналған болып астыртын мәселе қарағанда, соның бел ортасында Шойынбет би жүрді. Түркістанда болған құпия кеңесте қаралған аса күрделі мәселе Ресей патшалығының қазақтарды шоқындырып, орыстандыруға бір жола бет бұрған саясатын білген қазақ арасындағы рухани топтар сол мемлекет­тік миссионерлік саясат­тан сақтандырудың жолын қарастырған тәрізді. Өйткені сол кезде осы мәселе қазақ арасында аса қатерлі қауіп тудырып, саналы азамат­тарды қат­ты тіксіндіріп, ойға қалдырған үрейлі кезең еді.
Қоқан хандығы қазақ жерін күшпен отарлағанда қазақтың қалың отырған құйқалы, сулы-нулы жерлеріне бекіністер салып, ол жерлерге өзбектерді көшіріп қоныстандырып отырған. Елді сескендіріп, салық жинау үшін арнайы қарулы қол ұстап, неше түрлі әділетсіз зорлыққа жол ашып отырған. Сулы, құнарлы жерлерге көз тігіп, тартып ала берген. Қазақ жеріне көп ауысқан өзбектердің көші Қоқан билігі тұсында молыға түскен еді. Қазіргі Созақ ауданындағы өзбектен шыққан шала қазақтардың көбірек топтанған жері бүгінде Созақ кенті мен Шолаққорғанға орналасу тарихы Қоқан хандығының отаршылдық саясатымен тікелей байланысты, осы саясат­ты орыс отаршылдары жалғастырырды. Өз ауылын Үштөбе, Жартытөбе, Аққолтыққа орналастыруы, бір кездегі Шаға елді мекенінен кейін Қаратауды өрлей қоныс аударуы – басқа жерлерді де халқына қамтып қалу саясаты еді. Шойынбет­тің сазы, Шойынбет­тің құдығы, Шойынбет­тің диірмені деп аталатын құйқалы жерлер мен басқа ауылдар орналасқан елді мекендер – осы әрекет­тің нәтижесі болатын.
Шойынбет биден қалған шешендік сөздер мен билік үстінде айтылған айшықты сөз өрнектеріне бүгінгі ұрпақ тарапынан қажет­тілік туып отыр. Өйткені біздің халқымыз Ресей патшалығы мен Кеңес билігі заманында рухани қысымға түсіп, әрі Ресейдің миссионерлік мемлекет­тік саясаты тұсында өзінің көптеген тарихи жадынан айырылып қалғаны – жасырын сыр емес, ащы шындықтың дәл өзі. Осы себепті халқымыздың тарихи жадын қалпына келтіріп, толықтыру жолында аз да болса Шойынбет би тәрізді асыл мұра иелерінің өнегесін жаңғыртып, жинақтап жас буынға ұсынып отыру – азамат­тық парызымыз.

Мекемтас Мырзахметұлы,
ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты,

филология ғылымының докторы, профессор

Шойынбет бидің шешендік сөздері

Бабаатадағы Бағдәулет деген кісінің үйіндегі бір үлкен жиында Шойынбет­тің тапқырлығын сынамақ болған Кенесарының ұлы Сыздық төре:
– Дәулет артық па?
Бақ артық па?
Өнер артық па?
Тіл артық па? – деп сұрапты.
Сонда Шойынбет:
– Дәулет – қолдың кірі, жусаң кететін,
Бақ – сел-көшкін, уақытпен өлшенген.
Өнер – ризық, несібе таусылмайтын,
Тіл – ізгілік мұрат, ұрпаққа сөз қалдыратын, – деп жауап берген екен.

* * *
Шойынбет ойланбай сөйлемейді екен. Ол «ойнап сөйлесең де ойлап сөйле» деп кеңес береді екен басқаларға. Қазылық жасар алдында өз бөркін алдына қойып, оңашада сонымен билік жасап, машықтанатын дағдысы болған. Бөрікті жеңгеннен кейін ғана сөз байламын жасап, билікті содан кейін жүргізуді әдет еткен. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Әулиеатадағы ушыққан жесір дауына билікті де солай жүргізген. Шойынбет мұнда төбе би болған. Сонда ол билікті былай аяқтаған:
Дау – берекенің іріткісі,
Рушылдық – бөлінгеннің белгісі.
Бөлінгенді бөрі жейді,
Бәрінен артық – татулық ізгісі.
Бақ, дәулет қайда барады?
Ынтымаққа барады.
Азанғы өкпені түске сақтама,
Түскіні кешке сақтама.
Адамгершілік белгісі – кеңдік,
Бұл да үлкен ерлік.
Ашу – араз, ақыл – дос,
Ағайын ақылыңа ақыл қос.
Бірлік түбі – береке,
Біріккенді жау алмайды.
Бір-біріңмен татулас.
Татулық – өмір көркі,
Бірлік – өскендіктің ұрқы.
Мал дауы малмен бітер.
Жан дауы – жегіқұрт.
Жегіқұрт­тан арылған ләзім,
Бұл – ел арасындағы даудың арты болсын! – деп сөзін түйіндеген. Әділ бидің сөз жүйесін тауып, айтқан уыт­ты уәжінен кейін ушыққан жесір дауы тоқтапты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір