«Нөлдік төзімділік» саясатының мәні неде?
Құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» дегеніміз, бұл – тұрған жерің, жұмыс орның, қала-ауыл, табиғат аясы, қай жерде болса да айналаңа өз үй-ошағыңа қарағандай қамқорлық пен жанашырлық, тілектестік пейілде болу, бұзақылық атаулыға қатысты үнсіздік заңын сақтамау, яғни кез келген құқық бұзушылыққа қоғамның теріс реакциясын білдіруі.
Құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік саясатының басты ұстанымы – азаматтық қоғамның белсенділігі. Әрбір азамат елдегі тәртіп пен қауіпсіздікке жауапты болуы керек. Бұл дегеніміз өзі өмір сүріп жатқан елдің азаматы, қоғамның бір мүшесі ретінде әркім заң мен тәртіптің сақталуына қатысты жеке бас жауапкершілігін сезініп, түсіне білуі тиіс. Заң алдында азаматтардың бәрі бірдей, хақы тең, олай болса жауапкершілік те баршаға бірдей жүктеледі. Осы орайда заңгерлер елімізде құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» саясаты қалай жұмыс істейтінін, бұл азаматтардың әділ сот төрелігіне, құқық қорғау жүйесіне деген сеніміне қалай әсер ететінін, қоғамда күнделікті орын алып жататын ең ұсақ деген тәртіп бұзушылықтар мен бұзақылықтар санын азайтудағы мүлде төзбеушіліктің рөлін жан-жақты түсіндірудің маңыздылығын атап көрсетеді. Осы ретте әрбір адам өзінің азаматтық позициясын танытуы, кез келген құқық бұзушылыққа бей-жай қарамай, елеусіз дегеннің өзінің жолын кесуі, құқық қорғау органдарына хабарлауы керек. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды қадам.Дегенмен, «нөлдік төзімділік» саясатының негізгі мәні – бірден жазалау емес, алдымен ескерту жасау. Бұл негізінен ұсақ құқық бұзушылықтарға қатысты. Ескертусіз жазалау шектен шығуды тудыруы мүмкін. Сонымен қатар мамандар мүлдем төзбеушілік саясатының артықшылықтары қатарында құқық бұзушылық санының азаюы, заңға бағынатын азаматтардың көбеюі, айыппұлдар есебінен бюджетті толықтыру секілді факторларды атап өтеді.
Әр адам өз жауапкершілігін сезіне білуі керек дегенде, көлік кептелісінде тұрғанда көзіміз куә болған мына бір жайтты айтқым келеді. Атакент маңында жол бойындағы көп дүкеннің бірінен шыққан жігіт темекісін тұтатты. Тартып болған соң темекі тұқылын қоқыс жәшігіне емес, дүкен алдында жайқалып тұрған көктің ішіне атып ұрып, дүкенге қайта кірді. Түр-әлпеті, жүріс-тұрысына қарағанда, сол дүкеннің иесі не сонда жұмыс істейтін адам. Енді ойлай беріңіз, бір келген тұтынушы емес, сол жерде тұрақты жұмыс істейтін адам күніне бір темекі тартқанның өзінде, көктің ішін бірер аптада ақжаңқа қылары сөзсіз. Үп-үлкен адамның айналасына, өзі ауасын жұтып, өмір сүріп жатқан қаланың жасыл желегіне осыншалық немқұрайлықпен қарауын қалай түсінесіз. Әрине, сырт көзге бұл сөз қылуға тұрмайтын нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ біріміз бір, екіміз екі осылай ойсыз тірлік жасай берсек, қаламыз қайтіп тазарады, қайтіп көктейміз. Екіншіден, қолыңдағы қоқысты тиісті орынға салмай, кез келген жерге лақтыру – көше тазалаушылардың еңбегін бағаламау деген сөз. Ол ғана емес, үлкен әдепсіздік. Осыны түсінбеу құқықтық сананың жетіле қоймағанының көрінісі деуге болады. Сондықтан заңгерлердің айтарындай, ағарту, насихат жұмыстарын жолға қойып, құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» саясатын қоғамға жан-жақты түсіндіруге баса мән берілуі керек.
Дәрия Бекетқызы