ЖАЛҒАН мен ШЫННЫҢ АРАСЫ
Адамзат ақпарат буына пісіп тұрғандай көрінеді. Технологияның өркендеуі адамның есту, көру, сезіну қабілеттерінің дамуын да жеделдетіп жібергендей. Қас-қағым сәттегі хабар-ошарды сіңіріп, қорытып үлгергенше әлгі ақпарат ескіріп, жаңарып үлгереді. Әрине, бұл үрдіс жақсы, алайда зардабы да жоқ емес. Әуелі қоғамды тез жайлап кететін жалған ақпараттың зияны айқын сезіле бастады.
Жалпы, қазір біз жалған ақпарат ұғымын әлеуметтік желідегі айқайға сүрен қосқан жазбалар мен тексерілмеген ақпараттарды жариялап, жаза басқан бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты алып қарастырып жүрміз. Ал қазақ ортасында өтірік пен шынның әңгімесіне қатысты түсінік тым әріде жатқаны анық. Халық тұрмысының айғағындай болған мақал-мәтелдердің көптеп айтылуы бұған дәлел. «Өтіріктің құйрығы бір тұтам…» деген кесімді сөздің астарында осы фейк ұғымына қатысты көзқарас жатыр. Тіпті ауыз әдебиетінде де жалған мен шындық ұғымы анық айшықталып отырған. Бір мысал: Жиренше шешен мен Әз-Жәнібек ханның сөз қағыстыруындағы «Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі…» деп келетін тапқыр жауаптан адам үшін нақты ақиқат көзінің мәні қаншалықты маңызды екені көрініс таппай ма? Сайып келгенде, қазақ қоғамы қай кезеңде болса да, ақиқаттың шеңберіндегі ақпаратқа арқа сүйегенін айту міндетіміз.
Ал дамыған елдерде «фейк ақпарат» термині ХІХ ғасырдың аяғынан бастап қолданыла бастаған екен. Әуелі жекелеген ортаға арналған газет-парақшалардан тараған үрдіс кейін үлкен басылымдардың нан табар тәсіліне айналып кетіп, қоғамдық мәселеге ұласқан көрінеді. Бұл соғыс пен қақтығыс кезеңдерінде тіптен өршіп, адам санасын манипуляциялау құралы ретінде мемлекеттің болшағына қауіп төндіретін жағдайға жеткен-мыс. Тіпті, ақпараттың адамға, қоғамға, мемлекеттік жүйеге ықпал етуіне қатысты өте ертеден айтылып келе жатқан: «Ақпарат кімнің қолында болса, әлемді сол билейді»,- деген сөз бар. Жұрт бұл сөздің ізін Наполеон дәуіріне апарып тірейді. Ватерлоо шайқасындағы сәтсіздікті өз ыңғайына қарай пайдалана білген қаржыгер Натан Ротшильд сол тұста соғыс барысы туралы нақты ақпаратты бірінші болып алып отырған дейді. Ал жоғарыдағы тәмсіл осыдан қалған екен.
Мәлім болған дерекке сүйенсек, дамыған елдердегі фейк ақпарат ұғымы қазір де өте күрделі жағдайда қалып отыр. Интернеттің қолданысқа енуі ақпараттық манипуляция ықпалын одан сайын асқындырып жібергені рас. Қазір әлемнің көптеген елінде жалған ақпарат пен қоғамдық сананы манипуляцияға қарсы күресетін заң тетіктері жұмыс істейді. Еуропада мұндай заңдар бұрыннан болғанымен, 2010 жылдан бастап төтенше шаралар қабылданып, қатаң талаптар енгізіле бастаған дейді ақпарат көздері. Бір қызығы, сөз бостандығы мен ақпаратқа қол жетімділік ұстанымын бірінші орынға қоятын демократиялық ұстанымдағы елдерде фейк ақпаратпен күресу шараларына қатысты қарсылық таныту ниеті байқалмаған, яғни, көзі ашық адам жалған ақпаратқа емес, нақты дерекке негізделген ақпаратқа деген сұранысты құрметтейтінін тағы бір дәлелдесе керек. Жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтік желінің басымдыққа ие болуы фейк ақпараттың да көптеп таралуына ықпал еткені рас. Бұл үрдісті біз коронавирус пандемиясы кезінде анық байқадық. Жалпы әлем бойынша 3 млрд қолданушысы бар Facebook әлеуметтік желісі 2020 жылдың жүзінде ғана 7 млн жазбадан «фейк және манипуляция» белгісін тауып, ол жарияланымдарды өшірген екен.
Жалған ақпарат таратушылармен күресуді Қазақстан да мықтап қолға алған. 2015 жылы қабылданған Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша фейк ақпарат үшін 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеу жазасынан бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жауапкершілік көзделген, және осы Қылмыстық кодексі қабылданғаннан кейін жалған ақпарат таратушыларды жазалау да қарқынды жүрген екен. Мәселен, 2015-2016 жылдары 2 іс, 2017 жылы 4 іс, 2018 жылы 1 іс, 2019 жылы 3 іс сотта қаралған.
– Соңғы он жылдықта жаһандық ақпараттық кеңістік пен әлеуметтік желілердің дамуына байланысты фейк жаңалықтар феноменімен бетпе-бет келдік. «Жалған ақпараттар» түсінігі қоғамның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ақпараттар ағынын басқару мәселесімен тікелей байланысты. Жалған ақпараттардың түпкі мақсаты – аудиторияны қасақана адастыру, алдау арқылы моральдық және мүліктік зиян шектіруді көздейтін ойдан құрастырылған, шындыққа жанаспайтын ақпараттарды тарату. «Фейк жаңалықтардың» бірнеше анықтамасы бар, олардың бәріне бірдей ортақ белгі – белгілі бір пайда үшін немесе идеялар мен көзқарасты орнықтыру үшін адамдарды көрінеу жалған ақпараттармен адастыруды, алдауды көздейді. Жалған ақпараттар назар аудартатын («кликбейт») тақырыптар қою арқылы, үгіт-насихат, «авторлық пікір», әзіл-қалжың, сатира, т.б. түрінде ұсынылуы мүмкін. Жалған ақпараттарды жазбай тану мен олармен күрес мәселесі шынайы ақпараттардан кейінгі кезең үшін өте өзекті. Жалған ақпараттар елді адастыратын немесе бұрмаланған жаңалықтарды қасақана таратады. Қазіргі замандағы медиакеңістікте жалған ақпарттардың көптеп таралуы фейк жаңалықтар феноменін түпкілікті зерттеуді қажет етеді, – дейді Еуразия ұлттық университеті жанындағы Журналистика мәселелерін зерттеу институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ғалия Ақсейіт.
Қалмаханбет
МҰҚАМЕТҚАЛИ