…ДЕГЕН ЕКЕН
13.04.2026
32
0

Бір күні сатирик Садықбек Адамбеков Жазушылар одағының секция мәжілісінде өзінің жаңа комедиясын оқыпты. Комедия тым ұзақ екен. Мәжіліске қатысып отырған ақын Сырбай жалығып жиі-жиі күле берсе керек.

– Ей, сен неге күлесің? – депті Садықбек Сырбайдың күлгенін жақтырмай. Сонда Сырбай күлкісін тыймай:
Комедия болған соң күлмегенде қайтеміз! – депті

Арғы атасы Араб қой…..

Драматург Қалтай Мұхаметжанов бірде Араб елдеріне келген бір топ жазушыларға Алматыны аралатады, қаланы тамашалап шаршаған діндар арабтар «енді мешітке барсақ» деген тілек айтады, Қонақтың, оның үстіне шет жұрттық қонақтың меселін қайтаруға болмайды. Қалеке Астанадағы маңдайға басқан жалғыз мешіттің көрер көзге қораштығынан қысылса да, амалсыз апаруға мәжбұр болады.
Құдай үйінің көркіне көңілдері тола қоймаған арабтар сыртқа шыға бере:
– Осы мешіт тұрған көшенің аты қалай? – деп сұрайды .
– Пушкин көшесі, – дейді Қалекең.
– Жалғыз мешіттеріңізді кәпірдің атындағы көшеге салдырғандарыңыз қалай?– деседі мұны ерсі көрген арабтар дипломатиялық биязылықты қоя тұрып.
Сонда Қалекең жұлып алғандай:
– Пушкиннің арғы атасы Араб қой, соны меңзеп мешіт тұрған көшеге әдейі Пушкин атын бергенбіз,– деген екен.

***
Ел жақтан келген бір ағайын есімі қалың қазаққа белгілі сықақшы, халқымыздың сүйікті ақыны Оспанхан Әубәкіровпен әңгіме кезінде:
– Оспанхан қарағым, ішімдік атау­лыны сен мүлде қойыпты деп естідік қой, сол сөз рас па? – деп сұрайды.
Сонда Оспанхан иығын көтеріп, басын шайқап:
– Япырмай, бұныңыз жақсы жаңалық екен… Бірақ өзім бұл жаңалықты әлі естімеппін! – деп
жауап беріпті.

Әріптестің әзілі

Көрнекті ақын Несіпбек Айтов пен сатирик Көпен Әмірбек бір жылдың төлі, түйдей құрдастар. Сондықтан да бірімен-бірі қалжыңдасып ойнай береді екен. Баяғыда Қытай билігіне Хуа Гофэн деген коммунист келгенде, Несіпбек досына арнап мынадай өлең шығарыпты:
Қытай жақта – Хуа Гофэн,
Біздің елде мына Көпен,
Екі залым бір заманда,
Қалай ғана туады екен?!.

Төте жауап

Белгілі сатирик Жүсіп Алтайбаев біраз уақыт жүмыссыз жүріп қалады.Бұрын басшы қызметтерде істеген Жүсекең Қа­зақс­тан Компартиясы Орталық Комите­ті­нің үгіт-насихат бөліміқне барады. Жағдайын айтады, жұмыс сұрайды. Бөлім мең­герушісі:
– Облыстық газетке редактор болып Ақтөбеге барыңыз, – дейді. Жүсекең көнбейді.
Бөлім меңгерушісі:
– Онда Ақмолаға қалайсыз? – дейді.
Сонда Жүсекең:
– Төбеңе бармай отырғанда, молаңа барады дейсің бе? – деген екен.

Жиеннің әзілі

Бұдан біраз жыл бұрын Атырау облысында қазақ әдебиетінің күндері өтті. Жұбан Молдағалиев бастап барған біраз қаламгер топ-топқа бөлініп, аудандарды аралап, оқырмандармен кездесті. Индер ауданында болған ақын-жазушылар табиғаты тамаша талай жерлерді көрді. Каламгерлердің арасында осы жердің түлегі — сатирик жазушы Есенжол Домбаев та жүрді. Ол мені жиен деп еркелететін. Өзі де менен кем еркелемейтін. Сол жолы да көңілді қалжыңымыз аз болған жоқ.
Аудан басшысы шырайлы жердің шы­райын айта бастаса болды, Есағаң тұрады да:
– Бұдан біраз жыл бұрын, мен Алматыға көшпей түрғанда, осы жер сидай дала болатын, – деп қапталдаса кетеді.
Тағы бір жерге келгенде:
– Бұдан біраз жыл бұрын, мен Алматыға көшпей тұрғанда, осы жер ап-ашық алаң болатын, — деді тағы да тақуаланып. Тағы бір жерге келгенде тағы да сөйтті.
Әріге шыдамадым. Мен жиендігіме басып:
Рас, рас, нағашы-еке, сіз жүрген жерге шөп шығушы ма еді? Туған жеріңіздің көзі сіз Алматыға кеткен соң ғана ашылған екен ғой, – дедім.
Жұрт ду күлді.
Айтуын айтсам да, япыр-ай, қат­ты айтып қойдым ба деп сондағы қысылғаным-ай…

Күлкінің бір түрі

«Тамашаның» кезекті репертуары дайындалып жатады. Артистер сатиралық шығармаларын ойнап, оны авторлары да көріп отырады. Кұдайберген Сұлтанбаев бұл жолы сатирик Үмбетбай Уайдиннің «Күлкінің де түр-түрі бар» деген сықағын орындайды.
Кұдайберген орындап болғаннан кейін өз шығармасын жатқа білетін, әрі күлкінің анадайы да бар, мынадайы да бар деп жілік-жілікке бөліп жазған Үкең отырып:
– Құдайберген-ау, бәрі жақсы. Тек бір күлкіні тастап кеттің ғой, — дейді.
Құдайберген:
– Қайсысы? — дейді.
Үкең:
– Мынаусы, — деп қолжазбасын көрсетеді.
Құдайберген:
– Оны әдейі тастап кеттім, – дейді.
– Неге? – дейді Үкең.
Сонда Құдайберген:
– Ойбай, Үке-ау, ол өзіміздің Камал Сейтжановичтің1 күлкісі ғой. Оны салсақ экранға шықпай қаламыз, – депті.
1 Камал Сейітжанұлы Смайылов – ол кезде Қазақ КСР Телевизия және радио хабары жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы.

Сегіз қырлы сатирик

Сейіт Кенжеахметов кезінде сурет­ші, актер, тақпақшы, сиқыршы, күлдіргіш клоун, ағаш шебері, фотограф, шебер құрылысшы болған. Оның әсіресе пеш салатын өнерін жақсы көрген ауыл қарты Жанділда «міне жігіт» деп риза болыпты. Сол Сейіт Қостанайға газетке жұмысқа орналасыпты дегенде, әлгі қарт: «Әй, әттеген-ай, Торғайда жүре бергенде, атақты пешші болатын еді-ау!» – деп өкініпті. Енді бірде «Сейіт жазушы болыпты» дегенде: «Онысы жақсы екен, енді пеш салуды ұмытып кетпесе жарар еді», – депті. Кейін сол жазушы төрт бөлмелі үй алыпты дегенді естігенде: «Бәрекелді-е-е, оның үйі жылы болады, өйткені пешті оның өзі салады ғой», – деп қуаныпты.

Сан сапаға жеткізеді

Халық ақыны Шәкір Әбенов қаламы орысшаға да, қазақшаға да, татаршаға да жүйрік айтыс ақыны, белгілі сатирик Тоқтархан Шәріпжановпен қалжыңдаса береді екен.
– Сен, көксоққан, тағы бір қатын алды дейді ғой, рас па?– деп сұрапты бірде Шәкең Тоқтарханнан.
– Өзіңізге ұқсаймын деп тағы біреуді жаңартқаным рас, – дейді Тоқтархан да айылын жимай.
– Өй, жынды, ұқсамай қал, ұқсамай! – дейді Шәкір кейіп. Сосын ұзақ ғұмырында өзінің де жеті әйел алғаны есіне түсіп:
– Бұл сенің нешінші қатының? – деп сұрайды.
– Небәрі үшіншісі ғана, – дейді Тоқтархан қомсынғандай болып.
Сонда Шәкір аз-кем ойға батып:
– Мұның дұрыс екен, – депті, – кетем деген қатынды ренжімей кетіре бер, келем деген қатынды ренжімей келтіре бер… Әлгі пәлсапада сан сапаға жеткізеді деген қағида бар емес пе. Түбінде көптің ішінен тәуір біреуі сұрыпталып, сапалы қатынға сен де ие боларсың.

Ант пен қант

Талантты жас ақын Әбубәкір Кайранов бірде «Балдырған» журналының редакциясына барады. Бұрынырақта өзінің қызмет істеген жері екен, жігіттермен қауышып, әңгіме-дүкен құрысады.
– Не жаңалық, Әбіш? – дейді жігіттер.
– Жаңалық сол… кеше Одақтың Президенті ант берді, оны өздерің де естіп жатқан боларсыңдар, – дейді Әбубәкір әңгімені саясат жағына бұрғысы кеп.
Сонда сатирик-ақын Бейсенбай Кірісбаев:
– Әбіш-ау, ант бергенше халыққа қант неге бермейді екен. Әңгімені содан бастасаң етті, – депті мырс етіп.

Түйенің ортан жілігінен шүмек жасап берер едік

Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің 70 жылдық мерейтойы «Ұры жар» деген жерде өтіп, оған Қажытай Ілиясұлы да бірге барады. Тойдан кейін аудан әкімі Қабдеш бастаған Алматыдан келген қонақтарды шығарып салып, «Ұры жар»-дың шыға берісіне дастарқан жайып, құрмет көрсетеді.
Мерейтойының көңілді өткеніне риза болған Қабдеш аға, тойды
ұйымдастырып, өзіне құрмет көрсеткен аудан әкіміне, атқамінер азаматтарға рақметін айта келіп, үлкен тебіреніспен Барқытбелдің көркем табиғатына тамсана қарап тұрып:
– Шіркін, осы өлкеде осы қалпымда, қайтадан дүниеге келсем, әлі де қыруар шаруаны тындырар едім ғой, – депті.
Осы кезде Қабдеш ағаның сөзін іліп ала жөнелген Қажекең:
– Рас айтасыз, Қабеке, егер осы қалпыңызда, осы өңірде дүниеге келсеңіз, онда сізге түйенің ортан жілігінен «шүмек» жасап берер едік, – деген екен.
Мұны жақтырмай қалған Қабдеш аға:
– Қойшы-ей, Қажытай! Тәп-тәуір әңгімені өстіп бүлдіресің ғой, – депті.

Әзірлеген Мақсұтхан ЖАҚЫП

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір