Ташкент төрінде түркі дүниесінің жас ақындары бас қосты
06.12.2024
85
0

Түркі дүниесінің жас ақындарының биылғы фестивалі Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтті. 27 қарашада басталған салтанатты жиынды Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Саидов ашып, қатысушылар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй, сәттілік тіледі.
Сондай-ақ Түркі дүниесінің жас ақындары фестивалінің ашылуына арналған салтанатты жиында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов еліміздің атынан құттықтау сөз сөйлеп, «Шерлі Түркістан» дастанынан үзінді оқып берді. Ал жиын барысында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Түркі дүниесі Жазушылар одағының төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің тұспа-тұс келген 70 жылдық мерейтойына орай сый-құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Ұлықбек ағамыз Түркі халықтарының үздік ақыны атанып, мерейімізді тасытып жіберді.
Осы іс-шара аясында Түркия Жазушылар одағының төрағасы Мұса Казым Арыжан бір топ ақын — жазушыларды Түркия Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдады. Сол топтың ортасында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов та бар.
Фестивальға Түркістан облысы мен Алматы және Шымкент қалаларынан келген ақындар Мұратқан Шоқан, Сайлаухан Жоланов, Нұрғали Сердалиев, Эльмира Сәрсенбайқызы қатысты.
Фестиваль екі күнге созылды. Екінші күні қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған мүшәйра өтті. Бұл мүшәйра жыр сайысы негізінде емес, өнер көрсету, өлең оқумен айшықталды. Қырғыз, өзбек, түрік, қазақ, әзербайжан шайырлары арқаланып жыр оқыды.
Айтпақшы, бұл жыр фестивалі екі жылда бір өткізіліп тұрады екен. Биыл он алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы «Түркі поэзиясы» фестивалін 1992 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Жыр мерекесі осы жылдар аралығында Алматы, Түркістан, Бұрса, Бішкек пен Баку секілді бауырлас елдердің ірі шаһарларында дүркіреп өткен. Бұл жолғы шара да өте жоғары деңгейде өтті. Заманауи түркі әдебиетінің дамуына үлес қосқан шайырлардың шығармалары алдағы уақытта «Гүлдесте» деген атаумен жинақ болып шығады деп күтілуде.
«Түркі поэзиясы» фестивалі өзбек ағайын­дардың атсалысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шекарадан күтіп алып, «Қыбырай» шағын ауданында орналасқан Өзбекстан Жазушылар одағына қарасты «Дорман» қонақүйіне жайғастырды. Жанға жайлы, нағыз дем де, ем де алатын жұмақ кейіптес жер екен. Аумағы 9 гектар. Айналасы бау-бақша, тал-дарақпен көмкерілген әсем де, көркем әрі тып-тыныш аймақ екен. Қаладан небәрі 18 шақырым. Өзбек ағайындарға мың алғыс. «Бауырым» деп құшақ жайып, алдымызға барын қойып, бәйек болды. Бәрі қарапайым. Алаөкпе боп шауып-шапқылап жүрген ешкім жоқ. Асықпай, аптықпай-ақ бәріне үлгеріп жүр. Аста-төк дастарқан жайып, ысырапқа жол бермейтіндері ұнады. Аз да, болса саз етіп, қолдарынан келгенді жасап бақты.
Өзбекстандық ақын-жазушылар мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты мақтан етіп , біздің аузымыздан суымызды «ағызып» жіберді, үш күннің аралығында. Мемлекет басшысы Жазушылар одағына жыл сайын 25 млрд сом қаржы бөліп, биылдың өзінде 150 автордың шығармаларын баспадан басып шығарыпты. Жаңа Ташкент шағын ауданынан «Жазушылар одағының жаңа ғимараты мен қала шетінен жап-жаңа демалыс аймағын салып жатыр» дегенде, қызғанып та, қызығып та кеткеніміз рас. Ол аздай соңғы үш-төрт жылда өзбекстандық ақын-жазушыларға жеңілдікпен баспана беру үрдісі де сәтті жалғасын тауып келе жатыр екен. Әттең-ай, біздің елде де осындай мүмкіндік қарастырылып, ақын-жазушыларға тиісті деңгейде көңіл бөлінсе екен деп армандап та кеттік.
Айтпақшы, сапарымызда Төле би бабамыздың басына арнайы барып, Құран бағыштап, «жоғарыда айтылған игі істер біздің елде де қолға алынса екен» деп тілек білдірдік. Аз-маз өзіміз болып, тасшаһардың тамаша жерлерін де араладық…

Айдар Сейдазым,
ақын, Түркі дүниесі жыр
фестивалінің дипломанты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір