Зиялылар бас қосты
Ақпан айының тоғызы күні Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жуықта сайланған орынбасары Әсем Нүсіпова мен облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов Қазақстан Жазушылар одағы, Суретшілер одағы, Композиторлар одағы сияқты шығармашылық ұйымдардың аймақтағы бөлімшелері өкілдерінің, сондай-ақ, музейлер мен архивтер, кітапханалар, театрлар, филармония және өнер колледждері сияқты мәдениет және өнер саласы өкілдерінің басын қосып, Шығыс Қазақстан өнер музейінің Үлкен залында келелі жиын өткізді.
– Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты – өздеріңізбен танысу, қандай проблемаларыңыз бар, соны тыңдау және қолдан келгенше көмектесу, бірлесе жұмыс істеу, – деген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары жиынға қатысқан зиялы қауымның пікіріне құлақ қойды.
Ең алдымен Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің жуықта сайланған директоры Әлібек Қаңтарбаев сөз алды:
– Жасаған Иеміз аста-төк дарынымен қоса ешқандай редакциялауға көнбейтін мінез бен қасиет берген Қасым Қайсенов, Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев, Кәмен Оразалин, Ақтан Нұрбаев, Дидахмет Әшімханұлы, Талаптан Ахметжан, Серік Ғабдоллаұлы, Мүсілім Құмарбеков сияқты бақиға аттанып кеткен қаламгерлер мен бүгінде көзі тірі Медеу Сәрсеке, Ұлықбек Есдәулет, Несіпбек Айтұлы, Әлібек Асқаров, Гүлнар Салықбаева, Тыныштықбек Әбдікәкім, Жанат Әскербекқызы сынды ақын-жазушылардың соңдарынан еріп келе жатқан жас дарындар шұғылалы Шығыс өңірінде бүгін де аз емес. Тек соларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, ұясында мейлінше ақсүйектік тәрбие бере алсақ, құба-құп болар еді, – дей келіп, ол облыс әкімі орынбасарын бөлімшенің бүгінгі жағдайынан қысқаша хабардар етіп, лауазымды басшының көмегін қажет ететін бірнеше түйінді мәселелерді ортаға салды.
1999-2000 жылдары бастау алып, қалың қауымның ыстық ықыласына бөленген, алайда кейіннен жұмысын тоқтатқан, екі жылда бір өтуге тиіс Оралхан Бөкей атындағы республикалық айтысты, сонымен бірге 2010-2014 жылдар аралығында Шығыстың рухани абыройын көтеруге үлесін молынан қосқан «Шығыс шынары» атты республикалық жыр мүшәйрасын да жаңғырту керектігі айтылды.
Биылғы жыл – Алаш қозғалысының 100 жылдығы. Алаштың тұңғыш астанасы бізде. Ол – Семей. Қазақстанның басқа өңірлері алдымен біздерге қарайды. Сондықтан біздер жер-жерлерде директива-баяндамалар оқумен, дәстүрге енген, жұртты әбден тойдырып болған бедеу көрмелермен шектелмей, нақты іске көшкеніміз абзал. Ойымыз бен қырымыздағы әлі де болса Алаш қайраткерлерін, жалпы қазақ халқын аяусыз қырған большевиктердің, шовинистердің, марксизм-ленинизм классиктерінің атынан әлі күнге айрылмай келе жатқан жер-су, ауыл-аймақ, көшелердің атауларын көпке созбай қазақшалау керек.
Өскемен мен Семейде репрессияға, оның құрбандарына арнап мұражай ашу қажет. Оның үстіне Семей – Алаштың тұңғыш әрі соңғы астанасы. Облыста ғасырға жуық тарихы бар басылымдар бар, алайда сол баспасөздің кешегісі мен бүгіні жайлы сыр шертетін мұражай да жоқ.
Биылғы жыл – кешегі күңгірт қоғамда осы облыстың бетке ұстар ақындары болған, бүкіл ғұмырларын осы өңірдің руханиятына арнаған марқұмдар Тұрғазы Нұқаевтың, Серік Ғабдоллаұлының
80 жылдығы. Олар көздері тірісінде мерейтой, жеке бастарына қатысты мереке көрмей өткен ардақтыларымыз еді. Соларға облыс деңгейінде үлкен бір шара өткізу керек.
Бұл мәселелердің жай-жапсары жеке-жеке аталып өтіп, көпшілік талқысына салынды.
Бұл келелі бас қосуда, сондай-ақ, жазушылар Көпен Ерқасов, Тоқтар Мағзұмов, Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы музей мен Шығыс Қазақстан Өнер музейінің директорлары Татьяна Стромская, Нұржази Қалиева, облыстық архивтің директоры Түсіпхан Түсіпбеков, Өнер колледжінің директоры Альмира Дүсіпова,
ҚР еңбек сіңірген артисі, әнші Вячеслав Ткач және басқа да өнер майталмандары сөйлеп, өздерінің өзекті ой-пікірлерін ортаға салды. Жиынға қатысып отырған лауазымды басшылар жарыссөзге қатысушылардың кейбір сауалдарына сол арада жауаптар беріп, ұсыныс-пікірлерін жазып алып отырды.
Екі жаққа да пайдалы болған, бірлесе атқарылатын біраз шаруалардың жобасы белгіленген келелі жиынды облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қорытындылады.
Айтмұхамбет Қасымов,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Өскемен.