Абайдың қара сөздері: ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
11.10.2024
3107
2

Ақыл иелері мен нақыл майталмандарына адамзат кеңістігі һәм барлық жаратылыс құпиялары мен жаратылыс әлемнің бейнесі және болмысы жауһар ақыл мен гауһар сөз арқылы көрініс таппақ. Хакімдер айтқандай, «тіл болмағанда адамзат қайғыда қалар еді». Сол себептен әр адамның көңілі сөзге құмар болмаса, не әңгімесі көңілден шықпаса, адам жанын аулай алмайды. Демек, ондай кісі адами шеңберден тыс қалмақ. Ғалымдар сөздің екі түрі бар дейді: бірі – қара сөз /нәср/, екіншісі – өлең сөз /нәзм /.
Ал Абай қара сөздерінің жөні бөлек. Абайдың қара сөзі – әдебиет­тегі дара жанр.
«Абайдың толық жинағында 1890 жыл мен 1898 жыл арасында жазылған бір алуан шығармалары – «қара сөз» деп аталады. Жалпы саны қырық алты бөлек шығарма. Оның алты-жеті үлгісі қысқа келеді», – дейді М.Әуезов өзінің зерт­теуінде.
Оның шығармаларының, соның ішінде қара сөздерінің құндылығына бойлап, осы сауалдың жауабын іздеу – қиынның қиыны. Бұл үшін адамда биік өре, жоғары мәдениет, терең білім, өнерді тануға, білуге деген асқан құлшыныс, биік парасат, жан-жақтылық, ең бастысы, ізгі ниет пен адал жүрек, білім болуы керек. Абай шығармаларының құндылығы – тереңдігінде. .
Ол құндылықтар інжуін теруді бала жастан бастаған. Қазақтың ауыз әдебиетінен терең сусындаған. Әжесінен, анасынан, сол кездегі дарынды ақын-жыршылардан ауыз әдебиетінің шығармаларын тыңдап қана қоймай, жатқа да білген. М.Әуезовтің «Абай жолы» романында бұл туралы нанымды, танымды сюжет те бар: бала Абайдың ақын Барласпен кездесуі. Барлас ақын – белгілі жыршы Дулат Бабатайұлы. Дулат Бабатайұлының «Шаштараз» поэмасында әйгілі қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын туралы жырланады. Кейін­нен Абай «Ескендір» поэмасын жазды. Бұл – әдеби сабақтастық.
Абайдың шеберлігі – бала жастан алған білімін жетілдіруінде.
Отыз сегізінші қара сөзінде:
«…Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша», – дейді.
Ол өн бойы ғылымды насихат­тайды. Білімсіз істің бәрі – қараң.
Он тоғызыншы қара сөзін алып қарасақ, тұнып тұрған психология. Қазір біз әр психологтің қабылдауына жазыламыз, семинарына қатысамыз. Кітап дүкендерінде психологияға арналған кітаптардан көп басылымдар жоқ. Бұл нені білдіреді? Қоғам – рухани нәр алуға зәру.
Қоғамды адам құрайтыны белгілі. Адамдардың басым көпшілігі мейірімділікке, көңіл бөлуге мұқтаж. Бұл – рухани ақсау. Жан дүниесі рухани күйреген адамның қайтадан адам болуы өте қиын. Абай «топ басы», «намысқор» деп бөле отырып, мінезді сынайды. Мінезді сынау арқылы қоғам психологиясының қатпарларын көрсетеді.
Ол қара сөздерінде орыс мәдениетін де тілге тиек етеді, қазақ руханиятының кемшілігін де сынайды.
«Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. … сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, бәрі де әлде- кімдікі. Қайрат­ты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгілі, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін» деп, Қазаққа сын айту арқылы адамзат баласына сын айтады.
Мысалы, «Отыз бірінші қара сөзін» оқу да, жат­тап алу да қиын емес. Ал ғылыми тұрғыдан алсақ, тақырыбы мен идеясына зерделі талдау жасауымызға бірқатар еңбекті оқуға тура келеді. Себебі онда («Отыз бірінші қара сөзінде») айтылған ой Аристотельде де бар, Сократ­та да бар, тағы басқа әлем ойшылдарында бар.
Абайдың қара сөздеріндегі «қазақ» деген сөздің орнына кез келген ұлт­ты жазып, оқысақ, барша адамзат баласына ортақ, дініне, діліне, тіліне қарамай-ақ кез келген адам баласының мінез-құлқына тән талданған мәселелер мен жетістіктерді көреміз. Демек, ол қазақ даласының бір шалғайында отырып, күллі саналы жаратылысқа деген ортақ мәселені көре білген көрегендігімен құнды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында Абайдың қара сөздерін аналогиялық тұрғыдан талдай келе, жанрлық ерекшелігіне де көңіл аударуы тегін емес. «Абайдың қара сөздерінің басты миссиясы – ойлану, өзгеге ой салу, мақсат­ты ұстанымға айналдыру» .
Адамзат баласына ақыл-ой қосуға ғақлия, нақыл сөз, қанат­ты сөз сынды ұғымдар көнеден қызмет етіп келе жатыр. Абайдың қара сөздері «ғақлия сөздер» деген атпен де жарық көріп те келе жатыр.
Ғақлия қандай жанр?
Ғақлия – көркем қара сөз, нақыл сөздің бір түрі. Ежелгі Шығыс әдебие­тінің бір жанры. Ғақлияда қандай мәселелер көтеріледі? Әртүрлі. Жанрдың формасы қандай? Ғақлия жанрының құрылымы мен формасы қазір біз атап жүрген нақыл сөз мазмұнын қамтиды. Нақыл сөзден ерекшелігі көлемдірек болады. Бұл жанрда мәселе қозғалғанмен, анық сын, оны шешу жолдары айтылмайды.
Ал қара сөздерде өсиет те, ақыл да, сын да, оның шешу жолдары да көрсетіледі. Байқап отырғанымыздай, «қара сөз» бен «ғақлия» – теориялық тұрғыдан әртүрлі жанр. Қара сөздің айтар сөзінің ауқымы да, соған қарай көлемі де кең жанр.
Абай қара сөздерінде: бірінші сөзінде: «Мал бағу, ел бағу, дін бағу»; екінші сөзінде: «Сарт­тың өнеркәсібі, қазақтың жаман қылығы»; үшінші сөзінде: «Жалқаулық, қорқақтық, қайратсыздық»; төртінші сөзінде: «Ғафилдік (бейқамдық), күлкі мен уайым-қайғы»; бесінші сөзінде: «Қазақтың қайғысы – мал үшін қам жеу»; алтыншы сөзінде: «Бірлік, татулық»; жетінші сөзінде: «Тән құмары мен жан құмары»; сегізінші сөзінде: «Ақыл үйренушілер мен насихат тыңдаушылар»; тоғызыншы сөзінде: «Қазақты жақсы көру, қазақты жек көру»; оныншы сөзінде: «Бала тілеу, байлық тілеу»; он бірінші сөзінде: «Ұрлық, бұзақылық»; он екінші сөзінде: «Жақсы-жаман ғибадат қылу»; он үшінші сөзінде: «Иман келтіру, таклиди иманы»; он төртінші сөзінде: «Жүрек, жүректі кісі, қасқыр жүрек»; он бесінші сөзінде: «Ақылды мен ақылсыз адам»; он алтыншы сөзінде: «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын»; он жетінші сөзінде: «Қайрат, ақыл, жүрек»; он сегізінші сөзінде: «Кербез адамның түрлері»; он тоғызыншы сөзінде: «Есті адам, дүниенің жақсы-жаманын тану»; жиырмасыншы сөзінде: «Пенденің жалығу ісі»; жиырма бірінші сөзінде: «Үлкендік, мақтаншақтық»; жиырма екінші сөзінде: «Байды қадірлеу, мырзаны қадірлеу, мықты мен естіні құрмет­теу»; жиырма үшінші сөзінде: «Қуа­ныш пен жұбаныш»; жиырма төртінші сөзінде: «бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таппайтын ел»; жиырма бесінші сөзінде: «Білім, өнер, орыс ғылымы»; жиырма алтыншы сөзінде: «Жүйрік ат»; жиырма жетінші сөзінде: «Алла тағалаға құлшылық қылу»; жиырма сегізінші сөзінде: «Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз»; жиырма тоғызыншы сөзінде: «Арлы адамның ісі, адамшылдық», отызыншы сөзінде: «Қырт мақтан»; отыз бірінші сөзінде: «Берік болу, ғибрәтлану, тұшыну»; отыз екінші сөзінде: «Талап қылу, білім-ғылымды көбейту, ақылды сақтайтын сауыт»; отыз үшінші сөзінде: «Өнер, қол­өнер»; отыз төртінші сөзінде: «Ахирет пен дүниенің қайғы-қуанышы»; отыз бесінші сөзінде: «Қажылық, сопылық, молда»; отыз алтыншы сөзінде: «Ұят кімде болса, иман сонда»; отыз жетінші сөзінде: «Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады»; отыз сегізінші сөзінде: «Адам ұғылының мінездері»; отыз тоғызыншы сөзінде: «Осы күнгілердің ата-бабадан ерекше мінездері»; қырқыншы сөзінде: «Қазақтың өлген кісісінің де жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ»; қырық бірінші сөзінде: «Зор үкімет, жарлық, есепсіз байлық»; қырық екінші сөзінде: «Қазақтың жұмысының жоқтығы»; қырық үшінші сөзінде: «Жибили, кәсіби»; қырық төртінші сөзінде: «Адам баласының ең жаманы – талапсыз»; қырық бесінші сөзінде: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім» туралы айтылады.
Абайдың қара сөздерінің тақырыбы: тұтас адамзат әдеби мұралары тақырыбы. Ел, жер, мәдениет, өркениет, тіл, діл, дін, сенім, еркіндік, құндылық т.с.с.
Абайдың қара сөздері – халыққа ақыл айтып, дұрыс адам болу жолын көрсететін туындылар. Халыққа хан да, қара да кіреді.
Абайдың қара сөздерінің ауқымы терең мәселелерді қамтып қана қоймай, шешу жолдарын да көрсетеді. Біз бұл арқылы оның әлем әдебиеті теориясына қосқан үлесін, әрі Абайдың қара сөзі – қазақ әдебиетіндегі дара, он тоғызыншы ғасыр әдебиетінің жаңа жанры екенін теориялық тұрғыдан негіздей аламыз.
Біз Абайдың қара сөздерінің аудармасына мән беруге тиіспіз. Абайдың қара сөздерінің әлем халықтары тілдеріне сапалы аудару әрі кәсіби кешенді ғылыми, әдеби, тарихи талдауын жасау – кезек күт­тірмейтін іс.
Абайдың қара сөзіндегі кез келген философиялық толғаныстар Ксенофонт, Конфуций, Махавира сынды терең ойшылдар ойларымен қатар тұра алады. Әлемдік мәдениет­те Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, бұл – ұлт­тың мерейі, әрі еліміздің рухани деңгейінің де соншалықты биікте екені.
Абайдың қара сөзі деген ұғым ғылыми бірізділендіруді қажет етеді деп ойлаймыз.
Абайтану саласында жасалған іргелі зерт­теулер отандық тұрғыдан да, алыс-жақын шетелдер тарапынан да өзіндік жоғары бағасын алып келеді.
ХХІ ғасырдағы абайтану саласы теориялық жағынан әлем әдебиет­тануымен салыстыра зерт­теу тереңдей берсе, бұл абайтанудың ғана емес, қазақ әдебиет­тануының жаңа биігі болмақ.

А.К.ЖҮНДІБАЕВА,
философия докторы (PhD),
қауымдастырылған профессор

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 24.11.2024 | 16:19

👎

Қонақ 22.12.2024 | 14:59

5ші қарасөзі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір