«ЖАУЫНГЕР. ЖАЗУШЫ. ЖУРНАЛИСТ»
17.05.2023
3624
0

Қазақ әдебиетінде майдангер қаламгерлердің үлкен шоғыры болды. Олар – Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Ілияс Есенберлин, Қасым Аманжолов, Тахауи Ахтанов, Мұзафар Әлімбаев, Сырбай Мәуленов, Сәуірбек Бақбергенов, Хамит Ерғалиев, Дихан Әбілов, тағы басқа көптеген қалам мен қаруды тең ұстаған ақын-жазушылар. Сол үлкен шоғырдың бірі және бірегейі – Кемел Тоқаев. Бірегейлігі тыңнан түрен салып, соны соқпақ жол тауып қаламгерлер ара­сынан алғашқы болып қазақ әдебиетінде детектив жанрында қалам сілтеді.   

Кемел Тоқаев – детектив жанрының ше­бері, «Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСРО Ішкі істер министрлігі кеңес ми­лициясы мен чекистерге арналған шы­ғармаларға» бәйге жариялағанында бірінші бәй­гені қатарынан төрт рет алған сөз жүйрігі. «Көмескі із», «Түн­де атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тап­сырма» повестері  және де­тективке құрылған «Қызыл ко­миссар», «Қылмыскер кім?», «Си­қыр­лы сырлар» пьесалары – осының айғағы. Мұның бәрі оқырманнан өз бағасын алған. «Соңғы соққы», «Солдат алыс­қа кетті» романдары әдебиетіміздің алтын қорына енгені сөзсіз. Оннан астам кітабы қазақ және орыс тіл­дерінде басылды. К.Тоқаев­тың «Арнаулы тапсырма» кітабы Ұлы Отан соғысының қаһарман ардагері, айбынды партизан Қа­сым Қайсеновтің ерлігін арқау еткен. Хал­қымыздың осы батыр перзенті жөнінде тұң­ғыш шы­ғарма жазған да – Кемел Тоқаев.
Майдангер қаламгердің биік болмысын, бейнесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әке туралы ой-толғау» атты ғұмырнамалық кітабын парақтағанда көреміз. Аталмыш туындысында еліміздің Президенті әкесі Кемел Тоқаев пен анасы Тұрар Шабарбаева туралы көркем әңгімелейді. Ғұмырнамалық кітап «Балалық пен жастық шақ», «Соғыс», «Әдебиетке барар бұралаң жол», «Кемел Тоқаевтың шығармашылығы», «Кемел Тоқаев және оның замандастары», «Ана» атты 5 тарау­дан тұрады.
Кемел Тоқаевтың қиын-қыстау тағдырының балалық, жасөспірім кезеңі Шымкент қаласымен тығыз байланысты екенінен көзіқарақты оқырман хабардар. Жас түлек Кемел мектепті Шымкент қаласында бітірді, оның ұстаздары, сынып жетекшілері Әбіш Байтанаев пен Мырзай Алтынбекова сынды мұғалімдер болған. Ұлы Отан соғысына бір сыныптан аттанған 25 түлектің үшеуі ғана қан майданнан елге оралған. Соның бірі – Әбіш ұстаздың інісі, сыныптасы Амантай Байтанаев. Амантай Байтанаевтың да Ұлы Отан соғысынан кейінгі бейбіт өмірде жазушы ретінде повестері мен әңгімелері жарық көрді, өзі көптеген республикалық басылымдарда журналистік қызмет атқарды. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші кезінде сыныптасымен қызметтес те болды.
Биыл майдангер қаламгер, журналист, драматург, қазақ әдебиетінің детективті-шытырман оқиғалы жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осынау мерейлі датаға К.Тоқаев атындағы республикалық қоғамдық қордың ұйымдастыруымен жазушының 2 және 5 томдық кітаптары жарық көрді. Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында аталмыш жаңа көптомдықтардың тұсаукесер кеші өтті. «Жауынгер. Жазушы. Журналист» атты әдеби кешті алғы сөзбен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Жұмабекұлы ашты. Кешке жазушылар – Шойбек Орынбай, Захардин Қыстаубаев, драматург Сая Қасымбек, «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы Бахтияр Тайжан және бірқатар ардагерлер қатысты.
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Абусайылқызы жаңа кітаптар жайлы сөз сөйлеп, қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов пен К.Тоқаев атындағы детектив жанры бойын­ша әдеби байқаудың иегері, жазушы Шойбек Орынбай тұсауын кесті. Кеш соңында ардагерлерге, зиялы қауым өкілдеріне және Шымкент қаласының көпшілік кітапханаларына К.Тоқаев атындағы республикалық қоғамдық қордың атынан жаңа көптомдықтар тапсырылды.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында К.Тоқаевтың 100 жылдығына орай, «Солдат соғысқа кетті» атты автобиографиялық романы бойынша Әл-Фараби кітапханасы жариялаған республикалық эссе байқауының жеңімпаздары – ОҚМПУ студенті Елубек Ақбота (1-орын, Шымкент қаласы), Рахметова Нурзия (2-орын, Жетісу облысы), Толмағанбетов Әділ (3-орын, Алматы қаласы) арнайы сыйлықтармен, Алғыс хаттармен марапатталды және әр жеңімпазға жазушының 2 томдық кітаптары тарту етілді.
ОҚМПУ және М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттері жазушының шығармалары мен Қ.К.Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабы бойынша әдеби композиция ұсынды. Іс-шара барысында көпшілік жазушы К.Тоқаев туралы қысқа бейнефильмді тамашалап, қаламгердің шығармашылығына арналған «Майдангер. Қаламгер. Қайраткер» атты кеңейтілген кітап көрмесімен танысты. Әдеби кешті Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шакеев қорытындылады.

Гүлмира БАТЫРБАЙҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы
директордың орынбасары,
ҚР Мәдениет саласының үздігі,
«Қазақстанның құрметті
кітапханашысы» атағының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір