«Мұқағали» Қазан фестивалінде жүлдеге ілінді
16.09.2022
203
0

Татарстан астанасы Қазан қаласынан сүйінші жаңалық келді. Режиссер Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» фильмі XVIII Қазан халықаралық мұсылман кинофестивалінің негізгі байқау бағдарламасында қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болды.

Негізгі байқау бағдарламасына 10 кинокартина ұсынылған. Түркия, Қазақстан, Үндістан, Иран, Бангладеш, Ресей, Египет, Шри-Ланка фильмдері, сондай-ақ бірлесіп түсірілген екі таспа ұсынылды. Кинофестивальге әлемнің 44 елінен жалпы саны 625 туынды тіркелген.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген кинотаспа аты аңызға айналған қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды.
«Мұқағали» фильмнің әлемдік премьерасы «Қараңғы түндер» (PÖFF) 25-ші Таллин кинофестивалінің аясында өтіп, туынды қазылар алқасының экуменикалық сыйлығын жеңіп алған болатын. Эстония концерт залында өткен марапаттау рәсімінде фестиваль қазылары: «Фильмнің поэтикалық тілі ең нәзік тақырыптарды адам жанының тіліне аударуға мүмкіндік береді. Фильм нағыз рухани құндылықтарды дәріптеуге жол ашады», – деген баға берді.
Сонымен қатар наурыз айында биографиялық картина Кераладағы (Үндістан) 26-шы Халықаралық кинофестивальдің «Әлемдік кино» секциясында ұсынылды. Тамыз айының басында фильм Қырғызстанда «Қазақстан киносының күндерін» ашты.
Бірнеше халықаралық фестивальдерде сыншылардың көзіне түсіп жүрген кинокартина енді 15-20 қыркүйек аралығында фильм Гатчиндегі 28-ші халықаралық «Әдебиет және кино» кинофестиваліне (Ресей) қатысады. Ол жерден де жүлдеге иеленеді деп сенеміз. Себебі фильмнің сценарийі осы «Әдебиет және кино» тақырыбына дөп түсіп тұр.
Айта кету керек, бұл туынды өз елімізде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылды. Өкінішке қарай, он-ақ адам дауыс беріп, сыйлықтан қағылған болатын.
Айта кету керек, Қазан халықаралық мұсылман фестивалінде Татарстан мен Қазақстанның бірлескен жобасы – «Тарлан» фильмі де көзден таса қалмай, «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Туындының режиссері Юлия Захарова, қазақстандық тараптағы бас продюсер Алмагүл Тілеуханова мен басты рөлдегі актер Бекежан Маясаров жүлдені алуға фестиваль сахнасына шықты. Ал «Мұқағали» фильмінің жүлдесі ақынның өзін сомадаған актер Асланбек Жанбалаевқа табысталды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір