ӨМІРДІҢ МӘНІ – ӨЛЕҢ мен ӘДЕБИЕТ
Қара шаңырақ – Қазақстан Жазушылар одағының жазушы өміріндегі алатын орнының маңызын сол қаламгерден артық ешкім бағалай алмас. Әдетте мұны тағдырдың жазуы деп қабылдаған да дұрыс шығар. Әлбетте, маңдайымызға осындай зиялы да ғибратты ғұмыр жазылғанына тәубе етеміз.
Қаршадайымнан кітапқұмар болып өстім, әдебиетті, өлеңді жақсы көрдім. «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан», облыстық, аудандық газеттер, «Жұлдыз», «Жалын» журналы, түрлі орыстілді басылымдар үйге поштамен келіп жататын. Өйткені әкем – Қадырбай Бекетов шаруашылық басқарды, сол шаруашылықтың партия ұйымының хатшысы, коммунист, облыстық депутат болды, көптеген газет-журналға жазылды. Майдың иісі аңқып тұратын басылымдарды пошташының қолынан қуана алып, бір құшақ етіп алып келуші едім үйге. Содан соң, әкем келгенше бәрін қарап, қалағанымды оқып та алушы едім. Қадірәлі көкем – әкемнің інісі Шымкент педагогикалық институтының қазақ әдебиеті мен қазақ тілін оқыту факультетінің студенті, том-том кітаптарын үйге әкеп жинайтын. Ол да менің әдебиетке деген қызығушылығымды, ынтызарлығымды арттыра түскен сияқты. Бірде кітаптың қызығына түскенім соншалық, шаршап, үстелдің астында ұйықтап қалыппын. Қас қарайғанға дейін үй-үйді қарап таппаған соң бүкіл ауыл хабарланып, Боралдай өзенінің бойынан іздеуге кірісіпті. Сол мезетте мен, бесінші сынып оқушысы Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» кітабын құшақтап үстел астынан ұйқылы-ояу тұрып келе жатқан екенмін…
Мектепте қазақ әдебиетінің мұғалімі, ғаламат ұстаз Шекер Оразымбетов пен тарихшы Төрехан Кенжебаев ағай менің мамандық таңдауыма, осы жазу-сызуға, оның артында ғұмырбақи оқуды мақсат ететін, хикметі ауыр журналист мамандығын таңдауыма зор ықпал етті. Баспасөз беттерінде – «Қазақстан пионері» мен аудандық «Алғабас» газетінде өлеңдерім шығып тұрды. Көкейді тескен көрікті арман ҚазМУ-дың журналистика факультетіне әкеліп түсірді. Маған кепілдеме хат жазып берген жазушы Еркінбек Тұрсынов ағай болатын. Бұл өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңы болатын. Әдебиеттің өркендеп, өсіп, гүлденіп жатқан алтын кезеңі еді. Тұңғыш рет кітаптан оқып, жүзін теледидардан көретін, өзім аса құрметтейтін, өлеңдерін сүйіп оқитын Фариза Оңғарсынованы, аса үлкен ақын Мәриям Хакімжанова, тұғырлы ақын Тұрсынхан Әбдірахманова, Марфуға Айтхожина, Ақұштап Бақтыгереева, Күләш Ахметова сынды апаларым мен ғаламат жазушы ағаларымыз – Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Әбіш Кекілбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Оралхан Бөкеев, Қалихан Ысқақ, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеев, Марал Ысқақбаев, сол кезде аты аспандап тұрған алдаспан ақын ағаларымыз, баспасөз беттерінен түспей, жақұт жырларымен жұлдыздай жарқ-жұрқ етіп көрініп жататын Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Сағи Жиенбаев, сыншы Асқар Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Аян Нысаналин, Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашев, Тынышбай Рахимов, Иранбек Оразбаев, Мұхтар Шаханов, Асқар Егеубаев, Рафаэль Ниязбеков, Исраил Сапарбаев және «Қанат қақты» ұжымдық жинақтан көрген талантты жастардан Шөмішбай, Тыныштықбек, Серік, Ұлықбек сияқты ағаларымызды Жазушылар одағында, түрлі кездесу кештерінде көріп, олардың әдебиет, сөз өнері, сөздің киесі жайлы терең ойларын, тағылымды әңгімелерін тыңдайтынбыз.
Алғаш рет топтама өлеңдерімді екінші курста оқып жүргенде, біздің курсқа лекция оқитын ақын әрі ғалым Асқар Егеубаев ағамыз өзі сұрап алып, «Қазақ әдебиеті» газетіне шығарды. Ол кезде әдебиет газетіне шығу деген көп адамға үлкен арман болатын. Газеттің беделі қандай десеңізші. Осыдан кейін мен студенттер арасында «ақын қыз» атанып кеттім.
Өмір жолыма гүл шашып, жолымды ашқан да – тағы әдебиет, қазақтың қара өлеңінің киесі – Жазушылар одағы екен, қазір қарап тұрсам. 1984 жылы университетті бітіріп, қолға диплом алып, жолдамамен Түлкібас ауданы «Шамшырақ» газетінен бір-ақ шықтым. Бас редактор Рүстем ағай жақсы қарсы алды. Қысқасы, сонда мен жылға жуық жұмыс істедім. Көктемге салым, «Облыстық комсомол комитетіненмін», – деп Қасымхан Бегманов хабарласты: «Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өтетін республикалық «Жігер» әдеби фестиваліне қатысасың, мамыр айында, дайындал», – деді. Политехникалық институттан ҚазМУ-дың жатақханасына келіп, поэзия кештерінде ғажап өлеңдерін оқып жүретін Қасымхан аға ғой, қуанышымда шек жоқ, өзім де ауданға әрең шыдап, сыймай жүргем. Марқұм ғаламат жазушы Мархабат Байғұтов ағамыз екеуінің шешімі екен. Оны да кейін білдім.
Жас қаламгерлер арасындағы «Жігер» әдеби фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты, мерекелік көңіл күй шалқып тұр. Әсем киінген атақты жазушы ағалар мен апаларымыз самаладай болып түгел отыр. Ол тұста Одақ басшысы – Олжас Сүлейменов, мерекені құттықтау сөзімен ашты, ақиық ақын ағамыздың қолынан диплом алып, қанаттандық. Гран При жүлдені жүзден жүйрік шығып, дарынды ақын Бауыржан Жақып «Ұршық» деген өлеңімен жеңіп алды. Төрешілердің алқа төрағасы Әбділда Тәжібаев ағамызды сахна төріне екі жігіт жарқыраған кресломен көтеріп әкеп қойды. Ақындардың ай мүйіз серкесі Әбділда ағамыз қарттығына, денсаулығына қарамай, креслода отырып, жұмыс істеп жүргені таңғалдырды, жастарға, жырсүйер қауымға батасын берді. Сол жолы мен әз ағаның батасымен, қасиетіңнен айналайын, қара шаңырақ – Жазушылар одағының киесімен шығар, Қазақстан Телерадио корпорациясының Бұқаралық ақпараттармен жұмыс және хаттар бөліміне жұмысқа шақырылдым. Төраға Камал Смайылов өзі қабылдап: «Біздің қыз-жігіттер өзіңді қалап, ұсынып отыр, әзірге осында істей тұр, содан соң, Әдеби-жастар бөліміне ауысасың», – деді. Сөйтіп, мен аңсап жүрген ару Алматыма қайта оралдым.
Қазақтың Жер шарында ұлт болып сақталып қалуының өзі – осы ұлттық руханияттың, адам жанының айнасы, адам қиялының шалқардай шексіз жемісі әдебиеттің арқасы деп білемін. Осындай құны алтыннан да қымбат, қасиетті қазынаны дамытып, ұлттың ұйысуына, қазақ деген халықтың басқа елдерге танылуына мұрындық болып келе жатқан Қазақстан Жазушылар одағының ғасырға жуық уақытта атқарған еңбегі ұшан-теңіз, ал шалқары шексіз, ақ айдын әдебиеттің өркениетке ұмтылған қазақ қоғамындағы маңызы өлшеусіз екені – аксиома.
Баян БЕКЕТОВА,
ақын, халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты,
«Құрмет» орденінің иегері