ҚҰНДЫЛЫҚ МӘНІ – ӨНЕГЕЛІ ТӘРБИЕ
12.12.2022
254
0

«Алты аға бірігіп – әке болмас, жеті жеңге бірігіп – ана болмас» демекші, дәстүрлі қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше әспеттелген.

Әке – отбасының тірегі, асыраушысы, қамқоршысы болса, ана – отбасының ұйытқысы, берекесі деп қараған. Міне, сол тағылымдық дәстүрдің жібі үзілгелі қазақ қоғамында келеңсіз жайттар көбейіп кетті. Рухани құндылықтың алдына материалдық байлық шыққалы, адамгершілік қадір-қасиет кейінге шегеріліп барады. Осы жайт кезек күттірмес мәселе екенін ескерген «Сенімен болашақ» РҚБ Алматы филиалы бұл жолғы семинарын «Ұлтыңды ойласаң, рухты ұл тәрбиеле» деген тақырыппен өткізді. №181 мектепте өткен шараға директордың м.у.а. Елдос Серікұлы қатысып, бірлестіктің бастамасына ризашылығын білдірді. Жиынға келген ата-аналарға п.ғ.к. Райхан Мұратханқызы тақырыптық дәрісін оқыса, бірлестік өкілдері ұйымның ұстанған бағытын, мақсатын, жоспарын таныстырды. Жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу үшін ата-ананың саналы, сауатты болуы керектігін жан-жақты түсіндірді. Жиын барысында ата-аналар сұрақтарын қойып, бұл өздері үшін қажет дүние екенін түйсінді. Семинарды мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәкен Нұржанұлы қорытындылап, балаға оң бағыт беріп, теріс жерін жөндеу – мұғалімнің ғана емес, ата-ананың да міндеті екенін айтып, мұндай жиындардың жалғасын табатынын жеткізді.

Меруерт Мәулет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір