«алтай – Алатау арасы» ел ішінде
06.03.2025
198
0

20 ақпанда Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде белгілі ақын, талантты әнші, «Дарын» жастар Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жыл Адамы –Алтын Адам» атағының иегері, бірнеше жыр мүшәйрасының жеңімпазы, «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар», «Жанартау» жыр жинақтарының және «Жарылыс» аударма кітабының  авторы Ақсұңқар Ақынбабаның атажұртына оралғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған  «Алтай –Алатау арасы»  атты авторлық  ән-жыр  шығармашылық кеші жалғасын тапты. 

Кеште  ақынның жырлары бойынша сахналық қойылымдар қойылып, жаңа өлеңдері, өзінің және басқа да  әншілердің орындауында ақын өлеңдеріне жазылған жаңа әндер орындалды.
«Дос Мұқасан» ансамблінің әншісі Айбек Мұхамедәлиев, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері және Қонаев қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, автор туындыларын сахналап, жиналған қауымды ерекше әсерге бөледі. Алматы облыстық Мәдениет басқармасынан арнайы келген Төлеужан Ғұмаров пен Алматыдан арнайы барған  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қалалық филиалының жетекшісі Омарәлі Әділбек  ақын шығармашылығы жайлы толғамды ойларын айтып, қалам иесіне шығармашылық табыс тіледі.
Кеш  соңында ақын Ақсұңқар Ақынбаба шығармашылық басқосуды ұйымдастыруға атсалысқан Алматы  облыстық Мәдениет басқармасына, Қонаев қалалық Мәдениет үйіне  алғысын білдіріп, Жазушылар одағының  атынан «алғысхаттар табыстады. Ақынның бұл жобасының ерекшелігі сонда, ол – өлеңдерімен бірге өзінің орындауындағы әндерімен де көрерменге керемет көңіл күй сыйлайтын жан-жақты өнер иесі. Сондықтан да Ақсұңқар ақын аталған шығармашылық жобасымен  биыл ел ішін аралап, поэзияның мейлінше кеңінен насихатталып, елге жете беруіне құлшына кіріскелі отыр. Ақынның ұлт мәдениетіне, әдебиетке сіңіріп жүрген еңбегіне сәттілік тілейміз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір