«ЖЫЛАН» ЖЫРҒАТСА ЕКЕН…
Ақ жылан – айбарлы. Қол астындағы би-болыс, әкім-қараларын түгел жинаттырды. Алтын ордада тұс-тұстан бас қосқан олар арқа-жарқа әңгімеге кірісті. Қара шұбарлар – қабырғалы. Сұрлардың өңдері суық болғанымен, іс-әрекеттерінде жылылық бар. Сарыбастар салмақты, салиқалы ойлар қозғайды. Оқ жыландардың айы оңынан туса керек, қатулы, бастары қақшаң-қақшаң қағады. Ордалылар орта тұсқа жиналған екен, алтын сіңбіріп, бриллиант түкіреді. Абжылан ғана толғаныс үстінде. Ысылдар ысқырыққа ұласып бара жатқан тұста Ақ жылан нөкерлерімен қапталдағы есікті қақырата ашып, төрге қарай тура тартты. Сарай ішінде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады.
– Бармысыңдар, бауырларым! – деді патша тағына барып жайғасқан соң, көзін сынаптай сырғыта жүгіртіп. Дауысы қорғасындай салмақты.
– Алдыңыздамыз, мәртебелі тақсыр! – ысылдардан қыстайғы жиналған удың лебі еседі.
– Таяуда базарлы күндерің де басталады. Биылғы алғашқы уларыңды қалай болса, солай шаша бермеңдер!
– Тамшысы былай тұрсын, иісінің өзі уранмен пара-пар ғой, мәртебелі патшамыз! Ысырапқа шығындар артық ештеңеміз жоқ, – деді Ордалы қара.
– Оның үстіне биыл Жыл болып кіретінімізді ұмытпаңдар. Қазақ деген – аса ырымшыл халық. Әр ысқырықтың әр пысқырығына бақылау жасап, ертеңгі күндеріне бал ашып, бармақтарын жалап отырады. Біздің жыл болып кіруіміз туралы: «Жылан ысқырып кірсе, жыл бойы қышқыртады», – деп көкитетіндері де бар. Соңғы жылдары біз секілді билікшіл ордадағыларының пейілінен бе екен, Жаратушының әмірімен бе, әйтеуір, қиыншылыққа ұшыраңқырап жүр өздері. Тыныш таппай «ылдидан шауып, төске озамыз», «Барыс боламыз» деп жүргендерінде Барыс жылы қолдан жасалған су тасқыны қызылағаштықтарды мал-жанымен, тыныс-тіршілігімен жайпап кетті. Тырс еткен дыбыстан гүрс еткен зеңбіректің оғы атылғандай тым-тырақай безектей жөнелетін Қоян екеш қоян да қаймықтырғанын қайтерсің бұларды. Сол жылы аруақтылар мекені – Семей өңірінің Ақсуат аймағын Алланың әмірімен болған су тасқыны күйрете соқты. «Біздердің қыста да қалпағымыз қиқаймайды, өйткені қалпақ киетіндей суық болмайды», – деп шалқақтайтын оңтүстіктерді де, жамбылдықтарды да Қоян біраз қалтыратты. Онан кейінгі шекара маңындағы, қауіпсіздік төңірегіндегі ылаңдар да, қайта-қайта қаралы күн жариялатқан ұшақ апаттары да олардың жамбасына жайлы тиіп жатқан жоқ. Ұлу да біраз малдарын қырып, шығынға батырып, ұлытып кетіп барады. Сондықтан біз биыл ысылдамай, табалдырықтарынан тыныш аттайық.
– Ыс-с-с, сонда қалай? – деп басын қақшаң еткізді Қарашұбар.
– Сендердің әлем әдебиетінен хабарларың бар ма өзі? – деп шамырқанды Ақ патша.
– Әрине, – деді басын жалт-жұлт еткізіп Сарыбас, – қайсыбір шығармаларының кейіпкерлері – біз ғой.
– Қазақтардың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген ертегісін оқығандарың бар ма?
Үнсіздік.
– Қайталап сұраймын, білетіндерің бар ма? – Ақ патша қатулы қабақ танытты.
– Ыс-с-с, жо-о-оқ, – деп пыс еткізді Сұр. Өзгелерінен үн шықпады.
– Ендеше, оқып келіңдер! Ертең дәл осы уақытта осы арада ысылдамай, пысылдамай, тіл безейтін боласыңдар, – деп айқұлақтанды Ақ жылан. Есіктен шыға барлығы да оқу орталықтарына қарай ирелеңдей жылыстасты. Бірнеше дүркін атылып барып, кітапханаға өзгелерден бұрын бас сұққан Оқ жылан ертегіні қызықтап отырып, оқу залындағы қодыра бидайдай аңыздаған бірен-саран ғана адамдарды көріп: «Бұл қазақ кітап оқуларын тоқтатқан ба?» – деп улы тілін таңдана сылп еткізді. Іздегендерін оқу орталықтарынан таппаған қайсыбір жыландар компьютерлерін қосып, дөңгеленіп жатып, интернеттен оқыды.
Ертеңінде айтылған уақытта барлығы да шып-шырғалары шықпастан барып Ақ патшаның қабағын бақты.
– Әңгімені сен баста, – деді әмірші Қарашұбарға, – қазақтар не деген екен?
– Мәртебелі әміршім! Әлімсақта арғы бабамыз жалынып-жалбарына өтініш жасап, әлемдегі жанды-жансыздардың барлығына патша сайланыпты. Таққа мығым орныққан соң алдиярымыз шаққыш жүйірік қанатты шіркей мен масаға: «Жер жүзін аралап, өсімдік атаулының дәмін татып, жандылардың қанын сорыңдар. Қаттыдан тастың да, жұмсақтан топырақтың да дәмін алыңдар. Сөйтіп, бұдан былай маған ас болатын ең тәтті дәмді табыңдар», – деп жарлық беріп, бүкіл әлемді шарлауға жөнелтіпті…
– Одан арғысын сен жалғастыр, Сарыбас, – деді әмірші.
– Күллі әлемдегі ең тәтті дәм адамның қаны екенін тезірек анықтаған маса масайрай әндете ұшып, табысты талғамын патшамызға тезірек жеткізбекке асығады. Жолда оған Қарлығаш жолығып, мадақтай сыр тартып, ең тәтті ас – адамның қаны екен дегенін естіп, сол тіршілік иелерін алдағы уақытта күтіп тұрған өлімнен құтқару үшін ретін еппен келтіріп, көпірте мақтандырып қойып, енді сөйлей алмастай етіп, масаның тілін суырып алыпты…
– Ендігісін сен сыздықтатшы, Оқ жылан, – деді Ақ патша алқымдап.
– Мәртебелі тақсыр, алдияр бабамыздың алдына келіп, сөйлей алмай, маса ызыңдай беріпті. «Мынаның не деп тұрғанын түсіндіріңдерші маған», – деп әмір етіпті бабамыз айналасындағыларға. «Бұл енді не айтар екен» деп соңынан қуып келіп, сырттай бақылап тұрған Қарлығаш: «Аса мәртебелім! Маса бүкіл әлемді шарлап жүріп, татпаған дәмім қалмады. Ең тәтті ас – күллі өсімдік атаулыларға нәр беріп тұрған топырақ екен дейді», – депті. Маса оған бірнеше дүркін ашулана тап-тап беріп, ақыры патшаның алдына барып, жүгіне жылапты. Сонда оның пұшайман жайын түсінген әмірші бабамыз:
– E-еһ, мұның тілін құртқан сен екенсің ғой, найсап! – деп тұра ұмтылғанда Қарлығаш ұша жөнеліп, алдиярымыз оның құйрығының ортасын тістеп алып қалыпты. Сөйтіп, құйрығы айырланған Қарлығаш адамзат атаулының досына айналыпты.
– Әне, байқадыңдар ма, қазақтар қалай-қалай құтырта қиюластырады, ә! Кеше жалбарына жылап жүріп патша сайланып алып, билікті беліне бекем байланған соң қандарын соруға ұмтылған аш араңды бабамызды сілейте сойып салған ғой. Оның үстіне арғы аталастарымыз бен тектестіреміз де бұларға зияндарынан басқа пайда тигізе қоймаған. Бірақ соның бәрін кекірейе кек тұтпаған олар. Бізді бір мүшелді – он екі ғана Жыл атауларының біріне құрметпен енгізген. Олай болса, «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деп олардың өздері нақылдағандайын, біз де уақыт талабымен үндесіп, сыйларына – сый, құрметтеріне – құрмет қайтарымын еселей көрсетуіміз керек.
Әйтпесе Жылан атымызға үлкен сын.
– Сонда не істегеніміз жөн, алдияр тақсыр? – деді иіле сұрақ қойған Сұр.
– Жыл болып кірерде табалдырықтарынан жымиып аттайық. Сонда қазақтар «Жылан жымиып кірді, жыл бойы жарылқай жырғатады» деп мақалдайтын болады. Міне, бұл – бізге де абырой.
– Дегеніңізге құлдық, алдияр! – деді Шұбар.
– Біз де – қазақстандықтармыз, – деп шалқыды Ақ патша, – қазақтың өз жерінде жүріп өздерін уламайық. «Аспен атқанды таспен атуды» доғарайық. Өткен жылы Қазақстанның он облысын қызыл су басып кетіп, малдарын қырды, адамдарын баспанасыз қалдырды. «Мал ашуы – жан ашуы» деп мақалдайтын қастерлі халықты қасіретке ұшырата бермейік.
Жаратушыдан жергіліктілерді жыл бойы жырғататын жақсылық, ырыс-құт, береке тілейік. Босағаларынан қара көрсете қалсақ, олар біздің басымызға ақ құйып шығарады ғой. Жыл бойы жолығыса қалғанымызда біз де олардың ауыздарын ақпен тығындайтын болайық. Астыларына көлденең машина тартыңдар.
– Ақ деген не, әміршім? – деп сипалақтады Сұр.
– Айран, сүт. Әншейінде сиыр, қой, ешкілердің емшектерін күптей ғып шағып, сүмірейте қанын сорғанда алдарыңа жан салмайсыңдар. Сөйтіп жүріп, ақтың не екенін білмей алжасасыңдар.
– Удан басқа қолда қара суымыз да жоқ қой, тақсыр! – деп тақылдады Оқ жылан.
– Қазір нарық заманы. Сол уды сатсаңдар да ақты табыңдар.
– Бәрі де өзіңіздің айтқаныңыздай болады, әміршім! – деді Абжылан ырғалып.
– Ендеше, адам атаулының тыныс-тіршілігіне Жаңа жыл болып аттаған қадамдарың құтты болсын! Әсіресе «Жылан, жылан жылы келді» деп аңғалақтап, далбалақтап, үйлерінің іргесін түріп жүрген қазақтарға Алланың нұры жауып, қамбасы нанға, кең даласы малға толсын деп тілейік.
– Ылайым, жақсылық болсын! – деп ысылдасты сарайдағылар. Жарылқай жырғатамын деген аста-төк ниет таныта табалдырықтан аттаған Жылан жылының берері мол болсын! ағайын!
Алтын сарайдағы мәжілістен
жылан тілінен қазақшалап,
ақпарат таратушы
Еркін ЖАППАСҰЛЫ