ЖЫЛ СОҢЫНДАҒЫ АҚИҚАТ
24.01.2023
971
0

Пандемия кезінде екі жыл карантинде қамалғаным аз болғандай, бір жылдай науқасыма байланысты төсек тартып жатып, биылғы жылдың соңында ғана жұмысыма шығып, жан-жағыма қарадым. Келдім. Көрдім. Таңғалдым…

Мемлекет­тігімізді нығайту мен жаңару, жаңғыру жолындағы бастамаларды, Жаңа Қазақстанды құруды кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйеден шыққан, елде жаңғыру, жаңару мен саяси өзгерістердің болғанын қаламайтын, саяси реформалармен бірге қоғамдық сананың өзгергеніне мүлдем қарсы, ұлт үшін ешқашан ештеңе жасамайтын ескі кадрлар басқарып жүр екен… Маған баяғыдан таныс (бесіктен белі шықпаған кезінен білемін) бір қолымен бизнесті, екінші қолымен билікті қармап, күмәнді діни топтарды жамағатына айналдырып, қу сөзбен идеология жасап, аузымен орақ орған, ұжымдасқан дарынсыздардың «Жаңа Қазақстанды құрып жатқанын» көргенде, төбе шашымның тік тұрып кеткенін жасырмаймын. Олар қабығы ғана жылтыраған, іші рухани аштықтан әлсіреген, құлқыны мен нәпсісін ғана өбектеген, жылайтын жерде күлетін, елге пайдасы тиетіннің бәрімен атысып отыратын, қиыншылықтан қашып құтылғысы келетін сорлыларға көсем болып жүргісі келеді. Ең қауіптісі, биліктің осал жерлерін пайдаланып, жауапкершіліктен қашқан, жоққа шат­танған, жатқа мақтанған, алаңсыз ойнақ салуды ғана ойлайтын, ішкі бақытсыздықтарын жасанды «америкалық жымиюмен» жасыруға тырысқан, мияулаған мысыққа да қосыла ыңылдап көңіл көтеретін, естігенін де, көргенін де, тіпті оқығанын да талғамсыз қабылдайтын тобырға «қоғамдық пікірдің Көшбасшылары» болып, саяси аярлықпен басшылыққа келуге жанталасып жатыр. Шынында, бар өмірі онсыз да басшылар мен байлардың алдында тізерлеп өтіп келе жатқан қазақтың өз ішінен шыққан осы жағымпаз, екіжүзді итаршылар мен жігерсіз мүсәпірлер не бітіреді?..
«…«Алаш» программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандық бұйрығы болмайтын, дүние-мүлікке қызығып сатылмайтын шыншыл, адал, тура кісі кіреді.
Сыртын берсе, іші басқа, тілін берсе, жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, Алаш жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе, сырт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі Алаш партиясына кірмейді. Алаш партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарт­тарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн!..» («Алаш» партиясына кім мүше бола алатынын жазған мақаладан).
Ойландым… Жаңа – 2023 жылда өткенімізді саралап, ертеңімізді бағамдауға қажет болатын шығар деген үмітпен жыл соңында осы бір ақиқат­ты айтуды жөн көрдім. Бүгінгі қоғамдағы бір жағымсыз құбылыстың себебін іздедім… Себебін де, емін де таптым!
«…Елді сүю, патриот болу – ағашты сүю емес, киіз үйді сүю емес, шындықты айтатын адамды қолдау» деген еді белгілі режиссер, драматург Болат Атабаев. Бүгінгі күні Ұлт­тық Рухты ояту үшін ат төбеліндей ғана санаулы жанашыр азамат­тар жігерленіп, талай тың да игі бастамаларды табандылықпен іске асыруда. Бірақ қолдаушылар аз… Ұлт ұйықтап жатыр… Атақтылары мен байлары рушылдықпен ауырған… «Белсенділер» жем жейтін астаудан ұзамайды… Билік дәрменсіздік танытуда…
Қоғам мен Билік тиянақты бірлесе алмаған соң, билік жүйесінде халқын сүйетін, ұлтын қорғай алатын, елі үшін жауапкершілікті өз мойнына алатын, керек болса құрбан бола алатын кадрлардың жоқтығынан мемлекетшілдік идеясы мен Қазақ халқының ұлы тұлғаларын ұрпақтың жадына сіңіру әуесқойлық, науқандық деңгейде, жүйесіз жасалуда. Қолдан «әулиелер мен жұлдыздар» жасаған, көсем іздеген, жеке басқа табынудан арылмаған, дамымай қалған қоғамбыз. Азамат­тық қоғамды дамыта алмай, піспеген жемісті көктей жұлып, ащы әрі қышқыл, дәмсіз қалпында жас ұрпаққа жегізіп жатырмыз.
Шәкәрім қажының Абай Құнан­байұлы туралы: «Ибраһим мырза хәкім еді. Данышпан еді. Әт­тең тұрған жері қазақтың іші болғандықтан ұлылығы көрінбеді, қадірі азырақ білінді…» деген өкінішін бүгінгі ұрпақ айтпауы керек еді. Өкінішті.
Бір патша келе жатса, жасы ұлғайған қария өрік ағашын егіп жатыр екен.
Патша менменсініп: «Ей, шал! Мына өрік өскенше сүйегің салдырап қалады ғой, неге егесің?» – депті. Сонда қария алысты меңзеп: «Олар екті, біз дәмін тат­тық, біз егеміз, олар дәмін татады», – деген екен.
«…Мықты елдер: «Сен менің тауа­рымды сатып ал, міндетің сол. Қалған уақытыңды рухани байлық қайда кет­ті, тілдің халі неге мүшкіл деп өткізе бер. Осыны анықтау үшін жиналыс жаса, конференцияларды үзбей өткіз, даулас, таласқа түс, ойбайға сал. Бірақ біреуің гайка бұрама, біреуің компьютер шығарма, көлік құрастыруды үйренбе. Мұның барлығын сен бізден алсаң болады», – дейді.
Өкінішке қарай біздің зиялы қауым осыны түсінбей отыр. Бұл – қазаққа өте қауіпті нәрсе. Тағы да айтам. Қазақ қазақ болып қалу үшін ең алдымен технологиялық және технократ­тық жетістікке жету керек…
…Әркімнің менталитеті, сана-сезімі, әдет-ғұрпы бөлек болады. Анаған-мынаған далақтай берудің де қажеті жоқ. Абайдың сөзі бар тағы да: «Ақсақал айт­ты, бай айт­ты. Кім болса мейлі, сол айт­ты. Ақылменен жеңсеңіз» дейді. Мінекей, біз осы сөзді ұмытпауға тиіспіз. Анау айтыпты, мынау бүй депті деп, анадан бір жұлқып, мынадан бір жұлқудың керегі жоқ.
Сіз өзіңіздің әніңізді, күйіңізді сақтаңыз. Сіз жеті атаңызды білу дәстүрін дәріптеңіз. Осының барлығын сақтай отыра, жаңа заманға бейімделіп, технократ­тық елге айналыңыз. Сонда ғана қазақтың болашағы болады…» Бұл – белгілі ғалым, математик Асқар Жұмаділдаевтың сөзі. Сондықтан билікке және биліктегілердің қасына елімізді технологиялық, технократ­тық жетістікке жеткізетін білімді, ұлт­тық құндылықтарды қаны мен жанына әбден сіңірген, еркін ойлы жастар мен әділетсіздікке қасқайып қарсы тұратын, елдің жоғын жоқтайтын, руханиятымыздың тамырына балта шап­қысы келіп жүрген қаскөйлермен аянбай күресетін және кісілік, ақындық, шешендік, әншілік, шежірешілік, іздемпаздық (әсіресе руханият пен тарихты терең зерт­тейтін) жады керемет пәтуалы ел ағалары мен ақсақалдар келіп, қазақ халқының ұлы тұлғалары мен Алаш арыстарының шынайы бағасы беріліп, олардың есімімен байланысты барлық жәдігерлер ұлт­тың тарихи құндылықтарына айналып, ат­тары әспет­телуі қажет!
«…Италияның саяси қайраткері Массимо Д.Аурельо ХІХ ғасырда былай депті: «Италию мы уже создали, теперь нам надо создать итальянцев». Ал поляктың саяси қайраткері Пилсудский: «Не нация создает государство, а государство – нацию» дейді. Бұл пікірлерде терең мән жатыр. Әсіресе біз үшін.

Демек, ұлт­ты ұлт ететін не? Оның тәуелсіз мемлекеті. Нақтырақ айтсақ, мемлекет жүргізетін саясат. Мемлекет­тік саясат. Егер бодандықтан босаған ұлт мемлекет­тік жүйесін дұрыс құра алса, дамудың үлкен жолына түседі. Теріс жүйеге түссе, ұлт күйзеледі, күйрейді. Мұны 1960-70 жылдары тәуелсіздік алған Африканың көптеген елдерінен көруге болады. Сондықтан да ұлт тағдырын мемлекет жүргізіп отырған саясат­тан еш бөліп алып қарастыруға болмайды!»

деген еді көзі тірісінде саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев. Бұл бастамалардың азды-көпті нәтижелері де жоқ емес. Бірақ тым мардымсыз!
«…Жас кадрларды ұсыну ең үлкен қоғамдық қызығушылықты тудырды. Бұл жобаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы бастаған еді… Барлығы 350 резервшінің 258-і әртүрлі жауапты лауазымдарға тағайындалды, оның ішінде 34-і – «А» корпусының саяси және мемлекет­тік қызметшілері. …Жас мамандарды басшылық лауазымдарға ұсыну бойынша жоспарлы жұмыс жалғасып жатыр. Президент­тік Жастар кадрлық резерві жобасын одан әрі іске асыру Президент­тің сайлауалды бағдарламасының басымдықтарының бірі болып саналатынын айта кеткен жөн» (Ерлан Қарин).
Нақтысын айтсам, ешкімге жалтақтап, ешкімнен үйренудің де керегі жоқ! Ұлт болып жаратылғалы Қазақ халқы ықылым заманнан бері өз ортасында тәрбиелеп шығарған ұлы тұлғаларын ұлт­тық санасында қасиет­теп, жүрегінде қастерлеп, жадында бекітіп келеді. Әркімнің өз шындығы болса да, Қазақ баласы үшін ақиқат өшпейді. Халық өзін сүйгендерді, өзін қорғағандарды, өзі үшін құрбан болғандарды ешқашан ұмытпайды. Кеңес үкіметі мен коммунистік идеология заманында да киелі қариялар оларды дәріптеп, ал Қазақтың жақсыларының есімдерін жер бетінен өшіруге тырысқан, қазақтың тарихын ұмыт­тыру үшін оны білетіндерді қынадай қырған, тіпті жойып жіберуге тырысқан, Мәскеуге жағынған қазақтың өз ішінен шыққан итаршылардың зұлымдықтары мен қиянат­тары туралы да айтып отыратын. Апам марқұм (мен әжем Сақыпжамал Зүбайроллақызын осылай атаймын) қасынан қалдырмай, сондай үлкендер жиналған жерлерге мені ертіп апарып, абыз ақсақалдар мен Ақыжан Машани, Әлімхан Ермеков сияқты Алаштың ардақтыларының әңгімелерін тыңдататын еді. Беу, жалған-ай!
Апам марқұм қазақтың дастандарын жатқа жырлайтын. Әсіресе Қасиет­ті Ораза айында кешкі ауыз­ашардан таңғы сәресіге дейін апам марқұмның жырлаған дастандарын ұйып тыңдаушы едім.
Әкем марқұм ауылға гастрольдік сапармен келген өнер тарландары мен өнер ұжымдарын маған тыңдату үшін басшылардан арнайы сұрап алып, үйге әкеліп, күні-түні құрмет­теп, арнайы қонақ етуші еді. Үйіміздің төрінің сәні болған Ж.Елебеков, Д.Рақышев, М.Ешекеев, М.Хамзин сияқты біртуар алыптардың әңгімелері мен өнеріне бала кезімнен сусындатып өсірген әкем Ғабдылмәжит (Мәжікен) Мақсұтұлы мен анам Қадырберген (Кәден) Әліпбергенқызына Алланың нұры жаусын!
Қылышынан қан тамып тұрған Кеңес үкіметінің кезінде әкем марқұм Абай, Әлихан Бөкейхан, жалпы Алаш қайраткерлері туралы әңгімелерді тыңдап, ұғып алуым үшін үйге Жәңгір Смақанұлын (Әлихан Бөкейханның інісінің баласы) арнайы қонаққа шақырып, патшадай құрмет­теп күткені әлі есімде… Бүгін ойласам, осының бәрі – Қазақтың Тәуелсіз ел болуға деген аңсарының, асыл текті тұлғаларына деген махаббатының, келешек пен ұрпаққа деген үміті мен сенімінің көрінісі екен ғой… Ал ұлт­тық тұлғаларының есімдерімен жер-су атауларын да атап, есімдерін ұрпақтың жадына бекітуі – Қазақ халқында ғана бар елдік парасат­тың белгісі!
«Алашқа аты шыққан адамдар!
Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арт­тарыңнан Алаш адасады, соңдарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар!» – деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзін күнде есімізге алайық, бауырларым! Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!

Қуаныш МАҚСҰТОВ,
ақын
09.12.2022 ж.
Қарағанды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір