«МАХАББАТ ПАДИШАСЫ»: АҚИҚАТ пен АҢЫЗ
Махаббат, қызық мол жылдар…
О баста ұлы Абайдың аузынан шыққан, сүйіспеншіліктің формуласы деуге тұрарлық осынау қағидалы сөз тіркесі қазақ әдебиетінің тарихындағы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романынан кейінгі күмәнсіз, даусыз мойындалған екінші бестселлердің атауына айналды.
Этнос жаппай мойындаған екі бестселлердің алғашқысы 1969 жылы жарық көрді. Біріншісінің дуы басылмай жатып, келесі жылы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы шықты.
«Қаһардан» соң соңғы ханының қайғысынан түйілген қазақы қабақтың көтеріліп, тәтті сезімнің еркіне берілуін біз ақырған аязды, аруақты қыстан соң жылт етіп сезілген шуақты көктем лебімен ғана теңестірер едік!
Махаббат жарықтық шынында да өмірдің шуағы, көңілдің көктемі ғой. Сезімді оятып сергітеді, қуантады. Шаттандырып, шалқытады. Тәтті мұң да, оған қоса өкініші кетпейтін ауыр қайғы да алдымен осы ұлы сезімге тән.
Бестселлер авторының кезінде «махаббаттың қадірін білмейтін адамда адамгершілік түйсігі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегін махаббат мекендемейді» деп жазғаны бар.
Әзілхан Нұршайықовтың ғұмырнамалық баян жанрына негізделген «Махаббат, қызық мол жылдар» романына автордың осы тұжырымының биігінен қарау керек дер едік. «Меңтай – Ербол – Тұмажан» үштағаны да біздің осы ойымызды растай түседі деп ойлаймыз.
«Меңтай – Ербол – Тұмажан» үштағаны – өмірде бар құбылыс. Оның мұңы да, зардабы да үлкен. Мәселе тағдырдың осындай сынынан мүдірмей өте білуде.
Романның басты персонаждары жазушының өзі мен елу төрт жыл бірге отасқан жары Халима екені белгілі жайт. Алайда сюжетте жазушы фантазиясынан туындаған оқиғалардың болуы да заңды құбылыс. Яғни романдағы оқиғалардың бәрін өмірде болған жайт деп қарастыруға болмайды.
Мәселе шығарманың тәлімдік, тәрбиелік мәнінде. Баян авторының қалтқысыз, адал махаббаттында. Өз заманының тым тәуір шығармасы Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романының басты персонажы жазушының жары Мәриям апа екені белгілі.
Ал «Махаббат, қызық мол жылдардағы» сезімнің объектісі – басқа ешкім де емес, Халима апамыздың өзі. Романда соңғы дәуірде қасқалдақтың қанынан қат болып кеткен шынайы махаббат бар. Себебі автор мен персонаж, яғни Әзілхан атамыз бен Халима апа арасында да тура шығармада баяндалғандай таза сезім болған.
«Ғашық бола білу – өнер» дейді халық даналығы. Авторын халық арасында «махаббат падишасы» атандырған шығарманың кереметі де осында. Жазушының ғашық бола алған даналығында.
Жазушының өзіміз жоғарыда келтірген афоризмінің биігінен қарасақ, әркім өзінше ғашық болмақ. Есімізге әлдебір негр ақынының өзі сүйген негр қызға арнаған «сен Африка түніндейсің…» деген өлең жолдары түседі. Әлбетте, қара өңді ғашығыңа «сен аққудың көгілдіріндейсің…» деген теңеу бере алмайсың ғой…
Демек, әркім өзінше ғашық болады. Балуан Шолақша айтқанда «сендер Ғалияға менің көзіммен қараңдар…»
Дереккөздерінен Әзілхан атамыз бен Халима апаның суреттерін жиі көреміз. Одан да сүйіспеншіліктің аурасы сезіліп тұрғаны күмәнсіз. Романның жазылуына себеп болған да сол – екеуара махаббат.
Шығарманың историзміне қатысты небір қызық деректер кездеседі. «Нөмірлі махаббат» деген де түсінік бар. Біреу біреуді «алғашқы махаббатым», енді біреу тағы біреуді «соңғы махаббатым» деп жатады. Алайда «Махаббат, қызық мол жылдар» романы өмірде бір ғана махаббат болады деген қағиданы алға тартады.
Әзілхан бозбала алдымен Орынкеш деген қызды ұнатады. Оған анау-мынау емес, жүз хат жазады. Бірақ жауап болмаған. Ал сол хатты Орынкешке жеткізуші, табыстаушы кім дейсіз ғой? Орынкеш пен Әзілхан арасындағы, қарым-қатынастың ара делдалы басқа ешкім де емес, шығарманың басты кейіпкері – Меңтайдың персонажы Халиманың өзі болатын!
Хатына жауап ала алмаған бозбала бір күні Орынкешті іздеп, жатақханасына барады. Халимадан оны шақырып беруді сұрайды. Халима Әзілханға Орынкештің «енді маған келмесін!..» деген үзілді-кесілді жауабын жеткізеді.
Әлбетте, ол – ғашық жүрек үшін ауыр соққы. Бұл жауаптан соң Әзілханның көзінен жас шығып кетеді. Жігіттің мұндай хәлін көрген Халима қыз да жылап тұр еді…
«Сен не үшін жылайсың?» деп сұрайды жігіт. «Сені аяп тұрмын…» дейді қыз.
Міне, атақты бестселлерге айналған ұлы махаббаттың бастауы осы. Уақыт өте келе Халимамен достық жалғасып, оның ақыры сүйіспеншілікке ұласады.
Екі жастың ыстық қатынасы үш жылға созылады. Одан әрі Ұлы Отан соғысы. Екеуі де әскерге алынады. Қос ғашық ақыры төрт жылдан соң Мәскеуде кездеседі. Одан әрі Алматыдағы оқу, махаббат, қызық мол жылдар жалғасқан.
Қос ғашық алғаш танысқаннан кейін он бір жылдан соң ғана қосылады.
Бүгін танысып, ертеңіне үйленіп жатқан қазіргі заман жастарындай емес, махаббат, қызық мол жылдар он бір жылға жалғасып, алапат соғыс сынынан, «Меңтай – Ербол – Тұмажан» үштағанының ауыртпалығынан өткен.
Әлбетте, осыншалықты ауыр сын мен сынақтан өткен махаббат мәңгілік. Ал мәңгілік махаббат – қашанда ұлы. «Махаббат, қызық мол жылдар» сол ұлы құбылысты мадақтайды.
Жетпісінші жылдары әр ауылдық мектепте, әр жоғары оқу орнында дерлік романға байланысты диспуттар өткізу үрдісі болды. Әсерлі шығарманың кейбіреулердің махаббатын оятып, сезіміне түрткі болғаны да рас. Біздің буын оны да көзбен көрді, көңілмен сезінді.
Әр жас өзін Ербол, Меңтай деп түйсінді. Бірақ бола алмағандар да аз емес. Көбі «Тұмажандар трагедиясын» жеңе алмады. «Махаббат, қызық мол жылдарын» шыжыққа айналдырды.
Енді Меңтай мен Ербол, яғни Әзілхан мен Халима арасындағыдай таза сезім бола ма, жоқ па? Ол да – күмәнді. Ол да – екіұштылау тақырып.
Мұны да қазіргі ардың төбесіне ақша шыққан тіршілік ақиқаттарына орай айтып отырмыз.
Қазақ тарихында сонау Қозы мен Баян, Төлеген мен Жібек, тағы да басқа махаббат баяндары көп. Бірақ солардың көбі қайғылы аяқталды. Артына ауыр мұң қалдырды. Солардың берер тәлімі көп болғанымен, алынған сабақ – аз. Бәрінде де қатерлі «үштаған» бар. Қодар, Бекежан, Тұмажан бар. Ал оның ақыры – трагедия.
«Махаббат, қызық мол жылдарды» оқыған адамның да «япырай, мұның арты не болды екен?..» деп алаңдап отыратыны күмәнсіз. Алайда баянның арты – қайыр. Оқырман Қозы мен Баян заманынан бері жалғасып келе жатқан ащы трагедияны сезінбейді, көңілі орнығады.
«Меңтай» мен «Ербол» елу төрт жыл бірге бақытты ғұмыр кешті. Өз махаббаттарының үлгілі тарихын «Махаббат, қызық мол жылдар» бестселлері түрінде мәңгілікке, бақилыққа жазып кетті.
Кейінгі дәуірдегі әдебиетіміздің махаббат тақырыбына жазылған ең үздік шығармасы авторына «МАХАББАТ ПАДИШАСЫ» деген мәртебелі атақ алып берді.
Әрі ол – әділетті, халықтық баға!
Өмірзақ МҰҚАЙ