АҚПАН МЕН ҚАЗАН АРАСЫ
Рашид ОРАЗОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері
– Ерте кезден тәуелсіздігін аңсаған, сол жолда бірнеше жыл бойы ұлт-азаттық күресін жалғастырған бодан елдер неге патшаның тақтан құлауын өз мақсат-мүддесіне сай пайдалана алмады? Мұның тарихи себептері не?
– ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдары Ресей империясының толық отарына айналған қазақ елі тәуелсіздік үшін күресін үздіксіз жалғастырып отырғаны тарихи деректерден анық байқалады. Патшалық Ресей империясының отарлауына қарсы бағытталған, Сырым Датұлынан кешегі патшаны тақтан тайдырған ақпан төңкерісіне дейінгі уақыт аралығын алып қарасақ, қазақ даласындағы көтерілістер мен наразылық толқулар бір сәт толастамай азаттыққа деген ұмтылыстың өміршеңдігін көрсетті. Дегенмен, біз мына мәселені де ескергендігіміз жөн. ХІХ-ХХ ғасырларда әлемдік державалар озық технологияны меңгеріп, игеріп жатқанда, өкінішке қарай қазақ қоғамы бұл көштен артта қалып қойды. Сол үшін де ғасыр басында Алаш зиялылары ұлттың рухын көтеру үшін «Оян, қазақ» деп ұрандады.
1916 жылы майданға қара жұмысқа бала бермейміз деп наразылық білдірген қазақтар мұздай қаруланған патша әскері тарапынан жаншылып, жазаланды. Соның салдарынан шетел асуға мәжбүр болды. Қытай асқан қазақтардың тағдыры өте аянышты болғаны мұрағат деректерінде анық жазылған. Алаш зиялылары уақытша билік кезінде жергілікті басқару билігіне тартылып, осы жолда қызмет етті. Патша тақтан құлаған 1917 жылды ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ: «Ақпан төңкерісін қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, біріншіден, бұл төңкерістің нәтижесінде патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтыламыз, екіншіден, өзімізді-өзіміз басқаратын автономияға қол жеткіземіз деген үміт басым болды» деп түйіндейді. Ақпан төңкерісінен соң патшалық биліктен құтылған қазақ халқы ғасырлар бойы аңса-ған ұлтының арманы орындалып, теңдікке қол жеткізетін сәті туды деп түсінді. Осыған орай 1917 жылы наурыздың тоғызына «Қазақ» газеті: «Киіз тұғырлы қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық қуаныш жалғыз ғана орыстікі емес. Отаны Россия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш», – деп жазды.
Кешегі алып Кеңес Одағы ыдыраған кезде де Қазақстан неге өз тәуелсіздігін өзге одақтас республикалардан кеш жариялады дегеннің астарында да отарлық өктемдіктің сан салалы озбырлығы жатқандығын тарих беттерін парақтаған адамдарға белгілі жайт екендігін еске салудың артықшылығы болмас.
– Ақтар мен қызылдар текетіресі қазақтардың тарихи жағдайына қалай әсер етті?
– Қазан төңкерісінен кейін Ресейде басталған Азамат соғысы, яғни ақ пен қызылдар соғысының зардабы Қазақстанды да шарпыды. Қазақ үшін ағы кім, қызылы кім – түсініксіз еді. Ағы кеп қазақ ауылын бір шапса, аққа көмек көрсеттің деген желеумен қызылы екі шапты. Зардап шеккен – жергілікті халық. Түсі мен идеологиясы өзгерген ақ пен қызыл қазақ үшін сол орыс еді. Қызылдармыз деген бет пердені жамылған большевиктер 1916 жылғы көтерілісте қазаққа кеткен кегіміз деп кей ауылдарды жермен жексен еткені де ақиқат. Азамат соғысы кезінде көшпелі қазақтардың арасында азық-түлік салығы қатаң жүргізілді. Мал шаруашылығымен айналысатын көшпелі халықтардың малын күштеп тартып алу үйреншікті әдетке айналады. Астық екпейтін аудандарға астық салығы салынады.1916 жылы басталған дүрбелең 1920 жылға дейін қазақ ауылдарын сансыратты. Әсіресе азамат соғысының зардабы қазақтарға өте ауыр тиді.
– Ресей билігі мен қоғамындағы өзгерістерді қазақтың пайдасына шешу үшін қазақ зиялыларынан құралған басқару жүйесі жалпы халықтың пайдасына қызмет ете алды ма?
– 1917 жылғы Ақпан төңкерісін қазақ халқы зор қуанышпен қарсы алды. Әсіресе, қазақ зиялылары патша билігін құлатқан бұл төңкерісті жаңа саяси жүйені құруға мүмкіндік береді деп түсінді. 1917 жылы 20 наурызда Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Шоқай өздерінің Алаш ұлына деген үндеуін Қазақ газетінде бастырып, былай дейді: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Кеше ғана құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырдан бері жұрттың бәрін қорлықта ұстаған, құлдықта ұстаған жауыз үкімет өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті деп қуанды». Бұл үндеуде Алаш қайраткерлері қазақ халқын Уақытша үкіметті қолдауға шақырды. Әсіресе, патша үкіметі мен оның жергiлiктi билік орындарының құлатылуын, облыстар мен уезд орталыктарында патша әкiмшiлiгiнiң неғұрлым реакцияшыл өкілдерiнiң тұтқындалуы мен қызметтерiнен қуылуын Түркiстан мен Қазақстан халықтарына келешекке деген үміт отын жақты.
Ұлт зиялылары 1917 жылы шілде, желтоқсан айларында Орынборда жалпы қазақтық Алаш съезін өткізіп, ұлттық мемлекет құруға талпынды. Сонымен қатар, 1917 жылғы қарашада Қоқан қаласында болып өткен IV төтенше өлкелік мұсылмандар съезі Түркістан өлкесін жергілікті халықтардың саяси тәуелсіздігін қамтамасыз етуді мұрат тұтқан автономия жариялап, сонымен бірге оның құрамындағы «тұрып жатқан басқа да халықтардың құқығы толық сақталатындығын салтанатты түрде мәлімдейді». Түркістан автономиясын жариялай отырып, М.Шоқай мен оның серіктері бұл мақсатты іске асырудың қаншалықты азапты, күрделі екендігін жақсы түсінді. Ол съезде сөйлеген сөзінде: «Сіздер бірден толыққанды мемлекет құрғыларыңыз келеді. Ал ол үшін бізде адам жоқ, мүмкіндік жетімсіз, әскер құрылмаған. Россия қаншалықты құлдырау кезеңінде десек те, бізден әлдеқайда қуатты… Жариялай салу оңай, алайда біздің жағдайымызда оны сақтап қалу өте қиын», – деген ойды айтады.
Большевиктер 1917 жылғы сәуірде Петербургта өткен өз конференциясында мынандай мәлімдеме жасаған болатын: «Ресейдің құрамына кіретін езілген халықтарға Ресей мемлекетінің құрамында қалу немесе дербес мемлекет болып бөлініп шығу мәселесін өздігінен шешуге құқық берілуге тиіс». Большевиктердің шынайы тәуелсіздік пен демократия жолы деп келген қазақ даласындағы Кеңес өкіметінің жеңісі, іс жүзінде патшалық Ресейдегіден де күшті диктатураға, бюрократиялық жүйені орнатуға апаратын жол болып шықты. Ал Қазан төңкерісі жөнінде А.Байтұрсынов: «Біз үшін Қазан төңкерісінің мәні еш түсініксіз болды», – деп дәл бағасын берген болатын. Әсіресе, қазақ даласындағы оқиғалар жергілікті халықтың революциялық белсенділігі емес, сырттан әкелінген факторлардың жемісі болды. Қазақ даласындағы Кеңес өкіметі әрбір қалада, ірі мекендерде қызылгвардияшылар мен жұмысшы әскери жасақтарының қылышына сүйене отырып құрылды. Міне, осы жағдайда ұлт зиялыларының құрған мемлекетін большевиктер мойындамай оны әскер күшімен жойды.
М.Шоқай Ресейдегі 1917 жылғы Ақпан революциясы жеңіске жеткеннен кейінгі халық үмітінің ақталмағанын былай деп жеткізеді: «1917 жылғы Ресей революциясы болғалы он тоғыз жыл өтті. Бұл революцияны шын көңілден сүйсіне, тебірене қарсы алғанымыз әлі есімізде. Түркістандықтардың көбісі, әсіресе қарттар 1917 жылғы революцияны Ресей мен Түркістанның аражігін айырған 1916 жылғы Түркістан көтерілісінің заңды жалғасы деп қабылдаған еді. Әттең бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. Революция үмітімізді ақтамай, сенімнен айырды, алданып қалғанымызды айқын көрсетті. Байтақ еліміз құрбан болған перзенттерінің қаны мен тәніне толы болды. Түркістанның мыңдаған жігіттері бетіне жаңа перде бүркенген ескі отаршылдыққа қарсы күресте опат болды».
Қазан төңкерісі арқылы билікке ие болған большевиктер қазақты ұлт ретінде жоюдың неше түрлі құитұрқы саясаттарын қолдан жасағанын тарих ешқашанда ұмытпайды.
Әңгімелескен Қ.Серікқызы.