«Мақаншы мен Манхэт­теннің арасы»
13.12.2023
158
0

Абай облысы, Үржар ауылындағы Мәдениет үйінде осы өлкенің тумасы, белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дәурен Берікқажыұлымен кез­десу өт­ті.
Дәурен Берікқажыұлы өзінің алғашқы сөзінде жергілікті оқырмандарға:
– Мен сіздермен жүздесуді көптен аңсағам. Тіпті арманым болған. Оған түрлі жағдайлар жол бермеді. Сол бір сәт­тің бүгін туғанына қуа­ныштымын, – деді ағынан жарыла.
Ақынның жаңа шыққан, «Мақаншы мен Манхэт­теннің арасы» ат­ты эсселер жинағының тұсауы кесілді. Ақын Дәурен Берікқажыұлын аудан әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбеков құт­тықтап, ішкі саясат бөлімінің басшысы Елдос Бейсенов қазақтың дәстүрімен үстіне шапан жауып, ауданның «Абырой» медалін кеудесіне тақты.
Ақын Дәуренмен бірге келген қонақтар – белгілі әнші-композитор Қадырғали Көбентай бастаған, Болатбек Тоқмырза, Қарлығаш Мұртазина, Дидар Саматқызы, Айбек Байтөре, Аманжан Жәшікеев секілді өнер адамдарына да сый-сияпат көрсетілді.
«От­тегім менің, от демім менің – жырларым», «Алдаспанның арызы», «Гүл мен қылыш», «Сізге жазған хат­тардан», «Муза», «Ең жылы сөз кешіккен» ат­ты жыр жинақтарының авторы Дәурен Берікқажыұлының сөзіне жазылған Кеңес Ғаббасовтың «Атамекен» әні әуеледі. Қарлығаш Мұртазина осы әнді нақышына келтіре орындады.
Актер, композитор, әнші Қадырғали Көбентаев та Дәуреннің өлеңдерінен әнге айналған «Бала Дәурен», «Тағдыр» өлеңдерін гитарамен тебірене шырқады. Елінен бала Дәурен болып кетіп, ақын Дәурен болып келген азаматқа жерлестері ақ ниетпен ақ тілектерін аямады. Қарабұта, Келдімұрат, Көктал ауылдық округтерінің әкімдері Жанат Смағұлов, Мұрат Адаев, Нұрым Сәдуақасовтар жылы лебіздерін жеткізді. Ақынның анасы Зейнеп Бейсекеқызына да құрмет көрсетілді.

Мұратқазы САЯБАЕВ 

 

КҮНДЕЛІК БЕТ­ТЕРІНЕН

(«Мақаншы мен Манхэттеннің арасы» кітабынан үзінді)

1996 жылдың 8 наурызы, Алматы.
Бүгін мейрам болса да ешқайда шыққан жоқпыз (Т). Бөлмеде отырдық. «Күн де сондай суық екен» деп сыртқа шыққан Жадыра айтып келді. Мен оңаша қалып, өлең жазбақ едім, бірақ қолым жүрсеші. Ұзақ отырдым, бір шумақты жазып қойып.
Сонан кейін Маралтай ойыма оралды. Оның біраз өлеңдері бар-тын, соны оқыдым. Есіме анадағы бір кез­десу түсті…
Танакөз екеуміз «Жазушы» баспасына барар жолда Маралтайды көрдік. Мен Танакөзге «Анау Маралтай, амандаса­йық барып» дедім (Т. оны танымайтын). Қасына бардық. Мен қолымды созып ем, амандасты. Қызу екен.
– Сен Дәуренсің бе?
– Ие.
– Кітабың кет­ті, шығады. Сен онда бармай-ақ қой, – деді де Танакөзге қарады.
– Мынау кім? Келін бала ма?
Мен сасқанымнан:
– Жоқ, – деп­пін.
– Онда былай барып сөйлесейік, – дейді Маралтай. Сосын ол қолын Танакөзге созып еді, Танакөз абдырап, қолғабын шешпестен қолын ұсынды.
– Маралтай. Танитын шығарсың? Ендеше, Маралтаймен танысқанда қолғабыңды шеш. Тамырмен тамыр соғыссын…
– Танакөз.
– Сен кітаптағы («Толқыннан толқын туады») Танакөзсің бе?
– Иә.
– Сен шет тілдер институтында оқып, өлең жазып жүрсің бе?
– Иә.
– Сені онда сот­тау керек!
– Неге?
– Сен шет тілдер институтында оқисың, еще өлең жазасың. Сені сот­тау керек, ақындардың сотымен, – деді де, Маралтай бізді жолдан ауашарақ жерге алып барды. Сол жерде екі жігіт тұр екен. Әлгілерге барып:
– Әй, жігіт­тер, темекі беріңдер. Мына екеуі де ақын, – деп бізді көрсет­ті. Менің ішім қыпылдап тұр, Маралтай ештеңені елер емес:
– Мен сендерге тиіспеймін, қорықпаңдар. Темекілеріңді тұтататын бермейсіңдер ме..? – деп қояды және. Аналар да ақкөңіл жігіт­тер екен, әзілдеп:
– Тиіспесеңіз болды ғой…, – деп жөндеріне кет­ті.
Маралтай темекісін бұрқ-бұрқ еткізіп:
– Үшеуіміз де ақынбыз ғой, мен сендерге өлең оқып берейін – деді де, бір өлеңді дауыстап оқи жөнелді. Түріне бажайлап қарасам, көзінің асты көгерген екен…
Ол өлеңді оқып бітірген бойда:
– Оралхан деген жазушыны білесіңдер ме? – деді. Біз білетінімізді айтып едік, енді ол О.Бөкейге арнаған өлеңін оқи жөнелді.
Содан кейін ол қолының жырылып, қанталап кеткен жерін көрсетіп:
– Біз үнемі өстіп жүреміз. Көздің түрі мынау, – деп алды да, артынша:
– Өзі қыздардың алдында бөсіп тұрған ұят екен. Ал асығыс болсаңдар, жүре беріңдер, – деп қош айтысты.
Біз Маралтаймен ойда-жоқта кезіккенімізге таңғалып кете бардық. Былай шыға бере Танакөз:
– Мен шын ақынды бүгін ғана көргендеймін, – деді. Мен Маралтайды бұдан бұрын көрген едім:
– Иә, нағыз Есенин ғой. Үнемі осылай жүреді, – дедім.
Шынында да әлдеқайда кетіп бара жатқан Маралтай ертеңгі үлкен ақындарымыздың бірі сияқты көрінді көзіме.
Біз «Жазушы» баспасынан Маралтайдың талай-талай «сотқарлықтарын» естідік артынан.

2003 жылдың 17 ақпаны, Алматы.
Спортшы ағайындар айтпақшы, «формама» келгендеймін. Жатсам да, тұрсам да, өлең жазғым келеді де тұрады. Түндегі өлеңді бас-аяғы бір-бір жарым сағат­та жазған шығармын. Қайран, шабыт, қайнайтын шағың осы-ақ еді! Мұндай шабыт­ты бастан өткермегелі де бес-алты жыл болып еді. Әт­тең, өкінішті-ақ! Өлең емес, өмірді, нақтырақ айтсақ, өмір сүруді ойлан деп бүгін бір ұсыныс түсті. «С.Т.Group» Атырауға жіберіп жатыр. Бас тартуға болмайды. Жұмыссыз жатқаныма бір жылдан асып барады. Ертең баламның, әйелімнің, шешемнің бетіне қайтіп қараймын. Сондықтан қайран қара өлең, қош деймін! Кешірмесіңді білсем де, кешір деуге мәжбүрмін. Осындайда өзіңнің сүйікті ісіңмен айналыса алатын бекзада болмағаныңа күйінесің. Дәулет­тің, байлықтың қажеті осындайда ғой.

* * *

2008 жылдың 20 қазаны, Алматы.
Кеше Заида апамыздың үйінде қонақта болдық. Қат­ты жауын болғанына қарамастан, шақырылған қонақтар тегіс жиналыпты. Өтежан аға келеді дегенді естігенде, ішімнен «қап» деп қалып едім, оным бекер болып шықты. Кештің мәні де, сәні де Өтекең болды. Дастарханның берекесін кетіріп жүрген талай қаламгерлерді көріп жүрміз ғой әйтпесе… Жолдасы Күләш апамыз қандай! Кез келген нәрсені, тіпті ашу-ызасын да юмормен жеткізетіні адамға еріксіз бас шайқатады. Өтежан ағамызды бұрын сыртынан көріп, сыртынан бақылап жүретінім болмаса, бірде-бір мәрте бетпе-бет келіп, сөйлесіп көрмеген екенмін.
Қанша қолқалағанымызбен, өлең оқымады. Күләш апамыз да басында өлең оқығанын қаламағандай көрінгенімен, артынан «Мұқағали» ат­ты өлеңіңді оқып берсеңші деп еді, «Жастар оқысын», – деді де қойды.
Төреғали (Тәшенов) ағамыздың «Қамшы» деген өлеңі қат­ты ұнады. Кітабын оқып шыққандай-ақ едім…
Әуелде бұл отырыс қалай болар екен деп уайымдағаным да рас. Оған себеп көп. Біріншіден, қонаққа шақырылғандар бір-бірін білмейтін, дұрысы, бұрын аралас-құралас болмаған адамдар болса, екіншіден, жас мөлшері әртүрлі дегендей…Сөйтсем, білмейтінім өзім ғана екенмін. Ұлболсын (Айтөлен) апай да, Молдабек ағамыз бен Өтекең де бұрыннан аралас-құралас адамдар болып шықты. Отырыс сондай мағыналы, мәнді болды. Жұматайдың шаңырағын бір көрсем деп жүруші едім. Құдай оған да жеткізді деген осы. Болмаса, Заида апамызға барамыз деп біресе ол кісінің, біресе өзіміздің ретіміз келмей жүргелі қай заман!
Айкүн қандай әдемі! Келіні (Дидардың әйелі) мен немересінің қонақ күтуі неткен жарасымды!
Көптен бері жан сарайым ашылып, мұншалықты ғақлия тыңдап рақат­танып көрмеп едім. Өтежан ағамызбен бұрын кез­деспегеніме өкініп-ақ қалдым. Жұмағамның үйіндегі бұл кез­десу біраз уақыт күш беретіні айқын бірақ.

* * *

2012 жылдың 30 шілдесі, Өлгей.
Жетпіс шақырым жердегі Сенгіл ауылынан әзір келдік. Ертең Қобда (моңғолша – Ховд) арқылы Улан-Баторға ұшамыз, бұйырса. Күн салқын. Кеше жолда қат­ты жауын жауды. Бүгін де күн бір ашылып, біресе жауып тұр.
Олимпиададан еш хабар жоқ. Интернетке шықпағалы да төрт-бес күннің жүзі болды. Телефон байланысы мұнда өте нашар, әрі удай қымбат. Минуты 502 теңге деген не сұмдық!
Өлгейге аяғым тигелі бұл күнде ұмыт болған біраз сөздерді еске түсіріп жатырмын. Қызық, мұнда да Мақаншыдағыдай біздің бала күнімізде естіген сөздерді қолданады екен. Әйтпесе «шати береді», «албаты», «пысыру» сияқты сөздерді біз ұмытқалы қай заман?!
Біраз жаңа сөздер де үйрендім. Соның бірі – желтақым. Бұл сөз бәйгеден бірінші болып келген шабандозға қаратылып айтылса, шойкөтен («шойынкөтеннен» шыққан) – жаяу жарыстың соңында қалып қойған балаға қатысты қолданылады екен.
Бұл жақтағы кезқұйрық (құс) пен қодас та мен үшін таңсық дүниелер!
Сосын мұндағы қазақтардың «телефон жалғау» (звондау, телефон шалу), «май тамызу» (мәшинені от алдыру) деген сыпат­тағы сөз қолданыстары айырықша есімде қалды, әрі ұнады. Есіме бірі түсіп, бірі түспей жатыр…

* * *

2015 жылдың 17 қыркүйегі, Вашингтон.
Ойламаған жерден Вашингтонға келіп, жатқанымызға екі күн болды. Күн ыстық, әрі қапырық! Тренингтен өлердей шаршап жүргесін күнделік жазуға еш мүмкіндік жоқ. Бүгін де көзім ілініп кетіп, әрең жазып отырмын.
Атағы айға шапқан Америкаға визаны бес күнде (!) алып кеткенім бір қызық болса, Вашингтонға алғашқы сапарым «Natural Geographic Society»-дің штаб-пәтерінен бастау алып жатқаны – екінші бір үлкен оқиға!
Келгенде (15.09.15) 14-көшедегі «Донован» қонақ үйіне орналасқанымызбен, қазір 2111 Clark Street, Arlington-дағы «Crystall Plaza» апартаментінде жатырмыз.
Қала таза, әрі тыныш көрінді. Тұрғындары да мен ойлағаннан әлдеқайда мәдениет­ті, жақсы киінетін болып шықты. Көше бойлап жүгіретіндер ерекше көп пе деп қалдым…
Қайыр сұрайтын адамдар да магнитофонын қосып қойып, ара-тұра билеп, «Only if you can» деп айқайлап қояды. «Only if I can» деп ішімнен бір мырс етіп қоямын мен…

* * *

2015 жылдың 5 қазаны, Қазан.
Қазаннан қайтатын уақыт та келді. Тап-таза, жаңбыр суына әзір ғана жуынып алғандай жұтынып тұрған қасиет­ті де қастерлі шаһарға 16 қабат­тың терезесінен қимай қарап қоямын.
Жайылып ағып жатқан аноу жампоз Еділ көзге сонша ыстық! Үш-төрт күннен бергі ырду-дырду сап тиылып, қаламгерлер елдеріне үн-түнсіз қоштаспай қайтып жатыр. Әрине қырғыз, өзбек бауырлардан өңгесі. Фарид (Фахриддин) пен Азом да, Нарсұлу да ескі бауыр екенін көрсетіп, төс қағысып қоштасты. Осында келгелі тонның ішкі бауындай араласып кеткен тувалық Эдик пен жергілікті татар (А)ркайл бөлмелерінде әлі ішіп жатқан сыңайлы. Түнде Эдуардтың бөлмесінен бәріміз шығып кеткендей едік, әйтпесе. Байқаймын, тентек татар шайырына мәжіліс керек, ащы су керек…
«Как хорошо мы плохо жили,
Прикуривая на ветру», –
деп Борис Рыжидің өлеңін қайталап оқып отырған болар ендігі.
Бейресми отырысты алдыңғы күні Эдуард (Мижит) бастаған. Одан «қарыз» боп қалмайын деп екінші күні мен қонақ қылдым бәрін. Қырым татары Рүстем аға Жалилов, өзбек Фахриддин Низамов бар, Эдик төртеуіміз бір жарты іштік. Бүгінгі «ылаң» – сол отырыстың салдары. Кеше осы төрт­тікке башқұрт бауыр – Хисмет Юлдашев қосылды. Бары сол. Тек көптеу сілтеп жіберген сияқты ағалар. Мен ұялған тек тұрмас деп өзімді қинап іштім.
Қош… Қазанның есері, көне Болгардың әсерімен осылайша елге қайтып барамыз. Астынан әуежайға апаратын көлік келіп тұр деп хабарлап жатыр. Бірді айтып, бірді айта алмай бара жатқан сапарымыз лайым оң болсын!
Қалғаны уақыт еншісінде.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір