Ұстаз жолы – ҰЛЫҚ ЖОЛ
Бүгінгі жаңа Қазақстанның жас буынын тәрбиелеу мен білім беру саласында үздік педагогтардың ішінде ерекше оқытушылардың бірі, ұлағатты ұстаз, шебер ұйымдастырушы, басқарушы, зерттеуші ғалым, білімді кадрларды даярлауға өзінің үлесін қосып келген тарихшы ағамыз – Талғат Құмарғалиұлының орны бөлек.
Өмір жолын тарих ілімімен сабақтастырып, болашағының бағыт-бағдарын нақты айқындай білген азаматтардың бірі ретінде Талғат аға бүгінде көпке үлгі.
Талғат Құмарғалиұлының өмірдегі, қызметтегі белестері кеңестік Қазақстан дәуірінен бастау алып, тәуелсіздік алған тұспен астасып жатыр. Екі тарихи кезеңді көріп, аумалы-төкпелі саяси-экономикалық қиындықтардың куәгері болып, білім алып, еліне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ұстаз көпбалалы отбасында 1963 жылы 29 маусымда дүниеге келген. Әкесі Құмарғали Мекебайұлы ұзақ жылдар бойы партия қызметкері, еліне сыйлы азамат болған, ал анасы – Әсия айналасына, ағайын-туысқа қадірлі, беделді отанасы болған екен. Ағамыз отбасында жақсы тәрбие алып, 1980 жылы мектепті бітіріп, кейіннен 1982-1984 жылдары Кеңес әскерінің қатарына алынады. Ол Солтүстік Кавказ әскери аймағында жауынгерлік борышын абыроймен атқарып, елге оралған соң бүгінгі қызмет етіп отырған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Мұнда С.Қ.Жақыпбеков, У.Х.Шалекенов, С.М.Машимбаев, М.Елеуов, Қ.С.Қаражан, Қ.Т.Жұмағұлов, Ә.Т.Төлебаев, М.Қ.Қойгелдиев сынды ұстаздардан тәлім алып, белгілі тұлғалардың дәрістерін тыңдап, кәсіби деңгейдегі тарихшы болып қалыптасты. Бірге оқыған курстастары, достары еліміздегі ЖОО профессорлары – Б.Б.Кәрібаев, А.Қ.Жұмаділ, Е.Н.Ноянов және т.б. тарихшы-ғалымдардан Талғат ағаның абыройлы студенттік өмірі, ұйымдастырушылық қабілеті мен зерттеушілік қарымы туралы көп еститін едік. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін студенттерді оқудан шығару, комсомол қатарынан қуу сияқты шараларды жүргізгенде де Талғат ағаның көптеген қазақ жастарын арашалап қалуға барын салып, талай азаматты тағдырдың тәлкегінен аман алып қалғанын да жақсы білеміз.
Талғат Құмарғалиұлы 1990 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі ҚазҰУ) үздік аяқтап, Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасында ассистент ретінде еңбек жолын бастайды. Ғылым жолында Қазақстанның қазіргі заман тарихын зерттеген білікті маман патша үкіметінің отарлау саясаты, қос революция, азамат соғысы мен ХХ ғасыр басындағы кеңестік биліктің жүргізген саясатын зерттеу бойынша көптеген еңбектер жазды. Зерттеуші ретінде тарих саласында өзекті тақырыптар бойынша алыс және жақын шетелдерде өтетін конференциялар мен симпозиумдарға қатысып, баяндамалар жасады. 1996 жылы «Қазақстандағы Уақытша үкіметтің басқару органдарының құрылуы және қызметі» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, ғалымдық пен тәлімгерліктің даңғыл жолына түсті. Оның көптеген ғылыми-әдістемелік мақалалары мен оқу құралдары арқылы отандық тарих саласының шәкірттері мен мамандары білім алып келеді. Талғат аға дәрістерінде ұлт тарихына қатысты өзекті мәселелерді қозғап, тарихи деректер мен зерттеу еңбектерінен міндетті түрде үзінділер келтіріп, әр сабағын әсерлі де мағыналы өткізетініне талай куә болған едік. Семинар сабақтарында ерекше қызықты әдістерді пайдалана отырып, нақты деректерге көңіл бөлуді үйрететін. Біз Талғат ағаның семинарларына дайындалып жүргенде Ұлттық кітапхананың сирек қорлар кітаптарынан нақты деректер мен дәйектер әкеліп, соны зерделеу еңбектерімізге пайдалануды талап ететін. Бізді зерттеуші, деректанушы, тарихшы ретінде қалыптастырған да ұстазымыздың осындай әдістері екенін мақтана айтамыз.
Талғат Құмарғалиұлы қызметтің барлық баспалдақтарынан өтті. 1996-2001 жылдары тарих факультетінде деканның орынбасары, 2001-2010 жылдары университеттің бірінші проректорының орынбасары, 2010-2011 жылдары университеттің оқу ісі жөніндегі проректорының кеңесшісі секілді жауапты қызметтер атқарса, 2011 жылдан бері университет қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымының төрағасы міндетін абыроймен атқарып келеді. Ғалымның жемісті ғылыми-педагогтік және қоғамдық қызметтері жоғары басшылық тарапынан да елеусіз қалған емес. Ол «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге – 75 жыл» төсбелгісімен, «М.Тынышбаевтың 130 жылдығы» медалімен, Б.Момышұлының 100 жылдығына орай «Шапағат» медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге – 80 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар 2020 жылды Алматы облысының Сарқан ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Бұл – білікті ғалымның еңбегінің жемісі, азаматтық белсенділігінің айғағы екені хақ. Шәкірт жүрегінен орын алған, ұлттық ғылым, тарих салаларына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ұстаздың халыққа берері әлі де мол екені даусыз.
Ж.Е.ЖАППАСОВ,
Н.А.ТАСИЛОВА,
тарих ғылымдарының кандидаттары,
қауымдастырылған профессорлар