Абыз АБДУЛЛА: АҚИҚАТ & АҢЫЗ
10.12.2021
1525
0

Өз ұлтының ғана емес, әлемдік әдебиеттің бағына жаралған, жүз жылда бір туатын жүйріктер болады. Бауырлас өзбек халқының ұлы шайыры Абдулла Әріпов (өзбек тілінде – Oripov) адамзат руханиятына орасан зор олжа салған сондай дарабоздың бірегейі еді. Жиырмасыншы жүзжылдықтың екінші жартысында өзбек әдебиетіне бұрынғы қалыптардан өзгеше, мүлде жаңа кейіппен келген кескіні кесек ақынның «Кішкентай жұлдыз» атты алғашқы жинағынан-ақ оқырман оның поэтикалық қуатын жазбай танып, қуана қабылдағаны анық-ты.

1967 жылы жарық көрген екінші кітабы «Жолдағы жанарларым» жинағы да әдебиет сыншылары тарапынан өте жоғары бағаға ие болып, поэзияға келген үлкен құбылыс ретінде танылған шайырдың «Асыл ана», «Қайнар», «Менің рухым», «Өзбекстан», «Таңданыс», «Отанның самалы», «Мейірім», «Өткен жылдар арманы», «Сенім көпірлері», «Мінәжат», «Қажы дәптері», «Қалауым» секілді көптеген кейінгі жинақтарын жырсүйер қауым іздеп жүріп оқитын болды. «Жұмаққа барар жол» (1978 ж.), «Емші мен өлім» (1980 ж.), «Ранжком», «Сайыпқыран» («Ақсақ Темір», 1996 ж.) поэмалары Абдулла Әріповтің ең көлемді һәм ең көркем туындылары болып есептеледі. Өзбек­стан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны авторының 2000-2001 жылдары төрт томдық таңдамалы шығармалары жарық көрді.

Ақынның көркем аудармада да қыруар еңбек етіп, Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясын», Н.Некрасов­тың, Л.Украинканың, Т.Шевченконың, Қ.Құлиевтің және бұлардан бөлек ондаған ақындардың туындыларын өз ана тілінде сөйлеткені мәлім. Өзінің де біршама жинақтары мен жекелеген өлеңдері әлемнің бірнеше тіліне аударылған болатын.
1941 жылы наурыз мейрамында Өзбекстанның Қашқадария облысының Қасан ауданына қарасты Некуз ауылында туған даңқты қаламгердің қаламынан жыр-дастандар ғана емес, драматургиялық және публицистикалық шығармаларының томдары туындап, ол өз елінің үлкен сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген еді. Айбоз ақын екі мәрте Өзбекстанның Мемлекеттік сыйлығына (Хамза атындағы және Науаи атындағы) ие болып, 1998 жылы алашапанды ағайындарымыздың ең жоғары мемлекеттік марапаты – Өзбекстанның Қаһарманы атағын алған-ды. Шет мемлекеттерден алған марапат, сыйлықтарын айтпағанда, жасы қырықтың қырқасынан енді асқанда Өзбек ССР-нің Халық ақыны атанған Абдулла ака оқырмандарының жүрекжарды лебіздерінен биік мадақты мойындамағанын барша жұрт жақсы біледі. Оның ғұмырындағы елеулі жетістіктерінің бірегейі саналатын Бүкіләлемдік Интеллектуалдық Меншік Ұйымының дүниежүзілік мәдениеттің алтын қорына қосқан өлшеусіз шығармашылық үлесі үшін берілетін «WIPO Creativity Award» сыйлығын да сол тұстағы (2007ж.) Өзбекстан Республикасының авторлық құқық агенттігінің Бас директоры (А.Әріпов) жылы жымиып қана қабылдағаны елдің есінде әлі.

Он үш жыл бойы Өзбекстанның Жазушылар одағын басқарған (1996-2009 ж.ж.) тағдырлы ақынның қандай қиыншылықтарды қалай еңсергені жайлы марқұмның жесірі Ханифа Мұстафаева өз естеліктерінде тарқатып-ақ айтқан екен. Қаламгердің басына бұлт үйіріліп, тіптен шығармашылықпен айналысуға, ел алдына шығып, жиындарда сөз сөйлеу­ге тыйым салынған шырғалаң шақтарда қандыкөйлек достары саналған қаламдас әріптестерінің де көпшілігі одан теріс айналғанын күні кешегі тарихтың парақтары айғақтап тұр. Майталман ақынға өмірінің ең қиын кезеңі кез келгенде Өзбекстан Республикасының қазіргі Президентінің (ол кезде мемлекеттік қызметтің әртүрлі сатысында болған – авт.) ештеңеге қарамастан, қаһарға іліккен қарт қаламгерге көз жұмғанынша қамқор болып, қарайласып тұрғаны да қуантады.

Сол бір сүргін уақытта бұқаралық ақпарат құралдарынан шеттетілген ақынның жалғыз серігі ғаламтор болып, ол Америка Құрама Штат­тарында тұратын қызы Мавлюданың қолына барып тұруға, турасын айтқанда, туған елінен мұхиттың арғы бетіне қоныс аударуға тура келген-ді (Сол жақтағы ақсақалды ойлап, алаңмын! – авт.).
Көп айналдырған кәрі сырқаттар алмай қоймады. Отадан да оңалмады абыз ақын. 2016 жылы қарашаның бесі күні Адамзаттың арда ақыны, өзбек халқының ұлы рухани ұстазы, алты перзенттің асқар таудай әкесі Хьюстон ауруханаларының бірінде мәңгілікке көз жұмды. Қайғыдан қабырғасы қайысқан отандастары қайраткер ұлының денесін Атамекеніне алдырып, Шағатай қорымына қойған болатын. Содан бері де бес жыл өте шыққан екен. Ұлы шайыр биыл сексеннің сеңгіріне шықты… Барша өркениетті әлем мерейтойын атап өтуде…
Шын мәнінде Ел үшін бар ғұмырын арнаған ақын жайлы өзбек ғалымы Фархад Хамраев былай дейді: «А.Әріповтің поэзиясының философиялық бағыттары анық байқалып тұрады. Кей кезде оның тұрмыстың түкпір-түкпіріне терең үңіліп, тоқсан сөзге тобықтай түйін жасай алатынына, суреттеудің мәнін өзіндік ерекшелікпен әрі қарапайым ғана жеткізу шеберлігіне таңданбасқа шараң жоқ. Сөйте тұра, ақын өз Елінің азаматы ретінде (!) адамдарды күнделікті өмірде көп толғандыратын, олардың жиі ұшырастыратын жайттарын жеңіл әрі ойнақы түрде ғана, емін-еркін (бірақ ессіз емес!) жеткізеді!..»
Мен келісемін… Сіз ше?!

АЛАШТУҒАН

Ғапіл ғұмыр қыжылы – ащы сөлі ерменнің

ТОБЫР
Асқан кезде Мағрабты қайда қалдың, айт енді?
Атқан шақта Шолпанды жаттың жайлап қай төрді?
Жоғалғанда бір сәтте, Қадыриден қал біліп,
Елге қорған болып па ең, жау шапса жұрт қайтер-ді?!

Теріс үкім орындап, жендет жүрді атыңнан,
Тарихты да атыңнан теріп алды ол тақырдан.
Кімсің? Несің? Мұншама қамшың неге қанқұйлы?
Неге әуессің шараға сиқыр, шатақ шатылған?

Көрсоқырсың… Шексіз шер шектім.
Үміт күрт сынды.
Түр-тұлғасыз, тұл тобыр, ұйырмысың ұлт сынды?!

ҚҰС ҚАЙТҚАН
Қайтқан құстың көктегі жасырынып тізбегі,
Қалам қалды қолымда. Бос Аспанда – шер.
Жер – мұң.
Кетті-ау ұшып ұзаққа жас дәуреннің іздері…
Ғапіл ғұмыр қыжылы – ащы сөлі ерменнің.

Алайда, сен, ардақтым, айтпағайсың тым қатты,
Махаббаттан алғашқы алабота қалдырып.
Сол бозбала шақтағы сүйген сәттер қымбатты,
Ернімізден бал дәмі кетпес, сірә, мәңгілік!

ТӨРТТАҒАНДАР
Сен, мүсіркеп, қорлама… Қалар ақын қамығып,
Кейде ашқұрсақ жүреді ол. Ғұмыр мәні онда емес.
Мына дүлей дүниеде махаббаттың барын ұқ,
Жарық етіп жалғанды, тек сол оған болған ес!

* * *
Өлеңдерім кеткенмен күллі әлеммен үйлесіп,
Шындығында, жырларым – уақыт үні, әманда.
Адамдардың жанында жүр бүгін не күй кешіп,
Нарық қысқан, құлқынның құрығы
ұзын заманда?!

* * *

Бірдей болса бар жаһан, тұрар татып тым тұщы,
Әртекті әлем әсем ғой. Бар, досым, бір мағына.
Жағаласар жүз надан туар жалғыз… бір кісі,
Тұруы үшін тұрақты тепе-теңдік заңы да.

* * *
Кезінде небір дананың сөзіне құлақ аспаған,
Сәлемін алмай адамның, қапа ғып талай тастаған
сорлы едің. Енді олардан күтіп ең қандай қарымта?
Өттің де кеттің… Еш ишарат, мезіретін білмей басқадан.

* * *

Сөздері жалған, аярлық болса қорғаны,
Жан-жағы жалтақ, ғайбатшыл, жылпос жолдағы
жолдасы болса, жаратсаң бәрін Бір Өзің,
Кінәлі кім, О, Алла? Жазықты кім болғаны?

* * *
Шыншылдың досы бол, ешқашан сатпайтын,
Самғаса – Көгі бол, жабырқап жатпайтын.
Зұлымдық түмені түңілсін күшіңнен,
Жансебіл бол мәңгі ізгіні жақтайтын!

* * *
Маған ынтық жандарды жолықтырып жер-жерден,
Дарынымды аз сөзге арқау етіп келгенмен,
Әмудария Жарықтық шыққанда алғаш алдыңнан:
– Ұлы екенсің! – дедің сен, толқып тұрып… көргеннен!

* * *
Еліктемей-ақ қой, жігітім,
менің де түр-түрлі қалпым,
Шерменде шақтан шаһқар күй табар ма екенсің?
Айнытпай саларсың талпынсаң, сен менің күлкімді, бәлкім,
Ал мендей аңырай алар ма екенсің?!

ОТЕЛЛО
(Халық әртісі Аброр Хидоятовтың рухына)

Үйлестірді екі есімді,
тағдыр тыңдап бір айқын күнін…
Тәңірдің сыйы – Отелло мен
Абдулла – Құдайдың құлын!

Мәңгі семді актердің сан бояулы жақпасы.
Шағатай тұр тып-тыныш. Шығармайды бұлбұл үн.
Түнде ай суық құшуда моланың көп тақтасын.
Үнсіз тыңдар қабірлер көлеңкелер сыбдырын.

Отеллодан бекзада ең, қаракөгім, бақұл бол.
Қаныңды енді от қарымас, қайта ұшқындап әуресі.
Дүр дауысың кетті ұзап. Қызғаныш жоқ. Жатыр жол.
Бейіт көгін кезген ай. Сөнген сезім сәулесі.

Жәннат болғай мекенің, жүректі ер – ұл ұлы, өктем!
Өзгеше өмір өтеді, өңге өрнегі жердегі.
Үндескенмен есімдер… Тым басқа еді жүректер.
Ғұмыр ауды… Шыңырау арамызды бөлгелі.

Бар ғайбатқа сес болар қанжар қайда қайраулы,
Саф алтыннан сапталар, һас болаттай ширығып?
Отеллом-ау, ғұмырым ғасырыма байлаулы,
ессіз ғой ол! Есуас махаббат та қиды үміт.

Бұлбұл әні құлдырап, гүлсіз тұлдыр күллі бақ!
Қолындағы бөтеннің қанжарыңда құн бар ма?…
Сол бейкүнә әйелдің сезімінен мұңдырақ
жалқы жұлдыз тұр жылап. Жарым түн. Бұлт – тыңдарман.

Өзің жоқсың, Отелло. Қалған Яго көп, бірақ.
Кіл зұлымның жүрегін құлақ естіп тұрғанда,
маған керек сендік кек, отқарақтан оттырақ,
жалын жанар, өр мінез үрей үстер сұмдарға!

Не күй мынау? Неге алды қайта мендік дегбірді
менің әділ ғасырым тыйым салған әңгіме?
Өткір қанжар жол берді сөзге бүгін. Көндірді.
Адам болды сабырлы заманауи зәңгі де.

Заман басқа. Тағдырым қорғап мені жүргенде
қалың қайғы, мың мұңнан менің туған жерімде,
айтшы, неге көремін мүлде ұйқысыз түндерде
көлеңкеңді бұлттардың аза тұтқан төрінде?

Тағы естідім сол сырды, жеткізер жел тек қана,
сол сөздерді, сақталар мәңгілікке тек менде:
«О, махаббат ең ұлы һәм киелі кек, нала,
дүниеден өтпеңдер. Қара жерден кетпеңдер!»

Аударған АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір