Айбалтаңыз бар екен…
14.07.2023
309
0

Пенсияға шығысымен атамнан қалған үйге көшіп алдым. Көрші-көлем, учасковыймен таныстық. Үйдің шаруасына қарай бастадым.
Кеше атамның ақ балтасын қайрап отыр едім, «Айбалтаңыз бар екен, оны не қыласыз? Қайта-қайта қайрайтын көрінесіз», – деп бірдеңе деген кәмиссиянің мүшесі келіп кетті. 

Мойнында дүрбі. Қолында қалың қара пәпкі. Дауысы жер астынан шыққандай. «Самаурынға ағаш жаратын…», – деп міңгірледім. «Тез арада тіркетіңіз. Айбалта суық қаруға жатады», – деді ол. Мұндайды естіп көрмеген басым, кекештеніп қалдым. Әлі солай. Кемпір қолы тисе логопедке апарам деп жүр.
Ертеңіне атамнан қалған тағы бір мұра – қара пышақты қайрап отырғам. Ауылдан тоқты-торым, қаз-үйрек келіп қалса деп. Шілтиіп анау тұр. «Мынауыңыз пышақ емес, қанжар ғой. Тез арада тіркетпесеңіз істі боласыз!». Сасқанымнан саусағымды кесіп алдым.
Бәрін тастап, спортпен айналыспақ болдым. Есік алдына турник орнатып алдым. Арагідік тартылып қоямын. Ұялы телефоным шар ете қалды. Анау екен. «Сіздің қантыңыз бар екен. Жүрегіңіз ауырады екен. О неге керек? Әлде, бірдеңеге дайындалып жүрсіз бе?». «Сүндетке дайындалып жатырмыз», – деп бастай беріп едім, анау шарт ете қалды. «Не оттап тұрсыз 63-тен асқанда, ә?!», – деп. «Немеремді сүндетке отырғызамын» деп айтпақшы едім, соткасын тастай салды.
Бәрін қойып, бір мезгіл балыққа бармақшы болдым. Әкейден қалған мәтәсекілді жөндеп, керзі етікті майлап, сары плаштың түймелерін түгендеп дегендей. Ұялы ұлып ала жөнелді. «Әй, шал, тоқтат, әйтпесе он бес күнге қаматып қоямын. Қаруыңды сайлап, физический дайындалып… Қарашы. Балыққа дейді ғой…». Зәрем ұшты. Боқ басында босқа сотталмай тұрғанда…балығы құрысын! Оданда кемпірді алып, немерелерді ертіп, ауылға барайын деп шештім. Ағайын-туыс балаларға бірдеңе атайтын шығар. Қызметте жүргенде көмектесіп бақтым ғой. Хат танымайтын талай қуды оқуға түсірдім. Талайына кезексіз пәтер бергіздім. Біразын қызметке тұрғыздым. Тендерді жеңіп бергіздім. Көбі беретіндерін бермей кетті ғой…
Анау тағы тауып алды. «Ауылыңды сылтауратып, қол жинауға бармақшысың ғой, қу шал. Көрсетемін! Көп ұлтты ел екенімізді ұмытпа!»,– деп кіжінді.
Не айтарымды білмедім. Мынауың бәлеқор ғой!
Бәрін қойып, екі ешкі сатып алдым. Лағымен. Сүп-сүйкімді. Немерелерім асыр салып ойнап, сүтін ішіп мәре-сәре. Қалса, өзіміз ішеміз, қылдай бөліп. Ем ғой. Кемпірдің сөзіне қарағанда, ешкінің еті мен сүтін пайдаланғандар елу пайызға жасарады екен. Солай шығар, кейде ұйқым қашып, таң атқанша қыз-қырқын туралы өлең жазатын болдым. Басы мен бөксесін дыр-дыр қасып, кейде кемпір келіп қалады үстіме. Ондайда қағазымды қайда тығарымды білмей абдырап жатқаным…
…Шалдан қалған шалғыны қайрап отыр едім. Анау келді.
– Мен ғой,– дейді. Дауысы бір түрлі. Астыңғы жағынан шығып тұрғандай.
– Айбалтаңызды, қанжарыңызды, мәтәсекіліңізді, қармағыңызды тіркеттіңіз бе? – деп шалғыға шүйлікті. – Мынаумен бірден он адамды орып жіберуге болады ғой. Қылпылдатып қойып­сыз. Қайрауды кімнен үйрендіңіз?
– О не дегеніңіз, бұл шөп оратын аспап, ешкілерім бар ғой, – деймін кекештеніп. – Атам ғой, оқытқан-тоқытқан. Өмірге үйреткен.
– Бұл туралы справкіңіз бар ма? Қару-жараққа сенім хат бар ма? Ешкілеріңіздің денсаулығы туралы қағаз бар ма? Айтпақшы, әкеңіз қайда?
– Әкем сол атамның жанында…
– Шақырыңыз екеуін де. Түсінік аламын.
– Келе алмайды ғой. Себептері бар. Өліп қалған.
– Справкілері бар ма? Айтпақшы, атаңыз «халық жауы» болып, 20 жыл отырып келіпті ғой…
– Қазіргі «халық жауларымен» салыстырғанда, біздің аталарымыз…, – деп иығымды қиқаңдатып отырғанымды білемін. Әрі қарай есімнен танып қаппын.
Басымды көтерсем, кемпірім бетіме су бүркіп, жоқтап отыр. «Құрысын, өзіне керегі жүз мың теңге екен. Беріп едім, «енді келмеймін. Ағай тірі қалса, сәлем айтыңыз», деп кетіп қалды», – дейді ол.
Сөйтіп, кемпірім екеуміз көрісіп жатқанда учасковый келіп тұр.
– Ойбай, кім өлді?! Не болды? – дейді апырақтап. Түрін айтып бердік. Әрі қарай өзі алып кетті.
– Жүдеу шығар? Төбесінің шашы жоқ шығар? Күрек тісі алтын, басқасы темір шығар? Қолында қалың қара пәпкісі бар шығар? Маған соқпай кеткенін қара! Еппошамайт.
Басқасын қайтеміз? Жүз мың алғаны туралы түсінік жазып бере салыңыздар. Жан-жақтағы көршілеріңізге тиіскен жоқ па? Абырой болған екен. Көршілеріңіз соғыстан қашып келіп жатқандар ғой. Ұлтараздық мәселе көтеріліп кететін еді…
Сөйтсек, ол учасковыйдың бұрынғы бастығы екен. Жақында түрмеден шығыпты.
Содан бері біраз уақыт өтті. Ақша да жоқ. Учасковый да жоқ. Әлгі сұмырай бастығы да жоқ… Содан бері кемпір ауру. Түнімен мені жоқтап ойбайлап, төсектің астынан шықпайды. Тірімін десем, бар мүшемді түгендеп жынды қылады. Арасында өкіріп-бақырып, 100 мыңды сұрайды. «Бәрі қымбаттап кетті, удай» – деп…
Кемпірді жұбатып қоямын: «Кінәлі қымбатшылық қой. Бала-шағалары бар. Елдің жағдайы түзелген соң қайтарады ғой», – деп.
Кемпір қолын шығарған күйі мызғып кетеді…

Штаттан тыс ШПИОН

Ауыл дүкеншісінің үйінде отырмыз. Бұрынғы клуб қой, сатылып кеткен.
Бұ жолғы қонақтар ғалымдар екен. Бәрі – доктор, профессор. Ауру туралы ағызып ала жөнелдік.
– Өлуге жақынбыз, – деп бастады сөзін ауылымыздың ақсақалы Аудекең айқайға басып. – Ішім жүрмейді. Көксау­мын. Аяғымды зорға басам. Құлақтың біткеніне 20 жыл. Тегін тарататын дәрілерің бар ма?!
Асаба бұ шалдың 90-нан асып кеткенін сүйінші сұрағандай көтеріңкі леппен хабарлады. Жұрт жадырап, ыржақтап жырғап қалды.
Екінші ақсақалымыз, 80-дегі Егінбай шал да осы сөзді қайталады. Айырмашылығы, бұның іші тоқтамайды екен.
Дүкенші келін шыр-пыр болды. «Балдарын шақырыңдар. Алып кетсін. Бүлдірмей тұрғанда. Әйтпесе, тамақ бермеймін».
Асаба мәз. «Пәлен жыл партия-сәвет қызметкері болған қайын ағаңыздың астын бір сүртсеңіз ештеңе етпес», – дейді. Қонақтар да күліп жатыр.
– Тізе ауыстыратындарың бар ма?
– Тіс деген бітті. Протез салатындарың бар ма? Насыбай атудан қалдық.
– Көзді жөндеуге қалайсыңдар?
Осы кезде әкім бала келіп, бұл кісілердің тарих ғылымының докторлары екенін хабарлады.
Ауылдың жалғыз оппозиционері Темірбай мектептің тарихшылары мен әкімдік аппаратын емдеп кету туралы ұсыныс енгізді.
– Бәрібір доқтыр екенсіздер ғой. Бұл ауыл Қазақстанның өз еркімен Ресейге қосылған күнінен бастап, әлі күнге дейін пионер, комсомол күндерін тойлайды. 9-шы мамырда ауылдың кәрі-жасы екіге бөлініп рогаткімен атысады. Кемпір-шал «нарком» арағына тойып алып, түнімен жатпайды. Қызыл әскер күнін, милитса күнін атап өтеді. 7-ноябрь күні ата-бабасы тіріліп келгендей жатып ішеді. Менен басқалары… Әсіресе пионерлер күні ауылдың шетіне алаулатып от жағып, түнімен айнала билейді. Ағаш керек болып, өткенде Қарғабайдың атшанасын, арбасымен қоса отқа тастапты.
Кейінгі кездері Валентин деген қуды іздеп жылап-сықтап жүргендері. Әсіресе қыз-келіншектер.
Хейлуен деген той сәтті жалғасуда. Сол күндері жын-шайтанның маскілерін киіп алып, түнімен елдің есін тандырады. Кемі екі шалдың, немесе бір кемпірдің жүректері жарылып өледі. Кереңдер мен соқырлар ғана тірі жүр. Ұлттық тәрбие қайда?! Онсызда отыз жылымызды жемқорлар дей ме, жалмауыздар дей ме, біреулер жеп бітірді ғой.
Іле атақты адамдардың аттарын атап, түрлерін түстеді. Зәреміз кетті. Ғалымдардың да өңдері қашып, қозғалақтап қалды.
Әдеттегідей ушаскобый келмегенде, Темкең ауылдың ұры-қарылары мен арақ жасап сататындары туралы, айтуға болмайтын шаруаларды жайып салатын еді.
Иә, Темірбайға бәрібір. Сырттан біреу келсе, аузына келгенін оттай
береді. Солар түзеп кететіндей.
Анада, облыстан өкілдер келгенде әбден масқарамызды шығарған. «Ауылдағы алты ұрының үшеуі – әкімнің іні-балдыздары, екеуі – ушаскобыйдың туған інілері», – деп. Ұяттан жұрдай. Әйтеуір, келген бастықтар жақсы екен. Қарқылдап күліп, қоя салды.
Темкеңді тұтқындап әкеткеннен кейін табақ тартылды. Ет туралғанша, ғалымдар сұрақтарға жауап бере бастады. Олар жағдайдың жылдан жылға жақсарып келе жатқанын, отыз жылдың тарих үшін түкке тұрмайтынын, космостық есеппен бір жарым сағатқа тең екенін тәптіштеп түсіндірді. «Аз уақытта арабтарды басып озамыз», – деді көзі ежірейген біреуі.
Темкеңнің көршісі Аюбай мұғалім: «Біз космоста емес, ауылда тұрамыз ғой. Және ешкіммен жарыспай-ақ қойсақ…», – деп әңгімені көбейте бастап еді, әкімнің алдын ала берген тапсырмасы бойынша, бәріміз арадай жабылып оны талап тастадық.
Бұ кезде отырған жеріміз мектептің дәретханасындай боқ сасып кетті. Бұрыңғы партия-совет қызметкері, бір дөкейдің осындағы ұлан-ғайыр жайлауының атқарушы деректірі, әрі штаттан тыс шпионы Егінбай шал бұтына жіберіп қойыпты. Жалмаңдап кәрі қойдың жамбасын жәукемдеп отыр еді. «Астым жылып кетті», – деп қояды. Көріңде өкіргір…
Бұған бәлен деуге ешкімнің жүрегі дауаламайды. Қырсықса, бір-екі сиырың мен оншақты қой-ешкіңді жайылымға жібермей қояды.
Түк сезбегендей, демді ішке тартып, табаққа қол салдық. «Әкімнің аты – әкім ғой, есік-терезені ашып қойыңдар», – деп, шұғыл тапсырма берді. Сөйтіп, тұншығып өлуден аман қалдық. Әкімге рақмет. Елдің жағдайын жақсы біледі екен. Жақында сайланып еді…
– Бір ауыздан дауыс береміз. Алаңдамаңыздар, – деп доқтырлардың да көңілін көтеріп қойды.
Сонымен, саяси бір іс-шара сәтімен аяқталды. Қауқылдасып қоштасып жатырмыз. Аюбай ғана үнсіз. Екі иығы салбырап, екі көзін жерден алмай кетіп барады. Түбі Темкеңе қосылып, оппозиционер болатын шығар.
Болса болсыншы…

Әлеухан
Базарбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір