О, туған тіл, уызымсың қанбаған…
24.02.2017
1352
0

БАБАЛАР ЖОЛЫ
Бабаларым,
Қайран даналарым,
Аттарының тұяғымен
Дүбірлеткен шаңдатып далаларын,
Сайын сахараның төсінде
Салдырған сарай, кент пен қала, бәрін,
Қайран бабаларым!

Жауламаған көз сұғып шет елдерін,
Дауламаған өздері бөтен жерін.
Сертке тағып бойыма ерліктерін,
Өмір бойы пір тұтып өтем дедім.

Бабаларым,
Қайран даналарым,
Ақ жаулықты әжелер, аналарым,
Өсіретін әлпештеп жаңа дарын,
Дайын бол деп дұшпанға сақадай сай
Нығайтатын күн сайын саналарын,
Қайран аналарым!

Қажымайтын қайыспас қайран ерлер,
Ендігіде сондайлар бар ма дерлер.
Ауыздықтан су ішкен,
Азамат ерге ілескен,
Ата жаумен тірескен
Ай маңдайлы ақберен ардагерлер.

Алапатын асырған айбоздарым,
Шарапатын шашырған шандоздарым.
…Бабалар өсиетін ойға сақтап,
Атып тұрып төсектен сан қоздадым!

***
Ұлым,
Ұлы Дала еліненбіз, ұғын шын,
Енді қорғар елімізді ұлымсың.
Алтын Орда, Дешті Қыпшақ даласы,
Сол даланы биіктетер тұғырсың.

Бастау алған бабаларың осыдан,
Басында оның тұрды ұлы Жошы хан.
Тұяқтары Орыс хан мен Барақ хан,
Қанат берген қазағына хошынан.

Буырқанған шайқастар бұрқақтары,
Шертеді оны тарихтың сыр-хаттары.
Ту тіккен Шу менен Қозыбаста
Жәнібек пен Керейдей ұрпақтары.

Ұлы Дала еліненбіз, ұланым,
Айтып жатыр халқым соның жыр-әнін.
Өшкен жанып, өлгеніміз тіріліп,
Аршып жатыр көне тарих бұлағын.

Ұлы Дала еліненбіз, ұсынам,
Ділім серік,
Дінім берік – ислам.
Төбемізден шырқау биік ұшатын
Айналайын Самұрықтай құсынан.

Осы біздің мұратымыз аңсарлы,
Шырқайтұғын әніміз де таңсәрі.
…Әне, қара, Ұлы Дала төсінен
Балғын қанат тастүлектер самсады!

***
Саумал кеште, Есілдің жағасында,
Жанға рахат жайланған табасың ба.
Қандай жақсы досыңмен сырласқаның
Тамылжыған табиғат арасында.

Ақ қайың мен көк терек, жағалай тал,
Астананы сал жігіт аралай қал.
Жұпар иісі аңқыған гүлзарлардың,
Жұтсаң шіркін ауасын, самалы-ай бал.

Төңкерілген көк жүзі аспан бар-ау,
Қолтықтасып барады жастар анау.
Астананың жер-жиһан кереметі,
Жоқ та шығар, сірә, оған басқа балау.

Қазбауыр бұлт маңады қаздай қалқып,
Жүреміз ғой осылай жаздай шалқып.
Бас шаһардың бай сәулет ажарына
Таң қаласың тамсанып, маздай балқып.

Көрмей кетті көп достар Астанамды,
Жайнай түскен жаһандық жас қаламды.
Ести алмай кетті олар шырқалатын
Ақорданың төрінде асқақ әнді.

Ән мен өлең өнерін әзиз таңдар,
Ерұлан мен Ғалымжан – ғазиз жандар.
Арттарына қалдырды мол мұраны,
Ұрпақтары соңынан бар із аңдар.

…Саумал кеште сан ойлар самдағайлап
келеді екен жан-жақтан андағайлап.
Айтшы, достым, ақ алмас ақиқатты:
Астанадай
Басқадай бар ма аймақ!

Қайыспайтын қайран тіл
Сөз біткенің иесінен һәм жүйесінен,
Біреуді артық, біреуді сүйесің кем.
Көзқамандар жайлап алған жерімді,
Қорықпайды тілімнің киесінен.

Мәңгүрт мәнін танисың әр ізден де,
Отырады биліктік дәліздерде.
Аяқтан шалып, ұстап-матап,
Тастай салар тілімді кәріздерге.

Бұл қандай жұрт жеритұғын қағынан,
Уызынан жарымаған… жабығам.
Туған тілдің жолында құрбан боп,
Мерейі үстем тұстарынан табылам.

О, туған тіл, уызымсың қанбаған,
Сеніменен зау биікке самғағам.
Күндей шырақ сөнбейтұғын өзіңсің,
Сенің нұрың жер-жиһанды шарлаған.

Ана тілім,
Бағатыным өзіңсің,
Қажымассың,
Қайыспассың, төзімсің.
Сенің себің сертке таққан семсердей
Серік еткен сері сөзден сезілсін.

О, тұмарым,
О, шынарым – туған тіл,
Сүттей аппақ, мөлдірсің ғой судан кіл.
Бар ғаламды қаусыратын тіліммен
Туса, шіркін шаттанардай думан күн!

Бақытжан Тобаяқов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір