Уа, пәлі! Шыңғыс хан украин екен…
25.06.2023
662
0

«Енді жетіспегені осы еді…» деп бір қоялық… Ұлы қағанды қазақ қыла алмай, одан да бетер өз руына тели алмай жүрген бір танысым бар еді, соның өз шашын өзі жұлып, осылай зарлап отырғанын көрдім. 

Сөйтсек, жақында Ресеймен соғысып, жауынгерлік рухымен әлемді тамсандырып жатқан украиндар да осындай гипотеза шығарыпты. Украин ұлтшылдарының пайымынша, Шыңғыс хан ешқандай да моңғол емес, қазақ та емес, Богдан («бог» – құдай, «дан» – берген, яғни қазақшалағанда Құдайберген) деген украин екен. «Оу, сонда, Богдан – Шыңғысханға өз жұрты, өлең-төсегі – Киевь -русін шауып не көрініпті? Әлде «еліне» кеткен кегі бар ма?» деген ой келеді. Әлде, ұлы қаған шынында да кемақыл, делқұлы, дүңгене ме еді?
Тарихи ақиқат мүлдем бөлек, жиһангердің кемел де кемеңгер ой-сананың адамы болғанын айтады. Әлбет­те, ол өз астанасын өзі өртейтін Нерон патша емес.
Ой-хой, зәрулік, мұқтаждық не істетпейді, шіркін?! Елі мен жерінің тұтастығы үшін шайқасып жатқан елге қиын шақта пір тұтар символдық тұлғаның ауадай қажет екені айтпаса да белгілі. Мәселе, сол ниетке сай жасалған теріс әрекет­те. Рас, әзірге украиндар тарапынан ұлы жиһангерге қатысты одан басқа ретсіз, қисынсыз болжамдар айтылмайды. Оған да шүкір. Әсіресе Кобзарь елінде қазақ сияқты Шыңғыс ханның «тегіне тереңдеп түсетін» жазатын, соған өзін де, өзгені де сендіретін, қисын-логикадан гөрі далбаса қиялға бейім фантазердің жоқтығы қуантады бізді… Ол жағына келгенде, біз – қазақ қағанамыз – қарық, сағанамыз – сарық елміз ғой…
Дерт­ті құбылыс – қашан да жұқпалы, «яқшы қазақтың хаммасы – өзбек, жаман өзбектің бәрі – қазақ» деген алыпқашпа сөздің бізге де жұққаны шығар, алашапандының өзін көшкөрім жерге қалдырып, «түптұқиян» деген қияли-мистикалық жанр ойлап шығарған елміз ғой. Ол – мақтаныш па, қуыршаққа табынған алданыш па, оны дүйім ел жақсы-ақ біледі.
Өтірік тарих жазу сәнге айналған заманда тұтастай әлемдік тарих ілімінің соры қалың болып тұрғаны өтірік емес. «Мықтының құйрығы бір-ақ мәрте шығарған иісті желімен тас диірменнің қалағын айналдыратын» заманда өзімшіл гипотезаларға тоқтау болмай тұрғаны – өкінішті. Парасат кеміп, пендешілік атқа мініп тұрған заман ғой… Әркім тарихи мықтыларды, ұлы қолбасшыларды, данышпандарды өзіне тартып әлек. Ақиқат тарих саясат­тың, рушылдық пен әсіре ұлтшылдықтың әсерімен аяусыз бұрмалануда.
«Тарихты жасаушылар бар және сол тарихты жазушылар бар» деп қисындайды салауат­ты сана. Сөйтіп, желкөтен қаламның иесі ойына келгенді жазады, әлдебір кері кеткен керітартпа консервативті орталардың тапсырысын орындайды.
Адамзат тарихында жағымды персонажбен қоса, жағымсызы да бар. Әрине, осының соңғысына талас жоқ. Адольф Гитлер ешкімге қажет емес. Мәселе, жағымды тарихи персонажға байланысты. Осы теріс құбылыстың басты себебі мұқтаждық пен зәрулікте дер едік. Болмасаң да, кемеліңе келіп-толмасаң да ұқсап бақ, адам қашан да өзінде жоққа құмар, соған ғашық.
Мәселен, бойы аласа, қамытаяқ, түр-түсі қазанның түп күйесінің ар жақ-бер жағындағы, қыз түгіл кемпір қарамайтын, теріс айналып қашатын ұсқынсыз жігіт­ті алайық. Ол бейбақтың бар арманы қайтсе сұңғақ бойлы, сымбат­ты да өңді сұлу жігіт болу ғой. Яғни өзінде жоққа қызығу, құмарту. Зәрулік пен мұқтаждықтың әсері осындай. Осы бір заманауи кінәрат­ты біз «зәрулік синдромы» деп қисындар едік. Яғни тарихи ақиқат­тарға, ғаламдық парасат­ты тарих әлдеқашан бірауыздан мойындап қойған постулат­тарға қатысты «зәрулік синдромы».
Әлбет­те, аққа – құдай жақ, тарихи ақиқат түптің түбінде бәрібір жеңіп шығады. Оған күмән жоқ. Тарихи тұлғаларға қызығудан туындаған осындай теріс те күнәһар әрекет­тердің негізгі себебі, қайталап айтуға мәжбүрміз, зәрулікте, мұқтаждықта! Өзінде жоқ болғандықтан, өзгенің артықшылығына қызығуда!
Әрине, өзіне тартпағанның қары сынсын, тарихи ақиқат­та түркі-моңғолға ортақ тұлға делінетін Шыңғыс ханды айтпағанда, Наполеон Бонапарт­тың да қазақ болғанына біз қарсы емеспіз-ау. Бірақ әлдеқашан қалыптасып қалған әлемдік тарих байламы оған көне ме, келісе ме? Мәселе сонда!
Мақаланың қисынына орай, адамзат тарихындағы ең ұлы жиһангер деп танылған Шыңғыс қағанға қатысты мына оқиғаны да айтпай кетуге болмайды. Алдыңғы жылы Астанада өткен әлемдік әдебиетшілер форумында бір жазушы ағамыздың дүйім халықтың алдында: «Шыңғыс хан қазақтың бәлен деген тайпасынан шыққан», – дегенді айтып салғаны бар. Сондағы моңғол жазушыларының реакциясын сыпайылап жазудың өзі қиын… Моңғолдар қолын шығарып, артын қағып, байкот жариялап, залдан шығып кеткен.
Міне, біз айтқан «зәрулік синдромының» «кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді» пендешілік ниет­тің осындай да салдарлы зардабы бар. Әрі ол – мемлекет­тік, халықаралық деңгейдегі зардап. Оның арты белгілі.
Десек те, тарихи тұлғаларды өзіне телуге қатысты небір теріс әрекет­тер жасалғанын білеміз. Өткен ғасырда орыстың антрополог-мүсіншісі Герасимов бас сүйегіне қарап, Темірланның келбетін қалпына келтіріп көрді. Ақсақ Темірдің түркі-моңғолдық тегі тарихқа Шыңғыс ханнан әлдеқайда айқын, белгілі. Ал сөйткен Герасимов жасаған келбет кім болып шықты дейсіз ғой? Халық одан азият барлас Темірланды емес, кәдімгі орыс мұжығының келбетін көрді… Әрі оған ешкім сенген де жоқ. Салауат­ты сана сенбейді де?!
Әлбет­те, «хохол Шыңғыс хан» гипотезасы салауат­ты сананы сендірмейді. Одан үміт­тенуге басқадан гөрі біздің мүмкіндігіміз көбірек. «Түркі-моңғол» деген анықтаманы тарих әлдеқашан мойындап та қойған.
Қайтеміз, қазақ, таласамыз ба, жоқ па?
Әзірге қазақ ойбайлап жатыр.
Ал моңғолдың өзі үнсіз…

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір