ҚОЙШЫНЫҢ ТҮСІ
15.10.2025
666
1

«Қырық күн қой баққаннан ақыл сұрама» дегенді біздің қазақ не үшін айтты екен? Құлбай шалдың қой баққанына қырық күн емес, биыл міне, қырық тоғыз жыл болыпты.
Дәл осындай «ақылды» қария ілуде біреу шығар. Қоймен бірге ой ба­ғып өскен жан емес пе, бейне бір «даланың данышпаны» дерсің. Кеңес­тің заманында ес жиып, етек жапқандықтан ба, қандай кеңес сұрасаң да Құлбай шал құрғақ шөппен ауыз сүртіп отырмайды, ақылын айтып, жол көрсетіп жібереді.
Бірақ қойшы адам қойшының дең­гейінде ойлайды ғой. Көзін ашқалы көрген-баққаны қой болған соң қайтсін енді. Ол ақыл айтса да, жол көрсетсе де сөздерінің бәрі қойдың төңірегінен әрі аспайтыны да рас.
Ол тіпті аспандағы жұлдыздарға да қойдың көзімен қарайды. Мінезі де қойдай момын. О, тоба! Жылқы баққанның жаратылысы жылқыға, қой баққанның болмысы қойға ұқсап кетеді екен.
Дегенмен Құлбайдың айтқан ақы­лы кейде көңілге қонып-ақ жатады. Бүгінде жетпіске жете қабыл қарияның өмірден алған сыбағасы кемдеу болғанмен, көкірегіне тоқығаны мол.
Құлбай қойшы басынан-ақ «брежневшіл» болды. «Өзім өз болғалы, көйлегім бөз болғалы…» дегендей, Құлбай – Құлбай болғалы, ата кәсіпті мирас тұтып, қолына ақ таяқ ұстағалы Брежнев деп оянып, Брежнев деп мызғитын. Өйткені оны қойшы қылған сол Брежнев атасы еді.
«Қазақстанда қойдың санын елу миллионға жеткіземіз!» деген ұран көтеріп, қырда да, құмда да шо­пан­дардың қаптаған комсомол бригадаларын құрғызып, олардың «үлгілі» істерін өлердей насихаттап, жастарды күзде күйекке, көктемде сақпанға салған айналайын, саясат-ай!
Мәскеуге, Ленинградқа барып білім аламын, инженер боламын, ғалым боламын деп жүрген қазақтың ұл-қыздарын арманынан айнытып:
«Асық ойнаған азар,
Доп ойнаған тозар.
Бәрінен де қой бағып,
Көтен жеген озар…» –
дегенді басты қағидаға айналдырған да сол брежневтік саясат еді.
Тіпті тиіп тұрған Алматыға барып, оқу-шоқу іздеуге де мұрсат бермеді. Әйтпесе Құлбай да бала күннен Қа­ныш Сатбаев ағасындай атақты геолог болуды армандайтын.
Жә, қайсы бірін айтарсың? «Қаныш жер қойнауын ақтарса, сендер ел қойнауын ырысқа толтырасыңдар» деген сөзге имандай сенді. Сенген жалғыз бұл емес, миллиондаған жастар. Жыл сайын өтетін қойшылардың слетінде омырауларына таққан жылтырақ сөлкебайдың сыңғырына риза болып талай шопан өтті. Бәрі де Брежневке құдайдай сенді.
Ол бір «қой үстіне бозторғай жұ­мырт­қалаған» тыныш заман еді. Қойыңды бақ та, жүре бер! Брежневке бүкіл қазақ халқы риза. Риза болмаса:
Маленков берген байталды,
Хрущев келіп қайта алды.
Айналайын Брежнев,
Байталымды қайтарды,–
деп өлең­детпес еді ғой.
Сол заманның әндерін айтсаңшы, әндерін! Құлбай сияқты миллиондаған қазақтар:
«Мақтанса бүгiн – мақтансын
қазақ,
Төбесi көкке тимей тұр аз-ақ»…
«Қазақтың нағыз шырқаған кезi,
Дедi ғой Леонид Ильичтiң өзi» – деп күнде ән шырқап және соған имандай сенiп жүрген кез едi.
Ол заман да келмеске кетті. Кеңес үкіметі құлағанша Брежневтен кейін бірнеше патша ауысса да, Құлбай қалқоздың қойын бақты. Сол қой баққаны әлі баққан. Ширек ғасыр кеңестің тұсында бақса, ширек ғасыр тәуелсіздіктің төрінде бағып келеді.
Тәуелсіздіктің самалы ескенде Құлбай қойшы ешкімнен кем қуанған жоқ. Бөркін аспанға атып, жүрегі жарылардай қуанған.
Шаруа адамы шаруашылықты ойлайды. Нарық кіргенде «Енді не болар екен?» деп жүрді. Өзгерістер көп күттірген жоқ.
Қалқоз, сапқоздар ыдырады. Егесіз қалған малды пысықай қулар бартерге айдады. Бұрынғы мемлекеттің малы жекеге өтіп, аяқ астынан қадау-қадау байлар пайда болды.
Құлбай қойшының жылдар бойғы тәжірибесін білетін бір бай оны жалдап алды. Міне, сол байдың қойын бағып жүргеніне де жиырма бес жыл болыпты.
Құдайға шүкір, әлі адам қатарынан шыққан жоқ. Бала-шағаны тірнектеп өсіріп, өз бетімен жіберді. Әрқайсысы өз күнін өзі көріп жүр. «Бір қозы өмірге келсе, бір түп жусан бірге шығады» деген, әркімнің өз несібесі өзінде. Аштан қалған Құлбай жоқ. Тәубе! Тәубе!
Адамның жасы ұлғайған сайын оңаша қалып, ой құшағына берілуге бейім келеді екен. Құлбай шал да қой соңында жүріп көп ойланады. Көзі ілініп, кірпігі айқасса болды өңіндегі кейбір ойлары түсіне еніп, жалғасын тауып жатады.
Бүгін неге екені белгісіз, күні бойы «Көк Тудың желбірегені» деген әннің сөздері тіліне орала берді. Сазы неткен керемет десеңші! Қазақ болып туылғаны үшін көкірегі ерекше мақтанышқа толып, кешке дейін қой соңында сол әнді ыңылдап қайталаумен болды. Баяғы «Мақтанса бүгiн – мақтансын қазақ, Төбесi көкке тимей тұр аз-ақ» деген әннен бетер көңілін баурады.
Күн ұясына отырғанмен, жаз кезінде қой жарықтық ымыртқа дейін жайылады. Жайбарақат жайылып жүрген отардың шырқын бұзғысы келмей Құлбай шал қабырғалары ырсиған шабдар атынан түсіп, адырда жалғыз өскен жиде ағашының діңіне арқасын сүйеп жантая кетті.
Аңызақ самал жан рақатындай көрініп, бойы балбырап, терең тыныстады. Жас күнінен құсұйқы неме еді, сол арада көзі ілініп кеткені.
Түс көрді. Күні бойы өзі әуенге қосқан Көк Ту түсіне кірді. Көкте желбіреген көгілдір Туды көрді.
Ту толқындана желбіреген шақта, алтын күннің астында қанат керген алып қыран қос қанатын қағып-қағып қалғандай көрінді. Бір мезгілде алтын қыран Тудан бөліне шығып, зеңгір көкте қалқып келе жатты.
Ол біртіндеп Құлбай шалдың тұсына жақындап келеді. Мына ғажапқа таңғалған қойшы орнынан тұрып, қыран жаққа күн салып қарады.
Иә, қыран жақындап қалыпты. Кенет алтын қыран қанағатсыз қарақұсқа айналып бара жатқандай болды. Құлбай шал шошыйын деді.
Қарақұс жайылып жатқан отардың үстіне келгенде қанатын тас түйін жинап, төмен қарай сорғалады. Құлбайдың жан дауысы шығып, «Қайт! Қайт!» деп жанұшыра айғайлауға ғана шамасы келді.
Қарақұс отардың алыс шетінде жүрген бір әлжуаз тоқтыны бүре көтеріп, көкке қарай самғады. «Бүрейін десе басқа аң құрып қалды ма бұл тойымсыз жыртқышқа?» деп, Құлбай қойшы күйіп-пісті. Қарақұс көкте желбіреп тұрған көгілдір Туға жете беріп, ғайып болды.
Бір таңғаларлығы, Туда бедерленген алтын күннің астындағы қыранның орнына Құлбайдың көтерем тоқтысын қойып кетіпті. Қыран жоқ. Тудағы Күннің астында тоқты тұр. Байғұс тоқты маңырауға да шамасы келмей, үрейден дір-дір етеді…
Құлбай шал осы тұста оянып кетті. Айдалада ауыр түстен бастырылып қалған адамдай екі өкпесі қысылып, демігіп жатыр екен. Жалма-жан орнынан атып тұрды. Жанталасып жан-жағын түгендей бастады. Жанары жасаурап, аспанға қайта-қайта қарады.
Отар қой сол қалпы, жайбарақат жайылып жүр. Қойлардың қаперінде дәнеңе жоқ. Әлгі оқиғаның өңінде емес, түсінде болғанына шүкіршілік еткен Құлбай қойшы сол иығына мойнын бұрып, үш рет түкірді. Тфә!Тфә!Тфә!
Кәрі жиденің қураған бұтағына шылбырын іле салған шабдар ат танауын пыр еткізіп, терең күрсінгендей болды. Жануар Құлбай шалға мүсіркей қарап тұрғандай. Күн түбіне жортқан алапат жорықтарда бөрілі байрақ көтеріп, сайын даланың төсін дүбірлеткен, абадан жүректі батыр бабаларының қанаты болған қазанат Құлбай қойшының түсіне кірмейтініне ренжулі сияқты.

ЕКІ ҚОРАП ТЕМЕКІ

Сол күнгі нөсерді айтсаңшы! Үнді киносындағыдай селдетті-ау бір…
Қыркүйектің соңы еді. Ауада күздің салқын демі бар. Суық нөсер шелектеп төгіп тұр.
Қалибек анасын пойызға отырғы­зып, ауылға шығарып салды. Жүрдек пойыз кестеден кешікпей жөнелген.
Нөсер басылар емес. Арагідік ұйытқып соққан ұрыншақ жел құйып тұрған қалың жауынды оңға да, солға да ықтырады. Қалибек жел көтерген қолшатырын күшпен ұстап, вокзал алдындағы автотұраққа қойған көлігіне қайтып келді. Үлкен қара джиптің жүргізуші жағындағы артқы есігін ашып, қолшатырын қапылыса бүктеп, еденге тастады.
Бұл автотұрақтан қозғалғанда қара нөсер тіпті күшейе түскен еді. Вокзалдың аумағынан шығып, үлкен даңғылға қарай бұрыла бергенде, көлік тоқтатпақ болып жанұшыра қол көтеріп тұрған жастарды байқап қалды.
Бір жігіт, үш қыз. Бәрі де қолшатырсыз. Киімдері малмандай су болыпты. Қар астында қалған бәйшешектей болып, суықтан бүрісіп тұр. Жолға қарай жанталаса ұмтылады. Өзінің баласымен қатар бәрі.
«Мыналар ауырып қалар» деп ойлады да қастарына жақындай бере тоқтады. Есікті жұлқа тартып ашқан мұздай жастар жанталаса машинаның ішіне күмп берді. Олармен бірге суық жаңбырдың суы да кабинаға сорғалай кірді.
– Саламатсыз ба, аға!
– Саламатсыз ба!– деп жамырасты артқа отырған қыздар.
– Ассалаумалейкум!– деп алдыңғы орындыққа жайғасқан жас жігіт су-су қолын ұсынды. Бұл оларды өз баласындай көріп, әкелік пейілмен ашыла сөйледі:
– Әй, бәтшағарлар-ау, қолшатыр қайда? Ауырасыңдар ғой, мына түрлеріңмен. Қайда барасыңдар?
– Мүмкін болса, Сейфуллин даңғылы мен Гоголь көшесінің қиылы­сына жеткізіп тастаңызшы. Бес жүз теңге береміз. Бола ма?– деді жігіт.
– Жарайды, көрерміз. Отырдыңдар ма?
– Отырдық, жүре беріңіз,– деді арттағы қыздардың біреуі нәзік қана дауыспен.
– Пешті қосыңызшы, аға! Қатып қалдық,– деді тағы бірі жаурағаннан безгек тигендей қалшылдап.
– Міне, міне. Қазір жылытамыз,– деп Қалибек мейірлене сөйледі. Пешті қосып, газды басты. Сыртынан су сорғалаған қара джип толқынды теңізде жүзген кемедей баяу қозғалып, жолға түсті.
Жастар біраз жылынып, ес жиған соң Қалибек ептеп жөн сұраса баста­ды. Үш қыз педагогикалық университеттің студенттері екен. Олар бір құрбысын ауылға шығарып салыпты. Ал өзін Нұрлан деп таныстырған мына бала қыздардың бірінің жігіті сияқты. Медициналық университеттің соңғы курсында оқитын көрінеді.
– Қара джип қасымызға тоқтағанда қорқып кеттім,– деді Нұрлан күле сөйлеп,– әдетте, джип мінген адамдар қол көтергендерге тоқтамайды ғой. Осындай машинамен жолаушы тасып жүрсіз бе? Біреу айтса, өз басым сенбес едім…
– Мен таксиші емеспін. Сендердің су болып тұрғандарыңды көріп, жаным ашып кетті. Содан тоқтадым. Оның үстіне жолымыз бір екен,– деді Қалибек байсалды қалыппен.
– Сіз болмағанда анық ауыратын едік. Сізге рақмет!– деп Нұрлан Қалибекке ырза көңілмен қарады.– Өзіңіз кім болып істейсіз, аға?
– Мен қарапайым жазушымын. Анамды ауылға шығарып салып едім.
– Жазушымын дейсіз бе?– деп арт­тағы қыздар шу ете түсті. Ортадағы қыз еркелей сөйлеп:
– Ой, ағай, мен де жазушы болғым келген, бірақ түк шықпады,– деді бұртыйып.– Мектептен жазатынмын. Кейін қойдым.
– Сендер жассыңдар ғой. Талаптансаң әлі де бірдеңе шығар,– деді Қалибек қызға маңдайшадағы айнадан қарап. Өзі сүйріктей әдемі қыз екен, – қай факультетте оқисыңдар?
– Педагогика. Биыл бітіреміз.
– Бәрің бе?
– Иә, бәріміз бір топта оқимыз.
– Бес минутсыз ұстаз екенсіңдер ғой. Өмірде ұстаздан асқан құрметті мамандық жоқ,– деді Қалибек сабырлы қалыппен, жолдан көзін алмай,– менің бала кезгі арманым, әдебиет пәнінің мұғалімі болу еді. Мектепте ұстаз болуды армандайтынмын.
– Өмір деген қызық қой,– деді әдемі қыз өкінгендей,– менің жазушы болғым келді, ал сіз ұстаздықты армандапсыз… Екеуміздің мамандығымыз ауысып кеткен сияқты. Адамның ойлағаны бола бермейді екен.
– Бұны – жазмыш дейді. Жазмыштан озмыш жоқ,– деп Қалибек терең ойды қозғап келе жатты да,– Жаратушының дегені болады, тек адам жақсылыққа ұмтылып, талап қылуы керек,– деп қысқа қайырды.
Осы кезде машинаның ішіне тамсана қарап келе жатқан Нұрлан сөзге араласып:
– Мен мынадай машинаға бірінші рет отыруым. Қымбат шығар, ә?– деп сұрады.
– Әркімнің табысына қарай ғой,– деді Қалибек баяу үнмен мақтанғандай болмайын деп.– Біреуге арзан, біреуге қымбат. Кімге қалай?
– Қымбат тұрады ғой, ә?– деді Нұрлан алақанымен панелді сипап.– Джипті кеденшілер ғана мінетін шығар деуші едім. Жазушылар да мінеді екен ғой…
– Сенің мына сөзің қызық екен? Мінсе – жазушы мінсін,– деді Қалибек күтпеген сөзге қитығып қалғандай,– жазушы мінсе көз майын тауысып, адал еңбек, маңдай терінің ақысына мінеді. Ал кеденші деген кім? Шекараны майшелпек қылып жүргендер ғой.
– Жазушы – адам жанының инженері. Менің атам солай деп айтатын,– деді әдемі қыз Қалибекті жақтағандай.– Бұрын ең бай адамдар ақындар мен жазушылар болған дейді. Солай емес пе, иә, аға?
Қыздың сөзі Қалибектің көкірегінде жатқан біраз ойды қозғап жіберді.
– Сендер білмейсіңдер ғой. Ол бір молшылық заман еді,– деді қызға қарап терең күрсініп.– Сенің сөзіңнің бәрі рас. Кеңестік кезеңде ақын-жазушыдан бай адам болмады. Ол кездің үкіметі ой еңбегін жоғары бағалайтын. Әдебиет пен өнерді қадірлейтін. Қаламақыны аямай төлейтін. Ақын-жазушы өз тап­қанымен бір әулетті асырай алатын. Қазір қаламақы да, үкіметтен қолдау да жоқ. Жазушы мен ақынның абырой-беделі қалмады. Көбі әупірімдеп жан бағып жүр.
– Қойыңызшы, аға!– деді Нұрлан қулана күлімсіреп.– Жоқ болса, джипті қайдан мініп жүрсіз? Бар ғой, демек, бар!
– Құдайдың бергеніне шүкір, көрсеткеніне тәубә! Адамның бәрі бірдей емес. «Кәсіп түбі нәсіп» деген. Адалынан әрекет жасасаң, Алла берекетін береді. Осы машинаға отырғаныма он бес жыл болды. Талай жылғы тынымсыз еңбегіміздің арқасы бұл,– деп Қалибек сөзін нығырлап қойды.
– О-о! Ол кезде біз мектепке де бармаған екенбіз. Енді, міне, университет бітіріп жатырмыз. Келешекте мен де джип алғым келеді,– деді Нұрлан тамсанып. Қалибек оған көзінің қиығымен қарады да, аз-маз ағалық ақылын айтып қойғысы келді:
– Бұйырса, аларсың. Құдай соған жеткізсін де. Қазіргі жастардың бәрі асығыс. Бәрі бірден болса дейсіңдер. Үй. Машина. Ақша. Несиеге көзсіз батып жатқан да жастар. Қит етсе ата-анасына, ағайын-тумасына салмақ салып, несие алдырады. Артын ойламайды. Несие деген несібе емес, ол – қарыз. Қазақ атамыз «Қарызың барда малым бар деме» деген. Адамға дүние бірден аспаннан түспейді, біртіндеп құралады. Соны түсінсең жаман болмайсың.
Әңгіменің қызығына кіріп, айт­қан жерге келіп қалғанын байқамай да қалыпты. Күзгі күннің ұзақтығы торғайдың тұмсығындай ғана. Әп сәтте қаланы қою қараңғылық басқан. Кептелекте тіресіп келе жатқан көп көліктің жарығынан, әйтеуір, айналада не барын аңғарғандай боласың. Нөсердің соңы майда жаңбырға айналып, себезгілеп бүркіп тұр.
– Осы жерден тоқтаңыз,– деді Нұрлан. Қалибек машинаны кілт тоқтатты. Нұрлан ары-бері қозғалақтап, тырыстырып киген тар шалбарының қалтасынан умаждалған бес жүз теңге шығарып, Қалибекке ұсына берді. Бұл Қалибектің ойына кіріп те шықпаған. Бірден Нұрланның қолын кері қайтарды:
– Жоқ! Ақша алмаймын! Өздерің жаратыңдар. Сендер суықтап, ауырып қалмасын дедім. Ақша өздеріңе керек болады,– деп бәйек болды.
– Ой, аға! Ыңғайсыздау болған жоқ па? Сонша жерден келдік қой.
– Сонша жерден келсек, бірталай әңгіме айттық. Жол қысқарттық. Таныстық, бауыр таптық дегендей. Өзіміздің қазақтың балалары болған соң нөсердің астында, суықта қалдырмайын деп… Мен осы көшенің бас жағында тұрамын. Аман болыңдар! Жақсы маман болыңдар!
Нұрлан ұсынған ақшасын қалтасына қайта салып, ризашылық сезіммен Қалибектің қолын қысты:
– Онда жақсы, аға! Рақмет сізге! Сіз сияқты ағаларымыз аман болсын!– деп машинадан түсті де артта отырған қыздарды біртіндеп сүйемелдеп шығара бастады.
– Ағай, сау болыңыз!
– Сау болыңыз! Көп рақмет!– деп қыздар да жамыраса қоштасты.
Қалибек өзінің сауапты ісіне шын риза еді. Жан дүниесі нұрланып, әдемі күй кешті. Ол бала кезінен біреуге істеген жақсылықтан ләззат алатын. Басына іс түсіп, қиналып тұрған адамның ал­ғысын алудан асқан мәртебе болмайтынын ол бұрыннан білетін. Өзінің баласындай жастарға шарапаты тигенін ойлап, жол бойы көңілі көтеріңкі болды.
Зәулім үйдің астындағы паркингке кіргенше оның жаны жадырап келді. Машинаны сөндірген соң ғана артқы орындықтың еденіне тастаған қолшатыры есіне түсті. Кабинадан шығып, артқы есікті ашып қарады. Қолшатыр орынында жатыр екен.
Қара көлеңкеде еденнің арғы басынан бір нәрсе қарауытып көрінгендей болды. «Әлгі қыздар бір затын ұмытып кетпеді ме екен?» деп бойын созып, қараңғы бұрышқа үңіле түсті. Мәссаған! Енді ғана анық байқады, артқы еденде жатқан өзінің қайыс портфелі екен. Жүрегі зырқ ете қалды.
Бағана жұмыстан асығып келіп, анасын үйден алып шыққанда бұл портфель жайлы мүлде ұмытып кетіпті. «Үйге қалдыра салмаған екенмін-ау. Жаңағы қыздар ашып қарамады ма екен?» деген суық ой санасын қарып өтті.
Жалма-жан ұмтылып, портфелін суырып алды да, асығыс ашып: « Мұның ішінде не бар еді?» деп, салған заттарын түгендей бастады.
Жұмыс қағаздары ғой. Айтпақшы, қаланың жоғарғы жағынан үй салу үшін жаңадан сатып алған жер учаскесінің құжаттары да бар. Бүгін күні бойы жүгіріп, сол құжаттарды жер комитетіне тіркетіп, жаңа Актісін қолына алған. Үйге барған соң келіншегіне көрсетіп, сүйінші сұрамақ еді.
Портфельде тағы екі қорап темекі бар болатын. Түнделетіп туынды жазғанда темекі тартпаса ойы сабақталмайды, қолы жүрмейді. Талай жылдан бергі әдеті. Иә, кеңсесінің қасындағы дүкеннен екі қорап темекі сатып алған.
Жүрегі атқақтап, портфельдің әр қалтасын ақтара қарады. Әйтеуір, жер учаскесінің Актісі аман екен. Бірақ ол басқа қалташаға ауысып кетіпті. Екі қорап темекі ізім-ғайым жоқ. Момақансып, сызылып отырған қыздар темекіні жымқырыпты.
Осыны түйсінгенде Қалибектің аспандап келген көңілі жерге соққандай болды. Көз алдына артқы орындықта отырған қыздардың кәнігі ұрыдай жанталасып, нәзік саусақтарымен портфельдің ұңғыл-шұңғылын тіміскілеп жатқаны елестеп кетті. Нұрлан болса мүләйімсіп, бұны әдейі әңгімеге айналдырып отырған сияқты.
«Не деген оңбағандар ей?! Осынша жақсылық істеген адамға иттік жасағандарын қарашы. Ал портфельде ақша болса ше? Ең әуелі с-оны жымқыратын еді ғой. Мыналарың адам емес екен… Бұл­ар ештеңеден тайынбайды. Ертеңгі ұстаздармыз дейді тағы…» деп күйінген Қалибектің жан дүниесі астан-кестен болды.
Мәселе екі қорап темекіде емес еді. Оны қойшы… Қалибек темекіден ай­ырылғанына өкінген жоқ, «Ертең мұғалім боламыз» деп отырған жастардың осындай азғындыққа барғанына күйіп-пісті. Олардың әрекетін тереңірек ой елегінен өткізіп көріп еді, жаны түршікті. Өзінен өзі кіжініп: «Үміт күткен болашақтың сиқы осы ма? Атасына нәлет!» деп іштей күбірлей берді.

 

 

Темірғали КӨПБАЙ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.10.2025 | 12:01

Керемет жазылған. Рақмет ой өрісіңіз кеңейе берсін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір