Қазақ хандығының құрылуы: Аңыз бен Ақиқат
12.09.2022
5390
0

Қазақ хандығының құрылған уақыты жайлы пікір алуандығы әлі де бар. Керей мен Жәнібек ту тіккен мекен хақындағы дерек көздері де сан түрлі дәйек келтіреді. Сұхбат барысында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Мадияр Елеуов аңыздар мен деректерді салыстыра отырып, өз пайымын айтады.

Батырлар жырын майшамның жарығымен оқып өстік

– Мадияр Елеуұлы, сіз ұлағатты ұстаз, елімізге, алыс-жақын шет елдерге белгілі ғалым, Қазақстан архео­логиясының ақсақалысыз. Зерттеп жүрген жұмыстарыңыздың басты бағыттарын атап беріңізші?
– Бұл ұзақ әңгіме, дегенмен сұрағыңызға қысқа жауап берейін. Бірінші – қазақ жеріндегі қалалық өркениеттің (қалалардың) қалыптасу, даму тарихы; екінші – Ұлы жібек жолы мен Қазақстанның ежелгі керуен жолдарын зерттеу; үшінші – археологиялық ескерткіштердің облыстық, аудандық, ауылдық округтер бойынша жинағын шығару; төртінші – жер-су аттарына, орта ғасырлық қалалар мен қарауыл мұнараларға және Қазақ хандығына қатысты аңыздарды, өзім ашқан археологиялық ескерткіштерді ғылыми айналымға енгізу.
– Сіз басқарған Тұран археологиялық экспедициясы ашқан археологиялық ескерткіштер көп пе?
– XX ғасырдың 70-жылдарынан бастап Сырдарияның орта, төменгі ағыстарында, Қаратауда, Шу мен Талас өңірлерінде жүргізген зерттеулер барысында ғылымға белгісіз болып келген 2000-ға жуық археологиялық ескерткіштерді ашып, есепке алып, ғылыми айналымға енгіздік, олардың қатарында 232 орта ғасырлық қала, елді мекен, қарауыл мұнаралар бар.

– Сіз кәсіби археолог бола тұра аңыздарға назар аударған ғалымсыз, оның қандай да бір себептері бар ма?
– Мен туып өскен Еңбекші ауылы Сырдарияны, Қаратаудың күнгейін жағалап жүрген керуен жолдар мен Сырдың бойындағы ежелгі қалалардан шығып, Сарыарқаға өткен керуен жолдардың тоғысқан жерінде орналасқан. Ауылда жер-су, ел тарихы жайлы қызықты аңыз-әңгімелерді білетін үлкен кісілер көп болды. Менің замандастарым – есіміз кіргеннен бастап аңыз-әңгімелерді, батырлар жырын тыңдап, оларды майшамның жарығымен таласа оқып, сол батыр бабаларымызға еліктеп батыр болуды армандап өскен ұрпақ. Мен де өзімнің Наймантай, Байғозы аталарымдай батыр болуды армандадым. Тарихшы болуыма сонау балалық шақта естіген жыр-дастандар, аңыздар, «төл тарихымызды зерттесем» деген оқушы, студент кездегі армандарым себеп болды. Қазақстанның орта ғасырлық археологиясын зерттеумен айналысамын деген шешімді 1973 жылы Түркістанда ежелгі Күлтөбедегі қазбаға қатысып, сол жылы Есімханның кесенесін ашқан кезімде қабылдадым. Қазақстанның орта ғасырлық қалаларына, Қазақ хандығына қатысты аңыздарды 1973 жылдан жаза бастадым. Аңыздарды сұрастыру барысында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында және Алматы облысының Жамбыл облысымен іргелес аудандарында болып, аға буын өкілдерімен, жергілікті өлкетанушылармен, тарихшылармен кездестік. Жазып алған аңыздарды саралап, ой елегінен өткізу барысында байқағаным: бір аңыздың бірнеше үлгісі кездеседі, олардың мәтінінде айырмашылық болғанына қарамастан, жалпы мазмұны бір-біріне ұқсас болып келеді, бірақ олардағы кісі, жер-су аттары бастапқы қалпында, өзгеріссіз сақталады екен. Қазақ хандығына қатысты аңыздар Сырдарияның орта ағысында, Шу мен Талас өңірлерінде, әсіресе Шу өзенінің төменгі ағысындағы Шу мен Мойынқұм аудандарында кең таралып, ал оған іргелес жатқан Алматы облысында кездеспегені және Алматы облысының біз болған аудандар тұрғындарының: «Қозыбасыны Шудан, Хантауынан іздеңіз», – дегені мен үшін күтпеген жаңалық болды. Қазақ хандығы жайлы сөз қозғалса, өткен ғасырдың 80-жылдары Мойынқұмда болған бір оқиға еске түседі. Аудан орталығы Мойынқұм ауылының халқымен кездесу кезінде: «Қазақ хандығы Моғолстанның батыс жағында құрылды, Қозыбасы Тарғаптың жанында», – деген пікір бар екенін айтқанымда залда шу шықты. Кездесуге келген аға буын өкілдері бірінен кейін бірі сөз алып: «Хандық Мойынқұмда құрылған, Қозыбасы Жамбыл тауы мен Хантауының аралығында орналасқан» – деді. Сол жылы аудандық газетте «Тарихқа қиянат жасамайық» деген мақала жарияланды. Археологтар ескерткіштерді, қазбадан табылған кез келген заттарды, ашылған құрылыстарды нақты бір уақыт аралығында қарастырады, соны әртүрлі ғылымдардың әдістерін қолдана отырып дәлелдейді. Аңыздарда белгілі бір тарихи оқиғаның өткен уақыты, оған тікелей қатысты жер-судың, адамның аты айтылған. Жер-су аттары ғасырдан-ғасырларға жалғасады, демек аңыздардағы жер-су аттары тарихи оқиғаның болған жерін анықтау үшін аса құнды дерек болып есептеледі.

Тарихи орындарда шұңқыр пайда болуда

– Енді аңыздарға шолу жасап, Қазақ хандығының құрылған жеріне қатысты жер-су аттарына қысқаша түсініктеме беріп өтсеңіз?
– Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған Ұлы көшке, жаңа құрылған Қазақ хандығына қатысты аңыздардың бір-біріне ұқсас бірнеше нұсқасы бар, сол себепті солардың кейбіреулеріне ғана тоқталайын.
Керей мен Жәнібек сұлтан туралы аңыздар: Бірінші аңыз – «Қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойын­құмға бастап келіпті. Құмды қыстап, мал жаны аман қалған екі сұлтан көктемде Тұлпарсазда той жасап, бәйге шаптырыпты. Той тарқаған соң Керей хан мен Жәнібек сұлтан жаз жайлауы Қозыбасыға қарай көшіп бара жатқанда Бас Ақтөбеге шығады, төбе басында тұрып олар шығыста бір-бірімен іргелес жатқан екі ескі қала жұртын көріпті, сонда Жәнібек сұлтан: «Алла Тағала екеумізді ажырамасын деп осы екі ескі жұртты бізге бұйыртқан шығар, қаласаңыз біріне сіз, екіншісіне мен қоныстанып, қала сала­йық», – деген екен. Сол кезде шығысқа қарап тұрған Керей хан бетін батысқа бұрып: «Уәде, бірақ біз бұл жерде ұзақ тұра алмаспыз, Алла Тағала сәтін салған күні батысқа –Түркістанға жол жүруіміз керек», – депті».
Аңыздың айтуына қарағанда, Керей хан мен Жәнібек сұлтан Шудың бойында ширек ғасырдай мекендепті, олар қоныс тепкен Шәрі мен Қойшыман осы төңіректегі үлкен қалалардың қатарына қосылған екен. Бір-бірімен іргелес өмір сүрген олар күнде бесінде Бас Ақтөбеде бас қосып, батқан күннің артынан батысқа –Түркістан жаққа телміре қарап ата жұрттың келелі мәселелерін, ел бірлігін, Түркістанға қайта оралар күнді бір Алладан тілейді екен.
Екінші аңыз – «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға (бұл жерде Ұланбелден Хантауына дейінгі аралық сөз болып отыр – М.Е.) жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін «қазақ» деп атапты. Керей мен Жәнібек сұлтандар Шудың бойына шаһар салдырыпты (бұл жерде Шәрі мен Қойшыман қалалары сөз болып отыр – М.Е.), олардың жаз жайлауы –Балқаштың жағасы, Қозыбасы, Хантауы мен Жамбыл тауларында ал қыстауы – Шудың бойы мен Мойынқұмның құмы екен. Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей Хан тауына жерленіпті. Керей хан дүниеден қайтқанына екі жыл толғанда, оның ұрпақтары мен Жәнібек сұлтан Сырға қайта көшіпті. Бұл кезде Жәнібек аты Шу мен Сырға, Арқаға белгілі батыр әрі ақылды, ел құрметіне бөленген сұлтан екен».
Шәрі қаласы туралы аңыз: Ертеректе Хантауын қалмақ ханы мекендепті, оның мың сан қолы Хантауынан Жамбыл тауына дейінгі аралықта, Сексеуілді далада шоғырланыпты. Хан ордасында отырып-ақ Хантауында, Майжарылған, Қойжарылған және Жамбыл тауларында, Бас, Орта, Аяқ Ақтөбелерде, Ыстөбеде тұрған қарауылдары арқылы мыңбасылардан хабар алып, оларға жарлық беріп отырады екен. Бір жылы көктемде қалмақ хан батыстағы, үлкен өзен жағасындағы қалаларды (Сырдың бойындағы қалаларды – М.Е.) шабуға асығыс аттанатын болып, қолының оң қанатына Жамбыл тауының етегіндегі Жыланды бұлаққа, сол қанатына Хантауының етегіндегі Жыланды сайға, орталық бөлігін Бас Ақтөбеге жиналуға жарлық беріп, түмен басыларын ордаға шақыртады. Уәделі уақытта ордаға оң және сол қанаттағы түменбасылары келеді, ал орталық бөліктегі түмен басы келмейді. Түн ортасында Бас Ақтөбеден келген түменбасы ханның аяғын құшып тұрып, шәрілік қазақтардың Бас, Орта, Аяқ Ақтөбелердегі күзет мұнараларын бұзып Мойынқұмға сіңіп кеткенін, ал қуғыншылардың оларға жете алмай кері қайтып келгенін хабарлапты. Ызаланған қалмақ ханы Шәрі қаласын өртеп, халқын қырып тастапты».
Ұлы көштің бағыты туралы аңыздар: Бірінші аңыз. Ақсүмбеліктер айтып жүрген бір аңызда осыдан бірнеше жүз жыл бұрын Көккесене деген жерде жоңғарлармен болған шайқаста Сығанақты билеген хан жеңіліп, көп адам қырылыпты. Ол кезде қоңыраттар Қаратаудың күнгейі мен теріскейін мекендейді екен. Сол жылғы қара күзде Сырдың бойы мен Қаратауды мекендеген қоңырат, арғын, тарақты, қыпшақтардың бірқатар бөлігі Керей мен Жәнібек бастаған көшке ілесіп Майшы, Жайылма асулары арқылы Шуға, Шуды жағалап Тасты,Ұланбел арқылы Хантауына жетіпті. Келесі жылғы көктемде көштің жалғасы Жамантас,Тұрлан асуларымен теріскейге, Мойынқұмды кесіп өтіп Шуға, осы өзенді жағалап барып Хантауына жеткенде үлкен көшке қосылған екен.
Екінші аңыз: «Осыдан бірнеше жүз жыл бұрын, бір жылы ел Арқадан Сырға түсіп жатқан қара күзде, көштің соңында қалған бірнеше ауыл Майшы асуынан асып, Егіндібұлақ әулиені жанай өтіп, Сасықбұлақтың қарауыл мұнарасынан өтіп Тақиятөбеге жеткенде, Бестам, Мортық жақтан тауға қарай көшіп келе жатқан үлкен көш көрінеді. Күн кешкірген шақта Сырдан көшіп келе жатқан ел Тақиятөбеге жетеді. Қымыз, қымыран ішіп шөл басқан екі көштің ақсақалдары мен батырлары Тақиятөбенің түбінде кеңес өткізеді. Кеңесте Сырдан келе жатқан көштің қариясы бұл көштің дені Сырдарияның бойындағы Асанас, Ақтөбе, Нәнсай, Бестам, Мортық, Күйеутамнан шығып Керей мен Жәнібек сұлтандардың ұлы көшіне ілескен ел екенін айтыпты. Арқадан шыққан жаңа күннің шапағы Сауысқандық асуына төгіліп тұрғанда көштің алды асудан асып бара жатты. Сол кезде Қарамұрын жақтан суыт келе жатқан 4-5 атты адам Тақиятөбеде тұрғандарға келіп сәлем беріп: «О ағайын бірнеше ауыл таң сәріде Жалғызағаштың бұлағынан үдере көшіп, Қаратаудың теріскей бетімен Созаққа бет алды», – депті.
Үшінші аңыз: «Ертеде Арыстың жағасында Шарапкент деген үлкен қала болыпты, оны қаланың жан-жағындағы биікте тұрған қарауылдар күндіз-түні күзетеді екен. Бірде күн кешкірген шақта Жаскешу төбеде тұрған қарауыл Састөбе жақтағы белден асып келе жатқан қалың көшті көріп Шарапкентке хабар беріпті. Көштің Мырзаның шөлінен (Мырзашөл – М.Е. ) шығып, Шуға Керей бастаған көшке қосылуға бара жатқан ел екенін естіген хан көшбасшыға сый-құрмет көрсетіпті. Арыстың жағасына түнеп шыққан көшті ертесіне хан бастаған қол Құлан, Күйік арқылы Қаратаудан асырып, Мойын­құмды кесіп өтіп, Хантауына баратын төте жолмен жіберіпті».
Енді осы аңыздардағы Қазақ хандығына тікелей қатысы бар тарихи жерлерге, археологиялық ескерткіштерге келсек.
Тұлпарсаз – Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Мойынқұм мен Қарабөгет ауылдарының аралығындағы кең алқапты алып жатқан Шу өзенінің оң жағасындағы саз. Аңыз бойынша, ертеде Көкшеханның тұяғы кетілген, тұлпарлары байланған осы жерді Тұлпарсаз деп атапты. Тұлпарсаз – 1458 жылы Керейді хан сайлаған тарихи жер.
Қозыбасы. Шу мен Талас өзендерін, Балқашты жағалай отырған қалың ел Хантауы, Майжарылған, Қойжарылған және Жамбыл таулары аралығындағы кең алқапты ежелден «Қозыбасы» деп атаған, қазір де солай аталады. Осы алқаптың ортасындағы алыстан қарағанда қозының басына ұқсас аласа тау – киелі Қозыбасы тауы.
2007 жылдан бастап Қозыбасының түбінен (етегінен) мрамор қазып алып жатыр. Қазіргі күнде қопарып тас алған жерде (көлемі 1 гектардан асатын жерде) тереңдігі 5-6 метр тереңдікте шұңқыр пайда болған. Өкінішке қарай, Тарғаптың жанындағы Қозыбасының да етегінен қиыршық тас қазып алуда.

– Бұл кездейсоқтық па, әлде тарихи орындарға жасалған қастандық па?
– Сіздің сұрағыңызға жауапты Жамбыл, Алматы облыстарының тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі дирекциялары беруі керек. Себебі егер тарихи, мәдени ескерткіш есепке алынған болса, оны қорғау, сақтау осы дирекцияның құзырында. Есепке алынбаған ескерткішке ешкім жауап бермейді, демек, оның сұраушысы жоқ. Аңыздағы орта ғасырлық Бас (Үлкен) Ақтөбе, Орта Ақтөбе, Аяқ Ақтөбе, Ыстөбе қалалары Шу өзенінің төменгі ағысында Мойынқұм ауданында орналасқан. Осы аңыздағы қалмақ ханы өртеген Шәрі қаласының орны мен оған жақын жердегі Қойшыман қаласын 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археологиялық экспедициясының барлау тобы (М.Елеуов) тауып, есепке алды. Шәрі қаласында 1996 жылы жүргізілген қазбадан өртенген бөлмелердің орындары, 2015 жылғы қазбадан Қазақ хандығы кезіндегі құрылыстардың, пештердің орындары және кесененің қалдығы ашылды. Сонымен қатар сол жылы Хантауындағы Керейдің шатқалынан Қазақ хандығы кезіндегі 10 қыстау есепке алынып, «Керейдің қыстауы» деп аталатын қыстауда қазба жүргізіліп, оның Қазақ хандығы кезіндегі қыстау болғаны анықталды.

Қазақ хандығы Қозыбасы алқабында құрылды

– Аңыздарды басшылыққа ала отырып, Ұлы көштің жүрген бағыттарын көрсеткен зерттеушісіз, енді сол бағыттарға тоқталсаңыз?
– Жауапты «Ұлы көш қай жылы басталды, бастапқы кезде оның құрамында қанша адам болды?» деген сұрақтан бастаған дұрыс болар. Аңыздар бойынша, Әбілқайыр хан Көккесененің түбінде жоңғардан жеңілген жылы (1457 ж ) қара күзде Сырдың бойын, Қызылқұмды, Мырзашөлді мекендеген бір түмен ел Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған Ұлы көшке ілесіп, Шуға Қаратаудан келесі бағытта асқан болса керек. Бірінші бағыт – жалғыз ағаштың бұлағында Қаратауды айналып өтіп, теріскейге шыққан, екінші бағыт – Сауысқандық (Майшы) асуымен, үшінші бағыт – Жайылма асуымен, төртінші бағыт – Жамантас (Жаман қаратас) асуымен, бесінші бағыт – Тұрлан асуымен асқан. Шолаққорғаннан шыққан Ұлы көш Шу өзеніндегі Қызылжайма өткеліне дейін Қарқаралы жолымен (Ескі көш жолымен – М.Е.) жүрген. Жолдың осы аралықтағы бағыты Шолаққорғаннан Құмкентке, одан әрі Қосмая, Қазоты, Нарөлген, Үлкен көл шатқалдарынан өтіп, Айгене шатқалына шыққан, одан әрі Мойынқұмнан асқан Қарқаралы жолы Шу өзенінің төменгі ағысындағы Қазыққаққан шатқалына, одан әрі қарай Шу өзенін жағалап Қызылжайма өткеліне, Қамқалыға,Тұлпарсазға, Жамбыл, Қойжарылған, Майжарылған, Хантауы тауларына, Қозыбасы алқабына жеткен. Алтыншы бағыт – Мырзашөлден шыққан көш Түйе өткелде (Сырдарияға Шыршық өзенінің құйған жеріне жақын жердегі өткел – М.Е. ) Сырдариядан өтіп, Қазықұрт, Машат, Састөбеге, Қаратаудан Құлан, Күйік асуларымен асып Таразға, Мойынқұмды кесіп өтіп Хантауына шыққан.

– Сіздің пікіріңізше, Қазақ хандығы қашан, қай жерде құрылған?
– Қазақ хандығының құрылуы мәселесін отандық тарихшылардың бірнеше буын өкілдері зерттеп келеді, дегенмен бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Тарихшылар Қазақ хандығы 1445 жылы, XV ғасырдың 50-жылдары, 1465 жылы,1465-1466 жылдары немесе 1470-1471 жылдардың бірінде құрылған деген пікірде. 2015 жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Аңыздарда Қазақ хандығының құрылған жылы мен жері туралы: «Мойынқұмды қыстап шыққан қалың ел келесі жылы (1458 ж.) көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін «қазақ» атады», – деген. Біз Қазақ хандығы 1458 жылы Шу өзеніне жақын жердегі Қозыбасы алқабында құрылды деген пікірдеміз. Қазақ хандығының құрылуына қатысты Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде: «Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді», – деп жазған. Осы еңбектің Исфахан қаласында сақталған қысқаша нұсқасында: «Қозыбасы Шу өзеніне жақын жерде орналасқан», – деп, Қозыбасының орналасқан жерін нақты көрсеткен. Тарихи Қозыбасының орналасқан жері туралы отандық тарихшыларымыз бір-біріне кереғар екі пікірде. Бірінші пікір бойынша, тарихи Қозыбасы Шу өзені алқабында орналасқан, ал екінші пікір бойынша, Қозыбасы Алматыдан (Верныйдан) екі күндік жердегі Тарғап ауылының жанында орналасқан. «Осы екі пікірдің қайсысы дұрыс?» деген сұраққа жауапты аңыздардан іздедік. Аңыздарда Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған Ұлы көштің Шу алқабына келген жылы, Шудың жағасындағы Тұлпарсазда 1458 жылы Керейді хан сайлағаны, Тұлпарсаздан шығып, Шуға жақын жердегі Қозыбасыға барғаны айтылған. Осы жерде Мұхаммед Хайдар Дулатидың: «Қозыбасы Шу өзеніне жақын жерде орналасқан», – деген сөзіне баса көңіл аударған жөн. Себебі Шу алқабындағы Қозыбасы Шу өзенінен 35-40 шақырым жерде орналасқан, ал Тарғаптың жанындағы Қозыбасы мен Шу өзенінің арасы – 130-135 шақырым.
Біздің пікірімізше, тарихи Қозыбасы Балқаш көлі, Хантауы, Майжарылған, Қойжарылған және Жамбыл таулары арлағындағы кең алқапта орналасқан. Бұл болжамды Хантаудағы «Хан қорасы», «Хан сатысы», «Үлкен хан тағы», «Кіші хан тағы», « Хан оры» деп аталатын орындар толықтыра түседі. Аңыз бойынша, жаугершілік кезінде қазақтың хандары, қолбасылары биік шоқының ұшар басындағы «Үлкен хан тағында» тұрып Хантауы, Қойжарылған, Майжарылған, Жамбыл таулары аралығын, Қозыбасы алқабын бақылап отырған.
– Жаңа құрылған Қазақ хандығының Өзбек хандығы мен Моғолстан арасындағы бастапқы шекарасы туралы не айтасыз?
– Шамасы, жаңа құрылған Қазақ хандығының Өзбек хандығы мен Моғолстан арасындағы шекаралас Қаратаудың солтүстік, Алатаудың солтүстік-батыс беткейлері, Шу-Іле таулары, Балқаштың жағасы, Батыс Бетпақдала арқылы Сарысу өзенінің төменгі ағысына дейінгі аралықты алып жатқан болса керек.

– Қазақстанның орта ғасырлық қалаларын, Қазақ хандығына қатысты тарихи орындарды, ескерткіштерді зерттеп жүрген маман ретінде болашақта іске асырсам деген жобаларыңыз бар ма?
– Әрине бар. Сол ұсыныс-жобаларды еститін әкімдік, Мәдениет және спорт министрлігі, Ғылым және Жоғары оқу орны министрлігі болса айтайын. Бірінші – Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында Керей хан мен Жәнібек сұлтанның аспан асты музейін ашу мәселесі. Оны іске асыру үшін Шәрі мен Қойшыман қалаларында, Керейдің қыстауында, Хан қорасында археологиялық қазба жүргізіп, олардан ашылған құрылыстарды, Шәрі қаласындағы кесенені, Керейдің қыстауын, Қозыбасыдағы қарауыл мұнараны қайта қалпына келтіру керек. Екінші – Жамбыл облысының Шу ауданындағы орта ғасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласын Алматы-Тараз аралығындағы туристік нысанға айналдыру мәселесі.Ұлы жібек жолының бойында орналасқан орта ғасырлық Ақтөбені 1974 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы зерттеп келеді. Жүргізілген қазбалар барысында VI-XIII ғасырлар аралығында өмір сүрген қаланың әртүрлі кезеңдерінен сақталған сарайлар, шығыс моншасы, үй орындары, су құбырлары желісі, жүзім өңдейтін бірнеше шеберхана ашылды. Қаладағы қазба жұмыстарын жалғастырып, олардан ашылған жаңа құрылыстар мен бұрын ашылған құрылыстарды қайта қалпына келтірсе, орта ғасырлық Ақтөбе қаласы Ұлы жібек жолының Алматы-Тараз аралығындағы туристік нысанға айналар еді. Осы екі ұсыныс-жоба қолға алынып, іске асырылса, таяудағы жылдарда Жамбыл облысында бірнеше туристік бағыттар ашылып, туризмді дамытуға жаңа серпін береді.

 

Мадияр Елеуов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір