ӨМІРДІҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ – ХОББИ ДЕГЕН…
Барлық нәрсеге қызығушылықтың әуестіктен басталатынын ескерсек, адам баласының бойындағы көрмекке, білмекке деген құмарлық өмір бойы жалғасады. Шығармаларын оқып, өлеңін жаттап өскен ақын-жазушыларымыз да қаламгерлікке балаң әуестікпен келген болар. Жазушылардың ғұмыр тарихына қарап отырсақ, көбі шығармашылықтан бөлек сүйікті істерімен шұғылданып, шабыт алып отырған. Халықаралық тілде «хобби» деп аталатын ұғым ой бөліп, жан сергітер бір кәсіптің құрамдас бөлігі ретінде үлкен туындылардың жарық көруіне себеп болды.
Орыстың атақты жазушысы Лев Толстой 67 жасында велосипед тебуді үйренген. Мұндай деректен орыс классигінің спортқа құмар болғанын байқаймыз. Тіпті вегетариандық өмір салтын ұстанған Лев Толстой аңға шығып, саят құрғанды жақсы көріпті. Ал 1887-1907 жылдар аралығында аты әлемге әйгілі Шерлок Холмстың шытырман оқиғаларын оқырманға жеткізіп, детектив жанрының классигіне айналған Артур Конан Дойл атақты «Портсмут» футбол командасында қақпашы болған. Бір қызығы, Конон Дойл футболшы ретінде кәсіби мансапты армандамаған. Бала кезінен әдебиетке жаны құмар бала футболды тек әуесқойлық деңгейде жақсы көрген. Жазушы оқырманы танып қоймасын деп, Смит деген лақап атпен ойнапты. «Байрондық» кейіпкерлердің тұтас бір түрі мен эгоистік романтизмнің негізін қалаған, еркіндік пен әділдікті сүйген ағылшындардың даңқты ақыны әрі жазушысы Джордж Байронның да өзгелерге ұқсамайтын ерекше хоббиі болған екен. Өзі оқыған мектептің жарғысына сәйкес сыныпта ит ұстауға тыйым салынғандықтан ол мектепке аюдың баласын әкелген көрінеді. Жарғыда аю туралы айтылмағандықтан ақынға шектеу қоюдың заңды жолы болмаған. Мектепте оқып жүргенде болашақ жазушы аюдың баласын ғана емес, қолтырауын, құтан, борсық, бүркіт және түлкі асыраған екен.
Жазушы, ақын, драматург Баянғали Әлімжанов: «Өнер адамдары мен әйгілі ақын-жазушылардың өмірлерінде өздерінің қызық хоббиі болған ғой. Мысалы, Тұрсынбек Кәкішев ағамыз әмиян тігумен айналысқан. Хобби – өмірдің қызығы. Хоббимен айналысу – ақын-жазушылар үшін белсенді демалыс. Ал Абайды танытқан қазақ әдебиетінің алыбы Мұхтар Әуезов қазақ футболының қарлығашы – «Ярыш» футбол клубының жартылай қорғаушысы болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді», – дейді. Қазақ аяқдоп өнерінің тарихы дәл осы кәсіби клубтан бастау алады. 1913 жылы құрылған «Ярыштың» алғашқы матчында гол соғып команданы жеңіске жетелеген де – Әуезов екен. Ал көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің кәсіби күйші болғанын білесіздер ме? Тіпті замандастары оған: «Солақайдың құдіретті күйшісі», – деген баға беріпті. Шәмші Қалдаяқов, Бақыт Әшімовалармен бірге кәсіби музыкалық деңгейде білім алған.
Екі ішек: бірі – бостау,
бірі – қатты,
Бес саусақ беретіндей ат дүбірін, – деп жырлаған Жұмекен Нәжімеденов – күй құдіретін тереңінен түсініп, қос ішектің қасиетін тани білген талантты ақын.
Домбыраны серік еткен жандардың тағы бірі – қазақтың Фаризасы. Ақынның көзін көргендер оның дәулескер күйші екенін алға тартады. Бұл туралы Бибігүл Төлегенова: «Фариза екеуіміз Қытайға іссапармен бардық. Жолда қай әнді шырқасам да, Фариза қосыла жөнеледі. Дауысы қандай! Мен Фаризаға: «Сенің ішіңде бір әнші өліп жатыр ғой», – дедім. Ол болса: «Сендердің нандарыңды тартып алмайын деп өлең жазып кеттім ғой», – деп әзілдеді», – деп Фариза Оңғарсынованың Атыраудағы жыр кешінде айтыпты. Ал ақынды «Фариза! Фаризажан, Фариза қыз!» – деп өлеңіне қосқан Мұқағали бокспен шұғылданыпты. Өкінішке қарай, ақиық ақынның былғары қолғап киген суреті еш жерде сақталмаған.
Ағартушы-ұстаз, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлы да қолына фотокамера ұстап, өз дәуірінің қайталанбас тылсым сәтін қаз-қалпында түсіруді сүйікті ісіне айналдырған. Ана тілінің асқақ рухын паш еткен Ахмет Байтұрсынұлы тұңғыш рет төл емлемізбен жарық көрген ұлттық мерзімді баспасөз «Қазақ» газетін шығарған тұста оны фотосуретпен безендіріп, оның дерекке қосымша күш екенін, эстетикалық әсерін тиімді қолданған. Шәкірттерге арналған төлтума мектеп оқулықтарының бірнеше басылымын толықтырып, дайындау барысында ауадай қажет фотосуреттердің жетіспеуі еңбектің келісті келбетіне нұқсан келтірді. Сондықтан ұлт ұстазы фотоаппаратқа қолы жететін мүмкіндік туа қалса, бұл әуестік өнерін ғылым-білім саласындағы ізденісіне шығармашылық
таяныш етуді көздеген.
Қазақ әдебиетіндегі сөздің жілігін шағып, майын ішкен нағыз майталман, өмірде өзінің тым талғампаздығымен ерекшеленген жазушылардың бірі – Ғабит Мүсірепов. Қаламгердің аңшылыққа жаны құмар болғаны туралы естеліктер көп. Жұмыс ауыртпалығынан арылу үшін табиғат аясында серуендеп, жан сергітіп, әсем табиғатқа ішкі сырын ақтарып, шабыт алса керек. Мүсірепов туралы тағы бір естелікте оның үш мылтығы болғаны айтылады. Замандастары жазушының бильярд ойынына әуестігін де ерекше атап өтеді. Шарды таяқ арқылы торға түсіретін ойын шығармашылық адамдарына өте пайдалы екен. Жазудан шаршағанда достарымен бас қосып, осы бір ерекше тақта үстіндегі қызыққа кіріп кететін жазушы жайында: «Қазақстанға бильярдты әкелген – Ғабең», – деген пікірлер де айтылып жүр. Бүгінде Ғабит Мүсірепов атында республикалық турнир өткізіліп тұрады.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал жазушы Дулат Исабеков: «Қарап тұрсаң, хобби дегеннің өзі мамандық деңгейіндегі жанама қасиеттің бір түрі сияқты. Кезінде әркімнің белгілі іске аңсары ауады да, кейін түрлі жағдайларға байланысты басқа салаға бұрылып кетеді. Мысалы, жазушы Анатолий Ким Мәскеуден келген бір сәтінде: «Осында жатып кезекті романымды аяқтадым. Енді проза жазбаймын. Әу баста оқуын бітірген суретшілік кәсібіме қайта ораламын. Енді қалған ғұмырымды соларды жалғастыруға арнаймын. Әдебиет, негізінде, мен үшін хобби еді», – деп қалды. Жас кезде көп нәрсеге еліктейсің ғой. Өзім тоғызыншы класта жүргенде трактор да айдап көрдім, кейінірек телеграф монтажшысы болып жұмыс істеп жүріп, бағанаға өрмелеу жарысында аудан бойынша бірінші орын алғаным да бар. Кейіннен математика құштарландырған. Өмірдің кез келген саласында математиканың қажеттігін насихаттау ниетінен шығар, «Жұлдыз» журналында жүргенде басылымға осы кәсіп иелерін көбірек тартып, бірқатар мақала, очерктер сериясын жариялаппыз. Мұның өзі прозаға да мол көмегін тигізеді. Дүниетанымды кеңейтуге, бәріне…» – деп жастық дәуреніндегі хоббиі жайлы айрықша әсерімен бөлісті.
Адам болып жаратылған соң өмірді тек ішіп-жеумен өткізу – қателік. Жоғарыда аталған атақты ақын-жазушылардың өзі шығармашылықтан бөлек сүйікті істерімен айналысқан. Уақыттың бос өткені – өмірдің бос кеткені. Олай болса, әр адам өмірдің қызығын хобби арқылы таныса керек.
Дана САДЫРҚАН