Байбарыс: АҢЫЗ бен АҚИҚАТ
08.06.2023
802
3

1250-1382 жылдар аралығында Египет, Сирия және Хид­жаз жерін қамтыған түркі мемлекетiн 132 жыл басқарған Қыпшақ династиясының негiзiн қалушы Байбарыс әл-Бундуқдари ат-Туркидің туғанына 800 жыл толып отыр. 3 наурызда ҚР Үкіметі Байбарыс сұлтанның мерейтойын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіт­ті. Оған сәйкес 500-ден астам іс-шара белгіленіп, оның 50-ге жуығы халықаралық және ұлт­тық деңгейде өтеді деп жоспарлануда.

Астана қаласының Көктал бағын кесіп өтетін, алты жолақты, ұзындығы 2000 метрден асатын кең көшеге Байбарыс сұлтан аты (Бейбарыс деп берді) берілді. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде «Байбарыс сұлтан және оның түркі тарихындағы орны» деген атаумен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өт­ті. Оған 16 отандық және шетелдік ғалымдар тікелей әрі онлайн түрінде қатысып, тарихи тұлға жайлы өз ойларымен бөлісті.
Сұлтан өміріне қатысты кей деректердің шындыққа жанаспайтыны қолға қалам алуыма түрткі болды. Ол туралы 750 жыл бұрын дүниеге келген ірілі-ұсақты аңыз-әңгімелер де уақыт өткен сайын жаңа аңыздармен толығып, жалғасып келеді. Ауыздан ауызға тарап, ғасырдан ғасырға жеткен әңгімелерде тарихи фактілерді шындыққа жанаспайтын деңгейде бұрмалаушылықтар да жоқ емес. Қарапайым халық пен тарихшы мамандар сүйеніп жүрген ақпарат­тардың қайсысы аңыз, қайсысы ақиқат? Осыны жүйелеп алмайынша, тарихты тірілту де неғайбыл.
Ортағасырлық тарихшылар Байбарыстың шыққан тегi түркi, қыпшақ екенін алға тартқан. Сұлтанның Қыпшақ даласында дүниеге келгені турасында да деректер көп. «Байбарыс бин Абдулла, ұлты – қыпшақ, түркiнiң берш уғлу тайпасына жатады», – дейді XIV ғасырда өмiр сүрген мысырлық тарихшы әл-Айни (1360-1451) «Иқду әл-джуман фи тарих аһл әл-азман» («Заман тұрғындары туралы маржан моншақ») ат­ты еңбегiнде. Зерт­теушілер Байбарыстың туған жылы деп 1223-1228 жылдар аралығындағы түрлі даталарды көрсетеді. Ғылыми айналымда 1223 жылы өмірге келгендігі қабылданған. Британия энциклопедиясы осы датаны растайды.
Байбарыс батырлығы, діндарлығы, әділдігі мен қарапайымдылығы арқылы көзi тiрiсiнде-ақ аңызға, мысырлық ауыз әдебиетiнiң сүйiктi персонажына айналған. Оған қатысты аңыздардың түп тамыры «Сират аз-Заһир Байбарс» ат­ты мысырлық фольклорлық шығармада жатыр. Осы өмірбаян қазақ тіліне екі рет аудырылған. 2000 жылы орыс тiлiнен қазақ тiлiне, 2017 жылы араб тілінен тікелей қазақ тіліне аударып басты. Бірінші аударма – заманына сай еңбек, ал екінші аударма кәсіби шығыстанушылар үшін мақтана алмайтын тірлік болды. Себебі қазақ тіліне екі рет аударылған осы шығарма жөнінде тарихшы Ибн Йиас XVI ғасырдың басында, осыдан 500 жыл бұрын: «Байбарыс туралы әңгiмелер өте көп, бiрнеше томды құрайды, бiрақ оларда тақырып бар да, ақиқат жоқ», – деп үкiм беріп кеткен.
Байбарыс хақындағы ақиқат ортағасырлық тарихшылардың нарративтік шығармаларында жатыр (Байбарыс және оның дәуірі туралы жазған тек ортағасырлық тарихшылардың саны отыздан асады). Солардың ішінде, сұлтанның заманында өмiр сүрiп, оның өмiрбаянын қағазға түсірген, мәмлүк мемлекет­тiк жүйесiнде, Байбарыстың қол астында хатшы сипатында қызмет еткен Ибн Абдузаһир («ар-Рауд аз-заһир фи сира әл-малик аз-заһир»), Ибн Шаддад («Тарих әл-малик аз-заһир») және Ибн Уасил («Муфарридж әл-куруб фи ахбар бани айуб») жазған құнды шығармалар толықтай шын деректерді келтірген.
Сұлтан есiмi орыстiлдi зерт­теулерде алғаш рет 1884 жылы Санкт-Петербургте шыққан орыс шығыстанушысы В.Тизенгаузеннiң «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды» жинағында, яғни мәмлүктер дәуiрi туралы жазылған араб және парсы тiлдерiндегi еңбектердiң Алтын Ордаға қатысты тұстары орыс тiлiне аударылып берiлгенде ұшырасады. Түркі есімдерінің жазылуындағы олқылықты байқаған В.Тизенгаузен жоғарыда аталған еңбегiнде: «За правильность многих других татарских имен я не ручаюсь вследствие страшной неурядицы, которую мы находим в этом отношении у различных писателей или, правильно, в различных рукописях, передающих имя одного и того же лица на всевожможные лады. Установление настоящей имени каждого из этих лиц будет зависеть уже от дальнейших разысканий», – деп бұл мәселені арнайы атап өткен.
Арабтiлдi тарихнамаға жүгiнсек, ортағасырлық тарихшылардың басым көпшiлiгi сұлтанның атын Байбарс деп жазып, оны араб тіліне аударғанда أميرفهد – әмір барыс деген мағынадағы екі сөзден тұрады деп көрсетедi. Негізі, сұлтан есімі түрік тіліндегі зерт­теулерде, сонымен қатар ағылшын, француз, немiс тiлдерiндегi еңбектерде Baybars деп жазылады.
Байбарыс құрған мемлекет­ті ортағасырлық тарихшылардың барлығы даулат ат-турк – Түркi мемлекетi деп атаған. Аталған кезең туралы жазған Мысыр тарихшыларының атасы – әл-Мақризи еңбектерiнде «түркi мемлекетi, түркi әскерi» секiлдi сөз тiркестерiн қолданған. Қыпшақ сұлтандары мемлекетке түркi сипат­тарын беруге тырысқан. Осы орайда тарихшы Ибн Тәңiрбердi: «Байбарыс мемлекет басқару iсiнде Шыңғыс ханның «Ясасын» және түркiнiң «Турасын» басшылыққа алатын. «Тура» түрiкше «жол, бағыт» дегендi бiлдiредi», – деп көрсеткен.
Мысырдағы қыпшақтар дала әскери дәстүріне ғана емес, сонымен қатар ана тілі мен ежелгі салт­тарына, көшпелі түркілердің әдет-ғұрыптарына да адал болды. Олар жорыққа шыққанда киіз үйде тұрды, қымыз бен жылқы етін негізгі ас ретінде тұтынды. Түркіше киініп, қара қойдың жауырынын отқа қақтап бал ашатын. Қыпшақтар татар әуендерін орындаған үлкен оркестрдің музыкасымен шайқасқа кіретін. Араб шөліне жұлдыздар бойынша бағдар ұстауды, соғыс тактикасын, әскери қулықтар мен айлаларды, садақ, найза, қылыш, айбалта, сойыл сияқты жеке қаруды қолдану дағдыларын апарған да – осы мысырлық қыпшақтар. Сондай-ақ жылына екі кеме қыпшақ ұлдары мен қыздарын, түркі жылқысын, түйе, бүркіт, төбет, тазы ит­терін алдыратын болған.
Түркі мемлекеті 1250-1517 жылдар аралығында 267 жыл өмір сүрген. 1250-1382 жылдары (132 жыл) бахри қыпшақ династиясы, 1382-1517 жылдары (135 жыл) бурджи шеркес династиясы өз билігін құрды.

Каир қаласының қасында ағып жатқан Нiл дариясының ортасында орналасқан Рауда (қазақша «бақ» деген мағынаны бiлдiредi, қазiр Каир қаласының ортасында ығы-жығы тұрғын үйлер орналасқан арал) аралында 1236 жылы қамал тұрғызылып, сол жерге, шамамен, бір мың мәмлүк орналастырылған. Содан бастап қыпшақ мәмлүктерiн көпшілік бахрия деп атай бастады. «Бахр» қазақша теңiз деген мағынаны бiлдiредi. Қазақ тiлiнде үлкен өзендi дария деп атайтыны секiлдi, мысырлықтар да Нiл өзенiн бахр – теңiз деп атаған. Сондықтан бахрия атауы қыпшақтарға қатысты айтылатын сөзге айналады.
Кейiнгi мәмлүктер династиясы бурджия – мұнара мәмлүктерi деп аталды. Себебі олар Каирдегі Қарақұш қамалының алып мұнараларында тұратын. Бұлар 1382 жылдан 1517 жылға дейін билік құрған түркітілдес шеркес династиясының негізін қалады. Қазіргі кез­де қазақ аудиториясында екі династияны шатастыру жиі кез­деседі.
Байбарысқа және қыпшақ мәмлүктеріне қатысты тағы бір аңыз – олардың құл болып жүріп билікке келгені. Анығында, құл деп құл отбасында өмірге келген жалшыларды айтады. Ал мәмлүктерді азат жанұяда дүние есігін ашып, кейін тағдыр тәлкегіне ұшырап тұтқынға түскен немесе жастай құл базарында сатылған, бірақ біреудің жалшысы болмаған еріксіздер десе болады. Еріксіз аталғанымен, олар ешқашан құлдық психологияны бойына сіңірмеген, дарытпаған. Ислам әлемiне соғыс тұтқыны немесе құл ретiнде сатылып әкелiнген түркiлер: «Iшер аста, киер киiмде, мiнер атында иесiмен тең жүрмесе, ырза болмайтын. Басқа сатылып алынған құлдар мен тұтқынға түскендер сынды жер сыпыру, жылқы күту және т.б. сол секiлдi өздерi iстеуге ұят санаған жұмыстарды мүлдем iстемейтiн. Ал бас бостандығына жеткен түркiлер әскери қызметке алынған соң әскербасы, топ басы, басқа да бұйрық беретiн, басқаратын қызмет­терге ұмтылатын, өзге жұмыстарды қабыл алмайтын». Тіпті оларды абд (құл) деп емес, мәмлүк деп атаған. Бастапқы кез­де бұл сөз арабша абд мамлук деген тiркестегi иелiктегi құл мағынасын берген. Уақыт өте келе мәмлүк сөзi тек әскери мақсат­тарға пайдаланылатын ерiксiздерге қатысты айтылатын терминге айналған. Жалпы алғанда, құл базарларында сатылатын әртүрлi ұлт­тардың өкiлдерiмен салыстырғанда түркi, оның iшiнде қыпшақтарға сұраныс жоғары, құны да басқалармен салыстырғанда жоғары болған. Сондықтан саудагерлер оларды сатылатын жерге алақандарына салып, аялап жеткізетін. Каир қаласының бiр шетi Фустат­та орналасқан атақты құл базарына келiп түскен түркі еріксіздері басқа қатардағы құлдар секiлдi ашық базарға шығарылмайтын. Сол кездiң түсiнiгi бойынша, оларды ашық сату олардың намысын қорлау деп саналған.
Олар өздері туралы не дейді? Мәмлүктер арасынан шыққан тарихшы мәмлүк Байбарыс ад-Дауадар (1325 жылы қ.б.): «Түркілер – Алланың ілімінде айтылғандай, дүниедегі ең ақылды, ең батыр халық. Алланың құдіретімен олардың бір тайпа елі жұрт­тарынан, жұрт­тарынан емес, адасып жүрген жерлерінен тура діннің негіздерін орнатуға осы жаққа көшірілген», – деп, түркiлердiң Египет­те пайда болуын негіздеп берген.
Аңыз желісінде айтылатындай, Байбарысты ақсүйектендіріп керегі жоқ. Ол қарапайым көшпелі отбасыдан шыққан. Тұтқынға бірге түскен досы туралы: «Байсары – бiздiң ханның баласы», – деп айтып отыратындығы сұлтанның қарапайым отбасыдан шыққанын негіздейді. Байбарыстың шешесі Байсарыны емізгені жайлы деректер де жиі кез­деседі.
Байбарысты құлдыққа сатқан – моңғол емес, Қырым бұлғарлары. Ортағасырлық тарихшылар Хулагу хан әскерін «татар» деп атаған және олардың түркі екеніне күмәндары болмаған. Ибн Шаддад: «Татар шапқыншылығы кезiнде жаудан қашқан Байбарыстың елi Бұлғар ханы Анар ханнан Қырымдағы Судаққа теңiз арқылы өткiзудi, жер берудi сұрайды. Хан оларға екi тау бөктерiндегi өңiрдi бередi де, көшiп келе жатқандарында аярлықпен шабуыл жасап, олардың бiр бөлігін өлтiрiп, бiр бөлігін тұтқынға алады. Тұтқынға түскендердiң iшiнде Байбарыс бар едi. Сол кез­де оның жасы, шамамен, он төрт­те. Тұтқынға түскендердi Кiшi Азиядағы Сиуас құл базарына жөнелтедi», – деп жазады.
Ескі Қырым қаласында Байбарыс мешітінің құландысы сақталған. Аңыз бойынша, бұл мешіт XIII ғасырдың аяғында Египет пен Сирия сұлтаны Байбарыс бөлген қаржыға салынған. Осы тұста қала Қырым деп аталды (бұрынғы атауы – Солхат) және Қырым жұртының бас қаласы болды. «Байбарыс өзінің туған жерін атап өткісі келгендіктен мешіт салдырған», – деген аңыз ол сол жерде туған деген жаңа аңызды тудырды. Ақиқаты – Байбарыс Ескі Қырымдағы мешіт­ті Бұлғар Анар ханның шабуылы кезінде қаза тапқан ата-анасы мен қандастарының рухына бағыштап тұрғызған.
Байбарыс Мысыр жеріндегі хорезмдіктердің басшысы Беркехан Дәулетхан Хорезмидың қызына үйленеді. Осы әйелінен туған Беркеханның есімін, ел аузында тарағандай, Алтын Орда ханы Беркенің құрметіне қоймаған. Себебі Алтын Ордамен қатынас 1262 жылы орнатылды, ал Беркехан 1260 жылы дүниеге келіп, 1262 жылы сүндетке отырғызылған.
Жоғарыда «Байбарыс туралы ірілі-ұсақты аңыз-әңгімелер уақыт өткен сайын жаңа аңыздармен толығып, жалғасып келеді», – дедік. Сол жағымсыз дәстүрдің үзілмегенін біз тіпті Байбарыстың 800 жылдығына арналған ғылыми конференцияда да көріп отырмыз. Мысалы, осы конференцияда баяндама жасаған тарих ғылымдарының докторы Ж.Артықбаевтың: «Байбарыстың «беріш» тайпасына ешқандай қатысы жоқ, арғынның бөрші деген руынан шыққан», – деуі еш қисынға келмейді. Келесі бір тарихшы Б.Аяған баспасөз құралдарына берген сұхбатында: «Байбарыстың шыққан тегі түрікмен не қырым татары болуы мүмкін және Каирде жерленген», – деп, кәсіби тарихшы бармайтын негізсіз әңгімеге жол берді. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, мүйізі қарағайдай тарихшылардың өзі маманданбаған тарихи кезең туралы сөйлеуі – барып тұрған дилетантизм. Кәсіби тарихшылардың негізсіз тұжырымдар жасауы мүлдем түсініксіз.
Ортағасырлық тарихи жазба ескерткіштерде Байбарыстың өмір жолы мен іс-әрекет­тері туралы жан-жақты, толыққанда деректер бар. Байбарыстың туғанына 800 жыл толуына орай ұйымдастырылған басты шаралардың қатарында, ең болмағанда, қисынсыз интерпретацияларға тосқауыл қою үшін сұлтанның ғылыми өмірбаянын жарыққа шығару қарастырылса, ондай зерт­теу тарихи тұлғаға қатысты жалған тұжырымдардың таралуына тосқауыл болар еді.

Қайрат СӘКИ 

Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, Нұр-Мүбәрак

Египет ислам мәдениеті университетінің
Әбу Ханифа ғылыми-зерт­теу
орталығының ғылыми қызметкері

ПІКІРЛЕР3
Қонақ 01.09.2023 | 10:39

Талас тартыс

Қонақ 05.11.2024 | 13:52

Керемет жазылған

Қонақ 05.11.2024 | 19:56

Керемет екен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір