«Ақиқат формуласын» ашқан жан
10.06.2022
460
0

Еліміздегі техника ғылымы саласында ұлттық кадрларды қалыптастыру тарихына зер салсақ, болашақты көздеген мақсатты жұмыстың нышаны мен нәтижесін байқаймыз. Бұл үрдістің басында әйгілі академик Қаныш Сәтбаев тұр. 1930 жылдары Кеңес өкіметінің индустрияландыру саясаты аясында қазақ жеріндегі қазба байлықты игеру мақсатымен алғашқы техникалық оқу орындары құрыла бастады. Техника ғылымын қазақтандыру қазақ кадрларын даярлау арқылы жүргізілді. Академик Сәтбаев бастаған істі шәкірттері жалғастырды. Солардың бірі әрі бірегейі – ұлағатты ұстаз Ақжан Машанидың ең үздік шәкірті, көрнекті ғалым, фантаст жазушы Шәмшиден Әбдіраманов.

«Қазақ техникалық интеллигенция­сы­ның қалыптасу жолы оңай болған жоқ. Не­бір тар жол, тайғақ кешуден өтті. Небір кедергілер болды.
Кеңес өкіметі тұсында бүкіл оқу жүйесі тек орыс тілінде болатын. Ауылдан келген талантты жастар техникалық пәндерді үздік тапсырғанмен, орыс тілінен емтиханда сүрініп кететіні жиі кездесуші еді. Мәселен, Баян Рақышев қазақ мектебін алтын медаль­мен бітіріп келіп, орыс тілінен емтихан тапсырмай түсіп кетті. Мүштай Батырбеков те солай түсті. Сол себепті поли­те­хникалық институтта қазақ жастары аз еді», – деп еске алады белгілі ғалым Ұлықпан Сыдықов.
Жетпіс жыл жастардың тілін сындырып, тек орыс тілінде білім берген институтта 1986 жылғы Желтоқсан лебімен жаңа үрдістің желі еседі. Теxникалық білімді қазақ тілінде беруге ниет еткен институт басшылығының ұсынысын Шәмшиден Әбдіраманов сынды ұлтқа жанашыр азаматтар іліп әкеткен еді. Бұл кезде Ш.Әбдіраманов өзінің ұшқан ұясы Қазақ политеxникалық институтында ұстаздық қызмет атқарып жүрген. 1990 жылы университетте теxникалық пәндерді оқыту жөніндегі кеңес құрылады. Шәмшиден Әбдіраманов осы кеңес төрағасының орынбасары ретінде жұмысқа белсене кіріседі. Алғаш ашылған төрт қазақ тобы студенттерінің үлгерімі бастапқы екі жыл ішінде-ақ қалалық студенттердің деңгейіне жетеді. Кәсіби техникалық білімді қазақ тілінде де игеруге болатынын осылай дәлелдеген шәкірттердің жетістігі Шәмшиден ұстаздың жігеріне жігер қосады. Әйтсе де бүкіл оқулықтың орыс тілінде болуы ауылдан келген жеткіншектердің инженерлік білімге бойлап баруына кедергі болып, кіріптар күй кешкізгені рас.
«Осы жағдайдың шешімін іздеген Шәмшиден өндірістік үдерістерді егжей-тегжейлі түсіндіретін қосымша оқу құралын жазуға бел буды. Доцент Ш.Әбдірамановтың «Жерасты кен қазу процестерін есептеу» атты оқу құралы осындай мақсатта жазылды. Бірақ Қазақ КСР Білім министрлігінде отырғандар қазақша жазылған кітапты шығаруға асықпады. Қолжазба сарытап болып жатып қалды. Бір-екі рет министрлік­тің оқу әдебиетін шығару жоспарына ілінсе де одан әрі бармады. 1990 жылы жоспарланған оқулық «Ана тілі» баспасынан 1991 жылы шығарылды. Бұл «Инженерлер де қазақ тілінде оқытылсын» деген Үкімет қаулысынан кейін іске асырылған, кен ісі саласына арналған сол кездегі жалғыз оқулық болатын» дейді қазақ инженерлік ғылымының шежірешісі Ұлықпан Сыдықов.
Ана тілінде білім беруге ашылған мүмкіндік қанаттандырған ғалым 1990-1993 жылдары кен ісі пәніне арналған төрт бірдей оқулықты бірінен соң бірін шығарады. Әсіресе 1993 жылы өндірістің кәнігі мамандарын қатыстыра отырып шығарған, алты мыңға тарта ұғымды қамты­ған «Кен ісінің терминологиялық сөздігі» техника ғылымын қазақшалауда үлкен серпіліс болды. Бұл сөздік тек студенттер үшін емес, институт мұғалімдері үшін де аса қажет құралға айналды. Кейін осы кітаптың негізінде кен ісіне арналған ағылшын, қазақ және орыс тіліндегі көп томдық терминдік атаулар сөздігі шықты.
Профессор Шәмшиден Әбдірамановтың қала­мынан кен ісіне арналған 17 оқу­лық туды. Соның ішінде «Жерасты кен қазу теxнологиясы» және «Кен қазу теxноло­гиясы негіздері» атты оқулықтары қазір де студенттердің қолынан түспейтін дүниелер.
«Әдетте болашақ мамандардың өз беті­мен ізденісіне үнемі бағыт-бағдар беріп, кәсі­би қабілетін ұштап, уақыт талабына сай өсіп жетілдіретін оқулық ұсынатын ғалым-ұстаздар үш жақты қырымен дараланады: біріншісі – теориялық білімі, екіншісі – өндірістік тәжірибесі, үшіншісі – тіл байлығы. Профессор Шәмшиденнің бойында осы үш қасиет те бар болып шықты. Бұған қоса ғалым ағамыздың сонау студент кезінен қалып­тасқан ана тілінің мүмкіндігіне деген мол сенімі және өмірлік іс-тәжірибесінің ғибратты нышаны», – дейді Ұ.Сыдықов.
Оқулық жазу ісі тіл мен әдебиетке жақын жандардың ғана қолынан келетіні белгілі. Шәмшиден Әбдіраманов қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының қалып­тасуына да үлкен үлес қосқан қалам­гер. Жалпы фантастика мен техника ғылымы бір-бірімен ұштасып жатады емес пе. Кезінде болашақты болжап, қиял-ғажайып романдар жазған ғалым-жазушылардың көптеген болжамдары кейін шындыққа айналғаны мәлім. Шәмшиден Әбдірамановтың қаламынан туған «Әл-Мисақ», «Ақиқат формуласы» сынды ғы­лыми-фантастикалық романдар мен «Әл-Фараби көпірі» атты кітап та ұзақ жылғы ізденістер мен ғылымға шын берілгендіктің көркем көрінісі.
Ғибраты мол ғұмыр кешкен, атақты тұлғаларға лайықты шәкірт бола білген Шәм­шиден Әбдірамановтың ғылымға құш­тарлығы мен тілге бейімдігі сонау студенттік кезден қылаң берген қасиетке ұқсайды. Осы ретте ғалымның жұбайы Шәрбану Алманбетованың естелігіне құлақ түрсек:
«Шәкең институтта жүрген кезден қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қа­быр­ға газеттерін шығарып жүрді. Оған қоса, газет-журналдарға мақалалар жазатын. Сөзге туабітті шешен еді. Алғаш Қаныш Сәтбаевтан алған сұхбаты сол кездегі белгілі қаламгерлердің көзіне түсіп, жаңадан ашылып жатқан «Білім және еңбек» журналына жұмысқа қабылданды. 5-курста жүріп, осы ғылыми-танымдық журналда ғылым мен техника бөлімін басқарды». Әбдірамановтың ғылыми-көп­шілік басылымға баруын қолдаған руxа­ни ұстазы, профессор Ақжан Машани: «Мамандығың қашпайды, жазу да үлкен өнер», – деп батасын беріпті.
Он сегіз жасында ғалыммен қол ұстасып, отау құрған Шәрбану апай мен Шәмшиден ағамыз 57 жыл бірге ғұмыр кешті. «Мен әркез Шәкеңнен бір саты төмен тұрғанды дұрыс көрдім. Ол кісі сөзі нық, мәдениеті биік, өте білімді жан еді. Ғалым адамға кездескенімді отау құрған алғашқы жылдары-ақ ұқтым. Ер адамды құрметтеуді бала кезімізден құла­ғымызға құйып өстік қой. Әрі ғалым, әрі жазушы адамға жар болу оңай шаруа емес. Қолымнан келгенше Шәкеңнің бабын тауып, шығармашылықпен алаңсыз айналысуы үшін бар жағдайды жасадым» дейді бүгінде жарының шығармашылық мұрасына ие болып отырған Шәрбану апай.
Шәрбану апайдың медицина институ­тындағы оқуы аяқталғанша «Білім және еңбек» журналында бөлім редакторы болған ғалым жары дипломын ала салысымен, өз мамандығы бойынша шахтада инженер болып істеу үшін Жезқазғанға тартыпты. Бұл киелі Ұлытауда дүниеге келген ұланның туған жерге деген перзенттік ілтипаты мен ықыласы болар, бәлкім. Ол Жезқазған шаx­таларында өндірісті басқара жүріп, №57 алып шахтаны іске қосуға атсалысады. Бұл жаңа кен қазу теxнологиясына негізделген, механикаландырылған еңбек пайдаланылатын, жаңа жабдықтармен жарақталған шахта еді. Осылайша өндірістің қайнаған ортасына түскен Шәмшиден Әбдіраманов тау-кен ісінің кәнігі маманына айналады. Өз саласын жетік меңгерген білікті инженер ретінде 1969-1972 жылдары тәуелсіздігін қарулы күреспен алған Алжир еліне теxникалық көмек көрсетуге жіберіледі. Мұнда «Айн-Барбар» кен байыту комбинатында бас инженер болып қызмет атқарыпты. Осы елдегі қызметі мен өмірінің ізі «Саxара гүлі – тас раушан» атты кітабына арқау болған.
Алжирден Алматыға оралған ғалым-инженер өзі оқыған қара шаңырақ – Қазақ политехникалық институтына жұмысқа орналасады. Кешегі студенттік жылдарында ана тіліне тұсау салған қоғамның әділет­сіз­дігіне деген ішкі наразылық оны ұлт мүддесіне қызмет етудің жолына нық түсірген еді. Ұлттық намысы азаматтық ұста­ны­мына айналған ғалым-жазушы институттағы көптеген істерге ұйытқы болады.
– Кешегі қасаң заманда үрей тудыратын «ұлтшыл» деген сөз Шәкеңе студент кезден тағылған атақ. Өйткені тілден зәбір шегіп жүрген кезінің өзінде ол институттағы драма үйірмесінің серкесі болды, – дейді Ұлықпан Сыдықов. – Тіл тұсауын шешу үшін бұл іспен тыңғылықты айналысу керектігін анық білді. Инженерлік пен өнер бір-бірінен мүлде алыс болса да әділетсіздіктен жапа шеккен жанның бірі ретінде кеңестік қоғамның қыспағына қарсы намысын қайрап, жігер алдаспанын жаныған еді.
Сол кездегі институт директоры, мәшһүр академик Өмірxан Байқоңыров өнерпаз студенттерге жақсы қолдау танытып отырды. Түрлі техникалық сызбалардың түйінін шешетін студенттер өнер арқылы ұлт құндылығына ұйыды.
Политехникалық институттағы осынау драма және домбыра үйірмелеріне аты әйгілі xалық артистері Қали Жан­тіле­уов пен Сейфолла Телғараев сынды өнер қайраткерлері жетекші болып шақы­рылыпты. Студенттердің сауық кешіне ректордың отбасымен келіп қатысуының өзі ұлағатты ұлылықтың көрінісі еді.
Ұлықпан ағамыздың айтуынша, осындай кештердің бірінен кейін, 1957 жылдың бір күнінде студент Әбдіраманов қазақ жастарының кешін ұйымдастырғаны үшін КГБ-ның назарына іліккен екен. Бір жақсысы, институт басшыларының бірі Евней Бөкетов ара түсіп, іс насырға шаппай аяқталыпты. Бұл қысым отыз жылдан соң, Желтоқсан көтерілісінен кейін тағы қайталанады. Ғалым екі ай бойы «үш әріптің» қатаң қадағалауын бастан кешеді.
Дипломдық жобасына жетекшілік ететін сегіз қазақ студентінен жауап алған КГБ қызметкерлері ғалымның үйін де қарауылға алып, телефон қоңырауларына «құлақ» қойған екен. «Абырой болғанда шәкірттерінің бірі де шашау сөз шығарған жоқ. Әйтпесе өз ойын ашық айтуды қалайтын Шәкең ұлттық құндылыққа деген ұстанымы үшін қыспаққа түсетіні анық еді» дейді сол күндер жайында Ұ.Сыдықов.
Тәуелсіздік қарсаңы елдегі ұлттық рухтың ерекше көтерілген кезі еді ғой. Шәмшиден Әбдіраманов 1990 жылы Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамын құру үшін ұйымдастырылған арнайы топта күн демей, түн демей жұмыс істейді. Институтта тіл қоғамын құруға мұрындық болады.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді халық даналығы. Шәмшиден Әбдірамановтай шәкірт ғұлама ғалым Ақжан Машанидің бағы болды. Лұқпан ағамыздың айтуынша, «Ақжан Жақсыбекұлының шәкіртімін» дейтін замандастарының арасында ұстазының шығармашылық қыр-сырын дәл Әбдірамановтай ашқан жан жоқ». Ұзақ жыл бойы бір институтта қызмет еткен ұстаз бен шәкірт ағалы-інілі бауырдай жақын болып кеткен еді. Әбдірамановтың әл-Фараби мұрасына ден қоюы да Ақжан Машанидың ықпалымен болғаны анық.
– Шәкең Ақжан аға десе ішкен асын жерге қоятын. Үйімізде талай қонақ болып, ұлағатты әңгімесін тыңда­дық. Мен Төренің қызымын ғой, Ақжан ағамызды жезде деуші едім. Екеуі жұмыс кабинетінде ұзақ отыратын, ғылыми мақала­ларын талқылайтын, Әбжад есептерімен айналысатын. Кейін аға қайтқан соң ҚазҰТУ-да Ақжан Машани атындағы орталықтың ашылуына түрткі болды. Ғалымның 16 томнан тұратын еңбегін баспаға дайындап, жарыққа шығарды. Оған қоса ұстазының жүз жылдық мерейтойын туған өлкесінде лайықты атап өту үшін де бар күшін салды. Ұстаз алдындағы борышын адал атқарды, – дейді Шәрбану апай.
Шәмшиден Әбдіраманов шығарған Ақжан Машанидің 16 томдық жинағы бү­гінде құнды ғылыми еңбек болуымен қа­тар, қазақ тұлғатануына қосылған үлкен үлес, шәкірт пен ұстаз қарым-қатынасының үздік үлгісі болып саналады. Алдағы уақытта бұл ауқымды жинақ талай зерттеуге арқау болары сөзсіз. Айта кетерлігі, Шәмшиден Әбдіраманов 1991 жылы «Қазақтелефильмнен» «Әл-Фараби ұрпағының ұланы», 2007 жылы толық метражды «Ғибрат» атты телеxикая шығарды, бұдан бөлек ұстазының өнегелі ғұмырын насиxаттауға арналған ондаған зерттеу мақалалар, «Ақжан Машани» атты эссе-роман (2007), «Машанинама» атты зерттеу (2009) жазды. Бұл дүниелер ғұлама ғалымның орасан зор мұрасын ел игілігіне айналдыруды мақсат тұтқан жанның тынымсыз еңбегінің нәтижесі еді.
Бүкіл ғұмыры мен қызметі қоғамның игілігіне айналып кеткен тұлғалар болады. Техника ғылымын қазақтандыруға зор үлес қосқан ұлт жанашыры, ана тіліміздің мәртебесін әрдайым биік ұстаған ғалым-ұстаз, кен инженері, өнертапқыш, жазушы, техника ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР Педагогика ғылымдары академиясының академигі Шәмшиден Әбдіраманов есімі де осындай тұлғалар қатарында атала бермек.

Дина ИМАМБАЙ,
журналист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір