ӘРКІМНІҢ МӘНІ ӘРҚАЛАЙ
25 қаңтарда Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін жариялап, мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілетін өзгерістердің мәнін түсіндірген еді. Президент Н.Ә.Назарбаев, сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы 2017 жылғы 26 қаңтар – 2017 жылғы 26 ақпан аралығында бүкілхалықтық талқылауға шығарылсын деген Жарлыққа қол қойған болатын.
Талқыға шыққан жобада қолданыстағы Конституцияның 19 бабына өзгеріс енгізілген. Өзгерістердің дені билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлу мәселелеріне бағытталған.
Одан өзге, Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасында азаматтардың меншік құқына байланысты 26-шы баптағы «Қазақстан Республикасының азаматтары» деген сөзді «Әркім» деген сөзбен ауыстыру ұсынылған. Нақтырақ айтсақ, қолданыстағы Конституцияның 26-шы бабының 1-ші тармағында «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» делінген. Осы тармақты «Әркiм заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады» деп өзгерту жобасы талқыға шықты.
Енді 26-шы баптағы «Қазақстан Республикасының азаматы» деген сөздің орнына ұсынылған «әркім» сөзінің мағынасына жеке тоқталар болсақ, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті бекіткен, 50 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі енген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (Алматы, 2008, «Дайк-Пресс») «Әркім – кез келген кісі, кім көрінген» деген түсіндірме берілген. Осы 26-шы бапта ұсынылған өзгертулерге қатысты пікірлер көп айтылып жүр.
ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай: «Әркім» дегенді Қазақстанның азаматтары, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар деп түсінуге тиіспіз. Неге біз еліміздің резиденті емес адамның немесе азаматтығы жоқ адамның мүлкінің сақталуын қамтамасыз етпеуіміз керек? Мәселен, оның көлігі, киімі, компьютері бар. Мұның бәрі сол адамның мүлкі болып саналады. Одан басқа, шетелдік азаматтар мұнда инвестиция әкеледі, ол да мүлік. Келген инвестиция қорғалуы керек, оны Конституциямен сақтандырылуын қамтамасыз етілуі керек», – дей келе, 26-шы баптың 1-ші тармағына байланысты жер туралы пікірталастың негізі жоқ екенін, өйткені, жер мәселесі бұл ережемен қарастырылмайтынын айтқан болатын.
Жер реформасы жөніндегі комиссияның Құқық мәселелері жөніндегі топ жетекшісі Мұхтар Тайжан да Үкімет отырысында Конституцияның 26-шы бабын өзгертуге қатысты пікірін білдіріп: «Конституциядағы өзгерістерге сәйкес 26-шы бап өзгергелі жатыр. Менің ойымша, ол бапты сол қалпында қалдыру керек. Өйткені, бұл ұсыныс өте күмәнді»,– деген еді.
Талқылауға ұсынылған жобадағы өзгерістер жайлы заңгер Абзал Құспанға бірнеше сұрақтар қойған едік, жауаптар төмендегідей болды…
Абзал ҚҰСПАН, адвокат,
Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі
– ҚР билік тармақтарының өкілеттілігін бөлуге орай Конституцияға кезекті рет өзгерістер жасалуына қатысты құжатпен танысып шықтыңыз. Бұл өзгерістердің барлығы бірдей билік тармақтарының өзгеруіне қатысты жасалуда деген пікірмен келісесіз бе?
– Билік тармақтарын бөлуге ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтыруларға қатысы жоқ баптар да бар. Мәселен, 26-шы баптың билік тармақтарын бөлуге еш қатысы жоқ. Конституцияға өзгеріс енгізу оңай-оспақ шаруа емес. Билік тармақтарына өзгеріс енгіздік пе, оны бөлек қарастыру керек. 26-шы бапқа өзгеріс енгізгіміз келе ме, оны бөлек, екінші мәселе қылып көтеріп, ол өзгерістің не үшін қажет екенін жеке түсіндіріп, сосын жеке өзгеріс енгізу қажет. Өйткені, ұсынылып отырған жобаға сәйкес, билік тармақтарын бөлуге қатысты өзгерістерге 26-шы баптың өзгерісі еш үйлеспейді.
– Ел арасында көп дау туғызған 26-шы бап туралы кеңірек тоқталып өтсек. «Әркім» сөзі Өзбекстан мен Ресей заңдарында да жазылғаны, мұның ешқандай да қаупі жоқ екенін алға тартатындар бар. Құқықтық-заңдық тұрғыдан талдау жасасақ, «әркім» деген кім?
– Біріншіден, Өзбекстан мен Ресей бізге үлгі болатындай мемлекет пе? Екіншіден, ақыры өзге елге еліктегіміз келсе, Шығыс Еуропа елдерін де мысалға алайық. Оларда «әркім» сөзі жоқ. Одан өзге, Исландия, Лихтенштейн, Дания, Португалия мемлекеттерінде шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар меншік құқығына ие бола алатыны, алайда олардың құқығы арнайы заңдармен шектелуі мүмкін екені жазылған. Румыния, Эстония, Словакия, Литва және бір кездегі КСРО құрамында болған елдердің басым бөлігі шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдардың өз елдерінде меншік құқығына ие бола алмайтынын Конституциямен бекіткен. Сонымен қатар, Еуропаның бірқатар елдері шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар меншік құқығына ие бола алатын меншіктер қатарынан жерді алып тастаған. Іргеміздегі алпауыт Қытай билігі жерге байланысты жекеменшік құқығын енгізбей, тек қана мемлекеттік меншікті қалдырған.
Иә, Ресей Федерациясы Конституциясында «Әркім меншік құқығына ие бола алады» деп көрсеткен. Алайда, Ресей мен Қазақстанды салыстыруға мүлдем келмейді. Ресей федеративті құрылымдағы мемлекет. Қазақстан – унитарлы ел. Ресейдің дүниежүзіндегі кез келген елге қарсылық көрсете алатын, армиясы күшті, әскери қуатты, империялық амбициясы бар.
Енді келесі сұрағыңызға келер болсам, әркім деген – кез келген жан деген сөз. Ол Қазақстан азаматы да, шет ел азаматы да, Қазақстан азаматтығын алмаған адам да болуы мүмкін.
– Осы орайда «ҚР Конституциясы Қазақстан азаматтарына арнап жазылған, демек, әркім деген Қазақстандық әр азамат деген сөз, оған шетел азаматтарының еш қатысы жоқ» деуге келе ме?
– Жоқ. Заңдық тұрғыдан алғанда әркім деген сөз – ҚР азаматына да, азаматтығы жоқ адамға да, шетел азаматына да қатысты айтылады.
– Дәл осы бапта «әркім» сөзі қолданар болса, онда жердің де жеке меншікке өтіп кететіні жайлы қаупін білдіргендердің пікірімен қаншалықты келісесіз? Осы орайда, бұл баптың жерге ешқандай да қатысы жоқ екенін айтатындар да бар. Ол жайында не дейсіз?
– Бұл баптың жерге тікелей қатысы бар. «Осы бап арқылы жер жекеменшікке өтіп кетеді деу бекер сөз» дегендермен заңгер ретінде мүлдем келіспеймін. Жалпы, мүлік деген сөздің ұғымы ҚР Азаматтық кодексінің 115-ші, 117-ші баптарында айқын берілген. Азаматтық кодекстің 115-бабында «Азаматтық құқық объектiлерiнiң түрлерi» туралы: «Мүлiктiк игiлiктер мен құқықтарға (мүлiкке): заттар, ақша, соның iшiнде шетел валютасы, қаржы құралдары, жұмыс, қызмет, шығармашылық-интеллектуалдық қызметтiң объектiге айналған нәтижелерi, фирмалық атаулар, тауарлық белгiлер және бұйымды дараландырудың өзге де құралдары мүлiктiк құқықтар мен басқа да мүлiк жатады» десе, осы кодекстің 117-бабында: «Жылжымайтын мүлікке (жылжымайтын заттар) жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар, көпжылдық екпелер және жермен тығыз байланысты өзге мүлік, яғни орнынан олардың мақсатына сай емес шығынсыз ауыстыру мүмкін болмайтын объектілер жатады»; «Егер кондоминиум объектісінің құрамындағы пәтерлер және өзге де тұрғын үй-жайлар, сондай-ақ, тұрғын емес үй-жайлар дара (бөлек) меншікте болса, олар дербес жылжымайтын мүлік объектілері (түрлері) болып танылады»; «Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» жүзу кемелері, ғарыш объектілері, магистральдық құбырлардың желілік бөлігі де жылжымайтын заттарға теңестіріледі. Заңнамалық актілермен жылжымайтын заттарға өзге мүліктер де жатқызылуы мүмкін», – деп жер учаскелерін жылжымайтын мүлікке жатқызады.
Демек, жер учаскелері жылжымайтын мүлікке жатса, «әркім заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» деек, «әркім жер учаскелерін де жеке меншікте ұстай алады» болып шықпай ма? Сондықтан 26-шы баптағы «әркім» сөзі енгізілмеуі керек деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Ескерте кетер жайт, өзгерістер ұсынылған заң жобасына қатысты ұсыныс-пікірлер 2017 жылдың 26 ақпанына дейін қабылданады. Демек, әр азамат Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты өз ой-пікірін, ұсыныстарын хат түрінде «010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Үкімет үйі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі» мекенжайына, ал электронды түрде ap2017@akorda.kz. поштасына жолдауға болады.
Қарагөз СІМӘДІЛ.