СЕМЕЙ МЕН ХИРОСИМАНЫҢ АРАСЫ
11.05.2023
389
0

Ақбас Алатаудың бауырында өскен арманшыл қазақтың бір қызын қарт Фудзияма құшақ жая қарсы алады деп кім ойлаған? Алайда армандар орындалады екен…

Ұшақ қанатында самғап, алдымен Сеул­ге, одан ары қарай Токиоға жеттік. Қазақстанның Жапониядағы елшілігі елден барған делегацияны жылы қарсы алды. Делегация құрамында ЮНЕСКО мәдениеттерді жақындастыру орталығының, Қарағанды облысы әкімшілігінің өкілдері, Кәріпбек Күйіковтей үлкен суретші, өнерпаздар бар. Жүрегім лүпілдеп, бір ерекше толқыныс сезімін басымнан кештім. Ертең Токио Ұлттық музейінде Семей ядролық сынақ полигонының халқымызға тигізген зардабы туралы «Қасірет пен тағдыр» романымның тұсаукесері өтпек.
Осыдан бір жыл бұрын кітапты жапон тіліне аудару идеясы келген еді. Олжас Сүлейменов басқаратын ЮНЕСКО мәдениеттерді жақындастыру орталығының ұсынысымен, Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен бұл жұмыс басталып та кетті. Қазақ тілінен тікелей жапон тіліне аударған – Масуджима Шигенобумен осы уақыт ішінде жақсы қарым-қатынас орната білдік, ол кісі Жапония сапарында бізге аудармашы болып, қасымызда бірге жүрді. 
Осы сапар күнделігімде жасаған зор еңбегі үшін Масуджима санға, жобаға қолдау білдірген Олжас Сүлейменовке, кітапты аударуға демеу көрсеткен кәсіпкер И.А.Сауэрге, Қазақстан-Жапония арасына көпір салып, жол шығынымызды бір кісідей көтерген Қарағанды облысы әкімшілігіне, кітап мұқабасына өзінің әлемге танымал суреттерін қоюға келісім берген суретші Кәріпбек Күйіков ініме, тағы да басқа ұйымдастырушы, қолдаушыларыма зор алғысымды білдіремін.
Жапония – тынық мұхит аралдарына орналасқан мемлекет. Ол өзінің алға озып кеткен технологияларымен танылған. Салт-дәстүрін сақтай білген, жоғары мәдениетімен баурайтын ел. Сонымен қатар күншығыс елі – әлемдік даналықтың бесігі. Философиясы терең. Бір «Икигай» ережесі неге тұрады? Бұл адам болу негізі туралы жапон ережесі. Сапалы өмір сүру үшін «өзіңнің мықты жағыңды анықтап, соны дамыта біл, өміріңнің әр сәті жаныңа ләззат сыйлауы керек» дейді жапон даналығы.
Токио Ұлттық музейінде өтетін кітап тұсаукесеріне жапон әдебиеті өкілдері, қазақ диаспорасы, студенттер келіпті. Сол жерде ашылған суретші Кәріпбек Күйіковтің антиядролық тақырыпқа арналған «Жасанды күн» көрмесін тамашалап қарақұрым көпшілік жүрді. Пресса қаумалап, жан-жақтан сұрақтарын жау­дырып жатты.
Тұсаукесер шымылдығын Қазақ­станның Жапониядағы Елшісі Сабыр Есімбеков ашып, екі ел арасындағы әдеби және мәдени байланыстарды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Жапония-Еуразия» ядроға қарсылық қоғамының президенті Сока Гаккай сөз алып, Семей ядролық сынақ полигоны туралы шығарманың маңыздылығын атап өтті. Маған «Ядролық жарылыстарға қарсы Әлемді бейбітшілікке шақыратын кітап жазғаны үшін» сертификатын табыстады. Өз кезегімде 12 миллион мүшесі бар қоғамның Президентіне алғысымды айтып, кітабымды сыйға тарттым.
Бұл күні «Ақтастағы Ахико» елі қылқалам шебері Кәріпбек Күйіков екеуіміздің шығармашылық тандемімізге тәнті болды. Сурет көрмесі өз деңгейінде бағаланды.
Қазақстаннан келген делегация Хиросима қаласында болып, атом бомбасы құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Жазушыны Хиросима қаласының мэрі Казуми Мацуи қабылдады. Мацуи сан 1945 жылы 6 тамызда жапондықтар ядролық қарудың тікелей құрбаны болғанын еске ала отырып, адамзат үшін атом қаупі әлі де жоқ емес екенін ескертті. Өз кезегінде сөз алған жазушы қазақ пен жапон халқы ортақ қасіретті бастан кешіргенін айта келіп, келешек ұрпақ үшін ядросыз әлем құрудың маңыздылығына тоқталды. «Қасірет пен тағдыр» романын жылы қабылдаған жапон халқыны алғысы шексіз екенін жеткізді.
Сапар барысында белгілі суретші Кәріпбек Күйіковтің «Жасанды күн» антиядролық тақырыптағы картиналарының көрмесі қойылды.
Токио уақыты таңғы сағат 5.00. Электричка атқан оқтай зулап Хиросимаға бет алды. Сағатына 350 шақырымды еңсеретін темір жол көлігінің жылдамдығы ұшаққа бергісіз. Жылдамдық алған кезде магнит өрісінен тұратын темір табанынан ажырап, құстай ұшатынға ұқсайды. Алыстан Фудзиама шыңы мұнартады. Бұл тау Хонсю аралындағы Сидзуока шеңберінде орналасқан, әлемдегі ең әдемі жанартаулардың бірі әрі Жапонияның символы.
Хиросима шәрінде бірнеше маңызды кездесу жоспарланған. Ең алдымен Бейбітшілік мемориалына барып, Хиросима-Нагасаки атом бомбасы құрбандарына тағзым еттік, гүл шоғын қойып, бір минуттық үнсіздікпен еске алдық. 1945 жылы тамызда Американың бомбалаушы ұшағы Хиросимаға 15 килотонналық атом бомбасын тастап, одан 80 мың адам қаза тапқаны белгілі. Бұдан үш күн өткен соң Нагасакиге де осындай атом бомбасы тасталған. «Қасірет пен тағдыр» романында бұл туралы ашып жазамын. «Атом қасіреті қайталанбасын! Ел мен жерде бейбітшілік болсын!» деген тілек айттық.
Бұдан кейін Хиросима мэрі Кадзуи Мацуи қабылдауында болдық. Кадзуи Мацуи – жапон саясаткері, 2011 жылдан бері Хиросима мэрі екен. Оның отбасы 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасынан зардап шегіпті. «Мэрлер бейбітшілікті қолдайды» қозғалысының Президенті болып табылатын Кадзуи санның жасы 70-ке келсе де халқына қызмет етуді мақсат етіп, әлі де атынан түспепті. «Азаматтық қозғалыс негізінде ядролық сынақ полигонын жаптыруға қол жеткізгенін қазақ халқы – батыр халық» деген Мацуи санның әлемде ядролық соғыс болмасын деген тілегін бәріміз қолдадық.
Осы сапарда маған демеу болып бірге барған Кәріпбек Күйіков ініме сөз берілгенде, ол Хиросима мэріне алғысын айтты. «Жасанды күн» көрмесіне қойыл­ған АҚШ экс-президентіне сыйлаған «Жарылыс» картинасы және одан басқа он үш картинаның авторы ретінде өз ойларымен бөлісіп, Қарағанды облысы әкімінің атынан Кадзуо санға ықылас сыйлығын ұсынды және Қазақстанға қонаққа шақырды.
Кәріпбек Күйіков Семей ядролық полигонынан 100 шақырымдай жерде орналасқан Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында 1968 жылы дүниеге келген. Ол – полигонның ащы зардабын көрген жандардың бірі. «Семей-Невада» қозғалысының белді мүшесі ретінде полигонның жабылуына атсалысты. Ядролық қаруға төзуге болмайтынын бүкіл әлемге дәлелдеп жүрген қайсар қазақ. Халықаралық «Атом» жобасының елшісі.
Жапон әншісі Мичида Риокко Ұлықбек Есдәулет ағамыздың сөзіне жазылған «Заман-ай» әнін орындады.
Бұдан кейін қазақстандық делегация­ны Хиросима музейінің директоры Такехиро Кагава қабылдады. Бұл кісі Семей жерінде болған екен, жалпы, қазақ еліне төрт рет жолы түсіпті.
Ол қонақтарға жапондықтардың ұлттық дәстүрі – шәй рәсімін зор ілтипатпен ұсынды. Маған «үйге барғанда рамкіге салып қоясыз» деп, Хиросима трагедиясы бейнеленген гобеленді сыйға тартты. Біз де өз тарапымыздан ұлттық дәстүрден таймай, Такехиро санның иығына шапан жаптық. Мен қолтаңба қойылған кітабымды сыйладым.
Музей Хиросимадағы мемориалдық Бейбітшілік бағы аумағына орналасқан. Жобасын сызған әйгілі жапон сәулетшісі Кэндзо Тангэ екен. Музей кешені екі үлкен корпустан тұрады, біріншісінің аумағы 1 615 ш.м. болса, шығыс қанаты 10 098 ш.м. құрайды. Сәулет идеясы күл болған жерінен қайта еңсе тіктеуге қабілет­ті қайсар рухты көрсеткісі келген. Бұл жерде атом трагедиясының ұмытылмас ескерткіші ретінде сол қалпында сақталған ғимараттар да бар.
Қазақстан мен Жапония ядролық қаруға қарсы елдердің қатарында. Атом бомбасының зардабын өз басынан өткерген мұңдас ел болған соң, бір-біріне ықыласы да өзгеше екені көрінді. Құшақ жая қарсы алып, сый-сияпатын аямаған Жапония елінен зор қуанышпен оралдық!

Сәуле Досжан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір