Тарихтың түсі – қоңырқай
Мият Баймекеұлы,
суретші, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің
Шығармашылық мамандықтар кафедрасының
аға оқытушысы, педагогика ғылымының кандидаты
Суретші Мият Баймекеұлы тарихи тақырыптарда сурет салғанды, ал оның бояуын қоңыр сары, қоңырқай түстермен бергенді ұнататынын айтады. «Қазақтың даласының өзі қоңыр ғой. Сондықтан біздің тарих қоңырқай болуы керек», – деген суретші ескі мен жаңа, бұрын мен бүгінгінің жайы туралы әңгімесін төмендегідей сабақтайды.
– Мәскеуде аспирантурада оқығаныңызды білеміз. Әрі бірнеше жыл қатарынан суретшілікті оқытатын білім ордасына құжат тапсырғаныңыздан да хабардармыз. Суретшілік өнерге соншалық іңкәр болуыңыздың себебі неде?
– Біздің ауылдың ғажап табиғаты әрі анамнан естіген түрлі әңгімелер «түптің түбінде осы өлкенің суретін қағаз бетіне түсірсем» деген ойға жетелейтін. Қайсем де суретші болам деп, ол кезде ҚазПИ деп аталады, сол оқу орнының көркем-сурет графика факультетіне үш рет келдім. Бірінші жылы математикадан емтихан тапсыра алмай құладым, екінші жылы физика аяғыма тұсау болды. Үшінші жылы жолым болып, оқуға қабылдандым. Соншалықты іңкәрлікпен, аңсап жеткен оқу орны болғандықтан, студент кезімде сабақтан қалу былай тұрсын, тіпті, сабаққа кешігіп барған емеспін. Оқуымды одан әрі үлкен қалаларда жалғастырсам, теориялық білімімді ұштасам деген ой сол студент кезімде де бар еді. Алайда, оқу орнын үздік бітірген сол кездегі Жамбыл педагогикалық институтында және Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесінде жаңадан ашылып жатқан көркемсурет факультетіне қызмет етуге жолдама береді. Көркемсурет факультетінің негізін қалау үшін арнайы маман ретінде сенім артып отырғандықтан, ол жақта да құлшына еңбекке кірістім. Үлкен білім ордаларында теориялық білімімді ұштау арманым да алып-ұшып тұрған кез. Арада біраз уақыт өткенде Мәскеу қаласындағы КСРО Педагогика ғылымдары Академиясының Көркем тәрбие ғылыми зерттеу институтының «Бейнелеу өнері» зертханасына аспиранттар қабылдайтыны туралы ақпарат естідім. Көп ойланбастан Мәскеуге барамын деп шешкен мен сол кездегі тікелей басшы, ректордың қабылдауына жазылдым. Ректорға Мәскеудің аспирантурасында оқығым келетіні жайлы жасырмай айттым. Білім іздеймін деген талпынысыма басшы қарсы болған жоқ. «Баратын болсаң, жақсылап дайындал, – деді. – Алайда, оқуға түсе алмай қалған жағдайда, бұл жердегі жақсы қызметіңе қайта орала алмайсың. Себебі, заң солай» екенін де ескертті. Қандай жағдайда да анаммен ақылдасатын әдетім бар еді. Ауылыма – Қордайға барып, Мәскеуде оқығым келетінімді отбасыма айттым. Мәскеу – Алматы емес. Анам алғашында әрі-сәрі күй кешті. Алайда, оқығанымды да құп көріп тұр. Аспирантураға түсе алмай қалсам мұндағы жақсы қызмет, жайлы орнымнан да айрылатынымды да ескерткендіктен, әлдеқалай болар деген қаупінің барын да жасырмай айтты.
Содан екі-үш күн қабырғаммен кеңестім. Ақыры «құласаң, нардан құла» деп, өмірі көрмеген, білмеген Мәскеуге бет алу дұрыс деп шештім. Жамбылдан құжаттарымды алып, арызымды жазып, Мәскеуге дайындалдым. Әуелі ауылға соқтым. «Мама, мен бір шешімге келдім, Мәскеуге кетем», – дедім төтесінен. Үйде төрт ұл бала едік. Тәрбиеміз сол – анамызға сырымызды бүкпесіз айтып өстік. Әке – әркез қатал ғой. Ол кісіге айтарымызды да анаммен ақылдасып барып жеткіземіз. Енді, міне, бұл шешімді де әуелі анамызға айтуға тура келді. Сол күні кеште отбасымыз қарашаңыраққа жиналдық. Жақсы-жақсы әңгімелер айтылып, түннің бір уағына дейін маған сәт-сапар тілесті. Кішкене көз шырымын алайын деп жатқаным сол еді, түс көріппін. Алматыдағы аудиторияда сабақ жүріп жатыр екен деймін. Сабаққа ешқашан кешігіп бармайтынымды айттым ғой. Ал түсімде сабаққа кешігіп қалыппын. Журавлев деген мүсіндемешінің сабағы жүріп жатыр екен. Есікті ақырын ашып қарасам, группаластарым және В.И.Ленин сурет салып отыр. Мұғалім тақтада бірдемені жазып, менің есіктен сығалап тұрғанымды байқамайды. Сол кезде Ленин алдындағы қағазын бос тұрған партаға ысыра салып, «тез келіп мына орынға отыра қал» деп ымдайды. Мен көз ілеспес жылдамдықпен әлгі орынға отыра қалып, сабақтан кешікпеген сыңайда сурет салуға кірісіп кетіппін…
Ояна сала түсімді шешеме айттым. Менің жайымды ойлап көңілі күпті болып жүрген шешем бірден жадырады. «Оқуға түсетін болдың» деп түсімді жорып, жол қамына кірісті.
Расында да оқуға түсіп кеттім. Екі жыл тәжірибеден өту кезеңі және үш жыл аспирантура, 1982 Мәскеуге жол тартқан мен 1988 жылы кандидаттық жұмысымды қорғап, Өнер кандидаты атанып, бұрынғы жұмыс орныма қайта оралдым.
– Ол кезде Орта Азиядан, Қазақстаннан келген студенттеріне деген академиялық ғылыми ортаның көзқарасы қандай еді?
– Ол кезде басқа ортаны қайдам, академиктер мен ұстаздар, ең алдымен аспирантты біліміне қарап бағалайтын. Аспиранттарға деген жанашырлығы, қамқорлығы ерекше болды. Ғылыми жұмысымды қорғап біткен соң, қазақы әдетпен дастархан жаяйын десем, «керек емес, өзің аспирантсың, ақшаңды босқа шашпа» деп менің жайымды ойлайды жетекшім.
Ғалымдар аспиранттарға жақсы қарады. Артық тапсырма бермейтін. Талантын ұштауға көңіл бөледі. Аспирантурада көп күрделі сұрақ қояды. Борис Петрович деген мықты академик болды. Бес тіл біледі. Сол кісі дәріс сайын аспиранттарға сұрақ қояды. Немісі, орысы бар аспиранттардың ішіндегі жалғыз қазақ – мен. Олар әлгі сауалдың жауабын дәл біле ме, білмей ме, шаруалары жоқ, «мен айтайыншы» деп сұранып тұрады, еркін. Мен біліп отырсам да, жауап беруге ұяламын, қорғаншақтаймын. Бір жолы академиктің сауалына ешкім дұрыс жауап бере алмады. Мен әлгі сұрақтың жауабын біліп тұрсам да, «айта қояйыншы» деуге қысылып барам. Сол кезде Борис Петрович: «Миятик, сен айта қойшы», – деді. Мен жауап беріп жатырмын. Зал үнсіз. Сол кезде академик: «Көрдіңдер ме, сендер Ресейде оқыдыңдар, Мәскеуді өз қалаларың санайсыңдар. Алайда, өз тілдеріңде дұрыс жауап бере алмайсыңдар. Ал Мият қиырдан келді. Өз тілінде емес, жауапты өзге тілде айтып отыр. Сонда да сауалдың дұрыс жауабын біледі. Ол әркез дұрыс жауапты біліп отырса да, ұяң. Мият, сен де ұяңдықтан арыл», – деген еді.
Желтоқсан оқиғасы кезінде мен аспирантурада оқыдым. Ол жерде де қазақ жастары жиналды. Біз де көшеге шықтық. Студент қазақтар, Мәскеудің қазақтары, Қазақстанның орыстары – бәрімізді жинап, Одақтар үйінің үлкен залына шақырды. Қай күні екені нақты есімде жоқ, әйтеуір дәл 16-17 желтоқсаннан кешірек уақыттың бірі. Әуелі, Мәскеудің саяси басшыларының бірі, соңыра Камалиденов сөйледі. Ұрыс, төбелес жоқ, бірақ екеуінің де сөзі залдағы гуілден естілмеді. Бір кезде мінбеге Олжас ағамыз шықты. Зал бірден демін ішіне тарта қалды. Гуілдеген жұрттың бәрі Олжас ағаның сөзіне тоқтады. Сол кісінің сөзін дұрыс санады. Сол кезде жергілікті халық та, қазақ та Олжасты жақсы көретінін түсіндім.
Жалпы айтқанда, ол уақытта Мәскеудегі интеллигенция білім іздегендерді ұлтқа бөлмейтін, жақсысың ба – жақсы қарайтын. Ал көшеде жүргендер бізді ұнатпайтын. Қағып-соғып кетуге даяр тұратын.

Тараз әуендері
– Мәскеуде ауылды сағынбадыңыз ба?
– Әрине, сағынасың. Ол кезде стипендия – 100 рубль. Стипендиямды ала сала анама, әкеме, жарым мен балама қал-қадерімше сыйлық алам. Сөйтіп жүріп, ұшақтың билетінің ақшасын есептемеппін. Оқуға түскен алғашқы жылдың жаңа жылын ауылда қарсы алайын деп шешкем. 30 желтоқсанда ұшаққа билет алуға барсам, үш рубль жетпейді. Баяғы қазақы мінезіме салып, анаған барып жалынам, мынаған барып жалынам. «Екі-үш күннен кейін ұшып келем, үш рубльді алты рубль қылып қайтарайын», – десем де, ешкім ақша бермейді. Содан амалсыз жатақханама қайтып келдім. Ол кезде Мәскеуде ешкім жылқы етін жемейді, сондықтан жылқы еті – арзан. Молынан қып жылқы етін сатып алдым. Жатақханада суретшілерге жеке бөлме беретін, жалғыз тұрам. Өзім бөлменің есігін ешқашан ішінен ілмеймін. Сол қазақы әдет қой, бөлмеге біреу келсе екен дейсің. Шешемнің дастархан жасайтынын білем, өзімше солай етіп дастархан жайып, ет асып, жайма салдым.
31 желтоқсанда жалғыз болсам да, жаңа жылды қарсы алмақпын. Бір кезде сағат түнгі он екіні соқты. Жатақхананың терезесі құранда емес, тұтас әйнек еді. Терезеге барып: «Мама, жаңа жылыңызбен!» деп ауызша тілек айттым. Терезеге үңілсем, түн ішінде әйнектің сырттан шағылысқан жарығынан өз бейнем түсіп тұр. Қарсы үйде біреулер билеп, той тойлап, шулап жүр, солардың бейнесі дәл жүрегімнің тұсында кішкентай болып көрінеді. Ол кезде менің білуімше, 1980 жылдары Мәскеуде 9 млн. тұрғын бар еді. «Бұл қалада тоғыз млн. халық бар, мен неге жалғызбын?» деген ой келді. Күні бойы орысша сабақ айтасың, орысша кітап оқисың. Қазақша сөйлеуді де сағынып қалғанымды түсіндім. Отыра қалып өзімнің автопортретімді салдым. Атын «Миллондық қаладағы жалғыздық» деп қойдым. Кейіндеу бір азияттық суретшімен танысып, бұл да бір мұсылман баласы ғой деп, бір-бірімізбен араласып тұратынбыз. Соған біраз уақыт өткен соң әлгі суретімді көрсетіп едім, көрмеге қойыпты, менде ақша жоқ бір кездері: «Мына суретіңді бәленбай ақшаға сұрап тұр, сатасың ба?», – дегенде сатып жіберген едім. Ол кейінгінің әңгімесі ғой.
Ал сол сәтте суреттің сұлбасын салып болған соң, қазақша дауыстап сөйлегім келді. Жападан жалғыз не сөйлейсің? Дауыстап үйдегілердің әрқайсысының атып атап, тілек тіледім. Шешем Абайдың әнін көп айтатын. Жаман даусыммен «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық айды» айттым. Бір кезде диванға отырып, қалың ойдың құшағына кеттім.
Сөйтсем, біреу есікті ақырын қағып тұр. «Кіріңіз», – десем, кірмейді. Барып есікті ашып қалсам, сенесіз бе, сенбейсіз бе: 10-15 қазақ. Жасы бар, жасамысы бар, қызы бар, жігіті бар. Таңданып қалдым. «Кіруге бола ма?», – дейді орысшалап. Қуанып кеттім: «Әрине, кіріңіздер, төрлетіңіздер», – деп қазақша жалпылдап жатырмын. Олар тіптен қуанып кетті. «Әй, мынау өзіміздің қазақ екен», – десіп қояды. Даярлап қойған дастарханыма шақырдым. Біздің жатақхана он алты қабатты еді. Мен ең жоғарғы қабатындамын. Бірінші қабаттан жетінші қабатқа дейін – қонақүй орналасқан. Сол қонақүйде орналасқан, Қазақстанның әр қаласын білімін жетілдіруге келген ұстаздар екен. Менің айғайлап айтқан өлеңім төменгі қабатқа әдемі ән болып естілген болуы керек. «Мынау магнитолланың әні, қазақша әндері болса, барып пластинкасын сұрайық», – деп келіпті…
– Сіз бүгінгі қазақ даласы, оның өскен, өркендеген ауылды, қаланың келбетін қалай кескіндер едіңіз?
– Бұрынғы ауылды көбірек көрсеткім келеді. Мұсылманбыз ғой. Құран оқығанда аруақтарға тие берсін дейміз. Қай жерде жүрсем де, атам заманнан қанша аруақ осы жерді басып өтті екен деп ойлаймын. Әрбір жерде аруақтардың табы қалған шығар. Сондықтан біз жүрген жерде ешқашан бірінші жақтан сөйлеуге болмайды. Себебі, бізден бұрын бұл жерде әлдеқашан аруақтар жүріп өткен. Олардың рухы сезіледі. Біздің балалық шағымызда бұл өңір тазалау болды ма, аруақтардың рухы жақсырақ сезілетін еді. Мен соны көрсеткім келеді.
– Замандастарыңыздың келбетіне үңіліп көрдіңіз бе? Бағзы қазақ пен қазіргі қазақтың портреттік бейнесі арасында қандай айырмашылық бар?
– Бар деп ойлаймын. Өркениетті әр адам әр түрлі қабылдайды ғой. Бүгінгі күні өркениетті таза мәдени қалыпта емес, басқаша қабылдап жатқан сияқты. Адамдар – ашушаң. Баяғыда қаланың адамдары суық деуші едік. Сөйтсек, баяғының қала тұрғындары да қазақылау екен. Қазір қазақылық аздау сияқты. Қиындықтар, жетіспеушілік адамдарды өзгертіп жібергендей. Қандай қиындық болса да, адам адам қалпында қалуы керек еді ғой деп ойлаймын. Бізде қазір көп нәрсе өзгерді. Суретшілерді былай қойғанда, жазушыларды теледидардан көрсетпейді. Көптің алдында жас әншілер. Олар ең болмаса жібі түзу ән айтса, қане?! Идеологиялық тұрғыда теріс қадамымызды аңдымай, неге құндылықтар да өзгеріп кетті деп бас қатыратынымыз қызық. Замандастардың келбетіне үңілгенде осындай бір мінездерді байқаймын.
– Қазақтың бүгінгі табиғатын – тауы мен тасына қандай бояулар ыңғайлы?
– Ашық түстерді қолданғанды ұнатамын. Тарихи суреттерге сарғыш, қоңырқай түстер келетін сияқты. Қазақтың даласының өзі қоңыр ғой. Сондықтан біздің тарих қоңырқай болуы керек. Кентавр деген суретімде сарғыш, қоңыр сары түстерді жиі қолдандым. Қандай бояуды қолдансақ та, тарихи тақырыптарды жазғанда ескі мен жаңаны, өткен мен бүгінді қабаттастырып отырған дұрыс деп есептеймін.

КЕНТАВР
– Суретшілікті ұластырып жүрген тұлғасыз. Қалай ойлайсыз, адамды өз салаларыңызда шығармашылықтарын дарытуға бола ма?
– Дені сау, қолына қалам ұстай алатын адам сурет салуды үйренемін деп шешсе, ол міндетті түрде үйренеді. Ал енді сурет салуды үйренгеннен кейін, таза шығармаға, әрине, талант керек. Оның да тоқсан тоғыз пайызы еңбек дейміз. Суретші ретінде де, өнертанушы ретінде де, педагог ретінде де солай дей аламын.
Адам әуел баста жазу арқылы емес, сурет арқылы, тіпті керек десеңіз, сөз арқылы емес, бейне арқылы тілдескен. Оны бүгінде пиктограмма, петроглифтер деп жүрміз. Қазіргі әріптер сол суреттердің ықшамдалған түрі. Жазу жаза аласыз ба, демек сурет сала алсыз.
Бүгінгі балаға да қараңыз. Шимайлап бірдеме жазады. Себебі, ол сәби сөйлей алмайды, үлкендермен бейне арқылы тілдеседі. Бала сөз сөйлей алмай-ақ, бейнені қабылдайды. Анасының ана екенін ажыратады. Кейін келе қабырғаға сурет салады.
Ол – бізбен тілдесіп жатыр. Өзінің ішіндегісін сурет арқылы білдіргісі келеді. Сол кезде балаға неге жаздың деп ұрыспау керек, себебі сәби өсіп, дамып жатыр. Сондықтан сурет салу адамның қанында бар дейміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қ.Серікқызы.