ҰСТАЗ Көрнекті журналист Жұмабек Кенжалин туралы үзік сыр
19.11.2024
164
0

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің үшінші курсында оқып жүрген кезім. Сол кез­дегі ҚазМҰУ-дің үшінші курс студенті, қазіргі мүйізі қарағайдай әдебиет сыншысы Амангелді (Кеңшілік) досым «Халық кеңесі» газетінде қызмет істеп жүретін. Менің әңгіме жазатынымды білетін ол: «Ыңғайы келсе газетке шығарайын» деп, шығарма сұрады. Ойымда ештеңе жоқ, қолмен жазылған бес-алты бет­тік «Соңғы дем» ат­ты әңгімемді қолына ұстатып жібердім. Шынымды айтсам, республикалық басылымға шығара қояды деп еш ойламадым. Әйтеуір, өзі сұрап тұрған соң көңілін қимай бере салдым. Сөмкесіне салып алды да, асыға басып кетіп қалды.

Өйткені сабақтан шыға сала газет редакциясына тартатын.
Ертеңінде келіп: «Сенің әңгімең бүгінгі газетке шықты!» – деді жарқылдап. Сене қоймадым. Әзілдеп тұрған шығар деп ойладым. Оның сол студент кездің өзінде адамды мысқылмен қағытатын әзілдері бар еді. Байқаймын, жүзінде ешқандай кекесін жоқ, шын айтып тұрған секілді. «Әңгімеңді редакциядағылардың бәрі ұнат­ты. Ұнатқандары соншалық, нөмірге кетіп бара жатқан бір мақаланы алып тастап, орнына сенің әңгімеңді салып жіберді. Газет басшылығы жұмысқа аламыз деп шақырып жатыр», – деді жүзі бал-бұл жанып.
Содан не керек, сабақтан шыға сала Амангелдіге ілесіп, «Халық кеңесі» газетінің редакциясына келдім. Алдымен, бас редактордың бірінші орынбасары, талант­ты журналист Жұмабек Кенжалин ағамыздың кабинетіне кірдік. Алғаш көруім, келбет­ті кісі екен. Жүзінен нұр шашылып, мейірім төгіліп тұр. Жылы шырай таныт­ты. Сабырмен салмақтап сөз саптады. Әңгімем туралы жылы пікір білдірді. Азырақ сөйлескен соң бас редактор Сарбас Ақтаев ағамыздың кабинетіне ертіп кірді. «Кешегі Семейдегі полигонның тақсіреті жайында жазылған әңгіменің авторы осы бала», – деп мені таныстырып өт­ті. Сарбас аға да шығармама оң баға беріп: «Қазірдің өзінде дайын журналист, дайын жазушы екенсің! Біздің газетке қызметке келесің бе?» – деп сұрады.
Іздегенің алдыңнан табылды деген осы шығар, бұндай ұсыныстан қалай бас тартасың?! «Әрине, келемін, аға! Бірақ мені Мәдениет және әдебиет бөліміне алсаңыздар екен. Басқа бөлімдер қызықтырмайды. Өйткені мен журфакқа журналист боламын деп емес, жазушы боламын деп түскенмін. Жазушы болатын адам журналистика факультетінде оқуы керек шығар деп ойлайтынмын», – деп шынымды айт­тым.
Сарбас аға жылы жымиып: «Түсіндім, айналайын! Менің де үлкен жазушы болғым келген. Бірақ газет жұмысы жеп қойды. Бар уақытымды алып қойды. Бір жағынан соған өзім де өкінемін. Дәл қазір Мәдениет және әдебиет бөлімінде орын жоқ, уақытша саясат бөлімінде істей тұр. Ке­йін қалаған бөліміңе ауыстырамын», – деді.
Сөйтіп, аяқ астынан Жоғарғы кеңестің органы – «Халық кеңесі» газетінің тілшісі болып шыға келдім. Сарбас ағам уәдесінде тұрды. Үш айдан соң Мәдениет және әдебиет бөліміне ауыстырды. «Халық кеңесі» жабылып қалғанша сол өзім қалаған бөлімде қызмет істедім. Міне, бұл ардақты ағаларымның қамқорлығы, шапағаты, шарапаты деп білемін. Егер сол кез­де ең беделді республикалық басылымға қызметке тұрып кетпегенде, өмірімнің қалай қалыптасарын кім білсін?! Себебі ауылдан Алматыға ат­танып бара жатып, оқуды бітірген соң қайтып келіп аудандық газет­те қызмет істесем ғой деп армандағаным есімде.
Ке­йіннен Сарбас ағам «Ақиқат» журналына бас редактор болып ауысып кет­ті де, орнына Жұмабек ағам тағайындалды. Сарбас аға маған өте жақсы қарады, Жұмабек ағам да барлық жағдайымды жасады. Осындай жанашыр ағалардың арқасында алаңсыз қызмет істедік, жазған-сызғанымыз үзбей жарияланып, азды-көпті елге танылдық. Үлкен өмірге батыл қадам бастық, жолымызды айқындап алдық.
Неге екенін өзім де анық білмеймін, соны сұрамаппын да, Жұмабек ағамның маған деген көңілі ерекше еді. Жанындай жақсы көрді, бауырына тарт­ты, қамқорлық таныт­ты. Жанашырым болды. Ол кісінің табиғатында біреуге ұрсу, жеку, жер-жебіріне жету деген атымен жоқ еді. Не айтса да, тіпті жұмысыңа көңілі толмаса да езу тарта отырып, сабырмен сөз саптайтын. Қараптан қарап өзің ұяласың, қысыласың. Содан ке­йін сыйлап тұрасың.
Жұмабек аға өте жайлы басшы болды. Үлкен бастық болса да, сондай қарапайым еді. Менменсіген, кеуде қаққан, кекірейген кезін көргенім жоқ. Көпшіл, ортасына сыйлы, нағыз аузын ашса жүрегі көрінетін ақжарқын жан еді. Жас та болсақ кабинетіне емін-еркін кіріп-шығып, ақыл сұрап, інілік ізетпен еркелеп жүретінбіз. Қат­ты сыйлайтынбыз. Кейбір бастықтардың алдында қорыққаннан пыштай боп жүруің мүмкін, ал Жұмабек ағаны өзіңе деген көңіліне қарап сыйлайтынбыз. Несін айтасыз, шынында да, жан жүрегі аппақ қардай кіршіксіз тап-таза, ниет-пейілі түзу, қақ-соқпен ісі жоқ жақсы ағамыз еді. Жан-жағына сәуле шашып жүретін. Сол шуаққа біз де шомылдық, жан-жүрегімізбен сезіндік.
Алғаш журналистиканың қыр-сырын үйреткен де осы Жұмабек ағамыз. Жазған-сызғанымызды өңдеп-жөндеп, ақылын айтып, тәжірибесімен бөлісіп отыратын. Журналистиканың жілігін шағып, майын қанып ішкен майталман, ақылшымыз, ұстазымыз еді. Тіпті шағын хабар жазудың өзін Жұмабек ағалардан үйрендік қой! Мақаланы тез жазатын. Қандай да бір жиынға барып келсе, қағазға қарамай-ақ машинка басатын қызға бірден «диктовка» жасайтын. Ұсақ-түйек хабарлар болса мейлі ғой, кейде көлемі әжептәуір мақаланы да дәл солай ауызбен айтып отырып-ақ жаздыра салатын. Ертеңінде сол жазғанын оқысаң, қолмен жазғандай төгіліп түскенін байқайсың. Таңғалатынмын. Оны жұрт тәжірибемен келеді деп айтатын. Бірақ мен соны игере алмай-ақ кет­тім. Алдымен ойымды қағазға жинақтап жазып алмасам, шашырап-пышырап кететін. Оған да талант керек-ау! Әрине, көбіне-көп негізгі жазбаларын, ойлы мақала-материалдарын қағазға түсіріп әкеліп, өзі оқып, машинистка қызға бастырып алатын. Жан-жақты, әмбебап тұлға еді.
Жұмабек ағам, сөз жоқ, талант­ты журналист еді. Журналистік қана емес, ойлы, танымдық мақала-материалдары баспасөз бетінде үзбей жарияланып тұратын. Атақ-абыройы дүркіреп, дүрілдеп тұрды. Өз ұжымында ғана емес, жалпы қоғамда абырой-беделі жоғары еді. Журналистердің көсемі, қолбасшысы, генералы бола білді. Біле-білгенге бұл да бір үлкен бақыт қой! Сұлу ғұмыр кешті. Маңдайы жарқырап жүрді. Ел-жұртқа сыйлы, айналасына сүйкімі болды. Оны көріп жүрдік, сезіп жүрдік, байқап жүрдік. Бір адамға жамандық, қиянат жасағанын көрген де, естіген де емеспін. Әрқашан жақсылық жасап жүретін. Жақсылыққа жаны құштар болды.
Сарбас ағам бір ізге түсіріп, қалыптап кеткен «Халық кеңесі» газетін Жұмабек ағам одан әрі өркендетіп, абыройын аспандатып жіберді. Газет­тің әр санын жоспарлаған сайын және жарық көргеннен ке­йін міндет­ті түрде жиналыс болып, айтыс-тартыс өрбитін. Алғашында бұндай демократия бізге оғаштау көрінетін. Артынан өзіміздің де етіміз үйреніп, ойымызды ашық айта бастадық. Нашарлау мақала болса, кім жазғанына қарамастан сынап салатынбыз. Өйткені ол біздің ұжымдағы қалыпты жағдай, үйреншікті жайт еді. Бір қызығы, жиналыстарда қызыл кеңірдек болып, қызына айтысамыз да, шыққаннан ке­йін түк болмағандай, бір үйдің баласындай тату-тәт­ті жүре беретінбіз. Сондай бір жарасымдылықтың болғаны рас. Содан ке­йін де болар, ешкім газетке нашар материал ұсынбайтын және мейлінше жақсы жазуға тырысатын. Ағалардан қалмайық деп, біз де атымызға қамшыны аямай басатынбыз. Міне, біз осылай шыңдалдық, жетілдік, өстік. Үлкен мектептен өт­тік, мол тәжірибе жинадық.
Жұмабек ағам талант­ты журналист қана емес, көреген басшы бола білді. Ұйымдастырушылық қарым-қабілеті де өте жоғары болды. Қызметкерлерінің бәрін тең көрді. Алалаған, бөлген кезі жоқ. Шынында да, ағамыздың бойында асыл қасиет­тер мол еді. Ең бастысы, қара қылды қақ жарған әділ еді. Кім жақсы жұмыс істеп, үздік мақала жазса, міндет­ті түрде елеп-ескеріп, моральдық һәм материалдық тұрғыдан қолдап-қуат­тап отыратын. Күндіз-түні газет­ті ойлап жүретін. Қашанда «жақсы дүние бар ма?» деп сұрап отыратын. Жақсы бір мақала жазып әкелсең, балаша қуанатын. Үлкен басымен рақмет айтатын, алғысын білдіретін. Өзі басқарып отырған газет­тің жақсы шыққанын қалайды екен ғой! Жақсы да, жаман сөз де өзіне келетіндіктен, жауапкершілікті сезінеді екен ғой! Сондықтан да ешқайсымыз тартынып қалғанымыз жоқ. Жауапкершілікті түсініп, газет­ті барынша жақсы шығаруға күш салдық. Жұмабек ағамыздың басқаруымен мықты, оқылымды газет жасадық деп сеніммен айта аламын. Айдарымыздан жел есіп тұрды…
Өкінішке қарай, сүйікті газетіміз белгілі себептерге байланысты аяқ астынан жабылатын болды. Биліктің шешімі солай болды. Сондағы Жұмабек ағамның жай-күйі әлі күнге де­йін көз алдымнан кетпейді. Қат­ты ойланды, толғанды, уайымдады, мұңданды. Қас-қабағы түсіп, өңі қабарып, томаға-тұйықталып кет­ті. Әрине, газетіміздің жабылатынына біз де қапаландық. Бәрімізден де Жұмабек ағамыздың уайымы ерекше болды. Еңсесі еңкіш тартып, жаны жүдеп жүрді. Сондай күндердің бірінде оңашада: «Аға, осынша неге ойланып жүрсіз? Алтын басыңыз аман болсын!» – дедім шынымен жаным ашып. Өйткені, қат­ты түсіп кет­ті. «Бауырым-ау, Сарбас Ақтаев ашып берген газет­ті Жұмабек Кенжалин жауып кет­ті дейтін болды ғой! Бұл жақсы атақ емес қой! Қандай жақсы газет жасап едік!» – деді мұңайып. «Газет­тің жабылғанына сіздің ешқандай кінәңіз жоқ қой! Биліктің шешімі солай болса, не істейсіз?» – дегенімде, маған мейірлене қарап: «Думан-ау, солайы солай ғой! Бірақ, жалпақ жұртқа оның бәрін қалай түсіндіресің?!» – деп еді жаны күйзеліп тұрып.
Арлы адамның сөзі ғой бұл. Арсыз болса, бұлай ойланып-толғанбас еді-ау! Осынау бір ауыз сөзде қаншалықты мұң, сыр, салмақ жатқанын түсіну қиын емес. Іргетасын өз қолдарымен қалап, шаңырағын көтеріп, көсегесін көгерткен сүйікті басылымның жабылғаны ағамызға қаншалықты ауыр соққанын сонда түсіндім. Ағамның сол кез­дегі көңіл күйін толық сезіндім, жаны ауырғанын өз көзіммен көрдім, ұғындым, сезіндім. Бірақ қолдан келер еш дәрмен жоқ. Бәріне іштей көндік, үнсіз шыдадық.
«Халық кеңесі» жабылған соң Жұмабек аға «Ақиқат» журналына бас редактор болып кет­ті. Ал мен «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа тұрдым. Уақыт бір орнында тұра ма, зуылдап өте берді. Сөйтіп жүрген күндердің бір күнінде, Жұмабек ағам «Қазақ әдебиетіне» бас редактор болып келе қалды. Әй, бір туған ағам келгендей қуанғаным-ай! Қайтадан бірге қызмет істеудің сәті түсті. Ең жақын серігі, сенімді қызметкері болдым. Өзім де арқа сүйедім, ағамды да барынша қолдап жүрдім.
Ұстазына адал болмайтын шәкірт бола ма?! Барынша адал болдым. Сөзін сөйледім. Айт­қанын ешқашан екі еткенім жоқ. Бір жағына шығуға тырыстым. Аға-інілік қарым-қатынасымыз өте жақсы болды. Сыйластығымыз өз алдына. Әй-шәй дескен кезіміз жоқ. «Қазақ әдебиетін» де түрлендіріп-гүлдендірді. Оқылымды басылымға айналдырды, жаңа сапаға көтерді. Оны атап айтуымыз керек. Соған өзімнің де тамшыдай болса да үлес қосқаныма ризамын.
Ке­йіннен «Қазақ газет­тері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, оның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Мәртебесі жоғарылады, мерейі өсті, бірақ мейманасы тасыған жоқ. Адамдығын жоғалтқан жоқ, адалдығынан айныған жоқ. Мінез-құлқы өзгерген жоқ. Осындай сырбаз адам еді, марқұм! Жұмабек ағамыз өзінің ұйымдастырушылық қабілеті мен қажыр-қайратының арқасында «Қазақ газет­тері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын аз ғана уақыт­тың ішінде жолға қойып, дөңгелетіп әкет­ті. Әрине, қарамағындағы басылымдарға қаржы табу оңайға соққан жоқ. Бірақ бәрін рет­теді, жөнге салды. Қиыннан қиыстырып жол таба білді.
Уақыт өз қалпымен өте берді. Содан мен бір жылы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасына түстім. «Қазақ әдебиетіндегі» сол кез­дегі алып жүрген айлығым аспирантураның стипендиясына қарайлас еді. Үш жыл уақыт­ты шығармашылыққа арнап, көркем шығармалар жазуға белді бекем буып, газет­тегі қызмет­тен кетуге шешім қабылдадым. Жұмабек ағама жағдайды айтып, мән-жайды түсіндірдім:
– Мен ғалым болмаймын, бірақ аспирантураның стипендиясын пайдаланып, көркем шығармалар жазбақ ойым бар, – деп шындығымды айт­тым.
Ағам мені түсінді.
– Қызмет­тен қол үзсең, қиналып қалмайсың ба? Мен сені «Ана тілі» газетінің бас редакторының орынбасары қылайын деп жүр едім. Құдай амандығын берсе, ауыс-түйіс болса, одан да жоғарылатам! – деп ағалық ақ тілегін айт­ты.
Ризашылық білдіріп, алғысымды айт­тым.
– Өмірлік мақсатым шығармашылықпен айналысып, артыма із қалдыру еді. Осындай сәт­тілікті құр жібермей, пайдаланып қалайын! – деп, жұмыстан шығу туралы өтінішімді алдына қойдым.
Ағам өтінішке қол қойғысы келмей ұзақ отырды. Не ойлағанын білмеймін, бір кез­де:
– Малды бауыздар алдында да «Аллау Әкпар» дейді. Тағы қайталайын, айналайын, қызмет­те қала бергенің дұрыс! Ойланбайсың ба? – деді жүзіме тіке қарап.
– Ұзақ ойландым, аға! Шешімім осы! – дедім алған бетімнен қайтпай.
– Жақсы онда, айналайын! Сені де түсініп тұрмын. Қайда жүрсең де аман жүр, абыройлы бол! Арман-мақсатыңа жет! – деді де, өтінішіме сүйкектете қолын қойып берді.
Рақметімді айтып шығып бара жатыр едім, «Думанжан, тоқташы!» – деді. Кідіре бердім. «Думанжан, мен сені қалай жақсы көретінімді білесің ғой! Егер қиналсаң, қайтып кел! Мен осы жерде отырсам, келген күні қайыра қызметке аламын!» – деді орнынан көтеріліп.
Қат­ты толқыдым, көзімнен жас та шығып кет­ті. Қайран, асыл ағам-ай! Сол бейнесі көз алдымнан, сол сөзі әлі құлағымнан кетпейді. Неткен жанашырлық?! Менің болашақ тағдырыма алаңдап тұр. Міне, Жұмабек ағам осындай адал, жаны жомарт, жүрегі нәзік жан еді. Осы сәт­ті есіме алсам, әлі көңілім толқиды. Осыдан ке­йін ағамның тұлғасы көңілімде, санамда тіпті зорайып кет­ті. Сырт­тай тілеуін тілеп жүрдім. Оқта-текте кез­десіп, хабарласып жүрдік. Үнемі жылы сөз айтып, арқамнан қағатын.
Көпті көрген адам ғой, айт­қанындай қиыншылық болмай қалған жоқ, шыдамдылық таныт­тық, есесіне біршама шығармалар жазылып қалды. Үш жылдан ке­йін Астанаға қызметке кетіп қалдым да, арамыз ажырап қалды.
Міне, осылай Жұмабек ағам туралы тек жақсы жағынан еске аламын. Қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі ерен. Қазақ баспасөзінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Оны ел-жұрт біледі, айтып та жүр. Амал нешік, ғұмыры қысқалау болды. Ертерек кет­ті. Сол ғана өкініш. Әйтпесе абыройлы, өнегелі өмір сүрді. Елдің алдында жүрді. Құрмет-қошеметіне бөленді. Бала-шағалы болды.
Адам мәңгі өмір сүрмейді. Ұрпағымен мәңгі жасайды. Құдайға шүкір, «орнында бар оңалар» демекші, артында өмірі мен өнерін жалғар ұрпағы бар. Жан жары – Әлима Әбдірахманқызы түтінін түзу түтетіп, ошағына ие болып отыр. Әлима әпкеміздің: «Жұмабек қаншама басылымның бас редакторы, басшысы болды. Соның бәрінде халқына мүлтіксіз қызмет ет­ті. Өз басынан гөрі жұртының жағдайын көп ойлады. Аз ғұмыр кешсе де, көп шаруа­ бітірді деп ойлаймын», – деген сөзіне мен де толықтай қосыламын. Шынында да, ұстазымыздың ұстанымы осындай еді.
Ұлдары Дастан мен Жандос та абыройлы қызмет істеп жүр. Дастан бауырымды өте жақсы білемін. Қашан көрсең де, ағалап тұрады. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Жұмабек ағамыздың ісі мен ізін жалғап жүрген ойлы азамат, жалынды журналист. «Астана ақшамы» мен «Егемен Қазақ­стан» газетінде жемісті еңбек ет­ті. Өзіміздің әріптесіміз.
Жұмабек ағамның асыл бейнесі жүрегіміздің төрінде мәңгі сақталады. Саналы ғұмыры мен журналистикадағы еңбегі туралы әлі талай айтылар, зерт­теулер жазылар. Шығармашылық ғұмыры баянды болсын! Мен соған шын тілектеспін!

Думан РАМАЗАН,
Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір