Бақытжан Жұмағұлов: ПОЭЗИЯ БОЛМАСА, ӨМІРДІҢ СҰЛУЛЫҒЫН СЕЗІНЕР МЕ ЕДІК?..
Бақытжан Жұмағұлов – ғұмырын ғылым мен қоғамдық-саяси қызметке арнаған ғалым. Ғалымның ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары мұнай өндірудің технологиялық процестерін математикалық модельдеу, мұнай кендерін игеруді автоматты талдаудың компьютерлік жүйесін жасау мәселелерін зерттеуде жетістікке жеткен. Жалпы ғалымның 350-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 7 монографиясы бар. Бақытжан Жұмағұловпен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
Өткен өмір – кеткен күндер емес
– Осы күнге дейін біраз лауазымды қызметте болдыңыз. Ғылыммен айналысуыңызға, кейінірек қоғамдық-саяси қызметке келуіңізге не түрткі болды?
– Иә, адамның тағдыр жолы әртүрлі болуы мүмкін. Мен үшін Алланың көзі түзу болды ғой деп ойлаймын. Өйткені ,күні бүгінге дейін көптеген лауазымды қызметтерде болдым. Бұл – кез келген адамның пешенесіне жазыла бермейтін бақыт.
Қызмет жолымның хроникасын сараптап жатпай-ақ, санамалап шықсам дұрыс болар. Ауыл мектебінің мұғалімі, әскердегі борыш, дайындық бөлімінің студенті, студент, университет комсомол ұйымының жетекшісі, проректор, партия комитетінің хатшысы, одан соң қуылу мен оралу, ҚР БҒМ бірінші вице-министрі, Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Үкіметінің бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, ҚР Білім және ғылым министрі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қазіргі таңда ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының Президенті.
Өткен өмір – кеткен өмір емес. Оның ізі жүрегімде, санамда, жадымда тұр. Күні бүгінге дейін, университетті бітірер кездегі академик Өмірбек Жолдасбековтың қабылдауында болған шақ көз алдыма келе қалады. Ол кезде жақсы оқыған, белсенді студенттерге ректордың өзі қызметке жолдама беретін. Арманым – университеттің аспирантурасына оқуға түсіп, ғылыммен айналысу еді. Ректормен кездесуге бардым. Ол кісі маған комсомол комитетін басқару туралы ұсынысын айтты. Ұстаздықпен де, ғылыммен де қатар айналысуыңа мүмкіндік болады дегеннен кейін келістім. Комсомол комитетінің конференциясында университет жастарының жетекшісі болып сайландым. Бұл дәл сол кезеңде үлкен қызмет болатын. Кейін, университеттің 50 жылдығы қарсаңында Өмекең шақыртып, сабырлы қалпында: «Мереке жақындаған сайын атқарылатын жұмыстың көлемі көбейіп бара жатқандай көрінеді. Біз қалайда КазГУград ректоратының құрылысын тездетіп бітіруіміз керек. Сенің ұйымдастырушылық қабілетіңді, жұмысқа деген жауапкершілігіңді ескере отырып, проректор қызметін ұсынғым келеді», – деді.
Бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы болғаныммен, кейін министр Тұрғанбек Қатаевтың қабылдауына барып,
Өмірбек Жолдасбеков екеуінің маған артқан үлкен сеніміне қарап, келісімімді берген болатынмын. Осылай проректорлық қызметке кірісіп кеттім. Бұл жұмыс адамды шынықтырады, уақытыңды тиімді пайдалануға үйретеді екен. Осы қызметте жүріп, қазақтың талай-талай мықты адамдарымен таныстым. Университетіміздің 50 жылдығын дүркіретіп өткіздік. Екі жылдан кейін Өмекең өзіне шақырып, университет партия комитетінің хатшысы қызметін ұсынды. Ол заманда парткомның бірінші хатшысы орыс ұлтының өкілі болуы керек еді. Ал қазақ екінші хатшы бола алады. Осылай, парткомның екінші хатшысы болып үш жылдай жұмыс жасадым. Үлкен саяси тәжірибе жинадым. Мұның барлығын айтып отырған себебім, мен қоғамдық қызметке жас кезімнен араласқан болатынмын. Кейін, түрлі себептермен ғылымға басымырақ көңіл бөліп, қоғамдық қызметтен алшақтағаным бар. Дегенмен маңдайға жазылғаны болады. Қатардағы инженер, ассистент, оқытушы, аға оқытушы болып он жыл қызмет істедім. Әу бастағы арманымды да жүзеге асырдым. 1987 жыл мен 1997 жыл арасында әуелі кандидаттық, сонан соң докторлық диссертация қорғадым. Халықаралық инженерлік академияның академигі болып сайландым. Ал 1991 жылғы желтоқсандағы Тәуелсіздік туының желбіреуі тағдырыма жаңа бағыт, жаңа жол әкелді. Бұл ретте, егемендік, тәуелсіздік туын көтерген Қазақстан ұлттық мемлекет құру жолындағы реформасына үн қосуды абыройлы міндет санадым. Өйткені тәуелсіздікті қорғау әр азаматтың борышы деп есептеймін. Қазақстандағы машинатану мен механизмдер теориясының негізін қалаған, академик Ө.Жолдасбековтің өмірлік шәкірті ретінде Инженерлік академия құруға атсалыстым. Соның негізінде Еңбек партиясы өмірге келді. Біздің партия «Отан» партиясымен идеялас, оңшыл бағытты ұстанды. Жаңа құрылып жатқан, егемен еліміздің ғылыми-техникалық потенциалын көтеруге атсалысып, тәуелсіз мемлекетіміздің инженерлік ғылыми ойын ұлы өзгерістерге бейімдеп, ұлтты мемлекет басшысының реформасы маңына топтастыруға еңбек еттік. Бұл менің өмірімдегі саяси сахнаға оралған үлкен бетбұрыс кезеңі болды. Осыдан кейін үлкен лауазымды қызметтерге аяқ бастым.
– Мұнай саласына қатысты ғылыми кітаптар жаздыңыз. Сол еңбектеріңіз туралы тарқатып айтып берсеңіз?
– 1994 жылы «Сұйық пен газдың сандық көрсеткішінің модельдік теориясы мен санақ эксперименттілігі» атты жұмысым үшін ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықпен марапатталдым. Мұнай-газ өнеркәсібіндегі математикалық модельдеу мәселелері, осы саладағы технологиялық процестерді басқарудың ақпараттық жүйелерін құру кейінгі жылдары менің іргелі ғылыми зерттеулерімнің объектісі болды. Осы ғылыми нәтижелердің барлығы «Мұнай өндірудің гидродинамикасы» атты монографиямда жинақталып, 2001 жылы жарық көрді. Бұл кітап – тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шет елдерде де есептеу және жерасты гидродинамикасының мәселелерімен айналысатын мамандар мен ғалымдар үшін өте құнды анықтамалық кітап болды. Әлемнің мұнай компаниялары ғылыми нәтижелерге және ИСАР ақпараттық жүйесіне қызығушылық танытып, AgipKCO компаниясының қаражаты есебінен «The Fluid dynamics of oil production» Elsevier (Нидерланды) баспасында 2013 жылы ағылшын тілінде қайта басып шығарды. Шағын үлгілер мен құрама үлгілерді ескере отырып, мұнай қабатының бірнеше ондаған түрлі математикалық үлгілерінің сипаттамалары келтірілген. Кейбір жалпыға бірдей сүзгілеу үлгілері ерекшеліктерінің талдауы мен бұл үлгілер қамтымаған бірқатар физикалық әсерлер сипаттамасы берілген және жаңа үлгілер ұсынылған.
– Қателеспесем, сіз қазіргі ҚазҰУ-дың университет партия хатшысы болған кезіңізде «Желтоқсан» оқиғасы болып, бірінші хатшы болып сайланған Г.В.Колбин ҚазҰУ-дан 100 студентті оқудан шығару туралы бұйрық берген екен. Бұл бұйрыққа үзілді-кесілді қарсы болыпсыз. Бұл оқиға туралы толығырақ айтып беріңізші. 86-ның салқыны сізге де тиді ме?
– Таңғы сегізде университетке келдім. Бұл 17 желтоқсан күні еді. «Орталық алаңда студент жастар жиналып жатыр» деген сөз толассыз келіп жатты. Мұндайды кім көрген?! Партия, Үкімет барлығын шешеді деп үйренгенбіз ғой. «Күтейік. Хабардың анық-қанығын анықтайық», – дедім. Бірақ студенттер легін тоқтату мүмкін емес еді. Қыз-жігіттер лек-лек болып көшеге шығып кетті. «Желтоқсан оқиғасы» деп тарихта қалған сәт осылай басталып еді. Жастар итке таланды, су бұрқақтарының астында қалды. Солдаттар күрекпен ұрып, қыз-жігіттерді қан жоса етті. Жаншылды, тапталды, сотталды. Желтоқсан ызғары ұзақ уақыт басылған жоқ. Бізге бірнеше альбом алып келді. Барлығы студенттердің суреттері. Жоғарыдан 100-ден астам студентті оқудан шығару туралы бұйрық келді. Не істеу керек? Университет ректорына хабарластым. «Мына студенттерді тексерусіз, алаңға шыққаны үшін оқудан шығарсаңыз, жауапкершілік сіздің мойныңызда болады. Әуелі оны парткомда талқылау керек шығар», – дедім. «100 баланың тізіміне қол қой», – деді маған басшылар. «Аты-жөндері де жоқ, кінәсі жоқ балаларды суретке қарап, қалай оқудан шығаруға болады?» – дедім.
Ақыры бұл бұйрыққа қол қоймадым. Мұнымен мәселе біткен жоқ. Желтоқсан оқиғасынан бұрын қызметінен кеткен Өмірбек Жолдасбековті партиядан шығарамыз деп даурықты. Коммунистер бұған көнбеді. Ө.Жолдасбеков ҚазГУ-дың парткомында партиядан шығарылған жоқ, бірақ билік оны қалалық партия комитетінің бюросының шешімімен партиядан шығарды.
Менің де жеке мәселем парткомда қаралатын болды. Не мәселе екені түсінікті. Ол менің студенттерді «оқудан шығартуға қол қоймаған, партияның тапсырмасын орындамады» деген желеуге байланысты болатын. Бар болғаны 33 жаста едім. Қалай болғанда да, өзімнің қадір-қасиетімді сақтап қалған жөн деп шештім. Сондықтан да өз көзқарасымды өзгертпейтінімді және оны дұрыс деп есептейтінімді айттым. Жиналғандардың басым бөлігі мені айыптап, ғайбат сөздер айта бастады. Ө.Жолдасбековті қолдап, студенттерді оқудан шығаруға қарсы болғанымды алға тартып, «мұндай адам партия хатшысы бола алмайды» деді. Басты мақсаттары мені партиядан шығару болды. Бірақ мені жақтағандар да болды. Олардың бірі – академик Зейнолла Қабдолов еді. Әңгімесін қазақша бастап, мен туралы ол кісі: «Жұмағұловты жазалап, партиядан шығару емес, орденге ұсыну керек. Оның азаматтық ұстанымы әр қызметкердің бойында болса, мұндай оқиға тіптен де болмас еді. Ал біз оны мадақтаудың орнына, «мазақтауға» дайынбыз. Ұлтжандылығын ұлтшылдыққа ауыстырғымыз келеді», – деді. Бұл партком жиналысының мазмұны аудандық, қалалық партия комитеттерінен өтіп, Қазақстан компартиясының орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбинға дейін жетіпті. Үзілістен кейін партком мүшелері қайта жиналмады. «Сізді партиядан шығара алмасақ та, бірақ жұмыстан шығаруға құқылымыз», – деді университет басшысы. Тіпті, білім министрлігінен ғылыммен айналысуға болмайды деген қаулысын да дайындатқызып алыпты. Осылай менің де басыма қара бұлт үйірілді. Жұмыссыз қалдым.
– Біз «КазГуГрад» деп атап кеткен қалашықтың құрылысына тікелей жауапты болыпсыз. Тіпті, Д.Қонаевтың өзі бұл құрылысқа бас-көз болған деседі. Осы туралы айтсаңыз.
– Он алты жыл қарашаңырақ – Қазақ мемлекеттік университетін Ө.Жолдасбеков басқарған жылдарды жоғары оқу орнының қалыптасқан, атағы шыққан кезеңі болды деп білемін. ҚазМУ қалашығының салынуы – соның айғағы. Кезінде ректорлар Темірбай Дарқанбаев, Асқар Закарин тұсында идея ретінде көтерілгенімен оны 0-дік циклден бастап, оқу ғимараттары мен студент жатақханаларын салу оның іскерлігі мен табандылығы арқасында жүзеге асты. Студенттер қалашығы шойын шарбақпен қоршалды. Мұндай ұлан-ғайыр жобаны жүзеге асыру үшін оған саяси қолдау да қажет еді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың қабылдауына жазылып, өзіне тән дәйектерімен ҚазМУ қалашығының қажеттігін, ғылым мен руханияттағы орнын дәлелдеді. Академик-ғалым ретінде бірінші хатшы бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Осылай бүгінге дейін жалғасып келе жатқан құрылыс басталды.

Өнер – көңіл өлшемі, математика –өмір өлшемі
– Білім саласында талай жыл қызмет еткеніңізді білеміз. Қазір осы саланың еліміздегі деңгейі қандай? Көңіліңіз толатын не толмайтын кезі бола ма? Ғылымның деңгейі қандай?
– Білім саласының маманы ретінде айтарым, бұл сала Қазақстанда ойдағыдай дамып келеді. Әрине, олқы тұстары да жоқ емес. Қазір министрлік екіге бөлінді ғой. Сондықтан да сапалы білім мен саналы тәрбие беру үрдісі өзгеріске түсетіні анық. Оның алғышарттары жасалды, он екі жылдық білім беру жүйесіне көшу бағдарламасы қабылданды. Көптеген оқу орындарының лицензиялары кері шақырылды. Болон процесіне қатыса отырып, білім мен ғылымның еуропалық үлгісі енгізілді. Бұл – болашақ даму кепілі деп білемін.
Сенатқа депутат болып қызметке келгеннен кейін білім беру жүйесі туралы арнайы «Сапалы білім берудің Қазақстандық моделі» туралы мақала жазып едім. Сол мақаламда еліміздегі ғылым деңгейіне тереңінен сараптама жасап, білім саласы жайында кеңінен ашып жазған болатынмын. Қазақстанда білім беру саласында сан түрлі реформалар жүргізілді. Жетістіктеріміз де жетерлік. Дегенмен мемлекет басшысы талап еткендей, білім сапасын қамтамасыз етуде әлі де соңына дейін ойластырылмаған, шешімін күткен мәселелер де аз емес. Ел дамуы – білім сапасына тығыз байланысты. Ол мемлекет қажеттілігіне қарай үйлестірілуі керек. Қазір Қазақстан Республикасында білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде. Орта білім берудің жаңа үлгісін одан әрі дамыту мен меңгеруге байланысты барлық мәселелер онда толықтай көрініс табуы тиіс деп ойлаймын.
– Біраз жыл министрлікте де қызмет атқардыңыз. Қай бастамаңыз оң нәтижесін берді? Қай жобаңыз іске асты?
– Министр қызметінде аз да емес, көп те емес, 3 жыл қызмет атқардым. Өзімнің министрлік қызметім туралы, үш томдық «Человеческий фактор» (Хроники министра) кітабымда біршама толық жаздым ғой деп ойлаймын. Мен министр болып тағайындалғаннан кейін, бірінші кезекте аппаратты мықты кадрлармен құруды өзіме мақсат етіп алдым. Министрлер ауысып жатады. Ал мықты аппарат қызметін жалғастырған кезде нәтиже болады. Қабылданған бағдарламалар сәтімен жалғаса береді. Мұны болашақ министрлер міндетті түрде ескергендері жөн.
– Мемлекеттік деңгейдегі биік мінберлерден сөйледіңіз. Лауазымды қызметте жүргеніңізде әттеген-ай дейтін кезіңіз болды ма? Ойдағыңызды істей алмай кеткен өкініш бар ма?
– Білім және ғылым министрі болып жүрген кезімде, көңілімде жүрген кейбір ойларымды жүзеге асыра алмадым. Уақыт жетпеді. Соның ішінде «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылдауын жүзеге асыра алмадым. Сол сияқты колледждер мен өндіріс орындарын байланыстыра жүзеге асырған кезде, оның тиімділігі экономика үшін де, ғылыми техникалық өрісті дамыту үшін де өте қажет болар еді. ЖОО автономиялық құзыретін заңды түрде анықтап, толыққанды жүзеге асырып үлгермедім. Ғылым мен өндірісті ұштастыру мәселелері де ойлағандай толығынан жүзеге аспады. Осы ойларымның барлығы кейін Сенат депутаты болған кезімде жүзеге асырылды. Осы жобалардың бастамашыларының бірі болдым. Білім мен ғылым ғана кез келген мемлекеттің тірегі болып табылады. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев мырза осы салаға, әсіресе инженерлік және педагогтік кадрларды даярлауға үлкен мән беріп отыр. Ұлттық ғылым академиясына Мемлекеттік мәртебе берілді. Міне, осының барлығы – Мемлекет болашағының дамуының кепілі.
– Ғалым адамның дені өнерге деген ерекше махаббаты бар дейді. Ақын-жазушылардың ұстаханасына айналған ҚазҰУ-де жұмыс істедіңіз. Таныс-біліс болдыңыз ба? Ғылымның жұмысынан демалғанда өнердің қай түрі жанға медет болады?
– Кез келген ғалым, оның үстіне академик деген атағы бар адам өз халқының тарихын, әдебиеті мен мәдениетін білмей, үлкен саяси жұмысқа бара алмайды. Ректор, министр болдым. Алдыма небір адамдар келді. Олардың арасында ақындар, суретшілер, жазушылар, әнші-күйшілер де болды. Қабылдау алдында әрқайсысының шығармашылығына ден қойып, алдын ала дайындалатынмын.
Өмірде шамшырақ тұтар тұлғаларым – әл-Фараби мен Хакім Абай. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының шығармаларын да үзбей оқып отырамын. Екі ғұламаның өмірі туралы ауқымды мақала жаздым. Шығармаларымен жақсы таныспын.
Атақты жазушы Әзілхан Нұршайықов ағаммен өте сыйластықта болдық. Баукең туралы романын оқығаннан кейін Б.Момышұлы ағамыздың қаһармандық келбетін анық таныдым. Кейін Бауыржан Момышұлының «Психология войны» деген кітабын басып шығардым. Әрине, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, Ә.Кекілбаев, І.Есенберлин, М.Мағауин, Ш.Мұртаза сынды классик жазушыларынсыз өз халқыңның тарихын, мәдени-рухани болмысын тануға бола ма?! Тұманбай Молдағалиев, Қадір Мырза-Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова сынды ақындардың поэзиясы болмаса, өмір сұлулығын сезінер ме едік?!
Замандас ақын Ұлықбек Есдәулетті жақсы танимын және өлеңдерін үзбей оқып тұрамын. Ермек
Серкебаевтің әндерін тыңдап өстім. Ол кісі сахнаға шыққанда Ұлы қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінетін. Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Нұржамал Үсенбаева ән салғанда жан тебірентерлік рух аламын. Бұл тұлғалардың барлығын танимын, ерекше құрметтеймін. Қазақ Ұлттық университетінің ректоры болған тұста академик Зейнолла Қабдолов, профессорлар Мархаббат Томанов, Тұрсынбек Кәкішев, Темірбек Қожакеев, Алма Сармурзина, тағы да басқа көптеген тұлғалармен әдебиет және мәдениет мәселелері бойынша жиі кеңесіп тұратын едім.
Өткен өмір – кеткен өмір емес дегендей, сіздің сұрақты бөліп жармас үшін жалғастырып, бір сұрақтың ішіндегі екінші сұрақ деп математикалық модельдеу әдісіне салып жатырмын. С.Ходжиковтың «Қыз Жібек», Ш.Аймановтың «Жамбыл», А.Қарсақбаевтың «Менің атым – Қожа» фильмдерін көруден жалықпаймын. Күні кеше Парламентте бірге депутат болған
М.Шахановтың шығармашылығы қандай?
Абай атамыз: «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деген ғой. Керемет даусым жоқ болса да «Ән көңілдің ажары» деп, достар арасында ән де салатыным бар. Әбілахат Есбай мен Қабдыкәрім Ыдырыстың «Қайдасыңдар, достарым!» деген әні жаныма жақын. Астана опера сахнасындағы операларға, Қуанышбаев атындағы театр қойылымдарына барып тұрамын.
Өнер – көңіл өлшемі, математика – өмір өлшемі. Екеуі де адамдық қасиеттерді өлшейді деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
А.Әбитұлы