Журналист жолы
Белгілі журналист әрі кәсіби баспагер, ЖШС «Қарасай» баспасының директоры Болат Асанбаевпен мен сонау жастық шағымыздағы албырт кезімізден, университет қабырғасынан таныспын. Мен – Ақтөбеден, ол Алматыдан келіп, 1967 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті) журналистика факультетіне түсу үшін құжаттар тапсырдық. Ол кезде екі жыл жұмыс істеген еңбек өтілің болмаса әрі жазып-сызғандарыңсыз бұл мамандық бойынша университетке түсу мүмкін емес еді. Талап солай. Абырой болғанда екеуміз де бұл сынақтан өтіп, емтихандарды да ойдағыдай тапсырып, үлкен арманға барар жолдағы алғашқы қадамымызды жасадық. Университетті бітіргеннен кейін де біздің жолымыз бір жерде түйісіп, екеуміз де қазақ баспасөзінің қара шаңырағы атанған «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына жұмысқа орналастық.
Әрі қарайғы жылдар біздің осы беделді газет редакциясында орнығып, қалыптасу, қаламымызды қатайтып, ұштай түсу, алдыңғы толқын ағалардан үйрену, үлгі алу, стиль орнықтыру кезеңіне ұласты. Мұнда бізге қол ұшын созып, көмек көрсеткен ағалардан әр жылдары газетке басшылық еткен редакторларымыз Ұзақ Бағаевты, Сапар Байжановты, Балғабек Қыдырбекұлын бөле-жара атағымыз келеді. Өзінің сыпайы мінезімен, бекзат болмысымен, білім-білігімен және зор тәжірибесімен ерекшеленетін Ұзақ аға мені де, Болатты да бір мезгілде қызметке қабылдап, қамқорлығына алды. Ол жазғандарымызды тексере отырып «мына тұста еркін кетіп қалыпсыңдар, жел сөз көп, қысқа айтып, нақты ойды білдіріңдер» деген кеңесін жиі айтушы еді. Балғабек аға болса: «Жақсы журналист болып қалыптасам десеңдер, тіл үйреніңдер, эпикалық шығармаларды көп оқыңдар, оның сендерге пайдасы зор», – деп ақыл қосты. Сонымен бірге, бізді бөлім жұмысында сынап көріп, тер төккізіп, шыңдаған, тәрбиелеген ұстаз қаламгерлер Пернебек Бейсенов, Уақап Қыдырханұлы, Мамадияр Жақыпов, т.б. есімдерін әлі ұмытқан жоқпыз.
Осындай ағалар жол көрсеткен, ақыл-кеңесін берген «С.Қ.» мектебі бізге не берді дегенге келсек, ең алдымен көңілге тоқып, қабылдағанымыз – партиялық этикет, темірдей тәртіп, қалам ұшынан шыққан әрбір сөзге де осы жауапкершілік тұрғысынан қарау. Дегенмен де ол жақсы шығармашылық ахуал орныққан орта болды. Ондағы күнделікті әр нөмірді жоспарлау, аптасына бір рет өткізілетін лездеме әркез қызу пікір-таласқа толы болатын. Онда біреулердің жазғаны мақталып, екінші біреудікі сын тезіне алынып жататын. Бірақ ол сені төмендету, тұқырту үшін емес, қалыс басқан қадамыңды түзету, көмектесу үшін айтылатын риясыз сын еді. Біз одан сабақ алып, кемшілігімізді түзеп, жақсы арнаға бет бұруды үйрендік.
Сондай ортада тәрбиеленген курстас әрі қаламгер дос алғашқы жазғандарында-ақ жұрт назарын аударарлық мәселелерге көңіл бөле бастады. Бұған оның сол кездегі Жезқазған облысының артта қалған шаруашылықтарының жай-күйін талдаған «Шығыннан шығар жол қайсы?» деген және Талдықорған облысында мал бордақылау кешендерінің (комплекстері) тиімді жұмыс істемей отырғанын көрсеткен «Қой ма, қоян ба?» атты сын мақалалары («Социалистік Қазақстан», 1974 жылғы 7 қыркүйек; 1978 ж., 30 қыркүйек) жатады. Соңғы мақалада уақыт талабына сай облыста мал бордақылау кешендері көбейгенмен, олардағы етке өткізілген қойдың салмағы 25-30 килограмнан аспайтындығы айтылған. Демек, бордақыдағы қойдың салмағы қояндыкімен бара-бар болса, онда мұндай бордақылау орындарының қажеті бар ма деген мәселе көтерілген. Облыс басшылығы газет дабылына назар аударып, тиісті шаралар белгілеген. Жезқазған облысы да артта қалған шаруашылықтардың санын азайтуға бағыт ұстаған. Жазғандарыңнан іс-нәтижесі көрініп жатса, одан абыройлы не болмақ?!
Көп ұзамай біздің де тәжірибеміз толысып, қызметіміз өсті. Мен «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясының хабар бөліміне жетекшілік етсем, ол жаңадан құрылған табиғат қорғау және қосалқы шаруашылық бөлімінің тізгінін ұстады. Әрине, оған жұмысты тақыр жерден бастауға тура келді, себебі газет редакциясының құрылымында бұрын мұндай бөлім болмаған еді. Ол табиғатты қорғаудың ғылыми негізін түсіну үшін осы жұмысты жүргізетін ғылыми мекемелермен, министрліктермен тығыз байланыс орнатты, ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс істеді, жер-жерде бұл істің қалай жүзеге асып жатқанына ден қойды. Нәтижесінде партиялық орган болып табылатын «Социалистік Қазақстан» табиғатты қорғауға шынымен бет бұрды, оның арнайы шығып тұрған «Адам және табиғат» бетіндегі қызықты материалдарды, табиғатты аялап, сақтауға үндеген мақалаларды жұрт іздеп жүріп оқитын болды. Осы ретте оның өз қаламынан туған, сирек кездесетін жануарлардың бірі – құланды әр өңірде жерсіндіріп, өсіру мәселесін қозғаған «Қапшағай құланы», Есік көлін қалпына келтіруге арналған «Есік көлі қайта толқиды», Алматы қаласын селден қорғаудың жайын сөз ететін «Қаланың қалқаны» дейтін ғылыми-танымдық әрі проблемалық мақалалары да газет оқушыларының есінде.
Табиғат қорғау бөлімінің жұмысын бір арнаға салып, жолға қоя білген Болатқа енді жаңа міндет жүктелді. Ол газет редакциясының құрылымында салмақты орны бар ғылым және оқу орындары бөліміне басшылық етуге келді. Бұл бөлімнен өтетін материалдардың оқылатын дәрежеге жетуі, басылымның ғылыми жаңалықтың жаршысына айналуы Болат Асанбаев біраз тер төккен жұмыстар болды. Нәтижесінде газеттің «Ғылымның ғажайып сырлары» деген айдарының аясында академик О.Жәутіковтің сол кезде өріс алып, дами бастаған есептегіш техникалар жөніндегі «Ақылды машиналар» дейтін, физика-математика ғылымының докторы, профессор Ш.Сәрсембиевтің жерді аялап, қорғауға арналған «Адамзат мінген алып кеме» атты қызықты да ғылыми мәні бар мақалалары жарық көрді. «Социалистік Қазақстанның» кезекті лездемесінде соңғы айлардағы нөмірлерге шолу жасаған қонағымыз, Алматы Жоғары партия мектебінің оқытушысы ретінде талай журналистке дәріс берген Зейнолла Әйтімов ағамыз ағынан жарылып: «Бұл материалдар өз аяғымен келді ме, егер солай болса, онда газетке жаза алатын авторларыңыздың қатары тағы да екі адамға көбейді деп біліңіз», – деген еді.
Ұжым атына айтылған мұндай жылы лебізді есту жақсы-ақ. Бірақ мұнда нақты адамның, бөлім меңгерушісінің үлесі бар-тұғын. Мен өзім оның авторға қызықты тақырып ұсынып, оның жазып келгеніне де разы болып, ал ұғынықты тілмен жеткізе алмаған тұсын үстінен қарап, өңдеп, кейде қайта жазып отырғанын сан рет көрдім. «Мұның не, өз мақалаң болса бір сәрі, босқа кеткен еңбек қой бұл», – десем, ол: «сықиған ресми материалдардың арасында оқылатын да бір нәрсе жүрсе деймін ғой», – деп сыр ашатын. Маған ол өзінің барлық шығармашылық әлеуетін газет жұмысына арнағандай көрінеді. Журналист мамандығын алған соң, соған лайық болу, журналистикаға қызмет ету оның еншісіне қалғандай. Әйтпегенде ол бүгінде жазушы болып отырған да болар ма еді деген ой келеді. Оның «С.Қ.» беттерінде жарияланған көркемдік дәрежесі әңгімеден кем емес очерктері осыған дәлел. Әйтсе де осы жылдардың жемісі ретінде ол «Тұщықұдық көкжиектері» («Қайнар» баспасы, 1978 ж.) және «Адам сұлу еңбегімен» («Қазақстан» баспасы, 1981 ж.) дейтін екі очерктер жинағын, сондай-ақ, «Қорғалжын қорығы» атты («Қайнар» баспасы, 1985 ж.) аударма кітабын баспадан шығарды.
«Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында он алты жыл жұмыс істеп, онда бірқатар бөлімдерді басқарып көрген, едәуір тәжірибе жинаған, ысылған журналист дос келесі кезекте республикалық «Ғылым» баспасына ауысады, енді баспагерлік қызметі басталады. Бұл – баспаларға мемлекеттік тапсырыстың үлесі азайған, нарық қыспаққа алған кез болатын. Баспаға автор тарту, қолжазбалар әкелумен бірге, сол кітаптарды шығаратын қаржының көзін табу, демеуші іздеу де басты жұмысқа айналған еді. Тіпті баспагерлердің қағаз, бояу іздеп, сенделгені де жасырын емес. «Ғылым» баспасында осы тұйықтан алып шығудың жолдары іздестірілді. Ол – нарық нұсқаған жол еді. Сағынгерей Бәйменов, Болат Асанбаев бастаған баспа ұжымы осы жолдардан өте отырып, академияның ғылыми құрылымдарымен байланысты жақсартып, олармен шығармашылық бірлікте жұмыс істеді. Нәтижесінде академиялық институттардың ең таңдаулы еңбектері «Ғылым» баспасынан шығып жатты. Олардың көбі демеушілердің қамқорлығы арқылы жарық көрсе, біразы авторлардың өз қаржысына шығарылды. Кейін бұл қиындықтар артта қалып, мәдени мұрамызға кіретін қазыналар біртіндеп мемлекеттік тапсырысқа да ілікті. Бұлардың қатарында «Дала уәлаяты газетінің» бес томдығы, «Әуезов шығармаларының шежіресі» атты бірегей еңбек, Қ.И.Сәтбаевтың сегіз томдық академиялық жинағы, Ж.Аймауытовтың бес томдық шығармалары, Ж.Жабаевтың, М.Дулатовтың, М.Ж.Көпеевтің екі томдықтары, т.б. бар.
М.О. Әуезовтің елу томдық академиялық толық жинағының алғашқы он бір томы «Ғылым» баспасынан жарық көргені белгілі. Мұндай мәдени мұраны басып шығаруға иелік етуге ұмтылғандар көп болды. Әлемдік деңгейдегі жазушының шығармалары неге «Жазушыдан» шықпасқа десті біреулер. Маңызды мемлекеттік тапсырыс болғандықтан мол қаржының құйыларын білген жекеменшік баспалар да өтініш білдіріп жатты. Бірақ ешкім оның академиялық ғылыми басылым екеніне мән бермеді. Ал академиялық ғылыми басылым осындай еңбектер шығарумен айналысатын, мәтінге берілетін ғылыми түсініктермен жұмыс істей алатын, соған маманданған баспаға берілмей, басқаға кетсе, бұл елу томдықтың авторы үшін де, ғылым үшін қиянат болар еді. «Ғылым» баспасының бас редакторы ретінде Болат Асанбаев академия мен институт басшылығын (М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтын) осыған иландырып, ризашылықтарын алды. Ол елу томдықтың әр томы жарық көрген сайын оқырманнан сүйінші сұрап, газеттер арқылы хабарлап отырды.
Алайда, осындай еңбекпен келген абыройдан бір-ақ күнде айырылуға тура келді. Құрылғанына алпыс жыл толу қарсаңында кейбір шенеуніктердің білместігі мен қателігінен «Ғылым» баспасы жабылып қалып, елу томдықты шығару (12 томнан бастап) ендігі жерде шын мәнінде де жекеменшік баспаның құзырына өтті. Ал Болат болса, өзінің баспагерлік тәжірибесін пайдалана отырып, ЖШС «Қарасай» баспасын құрды. «Қарасай» баспасы оқулықтар мен оқу құралдарын, монографиялар, ғылыми-көпшілік әдебиеттер шығаруға бейімделген. Қазіргі кезде бұл баспадан шыққан оқулықтар сұранысқа ие, олардың әрқайсысының таралымы 2000-3000 данадан болып отыр.
Болат Асанбаевтың газеттегі кезеңін журналистік жолы десем, баспа жұмысын қолға алып, ұйымдастыруынан, кітап шығаруға бар ерік-жігерін, күш-қуатын жұмсауынан баспагерлігін көреміз. Оны кәсіби баспагер әрі шебер ұйымдастырушы деуге болады. «Ғылым» баспасындағы жағдайды тұрақтандырып, оны нарық жолымен жүруге бастауы, ЖШС «Қарасай» баспасын құрып, қалыптастырып, оны оқулықтар мен оқу құралдарын шығаратын ірі баспалармен бәсекелес болуға жеткізуі осы ойымызды дәлелдей түседі.
Біздің тағдырымыз да ұқсас болды десем, ол рас сөз. Университеттегі оқу, одан соң біраз жыл бір шаңырақта бірге қызмет істеу, бірге жүру, бір-бірімізге жақын болу, сыйлас әрі сырлас жанға айналу – уақыттың бізге еншілеген сыйы еді. Тағдырдың жазуымен кейін жолымыз екі жаққа бөлінді. Мен белгілі бір себептермен «Социалистік Қазақстаннан» кетіп қалдым. Сондай-ақ, онда табандатқан он алты жыл жұмыс істеген Болат Асанбаев та баспа саласына ауысқанын айттым. Содан біразға дейін хабарласа алмай қалдық. Арада жылдар өтті. Мен үйдегі серігім – жарымнан айырылып, өмірдің сынағына іліктім. Болат дос келіп көңіл айтты, қолдау көрсетті. Менің басыма келген ауырлық өзгеге кез болмаса екен деп тіледім. Бірақ өмірде бәрі ойлағандай болмайды ғой. Осыдан екі жыл бұрын аяулы жары – Рысқалым дүниеден озғанда Болат та үлкен қайғыға батты. Қайғысының ауырлығын, жан жарасының тереңдігін, қымбаттысын қимайтындығын білдіріп ол оның қырқын өткізгенде «Жанашырым, жансерігім еді» деп, ал өткен жылы жылын бергенде «Бір өкініш, бір үміт…» деген еске алу мақалаларын жариялады («Қазақ әдебиеті», 2015 жыл, 4 желтоқсан; 2016 жылғы 7 қыркүйек). Егіліп, жылап отырып жазды, нағыз жүректен шыққан сөз дерсің.
Мен оны сабырға шақыра отырып оған жарының рухын мәңгі есте сақтауы үшін тағы да айтарың болса жазып қалдыра бер, одан қалған отбасыңа, ұрпағыңа қорған болып аман жүре бер дегім келеді, өзін жетпісінші белесімен құттықтаймын, қаламгерлік жолда жеміс пен мерей тілеймін. Осы ретте Қасым ақынның әйгілі жыр жолдары еріксіз ойға оралады. «Жеті келеді жүгіріп, Жетпіс келеді сүрініп», – деген еді ол бір кезде. Бірақ қазір уақыт басқа, заман өзгерді. Озық заманның қазіргі сипатына сай сен адымыңды нық басып алға оза бер. «Сен «сүріншек» жетпісте емессің, желіп жүрер жетпістесің» деп білемін.
Талап ҚАЛМЫРЗАҰЛЫ,
журналист.