АЛАШ АЙЫМДАРЫ: АҢЫЗ бен АҚИҚАТ
10.02.2017
1539
0

Белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова биыл ғана «Фолиант» баспа­сы шығарған «Сүйінбике» қызықты ғы­лыми-танымдық кітаптың әл­қи­сасында: «Тәуелсіздікке қол жет­кізген тоқсаныншы жылдардың ба­сында ұмытқандарымыз бен жо­ғалтқандарымызды ел болып тү­ген­дей бастаған шақта осы игілікті іс­ке жұмыла кірісу ниетімен біз де жу­р­нал бетінде («Қазақстан әйел­дерін» айтып отыр – А.Ә.). «Азаттық жо­лында құрбан болған айымдар» а­т­ты айдар ашып, тарих қатпар­ла­рында ұмыт қалған немесе ұмыт­тыру үшін әдейі жабулы, құлып­тау­лы қалдырылған есімдерді жа­рыққа шығаратын мағлұматтар мен деректер іздей бастаған едік. Қолға түскен материалдарды дүр­кін-дүркін жариялап отырдық.

Сол тұста тапқан есімдеріміз – осы жи­наққа тағдыры арқау болған Сүйінбике ханбике мен Сүзге еді» деп оқырманды ой кешуге ша­қы­ра­ды.
Әйтсе де біз төл тарихымызға кел­генде сонша тым неге тар шең­бер­де самарқау қараймыз? Егер Шыңғысты айтсақ, міндетті түрде оның оңтүстіктегі гүлзар Отырарды, оқу-мәдени орталығы кітап­ха­на­ны өртеп, қиратқаны айтылды. Ұлы Қаһан да пенде. Алла (Көк Тәңірі) алдындағы астамшылығын, іштей бүкіл кінә-күнәларын ке­шіру­ді сұрап тұтас ел етуді көздеген шы­ғар. Кім біледі? Не дегенмен Шы­ғыс пен Батысты елең еткізіп, ұшы-қиырсыз түзде оның алқымы іспес арғымақтарының ізі қалды. Ерлік пен елдік жыры мәңгілік ес­тіліп тұр. Тұлпарлар тұяғы Ұлы Да­ланың төсін дүбірлетіп барады.
Тарих тек ширек ғасыр мұрасы емес. Ол ұзақ уақыт жасалады. Біз Ал­тын Орда мұрагеріміз десек, еш­кім­нің шамына тимеген болар еді. Өйт­кені, оның негізін қалағандар ішін­де Қазақ хандығын құрысқан байырғы тайпалар: қыпшақ, қоңы­рат, арғын, найман және басқалары бар болатын. Жазушы Ш.Бейсенова мен ақын Ж.Әскербекқызы со­ны тап басып, бүгінгі оқырманды сол сәттерге оралтып отыр. Біз неден, не үшін бас тартқанымыз лә­зім? Ноғай ордасы мен Сібір хан­дығы да бір кездері Қазақияның бір бөлігі болғаны аян ғой. Сондықтан «Сүйінбике» сияқты басылым­дар­дың көбейгені ғанибет. Өскелең ұр­пақтың өз өткеніне ой көзімен қа­рап, мемлекетшілдік мүдде мен ха­лықтану сезімін тәрбиелеуге сеп­тігін тигізеді бұл.
«Сүйінбике» секілді кітаптар сүйін­шісі әлі беріле жатар. Біз тек қа­на қамқорлар мен жанашырларды құлағдар етуді мақсұт тұтып, ақ­жолтай хабар айтқымыз келді.

Ақбота ӘБЕНОВА,
әдебиеттанушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір