«ОНЛАЙН ӨМІРДІҢ» ЗАРДАБЫ…
17.02.2017
1793
0

Біз оны білеміз. Бірақ сезіне бермейміз. Сезінуіміз мүмкін. Алайда, алданып қалатынымыз анық.
Иә, қазір адам санасын басқарудың немесе адамзатты рухани аздырудың түрлі тәсілі тәжірибеге енді. Ғаламтор, әлеуметтік желілер, телефонға тәуелділік, тағысын-тағылар… «Бұл – бүгінгі заманның техникалық жетістігі. Мөлшерімен пайдалана білсе – пайдасы шаш-етектен», – дейтіндердің уәжі де орынды. Өзін басқара алатын (Алла Тағала бізге осындай мінез бен сипатты нәсіп еткей) адамның әңгімесі басқа.
Алайда, қайшының мысалы секілді, біз оны кейде тұрмыстың игілігі үшін емес, біреудің үмітін үзіп, яки жан жарасын «тырнап», тіршіліктің тамаша заңдылығына қайшы (мүмкін байқамай, мүмкін әдейі…) пайдаланып жатамыз. Қайшыны адамгершілік құндылықтарға қарсы пайдалану мәселесі мазалайды. Айтайын дегеніміз осы еді. Ендеше, «онлайн өмірдің» зардаптары туралы ойланып көрейік.


 

1. МЕЙІРІМСІЗДІК

Қазір ұрыс-керістің ХХІ ға­сыр­ға тән «тә­­сілі» пайда болды. «Қарсылас­тың» (болашақта жақын досыңыз­ға айналуы мүмкін) жағасын жыр­тып, көзін «көгертіп» әуре бол­майсыз. Бі­лек­тің күшінен ас­ып түсетін «әлеу­мет­тік желі» деген адам жанын ауыр жаралайтын «қаруыңыз» бар. Желіден желдей ескен негізсіз жалалар мен ғайбат сөздер адамдар арасындағы мейі­рім­ділік, қайырымдылық, бауыр­мал­дық, т.б. асыл құндылық­тар­дың алтын арқауын біртіндеп үзіп түсіруде… Алла сақтасын!
Желі пайдаланушылар тақы­рып­ты талқылауды қойып, адам­ның жеке тұлғасын қорлауды, кем­шілігін сынап тастауды үлкен «олжа» көре бастады. Бітіспес дау бітімгершілікке бастаса игі еді. Алай­да, әлеуметтік желі түрлі көз­қа­растар мен ұстанымдардың «со­ғыс» алаңына айналды. Несіне жасырайық, оқырмандар ара­сын­дағы нүктесі жоқ пікірталастар кеңшілікке емес, кекшілдікке бастап жатқан жайы бар. Пікір­та­лас­та жеңілмеу, реті келсе сөзбен түйреп тастау – басты мақсат болып қалғандай.

2. УАҚЫТТЫ ӨЛТІРУ
Таңғы жұмыстың «кіріспесі» әлеуметтік желіні «шарлаудан» басталатын болды. Оған біреу
1 сағатын «құрбан» етеді. Біреулер үшін 2 сағат аздық етеді. Өзгенің не ішіп, не жеп, қандай киім киіп, қайда барғанын көріп, біреу үшін ызаланып, біреу үшін қуанып эмоцияға беріліп жүргенде
2-3 сағат­тың өтіп кеткенін байқа­май қаламыз. Таңертең ғалам­тордың тұңғиығына бір «сүңгіп» алмасақ, ­бір нәрсе жетіспей тұрған секілді болады… Ватсапқа кіріп, кім не жібергенін көріп шықпасақ, басымыз «ауырып» қалатын жағ­дайға жеттік. Телефонға тәуел­ділік күн өткен сайын артып келеді. Қалта­фон­мен таң атырып, кеш батыратын болдық. Кітап оқу, отбасыға көңіл бөлу, спортпен шұғылдану се­кілді пайдалы істер кейінге ысы­рылды.

3. «ӘЛЕУМЕТТІК МҮГЕДЕК»
Шотландиядағы Эдинбург уни­вер­ситетінің докторы Аяд Рахван желіге тәуелді болған адамды «әлеуметтік мүгедек» деп атапты. Ал керек болса… Желіден «түспей­тіндер» арасында ғылыми зерттеу жасаған ғалым: «Әлеу­меттік желі адамның ойлау логикасы мен ше­шім қабылдауына кері әсер ететі­ніне көзім жетті. Осы мәселе бойын­ша ғылыми тал­дау жасау барысында әлеу­мет­тік желі адамның сараптау, талдау, есте сақтау қабілетін азайтады деген қорытынды шығардым», – дейді. Доктор А.Рахван желіні белсен­ді пайдаланушылар арасында қарапайым сауалнама жүргізіпті. Қатысушылардың 80 пайызы санаулы сәтте оңай сұ­раққа дұрыс жауап бере алмаған.
«Әлеуметтік желіге тәуелді бол­ған адам әр мәселеге атүсті қа­рай­тын дәрежеге жетеді. Өйткені, 1 минутта бірнеше жаңалыққа лезде шолу жасау осыған итер­ме­лейді. Сөйтіп, адам ойлау, талдау қабілетінен айырыла бастайды», – дейді Эдинбург университетінің докторы Аяд Рахван. Ғалымның статистикасы бойынша, желідегі белсенділердің небары 20 пайызы ғана көлемді материалдарды соңына дейін оқып, сол мәселе төңірегінде ой қорытып, талдау жасай алады екен…

4. ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛУ
Виртуалды өмір адамдар ара­сын­дағы қарым-қатынас­қа, олардың өзара сұхбаттасуына сы­з­ат түсіріп жатқанын көріп жүрміз. Бұ­ған мына әзіл жеткілікті: «Дас­тар­қан басында отырған әке-шеше, бала-шаға бәрі телефоннан бас көтермей ватсаппен әуре болып жатса керек. Бір шетте шәй құйып, оны кімге ұсынарын біл­мей отырған келіні сол ватсаптағы топқа «шәйдан ішіп отырыңыздар» деп жазып жіберіпті…». Күлмекке жақсы әзіл екен. Алайда, ақиқаты осы…
Телефонын үйде де, түзде де қо­лынан түсірмейтін бір жігітке әйелі: «Шіркін, мен сенің «теле­фо­ныңа» айналып кетсем ғой…» – депті.
Ғаламтор әлеміне кіріп кеткен адам шынайы өмірден алшақ­тай­ды. Бүкіл болмыс, ми, көңіл күй, назар әлеуметтік желідегі боямалы, жасанды өмірге ауған кезде айналадағы адаммен әңгімелесуге, ата-анамыздың көңілін аулауға, баламыздың тәрбиесі мен сабағын қадағалауға уақыт жетпей қалады. Өйткені, біз бос емеспіз. Одан да «маңызды» шаруамен шұғылданып жатырмыз ғой… Ой мен көңілді, сезім мен түйсікті ғаламтордағы қай­дағы біреудің жылт еткен жыл­­тырақ суреттері жаулап ал­ған.
«Онлайн режимде» өмір сүре­тін адам жұмыс пен жанұядағы адам­дармен жөнді тіл табысудан қалады екен. Сөйтіп, өзі де, өзге­лер де тұйыққа тіреледі… Ғалымдар мұндай күйге түскен адамды өзге түгіл өзінің өміріне жауапкер­ші­лік­пен қарай алмайтын, ғалам­тор­дың нұсқауымен тіршілік ке­ше­тін зомбилер мен тірі «құл­­темірлер» деген тұжырым ай­ты­п­ты… Алла сақтасын!

5. ДЕРТ
Мойындамасқа лажымыз жоқ, әлеуметтік желі біздің сырласымыз бен мұңдасымызға айналды. Бұрын ішіміздегі шерімізді жақын адамға айтып, шығарушы едік. Қазір ата-анамызға, досымызға, жанашыр адамға айта алмаған қайғымыз бен қуанышымызды желіде «желпінген» жандармен бөлісеміз. Сөйтіп, отбасының сы­ры мен құпиясын жалпақ жұртқа жариялап жіберуді айып санамайтын күйге жеттік.
«Түркияға демалуға кетіп барамыз, мынау жолдасым сыйлаған гүл, бүгін күйеуіммен келіспей қалдым, қызымның жаңа сөмкесі, бүгін алған көйлегім…». Осы са­рындағы жаңалықтардан көз сүрінеді. Біреудің тіл-көзі бар емес пе?.. Тіл-көз тиюден қалайша қо­рықпай кеткенімізге қайранбыз.
Өткен жолы әлеуметтік же­лілер­ден зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсететін орталықтар туралы ақпаратты оқығанда зәре-құтымыз қашты.Желіге минутын емес, бірнеше са­ғатын арнайтындар психоло­гия­лық күйзелісті бастан кешеді. Интернетке тәуелділік адам жүй­кесін «жұқартып» тастайды екен.

6. ДЕНСАУЛЫҚТЫ ҚҰРТУ
Телефон мен компьютерге ұзақ телміргендер денсаулығын құ­р­тады. «Белің ауырса, бүйрегің сыр берсе – компьютерде ұзақ отырма. Көбірек жүр, көбірек қозғал. Турникке тартын. Одан басқа ем жоқ», – деп еді бір дәрігер…
Тіпті, тамақтанып отырғанда да телефонымызға дамыл жоқ. Тамақты тәбетпен ішу жоқ. Назарымыз, эмоциямыз – әлеуметтік желіде. Бірінен соң бірін шарлап отырғанда не ішіп, не жеп қой­ғаныңды білмей қаласың. Тәтті тамаққа тұзды нәрсені араластырып, ыстық шайдан соң суық су ішіп дегендей, тамақтану тәрті­бінің «кашасын» шығарамыз. Өйткені, толассыз келіп жатқан жаңалықтарды лезде шемішкедей шағу керек…

7. АРТЫҚ АҚПАРАТ – АРТЫҚ ПРОБЛЕМА
Әлеуметтік желі сіз туралы (үй мен жұмыстың мекен-жайы, телефон, электронды пошта, т.б.) ақпараттың бәрін талап етеді. Желіге отбасыңызбен қайда, қан­ша күнге демалатыныңызды жа­йып салған сәтте, кейбір әккі ұры­­лар жанұялық жоспарыңызды ұтымды пайдалануы мүмкін. Осы­лайша артық ақпарат артық проблема туғызуы ғажап емес. Желіде «шетелге немесе елге кетіп барамыз» деп шулатқан өзіміз. Мұны аңдып отырған ұрыларға үйдегі бағалы заттарымызды «сыйға» қалдырып кететін өзіміз. Кімге шағымданамыз? Кінәлі – тағы өзіміз…

8. ӨЗ СӨЗІМНІҢ ТҰТҚЫНЫМЫН…
Әлеуметтік желі – іштегі эмоцияны шығарудың алаңы. Кейде іштегі шерді жұтып жіберуге тура келетін жағдайлар болады. Алайда, желі деген «сырлас досымыз» бұған жол бермейді. Монитордың арғы бетінен ірі сөйле, тіліп айт, «жыр­тып» жаз, «шымшып» ал, ая­май «соғып» ал деп тұрады. Сөй­­тіп, бізді аузы «батыр» адам­дардың қатарына қосады. Өзінің шағын мемлекетін (отбасын) бас­қара алмайтындарды бүкіл мем­лекетті «басқаруға» «тәрбие­лейді». Саясатқа араластырып, арандатады, біреулерге еріп «үр­гі­зе­ді». Нәтижесінде адамды өз сөзінің «тұтқынына» айналдырады. Мұн­дай айлаға алданып, жұ­мы­сы мен жанұясынан береке кет­кен талай жігітті көзіміз көрді.
9. ШАҢЫРАҚТЫҢ ШАЙҚАЛУЫ
Желідегі жылт еткен суреттерге қызығып та, қызғанып та қарай­тын кейбір әйелдер: «Анау жолдасына шуба әперіпті, мынау көлік сыйлапты, анау болса сырға сатып алыпты, мынау Түркияда демалып жатыр. Сонда сен мені қашан жарылқайсың?» – деген шағымдар айтып, қанағатсыздық танытып қоятыны жасырын емес. Осыдан кейін: «Біреудің Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай сұмырай», – деген мағынадағы сөздер отаға­сыға қарай қарша борайды. Түсін­беушіліктің соңы жақ­сылыққа әкелмейтіні бесенеден белгілі…

10. КҮНӘ АРҚАЛАУ
Әлеуметтік желіде біреуді кем­сіту, оны ғайбаттау, жағалау­дағы жартылай жалаңаш суретіңді жариялап, өзгелердің иманын әл­сі­р­ету, болмашы бұйымдарды салып, қаншама шаңырақтың шай­­қа­л­уына түрткі болу, денсау­лықты құртып, уақытты өлтіру, тұйыққа тіреліп, өз өміріңе нем­кетті қарау, тағысын тағылар адамгершілікке де, шариғатқа да сай келмейтін әрекеттер. Бұлар пенденің күнә арқалауына себеп болмайды деп ешкім кепілдік бере алмас…


Түйін

Біздің бұл жазбамыз ғаламтордың игілігі мен тиімділігін жоққа шығару деген сөз емес. Мұрат Мөңкеұлы бабамыз айтқандай, «Мен қауіп еткеннен айтамын…».

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір