Дәукең «деген» екен…
17.02.2017
2358
0

Бүгінде «Егеменнің» ардагері атанып отырған Дәулет Сейсенұлының бірқақпай әзілдері баршылық. Соның бір парасын «Қазақ әдебиеті» газеті оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

«Полигон соғысының ардагерімін…»

Бұрынырақта Дәукең Алматыдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің госпиталіне барып емделіп, демалып келсе, өзі тұрғылас жолдастарының бірі «қырқыншы жыл­дардағы Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері екеніңді білмей келіппіз ғой» деп қағыта сөйлесе керек. Сонда бұл сөзге айылын да жыймаған ағамыз:
– Сен менің 1949 жылы алғашқы ядролық сынақтар жасалған Дегелең тауының етегіндегі Саржал ауылында сол жылы өмірге келгенімді білесің. Демек, мен бейбіт заманда аз-кемі жоқ қырық жылға созылған полигон соғысының ардагерімін. Бұл саған аздық ете ме! – деген екен.


 

«Мынау емес…»

Еліміздің қазіргі бас басылымы «Социа­лис­тік Қазақстан» атанып тұрған шақта газеттің Семейдегі тілшісі Дәукең жергілікті Ішкі істер бөлімі басшыларының соңынан шырақ алып түскен әлдебір аудан басшысының оспадар қылығы туралы сын мақала жазып, әділетсіздікке араша түсіпті. Содан бұл мәселе партияның Орталық Комитетіне дейін жетіп, облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде қаралады. Қарға қарғаның көзін шұқымайды дегендей, облыс басшысы аудан басшысын қолдай келіп, оған шамасы келмей бара жатқанда сол кезде жасы отыздың бел ортасынан енді асқан Дәукеңе сұқ саусағын безеп: «Бәрін бүлдіріп жүрген мынау», – депті зілдене сөйлеп. Сонда бір жағы шындыққа сүйенген, екінші жағынан жасынан әділетсіздікке төзбейтін және мұндайда басынан сөз асыруды білмейтін ағамыз:
– Пәленшеке Түгеншекеұлы, сіз не деп тұрсыз, мен мынау емес, мынау деген басылымның осындағы өкілімін, – деген екен. Осы сөзден кейін облыс басшысының мысы басылып, газеттің дегені болыпты деседі.


 

«Кеудесі шалқақ, беті жалпақ…»

Дәукеңнің ана заманда да, мына заманда да аузын айға білеген басшылармен тең дәрежеде тілдесіп, өз сөзін айта білгені рас. Семейде ана бір жылдары қала әкімдері жыл сайын ауысып, мұнда береке, бірлік кетіп тұрған шақта әріптес ағамыз соған кінәлі әкімдердің бірі туралы әдептен тым аспай, атын атап, түсін түстемей-ақ газетке шартты фельетон жариялайды. Фельетонда: «Кеудесі шалқақ, беті жалпақ, аяғы талтақ әкімдердің бірі екенсің…» деген шұбыртпалы сайқымазақ тіркестер бар. Оны ана әкім өзін жазбай танып, мұны сотқа бермек болып, әрең сабасына түскенін білеміз. Ал жаңағы тіркес ел арасында мақалға бергісіз қанатты сөзге айналып кеткені және шындық.


 

«…туманный екенсің…»

Дәукең бір азаматты «гуманный жігіт» деп іштей де, сырттай да қатты сыйлап, құрметтейді екен. Бірақ өкінішке қарай, адам аласы ішінде дегендей әлгі сабазың кейінде мұны қабаттасқан теріс қылықтарымен түңілдіріп тастапты. Сонда оған Дәукең: «мен сені гуманный ма деп жүрсем, сен нағыз туманныйдың өзі болып шықтың ғой», – деген екен.


«Шындықты орта тұстан іздеңдер…»

Бірде Дәукеңнің шәкірттерінің бірі ұстазын сүріндірмек мақсатпен: «Мұғалім, сіз ұзақ жыл үкіметтің газетінде қызмет істедіңіз. Ауылда үлкендер коммунизмде өмір сүргің келсе «Хабарды» көріп, «Егеменді» оқыңдар дейді. Сонда шындық қайда? депті. Ұстазы болса одан «Датты» оқисың ба деп сұрапты да: «Оны оқысаң тек қана жылағың келеді. Апам айтты, атам айтты дегеннен аулақ болып, екі басылымды да өз көздеріңмен оқып, шындықты солардың орта тұсынан іздеңдер» депті.


 

«Қателігімді түзеттім ақыры»

Мектеп қабырғасынан әдебиетке бой ұрып, журналист болуға мықтап бекінген Дәулет балалықпен маған керегі не деп, қайсыбір пәндерді жылы жауып қойыпты. Елеш деген физика пәнінің жас ұстазы зачетқа шақырса, бұрын бұл пәннен төрт пен беске оқып келген сабазың енді маған үш те жарайды деп сынаққа бармапты.
Кейінтінде Дәукең есімі жоғарыда аталған ұстазымен Семейде көрші тұрып, араласып, құраласады. Бір отырыста Дәукең сол ұстазына: «Кезінде менікі дұрыс болма­ған екен, соны түзету мақсатымен универ­си­тетті бітіретін жылы болашақ физика пәні­нің мұғаліміне үйлендім», –дейтін көрінеді.


 

«Түсім суық болғанмен…»

Танымайтын ортада түсі онша жылынып, шешіліп сөйлей бермейтін, оның сыртында маңайына қарайламай тура да шапшаң жүретін әдетімен жолай кездескендермен сәлемдеспей өте шығатындығына байланыс­ты Дәукеңді түсінбейтіндер де баршылық. Соған орай бір келіншек бірде әріптестері ортасында шешіліп сөйлеп, көсіліп отырған бұған: «сіз де күліп, қалжыңдаса біледі екенсіз ғой», – депті. Сонда Дәукең: «Біреуге сәлемдеспей өтіп кетсем, менмендігім емес, жан-жағыма қарап, жалпақтап, жалтақтауды білмеймін. Ал сірә да түсім суық болғанмен, жүрегім нәзік», – деген екен. Оның әзілге бұрып бұлай дейтін себебі сол, анасы сүйегі жағынан мотыш ішінде нәзік көрінеді.


 

«…жүрегіңнен айналайын…»
Дәукең Семейден Алматыға қоныс аударғаннан кейін үлкен ұлы Құрметпен салып жатқан үйлеріне оны-мұны керек-жарақ алмақ болып құрылыс базарына барыпты. Бұл шақта ағамыздың туған жерін, өскен елін сағынып жүрген кезі болса керек. Бір жас сатушы: «Аға, сіз Семейденсіз бе?», – депті. «Оны қайдан біліп қойдыңыз?», – дейді ағай. «Жүрегіңізден» дейді сатушы. «Бұл не сөз» деп аңтарылып қалған Дәукең өзінің жүрек тұсына қарап, футболкасына жазылған «Семей» деп жазылған сөзді көріп күліпті де, сатушыға: «мені жүрегімнен таныған жүрегіңнен айналайын», – деген екен.


 

«Кезінде сөйткен де…»

Дәукеңнің бір сыныптасы оқып жүргенде балалықпен класс журналын жыртып, негізінен соның салдарынан мектепті сырттай оқып бітіргеніне қарамастан кейінде комсомол, партия мектептерін бітіріп, осы саланың білдей бір қызметкері атанады. Ал дүние аударылып түскенде оның кәдімгідей-ақ қазақ тілінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтағаны да, соған орай демократ болып шыға келгені де бар. Мұнысын жөн көргенмен, өзі тура жолдан айнымайтын Дәукең сыныптасы туралы пікір сұраған біреуге: «кезінде журналды жыртқан да, кейінде партияны құртқан да – сол», – деген екен.


 

«Нағашыларына тартқан болар…»

Дәукең бастауышта оқитын немересі Әсеттің ұстазының шақыртуымен ата-аналар жиналысына барады. Мұғалім Әсеттің оқу озаты екендігін, өнер мен спортқа да бейім екендігін, жалпы қай мәселеде болсын алғырлығын айта келіп, оның апасының мектеп директорының орынбасары ретінде кезінде осы оқу орнының бастауында болғандығын, ал атасының есімі елге белгілі журналист-жазушы екендігін де тілге тиек етуді ұмытпапты.
Бірақ мұғалім сәт өтпей жатып Әсеттің ұшқалақтығын, ұмытшақтығын, бір орнында тыным тауып отырмайтындығын сөз ете келіп: «Бұл өзі кімге тартқан?» десе керек. Мұғалімнің алдындағы сөзіне елтіп отырған Дәукең мына сөзден кейін бір сәт аңтарылып отырып қалып, сонсоң мұндайда айтылатын қазақы дағдымен: «Е, ол жағы нағашыларына тартқан болар», – деп жиынға қатысып отыр­ған ата-аналарды күлкіге қарқ қылыпты.


 

«Қазақтың жақсы сөздері «Қ» мен «Д-дан» басталады…»

«Халқымыздың біртуар сазгері Шәмші Қалдаяқовтың артында тамаша әндерімен бірге, тапқыр сөздері де қалған адам дейді Дәукең. Бірде ол қазақтың жақсы сөздерінің бәрі «қ-дан» басталады дей келіп, оған мысал ретінде «қазақ, қыз, қымыз, қазы-қарта деген сөздерді шұбыртып айта келіп, осы ұзақ-сонар тізімді «Қалдаяқов» деген сөзбен аяқтапты.
Бұл орайда қазақтың Қалдаяқовымен сөз жарыстырғанымыз жөн болмас. Солай дей тұрғанмен, халқымыздың келесі кезектегі жақсы сөздері «д-дан» басталатындығына ешкім дау айта қоймас. Айталық, «дала, дастархан, дәм, достық, дархандық, даналық, даралық деп жалғаса беретін сөздердің ішінде менің атым Дәулет те бар», – деген екен бірде Дәукең.


 

«Мылтықтың атылғаны, бөтелкенің ашылғаны дұрыс…»

Бірде Дәукеңдер бір топ кісі болып, бір достарының үйіне еркелеп жетіп барады. Үй иелері де бейне бұларды күтіп отырғандай лезде дастарханды жайнатып, қонақтардың асты-үстіне түсіп бәйек болады. Бірақ олар үстел үстіне қойылған арақ-шарапты ашуға да, ашпауға да қымсынғандай қонақтарға қарайлай беріпті.
Сонда Дәукең: «Театрдың заңы бойынша сахна төріне ілінген мылтық атылуы, ал өмірдің заңы бойынша дастарханға қойылған бөтелке ашылуы тиіс», – деген екен.

Қайрат Сабырбай,
журналист.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір