«Осы жұрт Ерімбет­ті біле ме екен?!»
04.02.2025
239
0

Жақсыларға айтпаған
Асыл шырын сөз ғаріп!
Асан ата

 Аса қадірменді, патша көңілді, әдебиет сүйер қауым! Қай заманда да барымызды бағамдау, табиғатымызды түгендеу дәстүрі қанымызға сіңген асыл қасиет­тің бірі болып келді, болашақта да пәсі төмендеп, мәнін жоймасына бек сенімдіміз. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Әлі есімде осыдан жиырма жыл бұрын алтын соқпақты осы ізбен жетісулық журналист-жазушы
О.Исмаилов өрен жүйрік айтыскер ақын Бақтыбай Жолбарысұлының (1835–1903) туғанына 170 жыл толуы қарсаңында (2005) руханият қамқоршысы саналатын М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан басылып жатқан қазынасы, яғни әдеби мұрасы әлі күнге де­йін жинақталмағанына, академиялық үлгіде жеке жинақ болып шықпағанына күйініш білдіріп: «Осы жұрт Бақтыбайды біле ме екен?!» деп БАҚ арқылы дабыл қаққанда, біраз жұрт «…білгенде қандай?» деп, бір даурығысып қалып еді. Міне, осы ізгі дәстүрді басшылыққа ала отырып, сүйікті газетім «Қазақ әдебиеті» апталығы арқылы мен де мәселені төтесінен қойып, белгілі бір дәрежеде қоғамдық пікірдің туындауына жол ашпақ ниетім бар. Басты мақсат – қилы заманда Алашқа ана да, пана да болған, піл сауырлы, шығыстық өркениет­тің соқпақты ізі сақталған, қос дарияның ортасына орналасқан Сыр бойында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен, қазақтың ақындық жазба әдебиетінің қалыптасып, өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, шабыт­ты шайыр сөздің дүрі, шын тұлпардың бірі атанған Қарасақал Ерімбет шайыр­дың (Ерімбет Көлдейбекұлы) есімін еске салу, шығармашылық мұрасынан азды-көпті хабардар ету. Ақынның туғанына (1850–1911) биыл 175 жыл толуына орай, руханият саласында, әдеби ортада атқарылатын үлкенді-кішілі іс-шаралармен таныстыру болатын.
Сонымен, кешегі Кеңестік дәуірде, нақтылай айтсақ, жылымық желі ескен 1955 жылдан бергі кезеңде тәлімдік- тәрбиелік мәні зор насихат жырымен, жұмбақ айтысымен, діни ағартушылық бағыт­тағы қисса-дастандарымен елге кеңінен танымал болған шайырдың есімі көрнекті әдебиетші ғалымдар мен зерт­теушілердің назарына ілікті.
Олардың бәрін тізбелемей-ақ бір ғана академик Ә.Марғұланның ертеректе жазылған «Қазақтағы қорқыт аңызын дәстүр етіп сақтаушылар» ат­ты жазбасында: «…Қорқыт дәстүрі бойынша қобызбен жыр тасқынын ағылтқан құйылма ақындар – Жанақ, Сабырбай, Найманбала, Жұмағұл, Базар жырау, Ерімбет жырау, Абыл жырау т.б.» дей келіп, «Қорқыт­тың аңыздарын, оның нақыл сөздерін аса жүйрік білетін қазақтың қария, даналарының ең атақтысы Базар жырау, шежірені жүйрік білген қария өзі қазалылық Мұлайман Шантайұлы, қадірлі шежіре қарт Мұса Өтемісұлы, ақын Ерімбет Көлдейбекұлы» деп сипат­тама беріледі («Ежелгі жыр, аңыздар». – Алматы: «Жазушы», 1985. 144–145-бет).
Ал түйіндеп айтар болсақ, Академиялық және ұжымдық еңбек «Қазақ әдебиетінің тарихы» 5 томында «ХІХ ғасырдың екінші жартысы (1850–1900Қ» бөлімінде: «Жыраулық дәстүр жаңа дәуір әдебиетінің бастау арнасындағы қуат­ты тарихи поэтикалық мектептің дәстүрлі өзекті сипат­тарын даралай байытумен ерекшеленеді. Аузынан шыққан лебізі қазақты сүт­тей ұйытқан Базар жырау (1841–1911) үні сол тұстағы Сыр бойына, Еділ-Жайық, Үстірт аумағына таралды. XIX ғасыр мен XX ғасырдың алғашқы кезінде Қарасақал Ерімбет, Ешнияз, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары т.б. жырау­лық, ақындық өнері өзіндік өрнек, қуат­ты үнімен дараланды» (– Алматы: «Қазақпарат», 2006. –177бет) деп баға берген.
Нақ осындай тұжырымды пікірді іргелі-ке­йінгі әдебиетші, өнертанушы ғалымдар: Е.Исмайылов, Ш.Сәтбаева, Ә.Қоңыратбаев, Ө.Күмісбаев,
М.Жармұхамедов, Қ.Сыдиықов,
А. Қыраубаева, М. Байділдаев, Т.Тебегенов, Т. Еңсегенов, Д. Сатемирова, С. Қосан, Б.Жүсіпов, Л. Әбдіхалықова,
Е. Жаңабергенова, т.б. шайырдың шығармашылық мұрасын ғылыми айналымға қосуға игі әсер еткен әр жылдағы ғылыми еңбектерінен жолықтырамыз. Тәнті боламыз. Халқымыздың көрнекті ақыны А.Тоқмағамбетовтің Сыр сүлейлерін сомдаған «Жыр күмбезі» романында (– Алматы: «Жазушы», 1975): «Ол өзі ақын, әрі оқымысты, әрі серілеу кісі, қисық қылыш байлап, өте сәнденіп жүруге әдет­тенген, жасында медреседе оқыған, сыпайы әрі жомарт болатын» деп баға беріледі. Иә, бұл турасындағы білдірер ойымызды айтар сөзімізді осымен тізгіндей тұрайық та, шайырдың ке­йінге қалдырған асыл мұрасының жарық көруі мен насихат­талуы турасында әңгіме өрбітейікші.
Үніміздің бәсеңдейтін, күмілжитін, адымымыз ашылмай, құлашымыздың жазылмайтын «әт­теген-ай!» деп, бармақ тістейтін сәтіміз де нақ осы тұс. Сөзіміз сырғақ, уәжіміз құрғақ болмас үшін осы жолдар авторының «Қарасақал Ерімбет шайыр. Өмірбаян деректері, зерт­теулер мен асыл мұрасы» ат­ты кітабының қолжазбасына М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының 24.01.2017. (шығыс №056/34) пікіріне жүгінейікші. Онда: «Қарасақал Ерімбет (1850–1911)– белгілі Сыр сүлейлерінің бірі, жазба
айтыстың хас шебері, дастаншыл шайыр. Оның есімі қазақ әдебиеті тарихында ұзақ уақыт бойы елеусіз қалып, тек соңғы уақыт­тары бұл кісінің шығармашылығы туралы азды-көпті жазылып, айтылып жүр. Кезінде шайырдың кейбір туындылары «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Айтыс», 2-том (1965), «Дастандар» (1990), «Қазақ поэзиясының антологиясы» (1993) секілді бірқатар әдеби жинақтарға енген болатын. Ақын мұрасы алғаш рет жинақталып, 1995 жылы «Маржан» баспасынан 10 мың данамен жарық көргені де көңіл қуантады» делінген.
Хош делік. Орайы келген соң ақын туындысының бірқатар әдеби жинақтарға енуіне қатысты қысқаша анықтама берейікші. Аға буын өкілдерінің есінде болар, әдебиетіміздің ақтаңдағын жариялауға жол ашылған сонау 1965 жылы «Үш ғасыр жырлайды» жинағы жарық көргенде, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күй кешіп едік. Араға 19 жыл салып, үштомдық «Бес ғасыр жырлайды» атауына ие болған кітаптың аңдатпасында (– Алматы: «Жазушы», 1984): Кітап бұдан бұрын «Жазушы» баспасынан шыққан «Үш ғасыр жырлайды» (1965 жылы құрастырып алғы сөзін жазған Ы. Дүйсенбаев, жауапты шығарушы М. Байділдаев), «Алдаспан» (1971 жылы құрастырып, алғы сөзін жазған М. Мағауин) жинақтары негізінде құрастырылып, революцияға де­йінгі дәуірдегі қазақ поэзиясына қатысты жекелеген жинақ, басылымдар негізінде жаңа есімдермен, жаңа шығармалармен толықтырылды» делінген. Бармақ тістер өкініштісі сол, ұстазы Балқы Базармен қатар, өз туыстары, рухани інілері: Шораяқтың Омарының «Нұсқалы сөздің кестесі», Тұрмағамбет­тің «Қарасақал Ерімбет – құтқармас құсты бедеудей», Нұртуғанның «Әрбір сөзі бар, ақ ұндай болып еленген» деп баға бергеніне қарамастан, шайыр шығармасының бар болғаны «Жекей қызбен айтысы», «Үш ғасыр жырлайды» жинағына енді. Ал «Бес ғасыр жырлайдыда» оның өлеңдері түгіл есім-сойы да аталмады. Жинақтың үшінші томына енген тұрғыластары:
Ш. Бөкеев, Ш. Жәңгірұлы, Кете Жүсіп, Омар Шораяқов, Т. Ізтілеуов қатарынан бар жазығы діншіл, исламшыл ақын, артында жоқтаушысы жоқ болғандықтан ене алмады. Оны айтасыз, жоғымызды түгендеген Қазақ Совет энциклопедиясының К-мен Қ-дан тұратын 6 томына (А. ҚСЭ) бас редакциясы, 1975) енгізілмеді. Олқылықтың орны қазақ ұлт­тық энциклопедиясының 5 томынан (2003) көрініс табу арқылы толды. Ал өз басыма келсек, сол жылдары жас едік, әдеби ортадан қашықта ғұмыр кештік. Байқалып отырғандай, адамды алалау мен әлеумет­тік теңсіздіктің белең алуы сол дәуірде басталған.
Сөзді созбаламай, өткен өт­ті, бояуы сіңді деп әңгімені сол жерден доғарса болар еді. Әйтсе де тамыры тереңде жатқан әдебиетіміздің жауһарларын түгендеуге, ақындар мен жыраулардың есімдерін жаңғыртуға барынша мүмкіншілік туғызған Тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен бергі кезеңде де бұл шаруаның көсегесі көгеріп, сақасы алшысынан түспеді. Бұл уәжімізге әдебиет пен өнер институтының бізге жоғарыда берген пікіріндегі шайырдың жекелеген туындыларының «Дастандар» (1990), «Қазақ поэзиясының антологиясына» (1993) енуімен шектелген. Ал қазіргі қолданыстағы ақынның «Ұлағат сөзім ұрпаққа» (А. «Маржан» баспасы) кітабы кезінде Қазалы ауданы әкімінің ұйытқы болуымен, қаржылай қолдауымен жарық көрген. Оның таралуы оңтүстік облыстардан әрі аса алмаған. Осы жолдар авторының жанкештілігі арқасында ақынның өмірбаян деректері, зерт­теулер мен асыл мұрасынан тұратын «Қарасақал Ерімбет шайыр» кітабы (– Алматы: «Тоғанай Т», 2022) мемлекет­тік тапсырыспен шығып, республика кітапханаларына тарады. Бұған да шүкір, тәубе демеске амалымыз жоқ. Түптің түбінде есімі елге мәлім Ерімбет шайырдың толық нұсқадағы шығармалар мұрасы Үкімет­тің қолдауы арқасында, Әдебиет және өнер институты ғалымдарының сараптауынан өтіп барып, жарық көргені абзал-ақ. Бұл пікір бұған де­йін айтылса да шайырдың биылғы мерейтойы басталар тұста ерекше екпін беріп отырғанымыздың басты себебі де осында жатыр. Егер де сіз бен біз болып осындай мүмкіндікке қол жеткізер болсақ, онда мақала тақырыбына тұздық болып отырған «Осы жұрт Ерімбет­ті біле ме екен?!» деген сауал күн тәртібінен түспесе де зіл батпан жүгі жеңілдер еді-ау! Ескі Қазақ­стан қоғамындағы біреуге көл, біреуге шөл болу ұстанымынан арылатын уақыт жет­ті.
«Ашынғаннан шығады ащы дау­сым» демекші, менің бұл жазбам «Айтпасам, сөздің атасы өледі» деген шамырқанудан туындап отыр. Қара аспанды қапылта берудің, ауызды қу шөп­пен сүртудің заманы өткені бесенеден белгілі. «Аспаннан шұға қашан жауар екен?» деп қол қусырып отырмай қарекет еткеннің ұтары бар. Соның бір мысалы, Қызылорда облыстық Мәдениет басқармасымен ынтымақтаса отырып Үкіметке күні бұрын өтініш білдіру өз жемісін берді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 24.02.2023. «2023–2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндер тізбесін бекіту туралы» №60 бұйрығына №101 рет санымен 2025 жылға шайыр Қарасақал Ерімбет­тің 175 жылдығы еніп, оның жүзеге асуы Қызылорда облысының әкімдігіне жүктелген. Нақ осындай қолдау білдірген 13.01.2024 жылғы №32 ұсыныс хат Қазақ­стан Жазушылар одағы басқарма төрағасы М.Құлкеновтің Қызылорда олблысының әкімі Н. Нәлібаевқа жолдаған хаты Сыр астанасы – Қызылордадағы руханият мекемелерінде (облыстық филармония, кітапхана т.б.) құп алынып, жанды қозғалыс туындауда. Шайыр мұрасының тәрбиелік мәнін зерделеуге арналған республикалық деңгейдегі ғылыми-теориялық конференция өткізу (әрине, облыс әкімінің тікелей қаржылай қолдауымен) турасындағы ұсынысымызды М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты басшылығы да (директоры К.Матыжанов) қуат­тап отыр. Ендігі қалғаны ағайын-туыс, жанашыр жандар болып жергілікті билік органдарымен, мәдениет мекемелерімен бірлесе отырып (әрине, БАҚ көмегіне сүйеніп), бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару. Көп болып жұмылу арқылы алдағы атқарылар игі шаралар арқылы артына өлмес мұра қалдырған, екі ғасырдың тоғысындағы (ХІХ–ХХ ғ.) қазақ жазба әдебиетінің өркендеуіне, діни ағартушылық ілімінің ілгерілеуіне сүбелі үлес қосқан Қарасақал Ерімбет (1850–1911) шайырдың есімін ұлықтау, оның асыл мұрасы мен насихат жырларының тәлім-тәрбиелік мән-маңызын жас ұрпақ бойына сіңіру. Үлгі, өнеге ету. Түйіндей айтсақ, «теңіздің дәмі тамшысынан байқалады» демекші, шырын сөздің шебері атанған шайыр «Ей, Алла, сүйген құлың қатарында ет!» назымында жастарды тура жолдан тайдырмауға
«Тіл – бұлбұл, ой – гүлстан,
көңіл – бақтай,
Қол – пілте, кеуде – сауыт,
көз – шырақтай.
Ақыл – гүл, ашу – мәжүс,
әдет – шалғын,
Жайқалған айдын көлде
көк құрақтай.
Нәпсі – жар, шайтан –
бөрі қорғалаған.
Ойнаған иман жарға қозы-лақтай.
Солардан саулығыңда
сақтанбасаң,
Қоя ма аңдып жүрген бөрі шап­пай», – деген өсиет жолымен шақырады.
Ал ақын ескертпесіне құлақ асып, ден қою азамат­тық парызымыз саналса керек. Ол үшін биылғыдай мерейтойы тұсында назым сөздің шебері, кестелі тілді Ерімбет шайырды кеңінен танып, білгеніміз абзал.

Қараша ҚАРАМАН,
Ерімбет мұрасын зерделеуші, журналист
Алматы облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір