Сайлауда әркімнің-ақ бар таласы
23.02.2023
231
0

Жаңа һәм әділетті Қазақстанда жаңаша әрі әділетті сайлау өткізудің қамы жасалып жатқанға ұқсайды. Бұл сайлау туралы сөз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшылығына қайта сайланған өткен қараша айынан бастап айтыла бастады.

Өздеріңіз де жақсы білесіздер, «бұл сайлау» деп отырғанымыз – 19 нау­рызда болатын Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы. Ендеше, сайлауға дайындық осыдан 4-5 ай бұрын басталып кетті десек жағымыздан жаңыла қоймаспыз. Алдын ала ептеп элоктаратпен жақындасуға, үміткерлерін үкілеп-шоқтап дайындауға, құрылтай шақырып, жиын өткізуге, саяси жарнамалар жасауға партиялар арасында мүмкіндік болды. Енді, міне, «98 депутаттың 29-ы мажоритарлық негізде сайланады» деп сайлаудың бет алысына қарап елеңдей бастадық. Бір мандатты округтер бойынша сайлау жүйесі қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар әлеуметтік желіде көп талқыланған, көптен бері жұрттың «көзіне күйік болған» Ассамблеяға енді жеңілдік берілмейді. Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан Халқы ассамблеясының квотасы жоқ. Алынып тасталды.
Сайлаудың басты ерекшелігі – аралас сайлау жүйесі. Яғни, жоғарыда атап өткеніміздей, 69 депутат партиялық тізім негізінде, 29 депутат бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланады. Мұндай сайлау жүйесі әлемнің бірқатар елінде бар екен. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Әмина Үрпекова ресми сайтта пікір білдірді:
«Бұл сайлау жүйесі – әлем елдерінде бар тәжірибе. Яғни, Жаңа Зеландия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Литва, Мексика, Ұлыбритания және тағы басқа елдер бұл әдісті қолданады. Әрине, әр елдің өз ерекшеліктері мен айрықша белгілері бар. Дегенмен тұтастай алғанда аралас сайлау жүйесі – пропорционалды және мажоритарлық тұрғыдан алсақта тиімділігін көрсетуде.
Осылайша, саяси мүдделердің өкілдігі сақталады және сайлаушының белгілі бір аймақтан сайланған депутатпен байланысы нығаяды. Сонымен қатар сайлаушылар енді бір мандатты округ бойынша сайланған өз депутаты егер міндеттерін дұрыс атқармаса, оның мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігіне ие. Бұл депутаттар жұмысының тиімділігіне, олардың азаматтар үшін ашықтығы мен қолжетімділігіне оң әсер етуі тиіс.
Саяси жүйені жандандыру туралы ойды жалғастырсақ, жаңашылдық партиялық жүйе мен көппартиялылықтың дамуына серпін береді. Мысалы, Жаңа Зеландияда аралас жүйе енгізілгеннен кейін Парламентте этникалық, тілдік азшылықты құрайтын кішігірім саяси партиялар өкілдік алды. Осылайша, сайлау науқаны нәтижесінде саяси партиялар, белсенді азаматтар мен сайлаушылар қарым-қатынасының жаңа жүйесі пайда болады», – дейді.
Жаңа Қазақстан құрамыз деген билік өкілдерінің уәдесі бар, оған қоса қайта сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құрамыз деген сөзі және бар, халық алдағы сайлаудан әлдебір өзгеріс көргісі келетіні анық. Авторитарлы жүйе орнаған уақытта ҚР азаматтарының таңдау жасауға деген көзқарасы өзгеріп кеткені анық. Сол үшін халықтың біраз бөлігі сайлауға аттап баспайды. Ал оларды елдің қоғамдық-саяси өміріне араластыру үшін не істемек керек? Ол үшін ең алдымен «халық қалаулысы» деген атқа ие болатын болашақ депутаттар мен саяси партиялардың арасында ашық бәсекелестік болуы керек. Сайлау сайын бір партия айқын басымдықпен жеңіске жете берсе, елдегі авторитарлық жүйеден арылмағанымызды көрсетпей ме?
Президент партиядан шықты, жаңа партиялар құрыла бастады, елдегі кәсіпкерлер бірігіп, саяси процестерге қадам басты, яғни идеяға, сая­си-қоғамдық процеске ақша құйыла бастады. Жаңа ұрандар, жаңа адамдар, бір қарағанда билік оң өзгеріске қадам басқандай әсер қалдырады. Әйтсе де, біз саяси партиялар арасынан тең дәрежелі бәсекелестік көріп тұрған жоқпыз. Әр ауданда өз кеңсесі бар, қалың электораты бар әр аймаққа тамырын жайған Amanat партиясы мен кеше ғана құрылған Respublica-ны салыстыруға бола ма? Немесе Baytaq жасылдар партиясы күні ертең басым дауысқа ие болады деп көпшілік сеніңкіремейді. Дегенмен бұл партиялар өзінің мүмкіндігі жететін дауыс жинауға барын салуы керек. Сонда ғана сайлаудың көркі қызады, халықтың сайлауға ынтасы ауады.
Respublica қазір ел аузындағы партия. Құрамында бірнеше танымал тұлғалар бар, кәсіпкерлер мен ел алдында жүрген азаматтар да жетерлік. Бірақ олардың позициясын халық сайлауға дейін түсініп үлгере ме? Партия Қазақ­стан халқына, елдің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерге өз ойын жеткізе ала ма? Әрине, терезесі тең қарсылас атануы неғайбыл. Алайда аталған партияның белгілі бір дәрежеде, әлеу­меттік желілер арқылы, ғаламтордың пәрменділігін пайдаланып, қажетті 5 пайыз дауысты жинауға мүмкіндігі әбден бар. Бұл, біріншіден, келесі сайлау алдында тәжірибе жинауға оңтайлы сәт. Қысқа уақытта дұрыс жұмыс істей алса, партия өзінің іргетасын қалады деп түсінеміз. Ендігі кезекте Amanat-қа бәсекелес болу үшін әр ауданда электорат жинау. Бұл сайлаудан кейін іске асырылады деп үміттенеміз. Қазірдің өзінде партияның аты әлеуметтік желіде жиі аталады. 14 ақпанда партияның тең төрағасы Сырымбек Тау сайлауға түсу мүмкіндігінен айырылыпты. Бұл ақпараттың өзі халық арасында қызу талқыланып, партияның аты одан бетер көп айтыла бастады. Сырымбек Тау 10 жыл Қазақстан азаматы болу деген талапқа сай болмай шыққан. Алайда жағымсыз ақпараттың өзі партия үшін жұмыс істеп жатыр. Болашақ электорат жинауға таптырмас сәт те – осы.
Baytaq жасылдар партиясының жағдайы да осындай. Дегенмен олардың қаржылық әлеуеті Respublica-ға қарағанда аздау секілді көрінеді. Әрине, бұл болжам ғана. Алайда, саяси амбициясы да пәс және тек бір бағытта жұмыс істейтіндей. Бірақ жасылдар партиясы мен жасыл партия арасында парық бар. Жасылдар тек экология мәселесімен ғана емес, әділдік, әлеуметтік теңдік, демократия сынды тақырыптарда үн қосатын, мәселе көтеріп, қоғамдық пікір қалыптастыруға тырысады. Бұл да – әлемде бар құбылыс. Дүниежүзінде 90-нан аса жасылдар партиясы бар. Олардың бәрі дерлік экологиялық таным, әлеуметтік әділдік, демократияның салтанат құруына атсалысу, зорлық-зомбылыққа жол бермеу, тұрақты даму және сан алуандыққа құрметпен қарау секілді алты ұстанымға берік болады. Бұл тұрғыда біз Baytaq партиясының ғаламтордағы мәлімдемесіне қарап, соның бірнешеуін анық байқадық. Яғни экология мәселесі, әлеуметтік әділдік, теңдік секілді талаптар анық жазылған. Дегенмен бұл партия осы жолы көп дауыс жинауы екіталай. Жасылдар партиясы елге керек. Экологиялық жағдайға үн қосатын, жоғары мінберден сөйлейтін өкілдер болуы тиіс. Себебі Қазақстан үшін экологиялық апаттар таңсық емес. Семей полигонынан бастап, табанынан тұз ұшқан Аралға дейін, бертін келе өзен-көлдердің тартылуы, гептил мәселесі, ірі қалалардағы түтіннің салдары тағы бар. Дәл қазір жасылдар партиясы ретінде Baytaq АЭС жөнінде пікір айтуы тиіс секілді. Себебі халық бұл жаңалықты қалт жібермей аңдып отыр.
«Ақ жол» – биыл әдеттегідей екінші орынды шаппай алатын партия емес. Биыл оның саяси додадағы белсенді бәсекелестері көбейген. Әрине, тәжірибесі жоқ болса да, жаңа партиялардың құрамындағы мүшелердің артынан еретін адамы бар. Әлеуметтік желіде, жалпы медиада белсенді азаматтар. Оған қоса «Ақ жол» Мәжіліс таратылар алдында келеңсіз жағдайға тап болды. Ресейді жақтаған экс-депутат өзінің ғана емес, сайлаушылар алдында партияның да беделін түсіріп алды. Ол жай ғана мүше емес, сол кездегі партия атынан сайланған Мәжіліс депутаты еді. Алаштықтардың жолын жалғастырушы деп келген партияны тура сайлау алдында қырсық шалды. Әрине, аталған партияның саяси жетекшілігі дер кезінде әрекетке көшіп, дұрыс реакция білдірді, дегенмен бұл ақпарат әлі халық жадынан өше қойған жоқ. Тіпті партия қатарынан шығарылған экс-депутат кейін көлемді сұхбат беріп те үлгерді. «Ақ жолға» да қазір барынша электорат жинау керек. Білуімізше, неше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан партияның аудандарда әлі күнге дейін филиалдары жоқ. Бұлай жалғаса берсе, «Ақ жолдың» жағдайы қиындай түседі.
«Ауыл» партиясының биыл Мәжілістен орын алуға мүмкіндігі зор секілді. Біріншіден, қалай айтсақ та, қай жағынан қарасақ та, президент сайлауында партия мүшелері елге танылды. Оларды халық біледі. Оның ішінде Жигули Дайрабаевтың есімі әлеуметтік желіде де, тіпті жастар арасында да көп айтылды, талқыланды, жатталып қалды және сайлауалды тәжірибесі де бар. Абден Қарақат та партиялық тізімге енген. Оған қоса, біршама елге танылған азаматтар да бар. Егер ресурсын дұрыс пайдалана алса, медиада, ғаламтордағы жұмысын жетілдірсе, «Ауыл» бәсекеге түсе алады.
Amanat, бұрынғы «Нұр Отан» – дәл қазір де әлеуеті зор партия. Ресурсы, элоктораты әлдеқайда көп. Дәл осы сайлауда ол әлбетте көп дауыс жинайды. Оны талқылаудың өзі қате шығар. Дегенмен алдағы сайлауларда Amanat өзіне үлкен бәсекелес табады деп сенеміз. Жоғарыда аталған партиялардың жұмысы жанданса, әр аудан, ауыл халқының дауысы үшін бәсекеге түссе, пікірталас көбейсе, әр адамның дауысын жинау үшін жанталасса, келесі сайлау әділ әрі халық үшін қызық болары сөзсіз. Иә, сайлауда әркімнің-ақ бар таласы.

А.Әбитұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір