АЯГҮЛГЕ АРНАЛҒАН АҚПАН
08.03.2023
332
0

Аягүл Мантай (1982-2021) – жазушы, журналист. «Серпер» жастар сыйлығының иегері 2021 жылдың 29 шілдесінде туған ауылы Байқоныста (Түркістан облысы Жетісай ауданы) өмірден өтті.

Аягүл өмірден өткен кезде Аягүлмен бірге өліп кеткендей болдым. Өзегімді өкініш әлі өртейді. Қандай адамнан айырылғанымызды айтып, бүкіл әлемге айқайлағым келді. Аягүл ең жақын досым болғасын, жылы өткесін жазған әңгімелерін жинап, кітабын шығаруды ойладым. Ақын, қоғам қайраткері Мақпал Мыса хабарласып, кітаптың қаржысын көтеріп, барынша қолдау көрсетті. Мақпал қызға мың алғыс.
12 қаңтар Аягүлдің туған күніне орай ол туралы жақындарының, журналистердің, жанашыр оқырмандарының, сондай-ақ Мәскеуде жақын араласқан достарының естеліктері, Аягүлдің журналистерге берген бірнеше сұхбаты және Аягүлдің барлық әңгімесі енгізілген «Аягүл» кітабын шығардық.
Осы жылдың ақпан айы түгелімен Аягүлге арналғандай. 14 ақпан кітаптың тиражын толықтай алдық. 18 ақпан Астана қаласында, 22 ақпан Шымкент қаласында, 26 ақпан Алматы қаласында Аягүл Мантай шығармашылығына арналған әдеби кеш, «Аягүл» кітабының таныстырылымы өтті. Әр қалада жергілікті ақын, жазушы, журналистер, Аягүлдің туыстары, көзін көрген, араласқан достары, оқырмандары жиналды кештерге. Аягүлін сағынған оқырмандары кештерінде егіліп жылап та жатты.
Алматыдағы кешті өзім ұйымдастырдым. Кеште жазушы, әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақыш, қоғам белсендісі Ғабиден Жәкей әдеби орта, қоғамымыз туралы тұщымды сөз айтты. Аягүлмен араласқан қаламдастары – ақын Салтанат Мадиярқызы, Тоқтарәлі Таңжарық, Жанар Әбсадық, Қарагөз Сімәділ, Ақмоншақ Ахмет айтқан естеліктер Аяштың мінезін, тұлғасын аша түсті. Қолынан Аяш талай шәй ішкен жеңгесі Мархабат апай (Әмірхан Балқыбектің жолдасы) көзіне жас алып, әсерлі естелік айтты. Екеуі бала күнінде бірге ойнаған ауылдасы Гүлмира Аманқызының әңгімесінен бала Аягүлді танып, Аягүлдің бауырмал, өжет мінезі, шаруақорлығы туралы естідік. Аягүлдің туған ауылы сонау Байқоныстан келіні мен немересін ерте келген апасы Құттықыз кештің басынан аяғына дейін көз жасын тыя алмады.
Ақын, интеллектуал замандасымыз Дәурен Берікқажыұлы «Біздің қоғам бәрімізді эмоциясын басқаратын төртбұрышты адам жасағысы келеді… Әдебиетте де әдебиетпен өмір сүретіндер бар, әдебиетпен өмір сүрмейтіндер бар. Аягүл әдебиетпен өмір сүрді…» деді. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті Наурызбай Ақылбеков Аягүлдің «Соқыр сана» әңгімесінен әсерлі үзінді оқыды.
Кеш соңына таяғанда ҚазҰУ-де студент кезімізде Аягүлмен бір топта бірге оқыған достары Аяштың анасына арнап шапан мен жаулық тарту етті.
Тысы, іші, сапасы үйлесімді шыққан «Аягүл» кітабы арқылы, қысқа, бірақ жарқын ғұмырымен, нәзік бейнесімен, әдемі есімімен, әлі шулап жоқтап жүрген аудиториясымен, сағынышқа айналған Аягүл бір культ тұлғаға айналып кетті осы күнде.
…«Бөтен» деген әңгімесінде Аягүл туған елінде, өз қоғамында өзін бөтен сезінетінін жазған. Неге? Мәселе Аягүлде ме, ортада ма? Аягүл журналистикаға, әдеби ортаға келгелі көрген әділетсіздіктер, жасалған қысым, қаламдастарының күншілдігі әлеуметтік желіде де, кітапта да жазылды, кештерде де айтылды. Журналистер «Аягүл Мантай феномені» деген тіркесті қолдана бастады. Бұл – біздің қоғамды таныта түсетін, әдеби, жалпы мәдени деп аталатын ортаның қылмыстары мен қылмыскерлерін әшкерелеген феномен. Аягүл Мантай феномені туралы әлі талай айтылады. Мәскеуде тұрған жылдардан Аягүлмен таныс болған заңгер азамат Қазыбек Дәуітәлі Алматы қаласында өткен кеште сөйлеген сөзінде Аягүлді «қазақтың Құлагерлерінің бірі» деп дөп айтты.
Аягүл Мантай – берері бар, қолтаңбасы өзгеше, прозасымен ғана емес, соңғы жылдарда фейсбук әлеуметтік желісінде жариялаған жазбалары арқылы оқырманын баураған, көпшілік сүйсіне оқыған публицист. Жазушы да көп, журналист те көп. Бірақ жазуында жарық бар, ойы, сезімі мөлдір суреткердің жөні бөлек. Аягүл осындай даралығы жақұттай жарқыраған жазушы болды. Алғашқы әңгімелерін 2004 жылдары жаза бастады. Сол кезде Аягүлге «проза жаз, сен жақсы жазасың» деп сенімін арттырған, жанашырлық жасаған ақын, публицист ағасы Әмірхан Балқыбек еді. Әмірхан ағаның қазасын естігенде Аягүл қатты күйзелді. Өзін түсінетін жаннан айырылды ғой. Ол кез­де Мәскеуде тұратынбыз. Көпке дейін күйініп айтып жүрді.
Аягүлдің жарыққа шыққан кітаптары
2009 жылы Аягүлдің алғашқы кітабы «Жаңбырлы көктем» әңгімелер жинағын жазушы, баспагер Бексұлтан Нұржекеұлы баскөз боп «Жалын» баспасынан «Жас толқын» мемлекеттік бағдарламасы бойын­ша шығарған. Кітап 2000 таралыммен шыққан. Жақсы сатылыпты, кейін жұқа мұқабамен қайта басылып шығып, кітап дүкендерінде тұрды.
Екінші кітабын 2019 жылы ақын, баспагер Айжан Табаракқызы «Qalamger portaly» баспасынан шығарған. Таралымы 1000 дана. Оқырман жақсы қабылдады. Сол кітаптың шығуына орай Аягүл өзі барда еліміздің төрт қаласында шығармашылық кештері өтті 2019 жылдың күзінде.
Аягүлдің барлық прозалық шығармасы қамтылған «Уақыттың көз жасы» кітабын (таралымы 500 дана) Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулеттің ұсынысымен, жазып берген алғысөзімен ақын, баспагер Қасымхан Бегманов 2022 жылы «Дәстүр» баспасынан шығарған. 2022 жылдың көктемінде Жазушылар одағының жылдық қорытындысы кезінде аталған кітаптың тұсауы кесілген. Қасымхан ағамыз жылдық қорытындыға жиналған қаламгерлерге, артынша кабинетіне сұрап келген кісілерге кітапты тегін таратып жібергенін, қырық данасын Аягүлдің сіңлісіне жеткізгенін айтты.
Одан кейін шыққан кітабы – «Аягүл» (таралымы мың дана, осы 2023 жылы «Курсив» баспаханасынан шықты).
Алғашқы шыққан кітабына алғы сөз жазып беріп, Алматыда 2019 жылы өткен әдеби кешіне келіп, кешті ашып беріп, сөйлеп, жалпы көп қолдау жасаған әдебиеттегі ағасы Дулат Исабеков болды. Сол жылы Шымкентте өткен кешіне қазақтың майталман прозашысы Мархабат Байғұт, Таразда өткен кешіне дегдар жазушы Несіпбек Дәутайұлы келіп, маңдайынан сүйіп, батасын беріп еді. Бүгінде Аяш та, Мархабат Байғұт та, Несіпбек Дәутай да бұл өмірде жоқ.
Осыдан тура екі ай бұрын Аягүлдің бір шығармасы театрда сахналанды. «МҰҢ» триптихінің (үш шығарманың қосындысы) премьералары дәл қазір «Астана» Жастар театрында өтіп жатыр. Аягүл өзі бірнеше шығармасынан қосып жинақтап, ортақ «Мұң» деген атаумен режиссер Нұрқанат Жақыпбайға тапсырған екен.

Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ, режиссер:
– Аягүлдің потенциалын, жазудағы даралығын байқадым. Үлкен, терең дүние­лер жазуға жақындап қалып еді. Аягүлдің ерекшелігі – қоғамымызды, әсіресе жаңа буын саналатын жастардың бітімін, ойын ішіне кіріп шыққандай сезінген суреткер екендігінде. Олардың мұңын шығармаларында жеткізе алған, сонысымен құнды. Шығармаларының формасы да қазіргі жастар оқитындай шағын, жеңіл.

Гүлмира АМАНҚЫЗЫ,
бала күнгі досы, мектеп мұғалімі:
– Мен Аягүлдің тек бала күнін білемін. Бірге қой, сиыр бағушы едік. Алғаш танысқаным бүгінгідей көз алдымда. Сүп-сүйкімді ақсары жүзді, көкшіл көзді қыз еді. Екеуміз тез достасып кеттік. Қой бағып жүріп әңгімеміз бітпейтін. Қазір ойлап қарасам, 9-10 жасар қыздың айтатын әңгімесі ересек адамдардың сөзіндей әсер ететін. Көп армандайтын. Өскенде Дулат Исабековтей жазушы боламын дейтін. Өзі қолы ашық, бірбеткей, өжет болатын. Өзіне ұнамайтын қыздарды жанына жуытпайтын. Менің де олармен ойнағанымды қаламайтын. Тек өзінің әңгімелерін тыңдап, өз әлемін сезіндіргісі келетін. Жаздың ыстық бір кешінде екеуіміз асыр салып ойнап, әңгімелесіп, көз байланар қараңғылық басқанын байқамай қалыппыз. Сол кезде бірінші болып шыққан жұлдызды көрсетіп, Аягүлдің «бұл – менің жұлдызым» дегені есімде. Кейде мал бағуға кішкентай сіңлісін бесікарбаға салып алып шығатын. «Неге сіңліңді алып шығасың, өзің шаршайсың ғой» деп сұрағанымда: «Мен шаршамаймын, мамам әжеме көмектеседі, кешкі тамақ жасап шаршайды ғой» дейтін. Менің есімде қалған Аягүл осындай болатын.
…Аягүлдің Алматыдағы кешіне бара жатқанда «Әттең, қызғалдақ-ғұмыр. Аяш қызғалдаққа ұқсайтын. Қызыл түсті ұнататын. Сырт көзге мықты болып көрінгенмен, ішкі жан дүниесі қызғалдақтың қауызындай төгіле салуға дайын тұратын. Ерте көктемде құлпырып шыққан қызғалдақ ғұмыр адам атты жауыздардың мыжып-жаншуына шыдай алмадың-ау» деген ой келді басыма.

Гүлнәр БАҒАШАРҚЫЗЫ,
оқырманы, экономист, «Аягүл»
кітабының суреттерін салған
әуесқой суретші:
Аягүлдің жарық дүниедегі ең басты құндылық – адамға деген сүйіспеншілігі шексіз болды. Аягүлдің өмірмен қош­тасып кете баруын қазақ қоғамы әлсіздікке теңеді. Жоқ. Аягүл сіз бен бізден әлдеқайда мықты, жігерлі еді. Ая биіктікті, тазалықты таңдады. Ол жалған дүниенің жалт-жұлт еткен сыртқы жылтырағын, қоғамның қараңғылығын қабылдаудан бас тартып, протест білдіргісі келді…
Қазіргі біздің қоғамның тоқырауға белшесінен батқанын жүрегіне жақын қабылдап, оның «соқыр саналы» өкілдерін сынай да жүріп, сезім арпалысымен өмір сүретін Аягүлдің кетуіне әлдебір қатыгез жандардың әлеуметтік желіні пайдаланып жасаған қитұрқы әрекеттері тек триггер болды десек, қателеспейміз. 
Түйсігі мықты болғандықтан, көп жағдайда адамның шынайы бейнесін айқын көріп қойып, көңілі қалған кездері де аз болмапты. Сол қасиеті Аяштың маңдайы­на біткен соры әрі Тәңірдің бір сыйы болған екен, ойлап тұрсам.

Меруерт ТҮСІПБАЕВА,
әнші, актриса:
– Түсірілімде жүріп, 26 ақпан күні Аягүлге арналған әдеби кешке бара алмадым. Өкінішті.
Аягүлдің творчествосына ғашық адамдардың бірімін. Талантын құрметтеймін. Аягүлдің ой өрісі, жазу мәнері ерекше еді. 
«Нобель сыйлығын алатын жазушы­мыз» деп үміт күтті халық Аягүлден. Сол тегін айтылмаған сөз. «Жүрекке оралу» деген кітабын (автордың қолтаңбасы түс­уін өтініп тапсырып) алдырдым кезінде.
Бір жолы еңбек демалысы кезінде сапарға Аягүлдің кітабын ала кеттім. Менің анам 35 жыл сабақ берген ұстаз. Өз заманындағы талантты жазушыларды іздеп жүріп оқитын. Аягүлдің әңгімелерін оқығанда тәуелсіз Қазақстанда осылай жаңаша ойлайтын, бүгінгі күннің барлық өзекті мәселелерін қозғайтын, адамның жанына не керек екенін түсінетін жас жазушының бар екеніне сүйсінді анам. Сол демалыста анам екеуіміз Аягүлдің шығармаларын талдадық.
Ғұмыры қысқа болды, әттең…
Өмірден озғанымен, жазуымен мәңгі жасайды Аягүл!

Бану ОҢДАСЫНОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір